
«8D02305 - Филология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кемельбекова Эльмира Абденовна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кемельбекова Эльмира Абденовна «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша ««Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясы»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ тілі білімі кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ғылыми кеңесшілері:
– Сыздықова Гүлбаршын Олжабайқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ тіл білімі кафедрасының профессоры м.а. (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
– Бухарова Гульнур Харуновна - филология ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ғылым академиясы Уфа федералдық ғылыми-зерттеу орталығының Тарих, тіл және әдебиет институтының жетекші ғылыми қызметкері (Уфа, Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 24 маусым, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02305 – Филология» мамандығы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/411244672767?p=WS5qSKoZ36mbVk41uG
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Кемельбекова Эльмира Абденовнаның «Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясы» тақырыбындағы диссертациясы «8D02305 – Филология» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған АҢДАТПА Зерттеу жұмысының жалпы сипаттамасы. Қазіргі ғылым мен техниканың қарқынды дамуы, соның ішінде инженерлік графика, архитектура, компьютерлік модельдеу, дизайн жән цифрлық технология салаларының кеңеюі қолданбалы геометрия терминологиясының үздіксіз дамуына және жаңаруына тікелей әсер етеді. Осы үдеріс барысында геометриялық терминдер жаңа ғылыми контексте қолданылып, олардың мағыналық құрылымында өзгерістер, яғни семантикалық модификациялар орын алады. Қолданбалы геометрия терминдері тек математикалық ұғымдарды ғана емес, сонымен қатар техникалық, инженерлік, ақпараттық салалардағы кешенді ұғымдарды да қамтиды. Нәтижесінде бір термин әртүрлі салада әрқилы мағынада қолданылып, полисемия, метафоралану, терминдену және детерминдену сияқты семантикалық үдерістерге ұшырайды. Бұл жағдай терминологиялық бірізділіктің бұзылуына, ғылыми мәтіндерді түсінуде қиындықтардың туындауына себеп болуы мүмкін. Осыған байланысты қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясын, олардың мағыналық дамуы мен өзгеру тетіктерін айқындау - терминтану және когнитивтік лингвистика салалары үшін өзекті мәселе. Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Қазақ тілінің қолданбалы геометрия терминдерінің Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы мемлекеттік терминологиялық комиссиясы тарапынан бекітілген терминдік қоры бар, біршама тұрақталған (http://termincom.kz). Дегенмен қазақ тілі қолданбалы геометрия терминдері пәнаралық байланыстар аясында қарастырыла қоймаған, бұл бағытта іргелі зерттеу жұмыстары жүргізілмеген. Сондықтан қазіргі жаhандық «төртінші индустриялық революция» кезеңіндегі Қазақстанның инженерлік саласы әлеуетінің халықаралық деңгейде өсуіне байланысты қазақ тілінің қолданбалы геометрия саласындағы терминқорын жаңа талаптарға сай зерттеп, жүйелеп, лингвистикалық тұрғыда зерттеу талабы туып отыр. Осы ретте қолданбалы геометрия саласының терминдер жүйесі және олардың семантикалық модификациясы қазіргі тіл білімі үшін өзекті ғылыми мәселелердің бірі саналады. Геометриялық ұғымдар мен терминдердің семантикалық тұрғыдан түрленуі олардың көпмағыналығын арттырып, қолданыс аясын кеңейтеді. Бұл үрдіс қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі әлеуетін кеңейтіп, тілдегі ұлттық танымның ерекшеліктерін көрсететін семантикалық модельдер жасау қажеттілігін тұдырады. Қазақстан Республикасының «Тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» (Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31желтоқсандағы №1045 қаулысы) аясында терминологиялық қорды жетілдіру міндеттері қойылған. Сонымен бірге «Білім тұралы» Заң (2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III), Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың Ғылым академиясының 75 жылдығына арналған салтанатты сессияда сөйлеген сөзі ғылыми зерттеулерді жетілдіру мен иновациялық тәсілдерді қолдану қажеттілігін белгілейді. Осы нормативтік құжаттарға сәйкес, ұлттық терминологиялық қорды қалыптастыру мен стандарттауды жетілдіру мәселелерінің де өзектілігі артуда. Диссертация мазмұнына өзек болған қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясы – отандық лингвистика үшін тұнғыш рет зерделенген тың тақырып. Қазір оқыту үдерісінде қолданбалы геометрияның кебір терминдерін түсіндіру қиындық тудырады. Сонымен қатар мамандар тарапынан да терминдер жайында түсініспеушілік туындайды. Сәйкесінше, жоғары оқу орындарында қолданылатын қолданбалы геометрия саласы бойынша қазақша – орысша – ағылшынша терминдер сөздігін түзу кезек күттірмес өзекті мәселе болмақ. Зерттеу нысаны Қолданбалы геометрия терминдері. Зерттеудің пәні Қолданбалы геометрия терминдерін семантикалық модификациялау ерекшеліктері. Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ тіліндегі қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациялану еркшеліктерін теориялық және практикалық тұрғыда зерттеу. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін төмендегідей міндеттерді шешу көзделеді: 1. Қолданбалы геометрия терминдерінің қалыптасуы мен зерттелу тарихын теориялық тұрғыдан жүйелеп, қазақ терминологиясындағы орны мен даму кезеңдерін айқындау. 2. Қазақ тіліндегі қолданбалы геометрия терминдерінің лексика-семантикалық ерекшеліктерін уәжділік және ономасиологиялық тұрғыдан талдау. 3. Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық өзгеру түрлерін (мағына тарылуы, мағына кеңеюі, семантикалық деривация, метафоралық және метонимиялық ауысулар) анықтап, олардың жүзеге асу механизмдердін сипаттау. 4. Жалпы тілдік мағынадан терминдік мағынаға өту үдерісінің семантикалық моделін құрастырып, ғылыми негіздеу. 5. Қолданбалы геометрия терминдерінің модификациялану құрылымдарын саралап, аналитикалық және құрылымдық ерекшеліктерін айқындау. 6. Қолданбалы геометрия терминдерінің концептуалдық құрылымын фрейм талдау негізінде модельдеп, когнитивтік ұйымдасу жүйесін көрсету. 7. Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясына сандық және сапалық талдау жүргізіп, алынған нәтижелерді статистикалық деректер арқылы негіздеу. 8. Қолданбалы геометрия терминдерінің этнолингвистикалық және танымдық сипатын айқындап, ұлттық кеңістіктік дүниетаныммен байланысын негіздеу. 9. Қолданбалы геометрия саласы бойынша қазақша - орысша - ағылшынша терминдер сөздігін әзірлеп, терминдердің тарихи-семантикалық дамуын жүйелеу. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегі нақты нәтижелермен айқындалды: 1. Қазақ тіл білімінде алғаш рет қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясы дербес зерттеу нысаны ретінде кешенді түрде қарастырылып, 30 томдық терминологиялық сөздік негізінде іріктелген 3 000-нан астам терминдердің құрылымдық, мағыналық және концептуалдық ерекшеліктері сандық және сапалық талдау арқылы жүйеленді. 2. Қолданбалы геометрия терминдерінің қалыптасуында семантикалық деривацияның жетекші рөл атқаратыны алғаш рет статистикалық және тілдік деректер негізінде дәлелденіп, мағына тарылуы мен мағына кеңеюінің терминдену үдерісіндегі қызметі жүйелі сипатталды. 3. Жалпы тілдік мағынадан терминдік мағынаға өту үдерісінің «жалпы мағына → семантикалық іріктеу → мағынаның нақтылануы → терминдік мағына» моделі ұсынылып, терминденудің құрылымдық-семантикалық механизмі теориялық тұрғыдан негізделді. 4. Қазақ тіліндегі қолданбалы геометрия терминдерінің метафоралық аталымы алғаш рет арнайы зерттеу нысаны ретінде қарастырылып, антропоморфтық, артефактілі, табиғи және социоморфтық метафоралық модельдер айқындалды. Терминдердегі метонимиялық трансформацияның әрекет-нәтиже, бүтін-бөлшек, қасиет-абстракция үлгілері жүйеленді. 