
«6D050500 - Аймақтану» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Конуратова Айнур Сансызбаевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Конуратова Айнур Сансызбаевна «6D050500 – Аймақтану» мамандығы бойынша «Еуропалық одақ елдерінің білім беру саясаты: Қазақстан үшін тәжірибе» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аймақтану кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Мукашева Зарина Ереновна – философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасындағы Ирак Республикасы Елшілігінде дипломатиялық миссия басшысының ассистенті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Жармаханова Жансауле Ибрагимқызы – философия докторы (PhD), Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы (Ақтау қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Сайрамбаева Жулдыз Талгатовна – з.ғ.к., профессор, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық қатынастар факультетінің деканы (Алматы қ.)., Қазақстан Республикасы);
Искрен Иванов – философия докторы (PhD), «Св. Климент Охридский» атындағы София университетінің доценті (София қ., Болгария Республикасы);
Мырзахметова Асель Жанатовна – тарих ғылымдарының кандидаты, академик Е. А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің археология, этнология және Отан тарихы кафедрасы профессорының ассистенті (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Жолдасбекова Ақбота Ниязқызы – саяси ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Аймақтану кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Дронзина Татьяна Александровна – саяси ғылымдарының докторы, «Св. Климент Охридский» атындағы София университетінің профессоры (София қ., Болгария Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 20 шілде, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050500 – Аймақтану» мамандығы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clc.li/McDhS
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеудің мақсаты – Болон процесін енгізу жағдайында Еуропалық Одақ елдерінің жоғары білім беру саласындағы білім беру саясатын, қолданыстағы тәжірибелері мен инновацияларын талдау және олардың Қазақстан Республикасында қолданылу нәтижелерін бағалау. Зерттеу міндеттері: 1. Шетелдік және отандық зерттеулер контексінде аймақтану ғылымындағы білім беру саясатын зерттеудің пәнаралық тәсілдерін қарастыру. 2. Еуропалық Одақ елдерінің интеграциялық үдерісіндегі жоғары білімнің орны мен рөлін анықтау. 3. Білім беру саясатының қазіргі заманғы сын-қатерлерін және оның тұжырымдамалық аспектілерін айқындау. 4. ЕО елдерінің білім беру саласындағы стратегиялық құжаттарын ұлттық бағдарламалар мен модельдер тұрғысынан талдау. 5. Еуропалық Одақтың білім беру бағдарламаларын еуропалық білім беру кеңістігін қалыптастырудың негізгі факторы ретінде зерделеу. 6. ЕО елдерінің ұлттық білім беру модельдеріне сипаттама беру. 7. Қазақстан тәуелсіздік алған кезеңнен бүгінгі күнге дейінгі ЕО мен Қазақстан арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастық эволюциясын көрсету. 8. Қазақстан Республикасының білім беру саясатын дамытудың басым бағыттарын анықтау. 9. Қазақстанның білім беру саласына еуропалық перспективалы бағыттарды енгізудің оң және теріс жақтарын бағалау. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыстың әдіснамалық негізін Еуропалық Одақ елдерінің білім беру саясатының қалыптасуы мен дамуын, сондай-ақ оның тәжірибесін Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінде бейімдеу және қолдану мүмкіндіктерін кешенді зерттеуге мүмкіндік беретін жалпығылыми және арнайы әдістер құрайды. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізіне білім беру саясатының тұжырымдамалары, өңірлік интеграция теориялары, институционалдық трансферт теориясы және «жұмсақ күш» тұжырымдамасы енгізілген. Бұл тәсілдер Еуропалық Одақтың білім беру саясатын бірыңғай білім беру кеңістігін қалыптастырудың және халықаралық ықпал етудің маңызды құралы ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Зерттеу барысында Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасының білім беру саясаты модельдерін салыстыруға, сондай-ақ олардың институционалдық даму ерекшеліктері мен еуропалық тәжірибені бейімдеу әлеуетін айқындауға мүмкіндік берген салыстырмалы-саясаттанулық және институционалдық әдістер қолданылды. Құрылымдық-функционалдық талдауды қолдану халықаралық ынтымақтастық жүйесіндегі білім беру институттарының, бағдарламалары мен бастамаларының рөлін, сондай-ақ олардың