
«6D030100 - Құқықтану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Махсатбаевич Нуржан Бердыбаев диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Махсатбаевич Нуржан Бердыбаев «6D030100 – Құқықтану» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттердің қызметін құқықтық реттеу» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық құқық кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Алтынбасов Бақыт Өмірханұлы- Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің проректоры. з.ғ. к., доцент
Шангирбаева Бейбіт Юнисовна- заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Әулие Анна Жоғары мектебінің PhD докторы ОФ “Expert” Independent Research Institute
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Гулямов Саид Саидахрарұлы-заң ғылымдарының докторы, профессор Ташкент мемлекеттік заң университеті (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы)
Шакирова Алтынай Боранқуловна-философия докторы (PhD), мемлекет және құқық теориясы мен тарихы кафедрасының ассистент-профессоры, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті Заң факультетінің ғылыми жұмысы жөніндегі деканының орынбасары (Қарағанды қ. Қазақстан Республикасы)
Саймова Шолпан Алтынбекқызы – Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасы жанындағы Парламентаризм Институтының жария заңнама және мемлекеттік басқару орталығының бастығы, PhD докторы (Астана қ., Қазақстан Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Тлепина Шолпан Валерьевна, Битемиров Қайрат Тұрлыбайұлы
Өмер Өзкан
Қорғау 2026 жылғы 17 шілде, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D030100 – Құқықтану» мамандығы бойынша «8D042 – Құқық» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3Rm8TB
Мекен-жайы: г. Астана, ул. К. Сатпаева, 2, Главный корпус, ауд. №302.
Аңдатпа (қаз.): 6D030100– Құқықтану білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін Бердыбаев Нуржан Махсатбаевичтің «Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттердің қызметін құқықтық реттеу» тақырыбындағы диссертациялық жұмысының АҢДАТПАСЫ Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Жаһандану процестерінің дамуымен университеттердің қызметтік мәнінде өзгерістердің белгілері пайда болды, университеттердің көпұлтты және халықаралық сипаты туралы айтыла бастады. Университеттер өзінің таза ұлттық мәнін халықаралық мәнге өзгерте отырып, жоғары білікті кадрларды даярлаумен қатар, ауқымды зерттеулер мен инновациялар арқылы қоғамның дамуына үлес қосуға белсенді түрде кірісті, жаһандық даму және мәдениетаралық өзара іс-қимыл процестерінің, жылдам жеке және әмбебап экономикалық өсудің, бір елдің және бүкіл әлемнің жауапты азаматтығының пайда болуының локомотивіне айналды. Қазақстан Республикасында алғаш рет халықаралық жоғары оқу орындары ҚР-ң 1992 жылғы 18 қаңтардағы «Білім туралы» заңында көрініс таба бастады. Ары қарай халықаралық университет ұғымы басқа нормативтік құқықтық актілерде және үкіметтік шешімдерде жиі қолданыла бастады, дегенмен бұл терминге бірде-бір заңнамалық түсінік берілмеген және университетті халықаралық деп анықтауға болатын критерийлер белгіленбеген. Қазақстанның ғылыми доктринасында халықаралық университеттердің түсінігі мен мәніне, олардың жалпы тұрғыдағы университеттерден айырмашылығына, осылайша жоғары оқу орындарының жіктелуіне және түрлеріне қатысты елеулі зерттеулер жүргізілген жоқ. Демек бүгінгі күнге дейін халықаралық университеттердің құқықтық жаратылысы анықталмаған, олардың құқықтық мәртебесі алуан түрлілігімен және белгісіздігімен сипатталады, Қазақстанның халықаралық университеттерінің осы сынды университеттермен халықаралық құқықта және әлемнің жетекші елдерінің заңнамасында өзара байланыс жүйесі белгіленбеген. Халықаралық университеттерді жіктеу мәселесі де түсінуді, мұқият талдауды қажет етеді, әрине халықаралық білім беру кеңістігіндегі осы сынды ұғымдар мен терминдерді ескеріп барып, талдау жасаған жөн. Халықаралық университеттер қызметінің құқықтық