5. Қолданбалы геометрия терминдерінің концептуалдық құрылымы когнитивтік-фреймдік талдау негізінде модельденіп, 200 термин бірлік бойынша жүргізілген сандық жіктеу нәтижесінде фреймдердің үлес салмағы пайыздық көрсеткіштер арқылы анықталып, терминологиялық жүйенің иерархиялық ұйымдасуы статистикалық тұрғыдан дәлелденді. 6. Қолданбалы геометрия терминдерінің морфологиялық құрылымы алғаш рет кең көлемді корпус негізінде талданып, 3 000-нан астам термин бойынша өнімді және өнімсіз жұрнақтар жүйеленді. Сирек қолданылатын жұрнақтар айқындалып, терминжасамның деривациялық иерархиясы белгіленді. 7. 30 томдық сөздік материалы негізінде кірме терминдердің ену үдерісі сараланып, олардың жиілік көрсеткіштері мен тарихи кезеңдердегі таралу динамикасы сандық талдау арқылы анықталды. 8. Google Books Ngram Viewer платформасы арқылы жүргізілген ретроспективті контент-талдау нәтижесінде қолданбалы геометрия терминдерінің қолданыс жиілігі мен мағыналық даму динамикасы алғаш рет графикалық және статистикалық түрде жүйленді. 9. Қолданбалы геометрия терминдерінің тарихи даму кезеңдері SWOT-талдау әдісі арқылы бағаланып, терминологиялық жүйенің күшті және әлсіз тұстары, даму мүмкіндіктері мен ықтимал тәуекел факторлары айқындалды. 10. Қолданбалы геометрия саласы бойынша қазақша – орысша –ағылшынша терминдер сөздігі жасалып, терминдердің тарихи-генетикалық және семантикалық эволюциясы жүйеленді. 11. Қолданбалы геометрия терминдері когнитивтік лингвистика және терминологиялық лингвоконцептология тұрғысынан алғаш рет сараланып, когнитивтік терминтанымның теориялық ұстанымдары айқындалып, дүниенің ғылыми бейнесі мен кәсіби тілдік тұлға ұғымдары қолданбалы геометрия терминологиясы негізінде тұжырымдалды. 12. Қолданбалы геометрия терминдерін аудару барысында -ный, -ная, -ное, жұрнақтары арқылы жасалған терминдердің қазақ тілінде берілуінің бірізділігі анықталып, функционал және ықшамдау қағидаттары негізінде терминдерді біріздендірудің ғылыми негізделген моделі ұсынылды. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі ретінде отандық және шетелдік зерттеушілердің жалпы терминология, когнитивтік лингвистика, этнолингвистика бағыты бойынша тұжырымдары алынды. Атап айтсақ: А. Байтұрсынұлы, Қ. Жұбанов, М. Дұлатұлы, Е. Омарұлы, С. Қожанұлы, Н. Қаратышқанов, К. Жәленұлы, Қ. Сәтбаев, Ш. Біләл, Ақжан әл-Машани, Ө. Айтбайұлы, Ш. Құрманбайұлы, С. Аманжолов, С. Құлманов, С. Әлісжан, С. Ақаев, Э. Оразалиева, С.Исакова, Г.Бегимова және т.б.; О.Вюстер, Сейгер (Juan C. Sager), А. Рей (Alain Rey), М.Т. Кабре (M.T. Cabré Castellví), Г. Рондо, Р. Эухенио Р. Луха (Eugenio R. Luján), Дж. Лакофф, Ч. Филлмор, М. Фукко (Foucault), М. Блэк (M. Black), С.В. Гринев - Гриневич, И.В. Пашкова, В.М. Топорова, И.О. Краевская және т.б. Зерттеу барысында философиялық пайымдаулар мен ғылыми таным теориясының негізігі қағидалары да негізге алынды. Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясын талдау тілдік бірліктер мағынасының уақыт, ғылыми парадигма және қолданым саласына байланысты өзгеруін жүйелі түрде сипаттауды қажет етеді . Зерттеу әдістері мен тәсілдері. Зерттеу барысында мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін жалпы ғылыми және арнайы лингвистикалық әдістер қолданылды. Атап айтқанда, контент-талдау, салыстырмалы-тарихи, салғастырмалы, семасиологиялық, ономасиологиялық, когнитивтік және этнолингвистикалық талдау әдістері пайдаланылды. Терминдердің концептуалдық құрылымын модельдеу үшін фреймдік талдау жүргізіліп, нәтижелері mind map тәсілі арқылы визуалданды. Сонымен қатар терминдердің даму динамикасын, қолданыс жиілігін және құрылымдық ерекшеліктерін анықтау мақсатында SWOT-талдау, сандық талдау, салыстырмалы-этимологиялық талдау және Google Books Ngram Viewer платформасы негізінде ретроспективті контент-талдау әдістері қолданылды. семасиологиялық талдау тәсілдері пайдаланылды. Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелері қолданбалы геометрия терминдерінің теориялық мәселелерін шешуде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, терминдердің семантикалық модификациясы, мағына тарылуы мен кеңею, семантикалық деривация, метафоралық және метонимиялық модельдері, фреймдік ұйымдасуы және морфологиялық құрылымы жүйеленіп, терминдену үдерісінің семасиологиялық және когнитивтік механизмдері нақтыланды. Бұл нәтижелер терминтану, семасиология, сөзжасам теориясы және когнитивтік терминология бағыттарын дамытуға ғылыми негіз қалайды. Зерттеу нәтижелерінің практикалық маңызы: қолданбалы геометрия, инженерлік графика және техникалық пәндер бойынша оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеуде терминдердің бірізділігін сақтауға; салалық терминологиялық сөздіктер мен көптілді (қазақ-орыс-ағылшын) түсіндірме сөздіктер құрастыруда; қолданбалы геометрия терминдерінің құрылымдық -семантикалық байланыстарын көрсететін салалық тезаурус жасауға; ғылыми және техникалық мәтіндердегі терминдерді стандарттау мен кодификациялау жұмыстарында; терминжасамдағы бірізділік пен «бір термин - бір ұғым» қағидатын іске асыруда пайдаланылуы мүмкін Сонымен қатар зерттеу нәтижелері қолданбалы геометрия терминдерін цифрландыру және автоматтандыру бағытында қолдануға негіз болады. Атап айтқанда: электрондық терминологиялық дерекқор жасауға; фреймдік модельдер негізінде интеллектуалды терминологиялық база қалыптастыруға; терминдердің автоматтандырылған морфологиялық және семантикалық талдау жүйесін әзірлеуге; машиналық аударма жүйелерінде салалық терминдердің бірізді берілуін қамтамасыз етуге; жасанды интеллект негізіндегі терминологиялық сәйкестендіру және іздеу алгоритмдерін жетілдіруге; қолданбалы геометрия саласына арналған электрондық тезаурус пен цифрлық терминологиялық платформа әзірлеуге мүмкіндік береді. Зерттеу нәтижелерінің тек теориялық тұрғыдан ғана емес, білім беру, терминологиялық стандарттау, сөздік жасау және цифрлық терминологияны дамыту бағыттарында да практикалық маңызы зор. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Қолданбалы геометрия терминдері – тек техникалық ұғымдарды бейнелейтін атаулар жүйесі емес, ұлттық таным мен кеңістікті қабылдаудың тілдегі көрінісі. Терминологиялық жүйе ғылыми дүниенің ұлттық-танымдық моделін репрезентациялайды. 2. Қолданбалы геометрия терминдерінің қалыптасуында семантикалық деривация жетекші рөл атқарады. Мағына тарылуы мен мағына кеңеюі терминдену үдерісінің негізгі семасиологиялық механизмдері болып табылады. 3. Терминдену үдерісі «жалпы мағына → семантикалық іріктеу → мағынаның нақтылануы → терминдік мағына» моделі арқылы жүзеге асады және ғылыми ұғымның тілдік қалыптасуы заңдылығы осы модель арқылы анықталады. 4. Қолданбалы геометрия терминдерінің семантикалық модификациясы когнитивтік модельдер (фрейм, метафора, метонимия) арқылы іске асады. Антропоморфтық, артефактілі, табиғи және социоморфтық метафоралық модельдер мен әрекет - нәтиже, бүтін - бөлшек, қасиет - абстракция метонимиялық үлгілері терминологиялық жүйенің концептуалдық ұйымдасуын айқындайды. 5. Қазақ тілі қолданбалы геометрия саласындағы кірме терминдер тілдік және мәдени бейімделу үдерісінен өтіп, ұлттық ұғымдар жүйесіне сіңісіп, жаңа семантикалық реңкке ие болады. 6. Терминдендерді аудару және қалыптастыруда «бір термин - бір ұғым» қағидатын ұстану салалық терминологияның жүйелілігі мен стандартталуын қамтамасыз етудің ғылыми негізделген тетігі болып табылады. 7. Қолданбалы геометрия терминдерінің этнолингвистикалық сипаты ұлттық дүниетаныммен сабақтас және ғылыми бейненің тілдік репрезентациясын айқындайды. Диссертация аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері мен қорытындылары бойынша 20 ғылыми еңбек жарияланды. Соның ішінде ҚР Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 6 мақала, отандық және шетелдік халықаралық ғылыми-теориялық және тәжірибелік конференция жинақтарында 12 мақала (оның ішінде 1 мақала Scopus ғылыми өлшеу деректер базасына кіретін журналда), ұжымдық монографияның 1 тарауы, 1 терминдер сөздігі жарық көрді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
