
«8D05107 - Биология» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ақмағамбет Шаһизада Бейімбетқызы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ақмағамбет Шаһизада Бейімбетқызы «8D05107 – Биология» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae тұқымдасының таксономиялық алуантүрлілігі және оның палеоклиматтық және палеоэкологиялық жағдайларды реконструкциялаудағы маңызы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жалпы биология және геномика кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Габрейлян Иван Георгиевич –Биология ғылымдарының докторы, Палеоботаника зертханасының меңгерушісі, Армения Республикасы Ұлттық ғылым академиясының А. Л. Тахтаджян атындағы Ботаника институты, (Ереван, Армения).
Бондаренко Олеся Владимировна – 03.00.05 – «Ботаника» мамандығы бойынша биология ғылымдарының кандидаты
аға ғылыми қызметкер, Палеоботаника зертханасының жетекшісі
Ресей ғылым академиясының Қиыр Шығыс бөлімшесіне қарасты Шығыс Азияның құрлық биотасының биоалуантүрлілігі жөніндегі Федералдық ғылыми орталығы, (Владивосток, Ресей Федерациясы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Астгик Папикян Саргисовна- Ботаника ғылымдарының кандидаты (PhD), ғылыми қызметкер, А. Тахтаджян атындағы Ботаника институты мемлекеттік коммерциялық емес ұйымы (МКЕҰ), (Ереван, Армения).
Тургинов Орзимат Турдиматович-Биология ғылымдарының докторы (DSc), Ботаника және генетика кафедрасының доценті, Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университеті, (Ташкент, Өзбекстан).
Ишмуратова Маргарита Юлаевна- Биология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті» коммерциялық емес акционерлік қоғамы (КеАҚ), Биотехнология және экологиялық мониторинг зерттеу паркінің жетекшісі, ғылыми қызметкер
Ғылыми кеңесшілері:
Жаманғара Айжан Қашағанқызы - биология ғылымдарының кандидаты, Астана Халықаралық университеті Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебінің профессор міндетін атқарушысы, Астана қ. Қазақстан.
Аверьянова Анна Леонидовна — биология ғылымдарының кандидаты, Ресей ғылым академиясының В.Л. Комаров атындағы Ботаника институтының Палеоботаника зертханасының ғылыми қызметкері, Санкт Петербург қ. Ресей Федерациясы.
Қорғау 2026 жылғы 9 қыркүйек, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05107 – Биология» мамандығы бойынша «8D051 – Биологиялық және сабақтас ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/82492782341?pwd=E6YqaHNgssaJtETtoMlWPL30WjdpVW.1
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтпаев көшесі, 2, Ғимарат №1, Мәжіліс залы (№302 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae S.F. Gray тұқымдасының таксономиялық алуантүрлілігін кешенді зерттеуге және оның өңірдің палеоклиматтық және палеоэкологиялық жағдайларын реконструкциялаудағы маңызын анықтауға арналған. Жұмыста Alnus Mill., Betula L., Corylus L., Carpinus L. және Ostrya Scop. туыстарының қазба өкілдері, олардың морфологиялық-архитектуралық ерекшеліктері, кеңістіктік-уақыттық таралуы, экологиялық бейімділігі және индикаторлық маңызы қарастырылады. Зерттеу қор палеоботаникалық коллекцияларын ревизиялауға, экспедициялық жұмыстар материалдарын зерделеуге, қазба формаларды ең жақын қазіргі аналогтарымен салыстыруға және палеоклиматты реконструкциялаудың сандық әдістерін қолдануға негізделген. Алынған нәтижелер Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae жүйесін нақтылауға, олардың тарихи таралу заңдылықтарын