реттелуі жеткіліксіз болғанның нәтижесінде, дәлірек айтсақ, оның жүйесіздігіне байланысты, яғни мұндай жоғары оқу орындарының санаты мен мәні туралы ғылыми негізделген тұжырымдардың болмауына байланысты Қазақстан Республикасында жоғары оқу орындарының едәуір бөлігі өздерін классикалық университеттерден ешқандай елеулі айырмашылықтары болмаса да халықаралық университеттер деп атай бастады. Нәтижесінде кейбір жалпы тұрғыдағы университеттерде халықаралық ынтымақтастық деңгейі, студенттер мен оқытушылардың ұтқырлығы, интернационалдандыру және мәдениетаралық өзара әрекеттесу дәрежесі және университеттердің халықаралық мәртебесін сипаттайтын басқа факторлар ресми түрде халықаралық университеттер деп аталатын университеттерге қарағанда жоғары болған жағдайлар жиі туындай бастады. Жоғарыда айтылғандардың барлығы қазақстандық және шетелдік ғылыми доктринада, қазақстандық заңнама жүйесінде және білім беру тәжірибесінде халықаралық университет түсінігі мен мәнін, жіктелуін, сондай-ақ халықаралық университеттердің пайда болуы мен дамуының ЖОО-н интернационалдандыру тенденцияларымен, қазақстандық жоғары білім берудің Болон декларациясына және басқа да халықаралық-құқықтық құжаттарға қосылумен байланысын зерттеу қажеттігін көрсетеді. Сондықтан таңдалған тақырыптың өзектілігі мен уақыттылығы Қазақстанда халықаралық университеттердің пайда болуы мен дамуының халықаралық-құқықтық және ұлттық негіздерін ғылыми зерттеу қажеттілігіне байланысты, өйткені республикада осындай бірқатар жоғары оқу орындары жұмыс істейді және олардың жұмыс істеуі мен дамуы жайлы кең көлемде тәжірибе жинақталғаны анық. Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттердің қызметтік тәжірибесі, қызметін реттеудегі құқықтық тетігі оларды құрудың, жіктеудің, құрылымын құрудың, ұйымдық-құқықтық формаларын, олардың қызметінің халықаралық және ұлттық заңнамаға сәйкестігіне талдау жасай отырып, ғылыми зерттеуді айқындайды. Диссертациялық зерттеудің объектісі - Қазақстан Республикасында халықаралық университеттердің пайда болуымен, жұмысымен және дамуымен байланысты құқықтық қатынастар болып табылады. Зерттеу пәні халықаралық университеттер қызметінің теориялық-практикалық және құқықтық аспектілерінен, сондай-ақ білім беруді интернационалдандыру мен мәдениетаралық ынтымақтастықтың халықаралық университеттер қызметінің мазмұнына әсерінен тұрады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттер қызметінің құқықтық реттелуінің теориялық және практикалық мәселелерін, олардың жаһандық даму процестеріне, мәдениетаралық өзара іс-қимылға және жоғары білім мен ғылыми зерттеулерді интернационалдандыруға әсерін кешенді талдау болып табылады. Зерттеу міндеттері: - жоғары білім беруді интернационалдандыру жағдайында халықаралық университеттердің түсінігін, жіктелуін, даму тенденцияларын құқықтық мазмұндағы теориялық-құқықтық талдау жүргізу; - Қазақстан Республикасында халықаралық бағыттағы университеттерді қалыптастырудың халықаралық-құқықтық және заңнамалық негіздерін зерттеу; - тараптардың университетті басқару мен оның қызметі үшін жауапты болудағы теңдігі негізіндегі бірлескен халықаралық университеттер қызметінің құқықтық реттелу негіздерін талдау; - университет қызметін басқаруда бір Тараптың басымдығы негізіндегі бірлескен халықаралық университеттердің санаты мен қызметін, олардың құқықтық негіздерін айқындау; - ҚР Үкіметінің келісім тараптары ретінде жанама қатысуындағы бірлескен халықаралық университеттер қызметін құқықтық регламенттеудің мәні мен ерекшеліктерін белгілеу; - Қазақстандағы халықаралық университеттерді интернационалдандыру және дамыту процесінде оң нәтижелі тәжірибе ретінде еуропалық кеңістіктегі елдердің жоғары білім беру заңнамасына талдау жүргізу; - халықаралық университеттердің қызметі мен дамуын қамтамасыз етуде тұжырымдамалық маңызы бар Болон процесін имплементациялаудың (енгізу) маңыздылығын белгілеу; - білім мен ғылымды интернационалдандырудың аса маңызды факторы ретінде Қазақстан