
«8D02305 - Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мнайдарова Мирамгуль Сергужаевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Мнайдарова Мирамгуль Сергужаевна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қазақ және түрік тілдеріне ортақ антропонимдердің морфологиялық және деривациялық құрылымы»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ғылыми кеңесшілері:
– Гүлнәр Әдебиетқызы Сәрсеке – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессор м.а. (Астана қ., Қазақстан),
– Ибрахим Шахин – PhD, Еге университеті Түрік әлемін зерттеу институтының профессоры (Измир қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 24 маусым, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.su/WePju
Мекен-жайы: Астана қ., Қ.Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Мнайдарова Мирамгуль Сергужаевнаның «Қазақ және түрік тілдеріне ортақ антропонимдердің морфологиялық және деривациялық құрылымы» тақырыбындағы диссертациясы 8D02305 – «Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Антропонимдер – тілдік ортаның рухани-мәдени құндылықтарының өзгеруінің, жаңаруының дәлелі, сол тілде сөйлеушілердің ақыл-ой, танымдық қуатын, зияткерлік әлеуетін айқындаушы тілдік бірлік болып табылады. Кісі аттары арқылы қоғамның дүниетанымы, әлеуметтік құрылымы, тарихи жады және мәдени бағдарлары тілдік деңгейде көрініс табады. Осы тұрғыдан алғанда, антропонимдер тек номинативтік қызмет атқаратын атаулар ғана емес, белгілі бір этностың мәдени-танымдық кодын айқындайтын маңызды тілдік көрсеткіш ретінде қарастырылады. Ғылыми жұмыс қазақ және түрік тілдеріндегі ортақ антропонимдердің морфологиялық құрылымы мен деривациялық тәсілдерін анықтауға арналған. Зерттеу барысында қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің жасалуындағы түбір тұлғаның орны, қосымша морфемалардың сөзжасамдық қызметі, аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі атаулардың семантикалық өзгерістері талданады. Антропонимдердің жасалуы мен қоғамдағы қызметі қоғамдық сана, әлеуметтік құрылым, мәдени және идеологиялық факторлармен тығыз байланыста өзгеріп отырады. Осыған байланысты диссертациялық жұмыста тілдің ең кіші бірліктерінен бастап күрделі құрылымдарға дейінгі антропонимдік өзгеру заңдылықтары қазақ және түрік тілдері материалдарын салыстыру негізінде қарастырылады. Сондықтан морфема және оның антропонимжасамдағы қызметі, сондай-ақ, әлеуметтік-мәдени өзгерістердің тілдік бірліктерге ықпалы зерттеу нысаны ретінде алынады. Сонымен қатар, антропонимдердің жасалуындағы сөзжасамдық ұя мен сөзжасамдық қатардың орны, кісі аттарының қалыптасуындағы сөз таптарының үлесі, олардың жаңа семантикалық мағынаға ауысуы, күрделі сөздер мен композициялық семантика мәселелері талданады. Қазақ тілі мен түркі тілдерінің арасындағы туыстық байланыс жалпы түркология аясында және жеке тілдердің ерекшеліктерін ашу мақсатында қарастырылып келді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ және түрік тілдік сабақтастығы, түптүркілік бірліктердің әртүрлі тілдік элементтер арқылы сақталуы мен дамуы кең көлемде зерттеле бастады. Осы диссертациялық жұмыста қазақ және түрік антропонимдерін морфологиялық және деривациялық жүйе тұрғысынан салыстыра талдау арқылы тіл мен мәдениет, қоғам мен таным арасындағы өзара байланысты типологиялық және семантикалық тұрғыдан кешенді қарастыру көзделеді. Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Қазақ және түрік тілдері көне түркі тілдерінің екі ірі тармағына жатады: қазақ тілі қыпшақ, түрік тілі оғыз бұтағынан тарайды. Түркі тілдерін салыстыра зерттеу тәуелсіздік кезеңінен кейін кең өріс алғанымен, оның ғылыми негіздері бұған дейін де қаланған. Түркологиядағы алғашқы жүйелі мәліметтер М. Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» еңбегінде көрініс тауып, онда түркі халықтарының лексикалық қоры мен атау беру дәстүрлерінің ортақ белгілері сипатталған. XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында В. В. Радлов пен П. М. Мелиоранскийдің еңбектері көне түркі жазба ескерткіштерін ғылыми айналымға енгізіп, түркі тілдерінің тарихи-салыстырмалы сипаттамасын жасауға негіз қалады. Бұл кезеңде түркі тілдерінің фонетикалық және морфологиялық жүйелері алғаш рет кешенді түрде сипатталып, кейінгі ономастикалық зерттеулерге әдіснамалық тірек қалыптасты. Кейінгі кезеңдерде салыстырмалы-тарихи бағытта Ф. Е. Корш, Е. Д. Поливанов, Н. К. Дмитриев, С. М. Малов, Н. З. Гаджиева сынды ғалымдардың зерттеулері түркі тілдерінің морфологиялық жүйесін, сөзжасамдық құрылымын және типологиялық ерекшеліктерін айқындауға бағытталды. Бұл еңбектерде агглютинативті құрылым, түбір мен қосымшаның арақатынасы, морфемалардың қызметі жалпы түркілік заңдылықтар аясында қарастырылды. Қазіргі тіл білімінде антропонимдерді зерттеу көпқырлы сипатқа ие. Олар морфологиялық құрылым, сөзжасамдық модель, семантикалық уәждеме, функционалдық қызмет және когнитивтік мазмұн тұрғысынан қарастырылады. Антропонимдердің мұндай көпқабатты сипаты оларды таза лингвистикалық бірлік ретінде ғана емес, этнолингвистикалық және антропоцентристік зерттеу нысаны ретінде тануға мүмкіндік береді. Бұл бағытта жүргізілген зерттеулер кісі аттарының тілдік жүйеде дербес категория ретінде қалыптасқанын дәлелдейді. Қазақ тілінің морфологиялық және сөзжасамдық (дериватологиялық) мәселелері бірнеше ғылыми бағыт аясында қарастырылған. Атап айтқанда, қазақ тілінің грамматикалық құрылымын зерттеуде Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, Н.Сауранбаев, А.Ысқақов, Ғ.Мұсабаев еңбектері маңызды болса, сөзжасам жүйесін теориялық тұрғыдан негіздеуде Н.Оралбаева, Ы.Маманов, Т.Жанұзақов, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, Қ.Өмірәлиев, Қ.Есенов, Н.Уәли, Ж.Манкеева, А.Салқынбай зерттеулері ғылыми тұрғыдан маңызды болып табылады. Сонымен қатар, қазіргі қазақ антропонимдерінің ономастикалық, дериватологиялық және когнитивтік қырлары Қ.Рысберген, Г.Кульдеева, Е.Керимбаев, Б.Әбдуәлиұлы, Г.Мәдиева, С.Иманбердиева, З.Темиргазина, А.Әлиакбарова еңбектерінде жан-жақты қарастырылған. Аталған зерттеулерде антропонимдердің номинативтік табиғаты, морфологиялық құрылымы, сөзжасамдық модельдері және семантикалық уәждемесі қазіргі тілдік үдерістер аясында сипатталады. Түрік тілінің зерттелуі, соның ішінде морфологиялық және дериватологиялық заңдылықтарының түрлі аспектіде қарастырылуы XX ғасырдың бірінші жартысынан бастап жаңа кезеңмен тығыз байланысты. 1928 жылы латын графикасына көшу және Ататүріктің тіл реформасы, сондай-ақ, 1932 жылы құрылған Türk Dil Kurumu қызметі түрік тілінің ғылыми зерттелуіне жаңа серпін берді. Бұл реформа түрік тілінің сөзжасам жүйесін жандандыруға және ономастика саласын, соның ішінде антропонимдерді жүйелі зерттеуге мүмкіндік жасады. Түрік ғалымдары R. Arat, T. Banguoğlu, Z. Korkmaz, T. Tekin, A. B. Ercilasun, T. Gülensoy, S. Çağatay, D. Aksan, N. Demir және т.