анықтауға және тұқымдастың ежелгі өсімдік қауымдастықтары мен климаттық жағдайларды реконструкциялаудағы ақпараттық топ ретіндегі рөлін негіздеуге мүмкіндік береді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазба флоралар өсімдік жамылғысының тарихын, биоалуантүрліліктің эволюциясын және өткен дәуірлердегі климаттық өзгерістерді зерттеудің маңызды дереккөзі болып табылады. Betulaceae тұқымдасы кайнозой бойы Солтүстік жарты шардың қоңыржай және бореалдық флоралары құрамында елеулі рөл атқарған. Оның өкілдері айқын морфологиялық белгілермен және әртүрлі экологиялық бейімділікпен сипатталады, осыған байланысты оларды таксономиялық талдау, палеоэкологиялық интерпретациялар және сандық палеоклиматтық реконструкциялар үшін пайдалануға болады. Қазақстан аумағында Betulaceae өкілдері Торғай, Зайсан, Солтүстік Арал маңы, Іле және басқа да ойыстардың палеогендік және неогендік флораларынан белгілі. Алайда бұған дейін олар негізінен жекелеген флористикалық кешендердің құрамында ғана зерттеліп, тұқымдастың өңірлік ауқымдағы кешенді ревизиясы, біріздендірілген морфологиялық-архитектуралық талдауы және реконструкциялық әлеуетін жүйелі бағалау жүргізілмеген. Бұл жекелеген таксондарды түсіндірудегі екіұштылықты сақтап, Betulaceae бойынша деректерді жалпылама палеоэкологиялық және палеоклиматтық қорытындылар үшін пайдалануды шектеді. Диссертацияның өзектілігі Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae түрлік құрамын нақтылау, олардың кеңістіктік-уақыттық таралу заңдылықтарын анықтау және тұқымдас өкілдерінің Орталық Азияның климаттық әрі экологиялық динамикасын реконструкциялаудағы маңызын негіздеу қажеттілігімен айқындалады. Зерттеу нысаны - Қазақстанның кайнозой флораларынан алынған Betulaceae тұқымдасы өкілдерінің палеоботаникалық материалдары (жапырақ таңбалары). Зерттеу пәні – Betulaceae өкілдерінің таксономиялық және морфологиялық-архитектуралық алуантүрлілігі, олардың кеңістіктік-уақыттық таралуы, палеоэкологиялық рөлі және палеоклиматтық жағдайларды реконструкциялаудағы маңызы. Зерттеудің мақсаты – Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae тұқымдасы өкілдерінің таксономиялық және морфологиялық алуантүрлілігінің құрамы мен заңдылықтарын анықтау және олардың өңірдің палеоэкологиялық және палеоклиматтық жағдайларын реконструкциялаудағы маңызын айқындау. Қойылған мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды: 1. Қазақстан мен іргелес аумақтардың кайнозой флораларындағы Betulaceae зерттелуіне тарихнамалық талдау жүргізу. 2. Біріздендірілген терминологияны қолдана отырып, Betula L., Alnus Mill., Corylus L., Carpinus L. және Ostrya Scop. туыстары өкілдерінің морфологиясы мен жапырақ архитектурасын зерттеу. 3. Таксономиялық орнын нақтылау және филогенетикалық байланыстарын анықтау мақсатында қазба формалар мен олардың ең жақын қазіргі аналогтарына салыстырмалы морфологиялық-архитектуралық талдау жүргізу. 4. Қазақстанның палеогендік және неогендік флораларындағы Betulaceae өкілдерінің кеңістіктік-уақыттық таралу заңдылықтарын анықтау. 5. Қазба флоралар негізінде Coexistence Approach (CA) және Joint Probability Density Functions (JPDF) әдістерін қолдана отырып, сандық палеоклиматтық реконструкциялар жүргізу. 