Республикасындағы халықаралық университеттердің білім беру сапасын арттыру процесін көрсету. Диссертациялық зерттеудің теориялық және практикалық маңыздылығы – Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттердің қызметін құқықтық реттеудің теориялық және қолданбалы маңызы бар ұлттық және халықаралық құқықтың маңызды мәселелерінің біріне көп аспектілі және құрылымдық-жүйелік талдау жүргізілгендігі. Зерттеу, бір жағынан, халықаралық университеттердің қызметін құқықтық реттеу саласындағы теориялық ойды, олардың құқықтық мәртебесін толықтыруға, ал екінші жағынан, ғылыми доктринаның қорытындылары мен Қазақстан Республикасында халықаралық университеттерді құруда қалыптасқан нақты тәжірибе негізінде осы саладағы заңнама жүйесін жетілдіруге бағытталған. Зерттеу нәтижелері ұлттық және халықаралық жоғары білім беру саласындағы құқықтық реттеу жүйесі туралы білімді арттыруда, сондай-ақ «Мемлекет және құқық теориясы», «Халықаралық жария құқық», «ҚР Конституциялық құқығы», «Салыстырмалы құқықтану» сияқты оқу пәндерінің, арнайы курстардың – «Білім беру процесінің құқықтық негіздері», «Білім беру құқығы», «Халықаралық білім беру қызметі» және т.б. мәселелерін игеру кезіндегі оқытушылық қызметте пайдаланылуы мүмкін. Диссертациядағы практикалық тұжырымдар мен ұсыныстарды білім беру мекемелерінің, заң шығарушы және атқарушы органдардың қызметінде мұқият және мүдделі пайдаланылса, халықаралық университеттердің пайда болуына, жұмысы мен даму процесіне оң әсер етуі мүмкін. Зерттеудің әдіснамалық негізі. Зерттеудің әдіснамалық негізін. формалды-логикалық, тарихи-құқықтық, жүйелік-аналитикалық, салыстырмалы-құқықтық және нақты-социологиялық зерттеу әдістері құрайды. Осы және басқа әдістерді қолдану негізінде жаңа тұжырымдамалар жасалды. Бұл зерттеудің ғылыми жаңалығы қорғауға ұсынылған келесі негізгі ережелерде көрсетілген: 1. Халықаралық университет ұғымының анықтамасы Қазақстан Республикасының және шет елдердің заңнамасында тікелей белгіленбегені дәйектелді. Және осы түсініктің теориялық-құқықтық және мазмұндық аспектілерін талдау «халықаралық университет» терминінің авторлық анықтамасын тұжырымдап, оны кеңінен және қысқаша түсінуге мүмкіндік берді. Кеңінен түсінудегі халықаралық университеттерді сипаттайтын болсақ, олардың қызмет бағыттары әртүрлі рейтингтік көрсеткіштерге сәйкес болып халықаралық деңгейге шығуын айтуға болады. Бұл көрсеткіштерді атап өткен жөн: шетелдік студенттер мен оқытушылардың болуы; университеттің басқа елдердегі серіктестермен ынтымақтастық деңгейі және аймақтық (regional network) немесе ғаламдық (А wide area network) желілерге қосылуы; университеттің бас ЖОО-н тыс әлемнің басқа түкпірінде өзінің зерттеу және оқыту орталықтарының болуы; университеттің миссиясы мен мақсаттарының халықаралық және мәдениетаралық аспектке бағытталу дәрежесі; жоғары оқу орнын әлемдік деңгейдегі университет деп атауға мүмкіндік беретін көрсеткіштердің болуы; университеттің білім беру бағдарламалары мен зерттеу жобаларының білім беру мен ғылымды интернационалдандыру үрдістеріне сәйкестігі. Халықаралық университетті қысқаша түсінуге тоқталсақ, университетті интернационалдандыруға және мәдениетаралық өзара іс-қимылды күшейтуге ықпалдандыратын үкіметаралық шарттар мен келісімдер негізінде екі және одан да көп елдермен бірлесіп құрылған университеттердің мәртебесі мен қызметін білдіреді. 2. Кеңінен түсінудегі халықаралық университеттердің авторлық классификация белгіленді. Олардың келесі түрлеріне бөлінетіні көрсетілді: - мамандарды даярлауда халықаралық деңгеймен бой түзеуге барлық мүмкіндігі бар классикалық университеттер; - институционалдық халықаралық аккредитациядан өткен және халықаралық стандарттарға сәйкестігін ресми растау рәсімінен өткен мамандандырылған университеттер; - Қазақстан Республикасының қатысуымен халықаралық келісімдер негізінде жұмыс істейтін халықаралық университеттер. 