б. еңбектерінде түрік тілінің тарихи грамматикасы, морфологиясы, сөзжасамы және антропонимиялық жүйесі іргелі ғылыми тұрғыдан сипатталған. Бұл зерттеулерде түрік антропонимдерінің синтетикалық, композициялық және семантикалық деривация жолдары анықталып, олардың мәдени және тарихи негіздері талданды. Зерттеу нысаны ретінде қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің морфологиялық құрылымы мен деривациялық жүйесі. Зерттеу пәні – екі тілдегі типологиялық тұрғыдан сәйкес антропонимдер, олардың морфологиялық ұйымдасуы, деривациялық модельдері мен сөзжасамдық ерекшеліктері. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Антропонимдердің қалыптасуы мен даму тарихы ұлттың дүниетанымын, тарихи жадын және рухани-мәдени болмысын айқындайды. Қазақ тіл білімінде антропонимдер әртүрлі аспектіде зерттелгенімен, оларды морфологиялық және деривациялық жүйе ретінде қазақ және түрік тілдері материалдары негізінде кешенді салыстыра талдау жеткілікті деңгейде жүзеге асырылған жоқ. Әсіресе, Т. Жанұзақовтың кісі аттарының тарихи кезеңдері мен семантикалық уәждемесіне арналған еңбектері кейінгі зерттеулерге теориялық негіз болғанымен, салыстырмалы-типологиялық қыры толық ашылмаған. Қазақ антропонимикасының ғылыми парадигмасының қалыптасуы мен дамуында Е.Керімбаевтың еңбектері іргетас қалаушы рөл атқарады. Ғалымның 1990-жылдардағы зерттеулерінде, атап айтқанда, «Казахская ономастика в этнокультурном, номинативном и функциональном аспектах» (1995) атты монографиясында қазақ есімдері жалаң лингвистикалық бірлік емес, күрделі этномәдени және функционалдық жүйе ретінде алғаш рет кешенді зерделенді. Түркі тілдерінің ортақ ономастикалық кеңістігін жүйелеуде Г.Кульдееваның «Антропонимическая система современного казахского языка» (2001) атты докторлық диссертациясының маңызы зор. Зерттеуші қазақ антропонимдерінің тарихи қабаттарын (көне түркілік, араб-парсылық, орыс тілдік) саралай отырып, есімдердің морфологиялық құрылымы мен деривациялық үлгілерін типологиялық тұрғыдан жіктеді. Г.Кульдееваның еңбегіндегі күрделі есімдердің жасалу модельдері мен дыбыстық трансформациялар туралы тұжырымдары қазақ және түрік тілдеріндегі ұқсас құбылыстарды салыстыру үшін әдістемелік негіз болып табылады. Ономастикалық кеңістікті жаңа теориялық деңгейге көтерген зерттеуші — Г.Б. Мәдиева. Оның 2005 жылы қорғалған «Ономастическое пространство современного Казахстана: структура, семантика, прецедентность, лемматизация» атты докторлық диссертациясы мен кейінгі іргелі монографияларында атаулардың құрылымдық-семантикалық сипаты мен лемматизация мәселелері терең талданды. Профессор Г. Мәдиеваның ономастикалық бірліктерді «тілдік код» және «мәдени прецедент» ретінде қарастыруы антропонимдердің тек морфологиялық қабығын ғана емес, олардың когнитивтік-прагматикалық табиғатын ұғынуға мүмкіндік береді. Қазіргі қазақ тіл білімінде антропонимдердің жасалу тетіктерін дербес сөзжасамдық жүйе ретінде қарастыруда Бекжан Әбдуәлиұлының «Қазақ антропонимжасамы: теориялық және практикалық негіздері» (2012) атты еңбегі ерекше орын алады. Ғалым «антропонимжасам» терминін ғылыми айналымға енгізе отырып, есімдердің қалыптасуын жалпы тілдік сөзжасам заңдылықтарымен сабақтастықта, бірақ өзіндік деривациялық модельдері бар дербес сала ретінде дәлелдеді. Б. Әбдуәлиұлының есім компоненттерінің десемантизациялануы мен морфонологиялық құбылыстарға қатысты тұжырымдары қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің деривациялық жүйесін салыстырмалы-типологиялық тұрғыдан талдаудың теориялық тетігі болып табылады. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Диссертациялық жұмыстың мақсаты – қазақ және түрік тілдеріндегі ортақ антропонимдердің морфологиялық және деривациялық құрылымын анықтау. Зерттеу жұмысының мақсатын орындауда төмендегі міндеттерді шешу көзделеді: - қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдердің құрылымдық-морфологиялық ерекшеліктерін айқындау; - антропонимдердің морфологиялық және деривациялық тұрғыдан зерттелуіне теориялық шолу жасау; - антропонимжасамдағы түбір және антропоним құраушы компоненттердің лексика-грамматикалық қызметін анықтау; - антропонимдердегі абсолютті және салыстырмалы бірлік ұғымдарының ерекшеліктерін ашу; - қазақ және түрік тілдеріндегі фономорфологиялық құбылыстардың антропонимжасамға ықпалын көрсету; - антропонимдердің сөзжасамдық ұясы мен қатар жүйесін сипаттау; - антропонимдердің семантикалық жіктелуі мен екінші номинация белгілерін анықтау; - күрделі антропонимдердің композициялық семантикасы мен аналитикалық тәсілдердің қызметін талдау. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: - қазақ және түрік тілдеріндегі ортақ антропонимдердің морфологиялық және деривациялық құрылымының салыстырмалы-типологиялық талдауы кешенді түрде жасалады; - екі туыс тілдегі антропонимдердің жасалу жолдары салыстырылып, олардың ортақ түркілік (прототиптік) және жеке ұлттық (спецификалық) модельдерінің типологиялық жіктемесі жасалады. Бұл ортақ түркілік ономастикалық кеңістіктің біртұтастығын ғылыми тұрғыдан айқындайды; - антропонимдік концепт және когнитивтік сценарий ұғымдары қазақ және түрік материалдарына алғаш рет бейімделіп, күрделі антропонимдердің когнитивтік триггер қызметі дәлелденеді; - антропонимдердегі абсолютті және салыстырмалы бірлік ұғымдары, фономорфологиялық құбылыстары және сөзжасамдық ұя-қатар жүйесі кешенді түрде сипатталады; - қазақ және түрік антропонимдерінің құрылымдық-семантикалық сипатын ашатын 2000 бірліктен тұратын авторлық сөздік әзірленеді. Сөздік құрамына екі тілдің антропонимиялық қорынан іріктелген 1000 қазақ (500 ер, 500 әйел) және 1000 түрік (500 ер, 500 әйел) есімдері енгізіледі; - «Нұрсұлтан», «Мейрамгүл», «Alparslan», «Miray» сияқты күрделі антропонимдерге жүргізілген кейс-талдау арқылы ортақ түркілік негіз бен ұлттық-мәдени даралану нақтыланады. Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар 1. Қазақ және түрік тілдеріндегі антропонимдер тек жалқы есімдер жиынтығы емес, семантикалық, аталымдық және когнитивтік деңгейлері бар дербес әрі көпқабатты тілдік жүйе болып табылады. Антропонимдік жүйе адам болмысына бағытталған мағыналық құрылымымен өзге лексикалық жүйелерден ерекшеленеді. 2. Антропонимжасам семантикалық деривация негізінде жүзеге асады: кісі есімдері түбір тұлғадан бастап, сөзжасамдық ұялар арқылы тұрақты семантикалық топтар құрайды. Антропонимдердегі мағыналық деривацияның негізгі бағыты объектіге емес, адамның әлеуметтік, мәдени және тұлғалық болмысына телінеді. 3. Антропонимдер екіншілік номинацияның нәтижесі ретінде қалыптасып, олардың уәждемелік негізінде лексикалық, прагматикалық, әлеуметтік және мәдени-танымдық факторлар өзара сабақтасқан көпқабатты жүйе түзеді. Кісі есімдері қоғамдағы әлеуметтік болжамдармен, гендерлік рөлдермен және тарихи-мәдени контекстпен тікелей байланысты. 4. Күрделі антропонимдердің мағынасы компоненттердің жай қосындысы емес, композициялық семантика заңдылықтары негізінде қалыптасатын тұтас құрылым болып табылады. Күрделі кісі есімдері семантикалық, мәдени және когнитивтік ықпалдасу нәтижесінде жасалады. 