6. Бейімделу үрдістерін анықтау және тұқымдастың морфологиялық матрицасын құру мақсатында Betula, Alnus, Corylus, Carpinus және Ostrya туыстарының морфологиялық-архитектуралық белгілеріне салыстырмалы талдау жүргізу. Зерттеу әдістері. Жұмыста қазба жапырақ іздерінің морфологиялық-архитектуралық талдауы, ең жақын қазіргі аналогтармен салыстырмалы-морфологиялық сәйкестендіру, таксономиялық ревизия, стратиграфиялық және палеофлористикалық талдау, сондай-ақ палеоклиматты сандық реконструкциялаудың Coexistence Approach (CA) және Joint Probability Density Functions (JPDF) әдістері қолданылды. Зерттеу материалдарына Ботаника және фитоинтродукция институтының, Астана ботаникалық бағының, В.Л. Комаров атындағы Ботаника институтының (РҒА), Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының қор коллекцияларындағы Betulaceae жапырақтарының қазба іздері, сондай-ақ 2021–2024 жылдары Қазақстанның кайнозойлық нысандарында жүргізілген экспедициялық жұмыстар барысында жиналған материалдар кірді. Ғылыми жаңалығы. 1. Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae тұқымдасының жүйесі жапырақ іздерінің морфологиялық-архитектуралық талдауы негізінде алғаш рет кешенді түрде ревизияланды. 2. Betulaceae тұқымдасының сенімді түрлік құрамы нақтыланып, бұрын қолданылған номиналдық таксондар саны 30-дан 23-ке қысқартылды. 3. Betula, Alnus, Corylus, Carpinus және Ostrya туыстарының қазба өкілдері жапырақтарының диагностикалық морфологиялық белгілері нақтыланды, бұл олардың таксономиялық интерпретациясының сенімділігін арттырды. 4. Қазақстандағы Betulaceae түрлерінің палеоген мен неогендегі стратиграфиялық диапазоны және географиялық таралуы көрсетілген жаңартылған жинақталған каталог жасалды. 5. Палеофлористикалық деректер кешені негізінде Қазақстанның негізгі кайнозой флоралары үшін CA және JPDF әдістері арқылы сандық палеоклиматтық реконструкциялар жүргізіліп, өңірдің температуралық-ылғалдылық жағдайлары динамикасы нақтыланды. 6. Қазақстанның кайнозойындағы Betulaceae тұқымдасының экологиялық және морфологиялық өзгерістерінің негізгі бағыттары анықталды, олар тұқымдастың климаттың біртіндеп континенттенуі мен аридтенуіне бейімделуін көрсетеді. 7. Betulaceae тұқымдасының Орталық Азияның кайнозой флораларын стратиграфиялық, палеоэкологиялық және палеоклиматтық реконструкциялау үшін индикаторлық топ ретіндегі маңызы негізделді. Теориялық және практикалық маңызы. Жұмыстың теориялық маңызы Қазақстанның кайнозой флораларындағы Betulaceae тұқымдасының құрамы, эволюциясы, морфологиялық тұрақтылығы және экологиялық рөлі туралы түсініктерді кеңейтуімен анықталады. Алынған деректер Еуразияның қоңыржай ағаш флораларының қалыптасуы және өсімдік қауымдастықтарының палеоген мен неогендегі климаттық өзгерістерге жауабы жөніндегі мәліметтерді толықтырады. Зерттеудің практикалық маңызы оның нәтижелерін қор палеоботаникалық коллекцияларын ревизиялау, қазба жапырақ іздерін диагностикалау, өңірлік стратиграфиялық және палеоклиматтық сызбаларды әзірлеу, Қазақстан мен іргелес аумақтардың континенттік кайнозой шөгінділерін корреляциялау, сондай-ақ оқу үдерісінде және музейлік-білім беру қызметінде пайдалану мүмкіндігімен айқындалады. Қорғауға ұсынылатын негізгі нәтижелер 1. Қазақстанның кайнозой флоралары Betulaceae тұқымдасы өкілдерінің кең таралуымен сипатталады; олар олигоцен мен миоцен палеофлораларының ағаш-бұталы қабатының маңызды құрамдас бөлігі болған. Олардың морфологиясы мен кеңістіктік-уақыттық динамикасы өңірдің климаттық және флористикалық эволюциясының негізгі кезеңдерін көрсетеді. 