3. Әртүрлі типтегі халықаралық университеттердің жұмысының құқықтық негізі халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейдегі құқықтық нормалар жүйесі болып табылатыны тұжырымдалды. Жоғары білім беру жүйесіне, атап айтқанда, әртүрлі типтегі халықаралық университеттердің пайда болуы мен жұмыс істеуіне әсер ететін халықаралық құқық көздерін жіктеу жүргізілді. Бірінші топты жоғары білім мен ғылымның негізгі принциптері көрсетілген іргелі халықаралық құжаттар құрайды. Екінші топқа білім және ғылым саласындағы өңірлік үкіметаралық келісімдер жатады, олар неғұрлым жоғары деңгейдегі халықаралық құжаттардың қағидаттары мен қағидаларын дамытады және нақтылайды. Халықаралық университеттерді қалыптастыру және дамыту саласындағы қоғамдық қатынастарды құқықтық реттеу жүйесіндегі шарттық құқық көздерінің үшінші деңгейі университеттер арасындағы олардың қызметінің әртүрлі бағыттары бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер болып табылады. 4. Жоғары білім беру саласындағы қазақстандық заңнама жүйесі үнемі өзгерістерге ұшырап отырғанына қарамастан, халықаралық университеттердің құрылуы мен жұмыс істеуіне назар аударылмағаны дәйектелді. Халықаралық университеттерді құру қажеттілігін бірінші болып анықтаған алғашқы нормативтік құқықтық актілердің қатарына 1992 жылғы ҚР-ң Білім туралы заңы жатады, оның 37-бабының мәтінінен мемлекет жоғары білім беру жүйесінде халықаралық ЖОО-н бөлетінін көруге болады. Қысқаша айтатын болсақ, 1993 жылғы ҚР-ң Білім туралы заңының 5-бабының 3-абзацы бойынша, қазақстандық тараптың қатысуымен екі және одан да көп елдермен бірігіп халықаралық университет құрылған кезде белгілі бір үлгідегі халықаралық университеттерді құруға өкілеттік берілген, дегенмен мұндай өкілеттік тікелей белгіленбеген. Алайда 5-бап нормасының шынайы мазмұнын тарқатсақ, мұндай университетті кең мағынасында құру мүмкіндігін қарастырды, яғни жоғары оқу орнының қызметі оның Жарғысымен, ал халықаралық университеттің қызметі құрылтайшы-мемлекеттер үкіметтері бекіткен Жарғымен регламенттеледі делінген. 2007 жылғы ҚР-ң Білім туралы заңының 14-бабы 6-тармағының мазмұны бойынша, халықаралық білім беру бағдарламаларын кез келген жоғары оқу орны әзірлей алатыны және оның іске асырылуы университеттің объективті жағынын халықаралық мәртебеде болуы анықталды. Сонымен қатар 2007 жылғы ҚР-ң Білім туралы заңның 59-бабының 11-тармағына тоқталсақ, Қазақстан Республикасының аумағында құрылған халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдары мен олардың филиалдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тексерілетіні белгіленген. Бұл дегеніміз, қысқаша түсінудегі халықаралық білім беру ұйымдары ұғымы барлық ЖОО-ларға берілмейтіндігін білдіреді, тек заң тұрғысынан ЖОО-ларға осындай мәртебе берілетіндігін білдіреді, өйткені осы заңның 65-бабы бойынша, Қазақстан Республикасында халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын құру халықаралық шарттар негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша жүзеге асырылатыны белгіленген. 5. Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттер қызметінің құқықтық реттелуін объективті талдау үшін мұндай ЖОО-н бірнеше түрге бөлу қажеттігі негізделді: Тараптардың университетті басқару мен оның қызметі үшін жауапты болудағы теңдігі негізінде құрылған халықаралық бірлескен университеттер; университет қызметін басқаруда бір Тараптың басымдығы негізінде құрылған халықаралық бірлескен университеттер; ҚР Үкіметінің келісім тараптары ретінде жанама қатысуымен құрылған халықаралық бірлескен университеттер. 