ұлттық білім беру жүйелерін жаңғыртудағы маңызын анықтауға мүмкіндік берді. Еуропалық Одақ пен Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық актілерін, стратегиялары мен бағдарламаларын салыстырмалы талдау әдістері білім беру саясатын қалыптастырудағы ұқсастықтар мен айырмашылықтарды анықтау, сондай-ақ еуропалық тәжірибені Қазақстан жағдайында енгізу мүмкіндіктерін айқындау мақсатында пайдаланылды. Қосымша ретінде статистикалық және аналитикалық деректерге қайталама талдау жүргізілді. Зерттеудің эмпирикалық базасын халықаралық білім беру бағдарламаларының (соның ішінде Erasmus+, Erasmus Mundus бағдарламаларының) материалдары, халықаралық және ұлттық ұйымдардың салалық есептері, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы сараптамалық бағалаулар құрады. Қазіргі халықаралық қатынастар жағдайында гуманитарлық және білім беру саласындағы ынтымақтастық «жұмсақ күштің» маңызды элементі ретінде қарастырылады. Мемлекеттердің жаһандық өзара тәуелділігі жағдайында олардың беделі тек саяси және экономикалық әлеуетімен ғана емес, мәдени және білім беру ресурстарымен, сондай-ақ мәдениетаралық және академиялық ынтымақтастықтың даму деңгейімен де айқындалады. Осыған байланысты мемлекеттер өз құндылықтарын, білімдерін және даму модельдерін ілгерілету мақсатында білім беру және мәдени дипломатия құралдарын белсенді түрде пайдаланады. Бұл құралдар сыртқы саяси және әлеуметтік-экономикалық міндеттерді шешуге, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша мемлекеттердің ұстанымдарын жақындастыруға ықпал ететін маңызды «жұмсақ күш» ресурсы болып табылады. Диссертацияда Еуропалық Одақ елдері мен Қазақстан Республикасының заңнамаларын талдау негізінде Еуропалық Одақтың білім беру саясатына кешенді зерттеу жүргізіліп, оның озық тәжірибелерін Қазақстанның ұлттық білім беру жүйесі жағдайында бейімдеу және қолдану тетіктері айқындалды. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: Еуропалық Одақтың білім беру саясаты интеграциялық үдерістердің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады және мүше мемлекеттердің жоғары білім беру жүйелерін үйлестіру арқылы ортақ еуропалық білім беру кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді. Болон процесі Еуропалық Одақ елдерінде жоғары білім беру жүйесін жаңғыртудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде академиялық ұтқырлықты, білім сапасын қамтамасыз етуді және біліктіліктерді өзара тануды дамытуға мүмкіндік берді. Еуропалық Одақ елдерінің білім беру саясаты ұлттық ерекшеліктерге қарамастан, білім беру сапасын арттыруға, интернационалдандыруға және еңбек нарығының талаптарына бейімделуге бағытталған ортақ қағидаттарға негізделеді. Erasmus+, Erasmus Mundus және басқа да білім беру бағдарламалары еуропалық білім беру кеңістігін нығайтудың, халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамытудың және білім беру саласындағы тәжірибе алмасудың тиімді құралдары болып табылады. Еуропалық Одақ елдерінің ұлттық білім беру модельдері басқару құрылымы, қаржыландыру жүйесі және институционалдық ерекшеліктері бойынша әртүрлі болғанымен, олардың барлығы білім сапасын қамтамасыз ету мен инновациялық дамуға бағдарланған. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бері Еуропалық Одақпен білім беру саласындағы ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді, бұл жоғары білім беру жүйесінің жаңғыруына және халықаралық білім беру кеңістігіне кірігуіне ықпал етті. Қазақстанда Болон процесінің негізгі қағидаттарын енгізу жоғары білім беру жүйесінің институционалдық өзгерістеріне, кредиттік технологияның дамуына, академиялық ұтқырлықтың кеңеюіне және сапаны қамтамасыз ету жүйесінің жетілдірілуіне мүмкіндік берді. Еуропалық тәжірибені Қазақстанның білім беру жүйесіне енгізу барысында құқықтық, институционалдық, әлеуметтік-мәдени және ұйымдастырушылық ерекшеліктерді ескеру қажет, себебі шетелдік модельдерді толық көшіру әрдайым тиімді нәтиже бере бермейді. Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін одан әрі жетілдірудің перспективалық бағыты ретінде еуропалық тәжірибені ұлттық ерекшеліктермен үйлестіре отырып бейімдеу ұсынылады. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен ғылыми жаңалығы. Алғаш рет Еуропалық Одақтың білім беру саясаты жекелеген бағдарламалар, академиялық ұтқырлық жобалары немесе нормативтік бастамалар жиынтығы ретінде ғана емес, Қазақстан Республикасының жоғары білім беру жүйесіне институционалдық имплементациялау механизмдері тұрғысынан кешенді түрде қарастырылды. Зерттеуде еуропалық білім беру тәжірибелерін сипаттаудан олардың Қазақстан жағдайында бейімделуі, трансформациялануы және ұлттық білім беру жүйесіне енгізілу ерекшеліктерін талдауға басымдық берілген. Ғылыми жаңалық еуропалық білім беру стандарттарын, қағидаттары мен басқару модельдерін Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіне енгізуді қамтамасыз ететін институционалдық механизмдерді анықтаудан көрінеді. Зерттеуде имплементация үдерісі халықаралық білім беру нормаларының, мемлекеттік саясаттың, университеттік автономияның және академиялық ортаның өзара ықпалы нәтижесінде жүзеге асатын күрделі әрі көпдеңгейлі процесс ретінде қарастырылады. Болон процесінің, интернационалдандыру қағидаттарының, білім сапасын қамтамасыз ету жүйесінің, академиялық ұтқырлықтың, кредиттік оқыту технологиясының және біліктіліктерді тану тетіктерінің қазақстандық жоғары оқу орындарының институционалдық трансформациясына ықпалы жан-жақты талданған. Автор еуропалық білім беру тәжірибесін имплементациялауды нормативтік-құқықтық, институционалдық, басқарушылық және әлеуметтік-мәдени деңгейлерді қамтитын кешенді үдеріс ретінде қарастыратын өзіндік тұжырымдамалық көзқарасты ұсынады. Алынған нәтижелердің маңыздылығын негіздеу. Зерттеудің практикалық маңыздылығы оның нәтижелері мен ұсыныстарын Қазақстан Республикасының білім беру саясатын жетілдіру үдерісінде пайдалану мүмкіндігімен айқындалады. Автордың тұжырымдары мен ұсынымдары жоғары білім беру жүйесін жаңғыртуда, академиялық ұтқырлық бағдарламаларын дамытуда, қазақстандық жоғары оқу орындарының еуропалық білім беру мекемелерімен халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуде, сондай-ақ Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану стратегияларын қалыптастыруда қолданылуы мүмкін. Зерттеу нәтижелері Қазақстан Республикасының уәкілетті мемлекеттік органдары, білім беру және ғылыми-зерттеу мекемелері үшін қызығушылық тудырады және халықаралық қатынастар, білім беру, еуропалық зерттеулер және мемлекеттік басқару салаларында мамандар даярлау барысында оқу процесінде пайдаланылуы мүмкін. Ғылымды дамыту бағыттарына және мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Диссертациялық зерттеу Қазақстан Республикасындағы ғылымды дамытудың басым бағыттарына және білім беру мен ғылым саласындағы мемлекеттік бағдарламалардың мақсаттарына сәйкес келеді. Жұмыста қарастырылған жоғары білім беру жүйесін жаңғырту, академиялық ұтқырлықты дамыту, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту және Қазақстанның әлемдік білім беру кеңістігіне кірігу мәселелері «Қазақстан – 2050» стратегиясының, Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың тұжырымдамасының, сондай-ақ отандық білім беру жүйесінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерімен үйлеседі. Ізденушінің жарияланымдарды дайындауға қосқан үлесі. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері, қорытындылары мен ұсыныстары Scopus деректер базасына енгізілген халықаралық рецензияланатын ғылыми журналда жарияланған: Academic integrity and fraud in higher education: Thematic networks and disciplinary clusters in global research // Iberoamerican Journal of Science Measurement and Communication. – №5(3). – P. 1–13. Шетелде жарияланған ұжымдық монография: Factors of effective education (European experience and its application in Kazakhstan) // Sustainability of Science in a Post-Covid World: monograph (Vienna: IfII Institut für Intellektuelle Integration, 2021. – P. 324–341). Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарындағы 5 мақала: Жоғары оқу орындары оқытушысының қашықтықтан оқыту жүйесіндегі рөлі туралы // «Қазақстан Республикасы дипломатиясы: қалыптасуы, дамуы және перспективалары» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2019). Тиімді білім беру саласындағы еуропалық жобалар // «Ғаламдық ғылым және инновациялар – 2019: Орталық Азия» IV халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (Астана, 2019). Тиімді білім беру: еуропалық тәжірибе // «Ғаламдық ғылым және инновациялар – 2019: Орталық Азия» V халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (Астана, 2019). Қазақстан Республикасындағы орта білім берудің қазіргі жағдайы // «Ғылыми әлеует – 2017» XIII халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (2017). Transformation of the System of Education in Kazakhstan // Man in India. – 2017. – Vol. 97. – №7. – P. 127–141.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