2. Betulaceae жүйесін ревизиялау сенімді түрлер құрамын нақтылап, номиналдық таксондар санын 30-дан 23-ке қысқартуға мүмкіндік берді. Alnus және Betula туыстары үшін валидті түрлер нақтыланды, бұл Қазақстанның кайнозойлық материалдарын таксономиялық тұрғыдан анағұрлым сенімді интерпретациялауды қамтамасыз етті. 3. Betulaceae өкілдері жапырақтарының морфологиялық-архитектуралық белгілері – жүйкелену типі, жапырақ жиегінің тістену сипаты, жапырақ тақтасының ұзындығы мен енінің арақатынасы және басқа диагностикалық параметрлер – экологиялық пластикалылық сақталған жағдайда кайнозой бойы жоғары тұрақтылық танытады. Бұл тұқымдастың морфологиялық консервативтілігі мен бейімделгіш тұрақтылығын көрсетеді. 4. Қазақстанның кайнозойындағы Betulaceae эволюциялық дамуы, ең алдымен Alnus арқылы көрінетін мезогигрофильді формалардан мезофильді және мезоксерофильді формаларға біртіндеп ауысуды көрсетеді, бұл кеш неогенде өңір климатының континенттенуі мен аридтенуінің жалпы үрдісімен сәйкес келеді. 5. Қазақстанның негізгі флористикалық кешендері үшін CA және JPDF әдістерімен жүргізілген палеоклиматтық реконструкциялар өңір климатының олигоцен мен ерте миоценде қазіргі кезеңмен салыстырғанда жылырақ әрі ылғалды болғанын (MAT = 14–17 °C, MAP = 900–1100 мм/жыл) көрсетеді, ал кеш миоценде ылғалданудың төмендеуі мен континенттіліктің күшеюі байқалады. 6. Betulaceae тұқымдасы стратиграфиялық, палеоэкологиялық және палеоклиматтық реконструкциялар үшін сенімді индикаторлық топ болып табылады, өйткені оның өкілдері температуралық-ылғалдылық режимінің өзгерістерін және ежелгі өсімдік қауымдастықтарының динамикасын тұрақты түрде көрсетеді. Зерттеудің негізгі нәтижелері мен қорытындылары. Жүргізілген зерттеу нәтижесінде Қазақстанның кайнозой флораларында Alnus, Betula, Corylus, Carpinus және Ostrya туыстарын қамтитын Betulaceae тұқымдасының бес туысы және 23 сенімді түрі бар екені расталды. Жүргізілген ревизия қазба формалардың жүйесін нақтылауға, бұрын қолданылған бірқатар номиналдық таксондарды қайта қарауға және палеоботаникалық анықтаулардың сенімділігін арттыруға мүмкіндік берді. Betulaceae өкілдерінің Қазақстанның негізгі кайнозойлық бассейндерінің палеогендік және неогендік флораларында кең таралғаны анықталды. Тұқымдастың ең жоғары алуантүрлілігі миоцендік кешендерде байқалады, бұл Betulaceae-дің қоңыржай-жылы ағаш қауымдастықтары құрамындағы маңызды рөлін көрсетеді. Морфологиялық-архитектуралық талдау Betulaceae жапырақтарының негізгі диагностикалық белгілерінің экологиялық пластикалылық сақталған жағдайда тұрақтылығын көрсетті. Қазба формаларды қазіргі аналогтарымен салыстыру олардың таксономиялық интерпретациясын нақтылауға және негізгі бейімделу үрдістерін анықтауға мүмкіндік берді. Палеоэкологиялық талдау тұқымдас туыстарының қоршаған орта жағдайларына әртүрлі бейімделгенін көрсетті. Alnus көбіне ылғалды жайылмалық және жағалаулық мекендермен байланысты; Betula мен Corylus мезофильді орман қауымдастықтарын сипаттайды, ал Carpinus пен Ostrya салыстырмалы түрде құрғақ ормандық және беткейлік экотоптарды көрсетеді. Анықталған динамика кеш неогенде климаттың континенттенуі мен аридтенуінің күшеюімен үйлеседі. Ержылансай, Кушук, Жоңғар Ақтауы, Қиын-Керіш және басқа да кешендер флоралары бойынша жүргізілген сандық палеоклиматтық реконструкциялар Қазақстан климатының олигоцен мен ерте миоценде қазіргі кезеңмен салыстырғанда жалпы алғанда жылырақ әрі ылғалды болғанын көрсетті. Зерттелген флоралардың бірқатары үшін орташа жылдық температура шамамен 14–17 °C, ал жылдық жауын-шашын