6. Үкіметаралық келісімдер арқылы құрылған және Тараптардың университетті басқару мен оның қызметі үшін жауапты болудағы теңдігі негізінде жұмыс істейтін халықаралық университеттер жүйесіндегі көзге түсетіндерінің бірі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып табылатындығы уәжделді. Аталған халықаралық университетте «бірлескен ұйым – бірлесіп басқару» қағидатын сақтау ЖОО-н ұйымдастыру және басқару жүйесіне де, студенттерді қабылдау және оқыту саласына да, университетті қаржыландыру проблемаларына да қолданылады. Бұл аспектте оқу процесі қазақ және түрік тілдерінде жүзеге асырылатынын, университет түлектері Түрік Республикасының азаматтары болса, онда қазақ тілін, ал басқа елдердің азаматтары болса, онда түрік тілін жеткілікті деңгейде меңгеруге міндетті екенін белгілейтін ХҚТУ Жарғысының нормалары ЖОО-ң тепе-теңдік принципі және халықаралық мәртебе идеяларына сәйкес келетіндігін көрсетеді. Білім беру үдерісіндегі қазақстандық және түрік тараптарының теңдік қағидаттары университет Жарғысының ережелерінен көруге болады. Оған мысал, Халықаралық қазақ-түрік университетінің дипломдары Қазақстан мен Түркия университеттерінің дипломдарымен бірдей, яғни екі елдің жергілікті университеттеріндегі деңгейде және салаларда білім беріледі және халықаралық дипломдары бар түлектердің құқықтарына тең құқықтармен қамтамасыз етіледі. Ал теңдік негізде құрылған университетті қаржыландыру мәселелері де құжаттарда жазылған, университетті қаржыландыру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түркия Республикасының Үкіметі беретін тең көлемде бюджет қаражатынан жүзеге асырылады делінген. 7. Екі ел Үкіметінің келісімі негізінде құрылған Қазақстанның халықаралық университеттерінің бір түрі ЖОО-ң дамуын айқындауда келісім тараптарының бірі іс жүзінде басымдықты алатын университеттер болып табылатыны анықталды. Мұндай халықаралық университеттің мысалы ретінде Қазақстан-Британ техникалық университетті атауға болады. Аталған университеттің басқарушы органдарын құруды, қаржыландыруды, сондай-ақ оқу процесінің формасы мен мазмұнын қазақстандық тарап қана айқындайды. Нормативтік-құқықтық құжаттарды, халықаралық келісімдерді, сондай-ақ ҚБТУ құрылтайшысын өзгертуге жасалған іс-әрекеттер жөніндегі нақты фактілерді талдау негізінде қазақстандық және британдық тараптардың меморандумға қол қою кезінде бірлескен халықаралық университет құру ниеттері ғана ортақ болғаны белгілі болды. Себебі, бұл үдерісті заңды ресімдеу кезінде, яғни университетті құру, оны қайта құру кезінде тек ҚР Үкіметі, оның өкілдері ғана жұмылдырылды, ал британдық тарап іс жүзінде құқықтық қатынастардың субъектісі болған жоқ. Егер ҚБТУ басқару органдарын Халықаралық қазақ-түрік университетімен салыстыратын болсақ, онда британдық тарап ЖОО-ны басқаруға іс жүзінде қатыспайтынын байқауға болады. ҚБТУ Жарғысына сәйкес, оның ең жоғарғы органы Жалғыз акционер – «Нұрсұлтан Назарбаевтың білім беру қоры» қоғамдық қоры болып табылады. 8. Өздерін халықаралық деп санайтын Қазақстанның көптеген университеттері ҚР Үкіметі мен шетел Үкіметтері арасында тікелей келісім жасаспай құрылғаны анықталды. ҚР Үкіметінің осы түрдегі халықаралық университеттерді құруға қаншалықты қатысқаны әртүрлі: біріне халықаралық университет құрылғаннан кейін үкіметаралық келісім жасасу арқылы болса, екіншісіне халықаралық университеттердің ашылу салтанатына Қазақстан Үкіметі өкілдерінің тек қатысуымен шектелді. Көптеген жоғарғы оқу орындары қазақстандық ЖОО-ң классикалық қағидаттарын негізге ала отырып, оларды әлемнің жетекші университеттерінің прогрессивті элементтерін пайдалана отырып, жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдайларға қарай бейімдеді. Осыған байланысты университеттер көптеген шетелдік серіктестермен тікелей байланысқа түсіп, жаңа үлгідегі ЖОО моделі болатын болашақ қазақстандық халықаралық университеттердің іргетасын құрды. Серіктестікті халықаралық деңгейде жолға қою барысында, ең алдымен, ҚР Президенті, ҚР Үкіметі, елшіліктер өкілдері және шетелдік жоғары оқу орындарының оқытушылар құрамы тарапынан қажетті қолдау керек болды. Қазақстандық тараптың қолдауын ҚР Президенті атынан болғанын барлығы біледі, сондықтан шетелдік тараптар әр түрлі шетелдік білім беру ұйымдарымен келісім-шарттар жасасу сияқты қазақстандық идеяларды көбінде құптады. 