
«8D06103 - Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рамазанова Валия Сапкиреевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Рамазанова Валия Сапкиреевна «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «ЖОО-да оқу процесін ақпараттық камтамасыз ету үшін білім графтарын қолдану» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Мансурова Мадина Есимхановна – физика-математика ғылымдарының кандидаты, «Жасанды интеллект және Big Data» кафедрасының меңгерушісі, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Қайбасова Динара Жеңісбекқызы – философия докторы (PhD), «Компьютерлік инженерия» департаментінің қауымдастырылған профессоры, Astana IT University (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Козбакова Айнур Холдасовна - философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ ҒК «Ақпараттық және есептеу технологиялары институты» ШЖҚ РМК «Жасанды интеллект және робототехника» зертханасының жетекші ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ақанова Ақерке Сапарқызы – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Компьютерлік ғылымдар» білім беру бағдарламалары тобының жетекшісі, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университеті КеАҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Батура Татьяна Викторовна – физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, А.П. Ершов атындағы СО РАН Ақпараттық жүйелер институты, зертхана меңгерушісі (Новосібір қ., Ресей).
Ғылыми кеңесшілері:
Самбетбаева Мадина Аралбаевна – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Загорулько Юрий Алексеевич – техника ғылымдарының кандидаты, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесіндегі А.П. Ершов атындағы Информатикалық жүйелер институтының Жасанды интеллект зертханасының меңгерушісі (Новосибирск, Ресей).
Қорғау 2026 жылғы 28 тамыз, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «8D061 – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы аралас (офлайн және онлайн) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/47977030100942?p=I32iGtQjWp7mcayfwf
Мекен-жайы: Астана қ., Пушкин көшесі, 11, №2 оқу ғимараты, 222-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): АҢДАТПА 8D06103 – Ақпараттық жүйелер білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған Рамазанова Валия Сапкиреевнаның «ЖОО-да оқу процесін ақпараттық камтамасыз ету үшін білім графтарын қолдану» тақырыбындағы диссертациялық жұмысына. Диссертациялық зерттеудің мақсаты: ақпараттық технологиялар саласы мысалында жоғары оқу орнындағы білім беру процесін ақпараттық қамтамасыз ету құрамында пайдаланылатын ұсынымдық жүйені құру үшін білім графтарын қолданудың моделін және әдістерін әзірлеу. Зерттеу міндеттері: Білім графтарын ұсынудың қолданыстағы тәсілдеріне талдау жүргізу. Білім графтарының білім беру саласында қолданылуына талдау жасау. Интеграцияланған білім графының моделін құруға қажетті деректер корпустарын талдау. Білім беру және кәсіби құзыреттер мен дағдыларды біріктіруге арналған білім графының онтологиялық моделін құру. Құзыреттер мен дағдылардың векторлық көрінісін қалыптастыруға арналған тілдік модельдерді бағалау және салыстыру. Ұқсас дағдылар топтарын қалыптастыруға арналған кластерлеу алгоритмдерін бағалау және салыстыру. Дағдыларды интеграциялау мен кластерлеуді жақсарту үшін таңдалған тілдік модельді қайта оқыту, бағалау және қолдану. Білім графы негізінде ұсынымдар жасауға арналған графтық нейрондық желілерге негізделген ұсынымдық модельдерді құру, оқыту, бағалау және салыстыру. Бос жұмыс орындары мен онлайн-курстарды ұсынуға арналған графтық нейрондық желілер негізіндегі тиімді ұсынымдық модельді оқыту және бағалау. Бос жұмыс орындары мен білім беру курстарын ұсынуға арналған білім графының интеграциялық моделін іске асыратын ұсынымдық жүйенің прототипін әзірлеу. Зерттеу әдістері: Деректерді жинау және талдау әдістері, онтологиялық жобалау әдістері, эксперименттік әдістер, графтар теориясының әдістері, табиғи тілді өңдеу әдістері, кластерлеу әдістері, машиналық оқыту әдістері, графтық нейрондық желілер әдістері, ұқсастық метрикалары, корреляция метрикалары, кластерлеу сапасын бағалау метрикалары, ұсынымдар сапасын бағалау метрикалары, ұсынымдық жүйелерді құру әдістері. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: білім беру құзыреттерін, бос жұмыс орындарындағы кәсіби дағдыларды және онлайн-курстардың білім беру дағдыларын семантикалық мәтіндік ұқсастық негізінде көптілді сөйлемдік трансформерлер арқылы біріктіру жолымен білім беру және кәсіби деректерді біртұтас гетерогенді білім графына біріктіретін білім графының моделі ұсынылды; Heterogeneous Graph Transformers гетерогенді графтық нейрондық желілері негізінде білім графы бойынша білім беру ұсынымдарының моделі ұсынылды; жоғары оқу орнындағы білім беру процесін ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіруге пайдалануға болатын кәсіби және білім беру ұсынымдарына арналған ақпараттық жүйенің прототипі әзірленді. Диссертацияда алынған негізгі нәтижелер: Бірінші нәтиже ретінде жоғары оқу орнының білім беру құзыреттерін, бос жұмыс орындарындағы кәсіби дағдыларды және онлайн-курстардың дағдыларын семантикалық тұрғыдан біріктіруді қамтамасыз ететін мультидоменді гетерогенді білім графының онтологиялық моделі ұсынылды. Интеграция қайта оқытылған көптілді Sentence Transformer моделі және агломеративті иерархиялық кластерлеу негізінде жүзеге асырылады. Екінші нәтиже ретінде гетерогенді мультидоменді білім графындағы байланыстарды регрессиялау міндетіне алғаш рет қолданылған Heterogeneous Graph Transformers гетерогенді графтық нейрондық желілері негізіндегі білім беру ұсынымдарының моделі ұсынылды. Үшінші нәтиже ретінде жоғары оқу орнындағы білім беру процесін ақпараттық қамтамасыз етуді жетілдіруге бағытталған кадрлық және білім беру ұсынымдарына арналған ақпараттық жүйенің прототипі әзірленді. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығының негіздемесі: Жұмыстың ғылыми жаңалығы білім беру бағдарламалары, еңбек нарығының талаптары және жаппай ашық онлайн-курстардың (MOOC) деректерін біріктіретін интеграцияланған білім графының моделі алғаш рет ұсынылғанында; сондай-ақ білім беру ұсынымдарын қалыптастыру міндетіне гетерогенді графтық нейрондық желілер бейімделгенінде. Ғылымды дамыту бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі: Жұмыс Қазақстан Республикасында цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту басымдықтарына, жоғары білім беру жүйесін жетілдіру және цифрлық экономика үшін кадрлар даярлау жөніндегі мемлекеттік саясатқа сәйкес келеді. Зерттеу AP22783030 «Жұмыс берушілердің талаптарына оқу курстарын автоматтандырылған бейімдеуге арналған машиналық оқыту алгоритмдерін қолдану» атты гранттық жоба аясында орындалды, бұл оның ғылым мен білімді дамытудың мемлекеттік басымдықтарына сәйкестігін растайды. Ізденушінің әрбір жарияланымды дайындауға қосқан үлесінің сипаттамасы: Web of Science және Scopus дерекқорларында индекстелетін халықаралық рецензияланатын журналдарда (Q1–Q2) 2 мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымдарда 3 мақала жарияланды, сондай-ақ Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық конференцияларда 3 баяндама ұсынылды. Автордың жеке үлесі теориялық қағидаларды талдау, практикалық шешімдерді әзірлеу, зерттеу әдістерін негіздеу және таңдау, эксперименттер жүргізу және олардың нәтижелерін бағалау, білім графының моделін және ұсынымдық жүйенің прототипін жобалау мен әзірлеуден тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