мөлшері 900–1100 мм деңгейінде реконструкцияланды. Кеш миоценде ылғалданудың төмендеу үрдісі байқалады, бұл өңірдің климаттық қайта құрылуының жалпы бағытымен сәйкес келеді. Алынған нәтижелер Betulaceae тұқымдасының ежелгі өсімдік қауымдастықтары мен климаттық жағдайларды реконструкциялау үшін ақпараттылығын растайды, сондай-ақ Орталық Азияның палеофлористикалық тарихы туралы түсініктерді кеңейтеді. Диссертацияның мемлекеттік ғылыми-зерттеу жобаларымен және ғылымның басым бағыттарымен байланысы. Диссертация екі мемлекеттік ғылыми-зерттеу жобасы аясында орындалды: – ЖТН AP22686786 «Қазақстан аумағында олигоцен мен миоцен шекарасындағы палеофлористикалық талдау және палеоклиматты реконструкциялау кезінде сандық әдістерді қолдану»; – ЖТН AP19677563 «Олигоцен мен миоцен шекарасындағы Орталық Қазақстанның палеофлорасы мен климатын және өңірдің шөлейттенуінің бастапқы кезеңін зерттеу». Диссертация «Елдің зияткерлік әлеуеті» басым бағытына, «Жаратылыстану ғылымдары» ғылым бағытына, атап айтқанда «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» кіші бағытына сәйкес келеді. Жұмыстың апробациясы. Диссертациялық зерттеудің негізгі ережелері мен нәтижелері халықаралық ғылыми іс-шараларда, соның ішінде Алматыда өткен NECLIME желісінің конференциясында (2024), сондай-ақ Мәскеуде өткен халықаралық ғылыми конференцияда (2025) апробациядан өтті. Аталған конференцияда Кушук, Ақтау және Ержылансай макрофлоралары бойынша Қазақстанның ерте миоцендегі палеоклиматтық жағдайларына арналған материалдар ұсынылды. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелері 2025 жылғы 16 қыркүйекте Геологиялық ғылымдар институтының мезозой және кайнозой геологиясы, стратиграфия зертханасының отырысында тыңдалды. Талқылау қорытындысы бойынша диссертацияның негізгі ережелері мен қорытындылары мақұлданып, жұмыс одан әрі апробациядан өткізуге және қорғауға ұсынуға ұсынылды. Зерттеу нәтижелерін жариялау. Диссертация тақырыбы бойынша 6 ғылыми мақала жарияланды, оның ішінде 3 мақала Scopus дерекқорында индекстелетін шетелдік рецензияланатын ғылыми басылымдарда және 3 мақала Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда жарық көрді. Scopus дерекқорында индекстелетін журналдардағы мақалалар 1. The Early Miocene Paleoclimate of Erzhilansay: Interpretation of Climatic Parameters Using Modern Methods // Sustainability. – 2025. – Т. 17. – № 1. – С. 143. 2. Canyons of the Charyn River (South-East Kazakhstan): Geological History and Geotourism // GeoJournal of Tourism and Geosites. – 2021. – Т. 34. – № 1. – С. 102–111. 3. Prospects for the Introduction of Betula pendula f. dalecarlica (L.F.) C.K. Schneid. in Akmolinsk Region, Kazakhstan // Caspian Journal of Environmental Sciences. – 2024. – Т. 22. – № 4. – С. 981–986. ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдардағы мақалалар 1. Paleoclimate Analysis of the Early Miocene in the Kushuk Locality (Turgai Depression) Based on the Coexistence Approach Method // Bulletin of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Chemistry. Geography Series. – 2025. – Т. 150. – № 1. – С. 171–184. 2. Қиын-Керіш флорасы негізінде ерте олигоцен климатының реконструкциясын жасауда Coexistence Approach әдісін қолдану // Bulletin of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Chemistry. Geography Series. – 2024. – Т. 149. – № 4. – С. 134–147. 