9. Жаһандық үдерістерді түсіну және Қазақстандағы халықаралық университеттердің мәртебесін дамыту үшін әлемнің жетекші елдерінің жоғары білім беруді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеудің маңызы зор екені анықталды. ЕО-ның жеке бір елдерінің және жалпы Еуропалық Одақтың заңнамасын талдау жоғары білім беруді интернационалдандыру университеттердің оқыту, зерттеу және сервистік функцияларына халықаралық және мәдениетаралық қасиеттерді интеграциялау процесіне жататынын көрсетті. Интернационалдандыру процесі жоғары оқу орындарының мәдениетінде, саясатында, жоспарлауында және ұйымдастырушылық процесінде белсенді түрде қалыптасуда, нәтижесінде ұтымды да, тұрақты екенін көруге болады. Халықаралық деңгейдегі университеттердің пайда болуына және оларды іске кірістіруге әкелетін интернационалдандыру процестерінің мотивтері қандай түрдегі университет және оның ұлттық жүйесі қандай деген сияқты белгілеріне байланысты ЕО елдерінде айтарлықтай өзгеше деген қорытынды жасалды, өйткені Еуропа елдерінің экономикалық, аумақтық, мәдени және басқа аспектілері бойынша өзгешеліктері бар. Осыған байланысты ЕО елдерінің заңнамасы жекелеген критерийлер бойынша мемлекеттер топтарын бөледі және бір топтың ішіндегі бір елді негізге алады, осылайша жіктеу арқылы қарастырады. Еуропалық университеттер оларға үлкен автономиялық құқықтар берудің арқасында интернационалдандыру тенденцияларына сүйене отырып, көптеген шетелдік студенттерді тартуға ұмтылатындығы мәлім болды. Бұған жоғары білім туралы заңнаманың нормалары да бағытталған, олар жалпы жоғары оқу орындары халықаралық, әсіресе еуропалық ынтымақтастыққа ықпал етеді, әлбетте жоғары білім беру саласы мен шетелдік жоғары оқу орындары арасындағы алмасуға, шетелдік студенттердің ерекше қажеттіліктері ескерілетінін де айта кету керек. 10. Білім беру әлі де формалды түрде ЕО елдерінің ішкі құзыретіне жатады және ЕО басшылығы осы сектордағы ұлттық басқарушылардың бастамаларын қолдап, толықтыра алатындығы анықталды. Сонымен қатар, ЕО институттары мен институционалды емес субъектілер жұмсақтық таныту арқылы басқару процестерін, ЕО Лиссабон стратегиясын, сондай-ақ жоғары білім берудегі бірыңғай еуропалық басқару тенденцияларын күшейту үшін әртүрлі стратегияларды қолдана отырып, өз әрекеттерін инновациялық тәсілдермен үйлестіреді. 11. Қазақстанның Болон декларациясына қосылуы Қазақстандағы халықаралық университеттердің дамуына оң әсерін тигізгені дәйектелді. Атап айтқанда интернационалдандыру, үш деңгейлі модельге көшу процестерін жеделдетті, білім беру сапасын, білім алушылар мен оқытушылардың мәдениетаралық алмасуы мен ұтқырлығын қамтамасыз етудегі халықаралық ынтымақтастық үрдістерін нығайтты. Диссертацияда Қазақстанның халықаралық университеттерінің міндеттері Болон процесінің мақсаттары мен міндеттеріне сәйкес келетіндігі көрсетілген, оның ішінде жоғары оқу орындарын реттеу мен басқаруда өкілеттіктерді бөлу тәсілі шеңберінде дербестікті қалыптастыру; оқытудың кредиттік жүйесіне көшу; халықаралық университеттің іскер қоғамдастықпен құрылымдық әріптестікті жолға қою; кредиттерді халықаралық аударуды жүзеге асыру, қос және бірлескен дәрежелер бағдарламасын дамыту және іске асыру мүмкіндігі және т.б. бар. 12. Халықаралық университеттердің білім беру сапасын арттыру аккредиттеу жүйесін және әлемдік, қазақстандық рейтингтік агенттіктерді бағалауды қоса алғанда, түрлі жолдар мен құралдар арқылы қамтамасыз етілетіні негізделді. Халықаралық университеттер білім беру сапасын жақсарту жолдарын үнемі іздестіру үстінде, себебі жақсарту процесі білім мен ғылымды интернационалдандырудың маңызды факторы ретінде қарастырады. Білім беру сапасын арттырудың негізгі бағыттары жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, білім алушылар мен оқытушылардың ұтқырлық жүйесін нығайту, екі дипломдық жобалар саласын кеңейту, кредиттік жүйені жетілдіру, көптілділікті дамыту, еларалық ынтымақтастықты нығайту, мәдениетаралық өзара іс-қимылды тереңдету және т.