5. Қазақ және түрік тілдеріндегі күрделі антропонимдердің семантикалық типологиясы анықталып, олар бағалауыштық, мәртебелік, тілек, қорғаныштық және кешенді композициялық типтерге бөлінеді. Бұл типтер антропонимжасамдағы мағыналық жүйелілікті дәлелдейді. 6. Антропонимдік концепт пен когнитивтік сценарий ұғымдарын қолдану кісі есімдерінің қоғамда белгілі бір тұлғалық идеалдарды, мінез-құлық үлгілерін және әлеуметтік рөлдерді іске қосатын когнитивтік модельдер ретінде қызмет атқаратынын көрсетеді. Антропонимдер тілдің мәдени-танымдық қабатын құрайды. 7. Антропонимдерге жүргізілген сандық талдау нәтижелері семантикалық компоненттердің, уәждеме түрлерінің және композициялық модельдердің жүйелі әрі тұрақты таралатынын дәлелдейді. Бұл деректер антропонимжасамдағы семантикалық заңдылықтардың кездейсоқ емес, қалыптасқан тілдік жүйеге негізделетінін көрсетеді. 8. Қазақ және түрік тілдеріндегі күрделі антропонимдерді салыстырмалы кейс-талдау («Нұрсұлтан», «Мейрамгүл», «Alparslan», «Miray») олардың ортақ түркілік антропонимдік негізге сүйенетінін және сонымен қатар ұлттық-мәдени ерекшеліктер арқылы дараланатынын дәлелдейді. 9. Антропонимдерді семантикалық деривация, екіншілік номинация және композициялық семантика тұрғысынан кешенді талдау антропонимжасамды когнитивтік және әлеуметтік-лингвистикалық парадигмада сипаттаудың жаңа үлгісін ұсынады. Зерттеу әдістері. Зерттеу барысында салыстырмалы-типологиялық, компоненттік талдау әдістері кеңінен қолданылды. Сонымен қатар сандық талдау және нақты кейс-талдау тәсілдері белсенді пайдаланылды. Диссертация аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы келесідей: Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналға келесі мақала қабылданды: 1. Anthroponyms: the lexico-semantic approach to word formation and its social and cultural implications // Lodz Papers in Pragmatics. – 2024. – P. 35–54. https://doi.org/10.1515/lpp-2024-0025 2. Anthroponyms in Kazakh and Turkish Languages: Historical Review of Their Studies and Structural Features // Treatises and Documents: Journal of Ethnic Studies. – 2025. – No. 94. – P. 209–223. file:///C:/journal/TDJES file:///C:/article/10.2478/tdjes-2025-0008 ҚР ҒЖБССҚК тізіміне кіретін журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Қазақ-түрік тілдеріндегі антропонимдердің морфологиялық құрылымын зерттеу мәселелері // Торайғыров университетінің Хабаршысы. Филологиялық сериясы. – 2021. – № 3. https://doi.org/10.48081/GJQL9184 Халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың жинақтарына кірген мақалалар: 1. Қазіргі қазақ тіліндегі антропонимдердің ерекшеліктері // Scientific Evolution. – 2020. – № 7 (7). 2. Topical issues of onomastics of the Kazakh and Turkish languages // CUDES 2021: International Congress on Current Debates in Social Science. – 2021. – P. 438 3. Kazak ve Türk İsimlerinin İncelenmesinin Tarihi // Türklük Bilimi Araştırmaları. – Denizli, 2023. – P. 196–212. 4. Антропонимиялық зерттеулердегі халықаралық ынтымақтастықтың маңызы: қазақ және түрік тілдері материалдары негізінде // Оқытудағы жаңа мүмкіндіктер: функционалдык сауаттылык пен жасанды интеллект интеграциясы. – 2026. – б. 450-454. 5. Антропонимдер қазақ және түрік тілдерінде: лексика-семантикалық сөз жасау және оның мәдени динамикасы // Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар: қоғамдық құндылықтар дискурсы. – 2026.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