3. Possibilities for Reconstructing the Paleoclimate of the Paleogene and Neogene Based on the Study of Fossil Flora (Using the Example of the Paleoflora of the Uly-Zhilanshik River) // Bulletin of the L.N. Gumilyov Eurasian National University. Chemistry. Geography Series. – 2023. – Т. 145. – № 4. – С. 71–82. Докторанттың жарияланымдарды дайындауға қосқан үлесі 1. «The Early Miocene Paleoclimate of Erzhilansay: Interpretation of Climatic Parameters Using Modern Methods» мақаласында докторант Ержылансай флорасы бойынша бастапқы палеофлористикалық деректерді дайындауға, оларды аналитикалық өңдеуге, жұмыста қолданылған әдістер арқылы сандық палеоклиматтық реконструкциялар жүргізуге, алынған климаттық параметрлерді интерпретациялауға, сондай-ақ қолжазбаны дайындауға және зерттеу нәтижелерін талқылауға қатысты. 2. «Canyons of the Charyn River (South-East Kazakhstan): Geological History and Geotourism» мақаласында докторант зерттелген аумақтың табиғи, геологиялық және палеонтологиялық мұрасын сипаттауға қатысты материалдарды жинауға және жүйелеуге, әдеби және нақты деректерді талдауға, нысанның ғылыми және қолданбалы маңызын талқылауға, сондай-ақ жарияланымды дайындауға қатысты. 3. «Prospects for the Introduction of Betula pendula f. dalecarlica (L.F.) C.K. Schneid. in Akmolinsk Region, Kazakhstan» мақаласында докторант зерттелген қайың формасы бойынша материалдарды жинауға және жүйелеуге, алынған деректерді талдауға, таксонның биологиялық ерекшеліктері мен интродукциялық әлеуетіне қатысты нәтижелерді талқылауға, сондай-ақ жарияланым мәтінін дайындауға қатысты. 4. «Paleoclimate Analysis of the Early Miocene in the Kushuk Locality (Turgai Depression) Based on the Coexistence Approach Method» мақаласында докторант Кушук местонахождениесі бойынша бастапқы флористикалық деректерді дайындады, Coexistence Approach әдісімен ерте миоценнің климаттық параметрлеріне сандық реконструкция жүргізді, алынған нәтижелерді талдап, интерпретациялады, сондай-ақ қолжазбаны дайындауға және қорытындыларды тұжырымдауға қатысты. 5. «Қиын-Керіш флорасы негізінде ерте олигоцен климатының реконструкциясын жасауда Coexistence Approach әдісін қолдану» мақаласында докторант Қиын-Керіш местонахождениесі бойынша зерттеудің флористикалық негізін дайындады, Coexistence Approach әдісімен ерте олигоценнің климаттық жағдайларын реконструкциялады, алынған деректерді өңдеп, интерпретациялады, сондай-ақ жарияланымды дайындауға және оның негізгі нәтижелерін талқылауға қатысты. 6. «Possibilities for Reconstructing the Paleoclimate of the Paleogene and Neogene Based on the Study of Fossil Flora (Using the Example of the Paleoflora of the Uly-Zhilanshik River)» мақаласында докторант Ұлы-Жыланшық өзені алабы бойынша палеофлористикалық деректерді жүйелеуге, оларды палеоген мен неогеннің палеоклиматтық жағдайларын реконструкциялау үшін қолдану мүмкіндіктерін талдауға, алынған нәтижелерді интерпретациялауға, сондай-ақ жарияланым мәтінін дайындауға және негізгі қорытындыларды тұжырымдауға қатысты. Диссертацияның көлемі мен құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, жеті тараудан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және 6 қосымшадан тұрады. Диссертацияның негізгі мәтіні 116 бетте баяндалған. Қосымшаларымен бірге жұмыстың жалпы көлемі 215 бетті құрайды. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі отандық және шетелдік авторлардың 131 атауын қамтиды. Жұмыста 13 кесте және 17 сурет берілген.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