б. болып табылады. Білім беру сапасын арттыру саясатын іске асыруды қамтамасыз ету факторлары жоғары оқу орындарын аккредиттеу жүйелері, университеттердің олардың қызметін бағалайтын әлемдік және қазақстандық рейтингтік агенттіктермен сондай-ақ ЖОО-ң негізгі стейкхолдерлерімен жасалатын бағалауға қатысуы болып табылады. Осындай талдау және қалыптасқан тәжірибені ескеру негізінде, халықаралық университеттердің жұмысы мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесін жетілдіруге байланысты қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру бойынша теориялық ұсынымдар мен нақты ұсыныстар тұжырымдалды: 1. Терең тамыр жайып халықаралық қалыптасқан тәжірибені, атап айтқанда, халықаралық университеттерді әлемдегі барлық жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары құрметтейді және сол үшін өздерінің таза ұлттық мәнін халықаралық мәнге түбегейлі өзгерту сияқты тәжірибені заңнамада бекіту мақсатында ҚР-ң «Білім туралы» заңының 65-бабы төмендегідей мазмұндағы 4-1-тармақпен толықтырылғаны жөн: «Егер олардың қызметтегі бағыттары рейтингтік көрсеткіштер негізінде халықаралық деңгейге сәйкес келетін болса, Халықаралық ынтымақтастық шеңберіндегі халықаралық шарттар негізінде немесе ҚР Үкіметінің, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша құрылған және халықаралық деген мәртебеге ие болған халықаралық оқу орындарымен қатар, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық ұйымдары өзін-өзі халықаралық деп атауына және бағыттауына тыйым салынбайды,». 2. ҚР-ң «Білім туралы» заңының 65-бабының 4-тармағы Қазақстан Республикасында қысқаша түсінудегі халықаралық жоғары оқу орындарын құрудың екі нұсқасын ғана – халықаралық шарттар негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша деп белгілегендіктен, 1-бап мынадай мазмұндағы 21-4) тармағын қосып, толықтырылғаны дұрыс: «Халықаралық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы – 1-баптың 21-3-тармағының талаптарына сәйкес келетін және халықаралық шарттар негізінде немесе ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның шешімі бойынша құрылған жоғары оқу орны». 3. Сол сияқты 1-бап келесідей редакциядағы 54-1) тармақпен толықтыруды ұсынамыз: «Халықаралық университет – 1-баптың 54-тармағының талаптарына сәйкес келетін және халықаралық шарттар негізінде немесе жоғары білім саласында уәкілетті органның шешімі бойынша құрылған жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы». 4. Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның құзыретін белгілейтін ҚР Білім туралы заңының 5-бабы төмендегі мазмұндағы 96-1) тармақпен толықтырылғаны жөн: «Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган шешімі негізінде құрылған және халықаралық болып табылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының мәртебесі туралы ережені бекітеді және соның аясында олардың құрылуына және жұмысына қатысты критерийлерді әзірлейді». 5. Болон декларациясына қол қойған және оның идеяларын әлемде насихаттайтын Еуропа елдерінің білім беру және ғылыми дәрежелердің баламалылығы жүйесінде философия докторлары (PhD) дәрежесін беру үшін диссертацияның ғылыми нәтижелерін міндетті түрде Scopus немесе Web of Science базасында жариялау керектігі туралы талаптар көзделмегендіктен, 2011 жылғы 31 наурыздағы ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығымен бекітілген Дәрежелерді беру ережелерін Еуропалық Одақ елдерінде қабылданған халықаралық нормативтерге сәйкестендіру керек және осы талаптар алынып тасталу керек. Бұл қисынды, өйткені Қазақстан Болон декларациясына қол қоюшы болып табылады. Бұл тұрғыда ЕО елдерінің тәжірибесі бойынша PhD докторы дәрежесіне үміткерлер өздері таңдайтындай етіп, Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен «Ғылыми қазақстандық және шетелдік басылымдардың кеңейтілген тізімін» бекіту ұсынылады. Бұл тізімде докторанттар өздері таңдаған басылымдарда 4-5 мақала жариялайтын әлемдегі барлық танымал ғылыми басылымдар болу ықтималдылығы қарастырылуы тиіс. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы халықаралық университеттердің пайда болуы мен жұмысындағы қоғамдық қатынастарға қатысты мәселелер алғаш рет диссертациялық деңгейде халықаралық және ұлттық құқықтық аспектілерді тұтас мазмұнды талдау тұрғысынан қаралғандығында. Осыған байланысты зерттеп отырған салада халықаралық университеттердің жұмысын білім берудегі әлемдік процестерді интернационалдандыру және жаһандандыру мәселесімен өзара байланыстыруда кешенді тәсілдерді қолдану және құқықтық мәселелерді қарастыру диссертацияның ерекшелігі болып табылады. Зерттеу нәтижелерінің апробациясы. Диссертация Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Құқықтану» кафедрасында дайындалды және «Конституциялық құқық және азаматтық құқық» кафедрасында оны талқылау және рецензиялау жүргізілді. Диссертацияның негізгі ережелері жарияланған мақалаларда, ғылыми-практикалық конференциялардағы баяндамалар мен хабарламаларда баяндалған. Зерттеу тақырыбы бойынша 6 ғылыми мақала жарияланды, оның ішінде: Scopus базасына кіретін - 1 мақала (Q2, Процентиль 60); Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен журналдарда - 4 (төрт) мақала; ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында - 1(бір). Докторанттың жеке үлесі. Диссертацияда кеңінен түсінудегі халықаралық университеттердің авторлық классификация белгіленді. Әртүрлі типтегі халықаралық университеттердің жұмысының құқықтық негізі халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейдегі құқықтық нормалар жүйесі болып табылатыны тұжырымдалды. Жоғары білім беру саласындағы қазақстандық заңнама жүйесі үнемі өзгерістерге ұшырап отырғанына қарамастан, халықаралық университеттердің құрылуы мен жұмыс істеуіне назар аударылмағаны дәйектелді. Қазақстан Республикасының қатысуындағы халықаралық университеттер қызметінің құқықтық реттелуін объективті талдау үшін мұндай ЖОО-н бірнеше түрге бөлу қажеттігі негізделді. Үкіметаралық келісімдер арқылы құрылған және Тараптардың университетті басқару мен оның қызметі үшін жауапты болудағы теңдігі негізінде жұмыс істейтін халықаралық университеттер жүйесіндегі көзге түсетіндерінің бірі Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті болып табылатындығы уәжделді. Екі ел Үкіметінің келісімі негізінде құрылған Қазақстанның халықаралық университеттерінің бір түрі ЖОО-ң дамуын айқындауда келісім тараптарының бірі іс жүзінде басымдықты алатын университеттер болып табылатыны анықталды. Мұндай халықаралық университеттің мысалы ретінде Қазақстан-Британ техникалық университетті атауға болады. Аталған университеттің басқарушы органдарын құруды, қаржыландыруды, сондай-ақ оқу процесінің формасы мен мазмұнын қазақстандық тарап қана айқындайды. Өздерін халықаралық деп санайтын Қазақстанның көптеген университеттері ҚР Үкіметі мен шетел Үкіметтері арасында тікелей келісім жасаспай құрылғаны анықталды. Жаһандық үдерістерді түсіну және Қазақстандағы халықаралық университеттердің мәртебесін дамыту үшін әлемнің жетекші елдерінің жоғары білім беруді дамыту жөніндегі тәжірибесін зерделеудің маңызы зор екені анықталды. Білім беру әлі де формалды түрде ЕО елдерінің ішкі құзыретіне жатады және ЕО басшылығы осы сектордағы ұлттық басқарушылардың бастамаларын қолдап, толықтыра алатындығы анықталды. Қазақстанның Болон декларациясына қосылуы Қазақстандағы халықаралық университеттердің дамуына оң әсерін тигізгені дәйектелді. Халықаралық университеттердің білім беру сапасын арттыру аккредиттеу жүйесін және әлемдік, қазақстандық рейтингтік агенттіктерді бағалауды қоса алғанда, түрлі жолдар мен құралдар арқылы қамтамасыз етілетіні негізделді. Диссертацияның барлық материалдары, диссертацияның қорғауға шығарылған барлық жарияланымдары мен ережелері автордың жеке өзі орындаған және әзірлеген. Диссертациялық зерттеудің құрылымы мен көлемі жұмыстың ғылыми-тәжірибелік сипатын көрсететін мақсат пен міндеттерге байланысты. Диссертация 168 бет компьютерде терілген мәтінде баяндалған, нормативтік сілтемелерден, анықтамалардан, белгілер мен қысқартулардан, кіріспеден, негізгі бөлімнен, қорытындыдан, 238 дереккөзді қамтитын пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
