
«8D06103 - Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Акынбекова Айман Тургангазиевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Акынбекова Айман Тургангазиевна «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша «Әлеуметтік процестерде шешім қабылдаудың бұлдыр модельдерін жүзеге асыру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ғылыми кеңесшілері:
Муханова Аягоз Асанбекқызы – философия докторы (PhD), Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Аль-Маджид Салах - философия докторы (PhD), Al Akhawayn University (Аль-Ахавайн университеті) Ғылым және инженерия мектебінің деканы және профессоры (Ифран қ., Марокко).
Қорғау 2026 жылғы 28 тамыз, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D06103 – Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша «8D061 – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/45534449523050?p=K8AlZJpZfsub61Nj2j
Мекен-жайы: г. Астана, ул. Пушкина, 11, Учебный корпус № 2, аудитория № 222. г.
Аңдатпа (қаз.): АҢДАТПА Акынбекова Айман Тургангазиевнаның «8D06103 - Ақпараттық жүйелер» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Әлеуметтік процестерде шешім қабылдаудың бұлдыр модельдерін жүзеге асыру» диссертациялық жұмысының Зерттеудің жұмысының өзектілігі. Қазіргі кезеңде Қазақстан Республикасында әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Елдің орнықты дамуын қамтамасыз ету, халықтың өмір сүру сапасын арттыру, аймақтар арасындағы әлеуметтік-экономикалық теңсіздікті төмендету және басқару тиімділігін күшейту міндеттері Қазақстан Республикасының ұзақ мерзімді стратегиялық құжаттарында айқын көрініс тапқан. Атап айтқанда, «Қазақстан–2050» стратегиясында, Ұлттық даму жоспары–2025, сондай-ақ «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасында әлеуметтік саланы басқаруда деректерге негізделген, цифрлық және интеллектуалдық шешімдерді кеңінен енгізу қажеттілігі баса көрсетіледі. Аталған стратегиялық құжаттарда аймақтық даму мен әлеуметтік саясатты іске асыруда басқарушылық шешімдердің ғылыми негізділігі, олардың кешенділігі мен икемділігі маңызды шарт ретінде қарастырылады. Алайда әлеуметтік процестердің көпфакторлылығы, көрсеткіштердің гетерогенділігі, сапалық және сандық ақпараттың қатар қолданылуы, сондай-ақ белгісіздік пен субъективтіліктің жоғары деңгейі дәстүрлі детерминистік және статистикалық әдістерді қолдану арқылы тиімді шешім қабылдауды қиындатады. Бұл жағдай әлеуметтік процестерді талдау мен басқару үшін жаңа әдіснамалық тәсілдерді іздестіруді талап етеді. Цифрландыру жағдайында мемлекеттік және аймақтық басқару жүйелерінде үлкен көлемдегі әртүрлі деректерді өңдеу, оларды интеграциялау және интерпретациялау мәселесі өзекті бола түсуде. Әсіресе өмір сүру сапасы, әлеуметтік инфрақұрылымның қолжетімділігі, денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй, экология және байланыс сияқты әлеуметтік маңызы бар салалар бойынша шешім қабылдау кезінде сараптамалық бағалаулар мен сапалық сипаттамалардың рөлі артып отыр. Осыған байланысты айқын емес (бұлдыр) логикаға негізделген модельдер әлеуметтік процестерді формализациялау мен басқарушылық шешімдерді қолдаудың перспективалы құралы ретінде қарастырылады. Бұлдыр модельдерді қолдану әлеуметтік процестерге тән белгісіздікті, лингвистикалық бағалауларды және субъективті пайымдауларды формализациялауға мүмкіндік береді, бұл өз кезегінде цифрлық шешім қабылдау жүйелерінің икемділігі мен дәлдігін арттырады. Мұндай тәсіл «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының негізгі міндеттеріне сәйкес келеді, атап айтқанда мемлекеттік басқаруда интеллектуалдық ақпараттық жүйелерді дамыту, деректерді талдау негізінде шешім қабылдау және аймақтардың әлеуметтік-экономикалық дамуын мониторингтеу міндеттерін тиімді жүзеге асыруға жағдай жасайды. Осылайша, әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық процестерді бұлдыр модельдер негізінде формализациялау және оларды цифрлық шешім қабылдау жүйелеріне интеграциялау мәселесі қазіргі Қазақстан қоғамының стратегиялық даму мақсаттарына толық сәйкес келеді. Бұл диссертациялық жұмыстың тақырыбының ғылыми және практикалық маңыздылығын айқындап, оның өзектілігін арттыра түседі. Әдебиеттерге шолу. Әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық процестерді зерттеу мәселелері классикалық әлеуметтану мен қазіргі заманғы басқару теориясының негізгі бағыттарының бірі болып табылады. Әлеуметтік процестердің күрделілігі, көпфакторлылығы және динамикалық сипаты оларды формализациялау мен модельдеудің әмбебап әдістерін талап етеді. Э. Дюркгейм, М. Вебер, Т. Парсонс және Р. Мертон еңбектерінде әлеуметтік жүйелердің құрылымы, функциялары және өзгеру заңдылықтары қарастырылып, әлеуметтік процестерді жүйелік тұрғыдан талдаудың теориялық негіздері қаланды [1-3]. Аталған еңбектерде әлеуметтік өзгерістердің детерминациясы, институционалдық трансформациялар және әлеуметтік әрекет ұғымдары жан-жақты зерттелген. Әлеуметтік процестердің динамикалық табиғатын тереңірек түсіндіруде Н. Луманның әлеуметтік жүйелер теориясы мен Ю. Хабермастың коммуникативтік әрекет теориясы маңызды орын алады. Бұл ғалымдар әлеуметтік процестерді ақпарат алмасу, коммуникация және кері байланыстар жүйесі ретінде қарастырып, басқарушылық шешімдердің сапасы ақпараттың құрылымдалуына тәуелді екенін көрсетті [4, 5]. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік процестерді модельдеу басқару тиімділігін арттырудың маңызды құралы ретінде сипатталады. Шетелдік ғылыми әдебиеттерде әлеуметтік-экономикалық процестерді формализациялау мен шешім қабылдау мәселелері көпкритерийлі талдау және белгісіздік теориясымен тығыз байланыстырылады. Л.А. Заде ұсынған бұлдыр жиындар теориясы (fuzzy sets) белгісіз және сапалық ақпаратты формализациялаудың жаңа бағытын қалыптастырды [6]. Кейін бұл идеялар Х. Райф, А. Кофман, Дж. Клутц, Э. Беллман еңбектерінде дамытылып, бұлдыр логиканы басқару және шешім қабылдау міндеттерінде қолданудың теориялық және қолданбалы негіздері қалыптасты [7, 8]. Әлеуметтік және аймақтық дамуды бағалау саласында шетелдік зерттеушілер бұлдыр көпкритерийлі шешім қабылдау әдістерін (Fuzzy AHP, Fuzzy TOPSIS, VIKOR, DEMATEL) кеңінен қолданады. Мысалы, Т. Саати иерархиялық талдау әдісін (AHP) ұсынса, кейінгі зерттеулерде бұл әдіс бұлдыр ортаға бейімделіп, әлеуметтік саясатты басымдықтау және аймақтық дамуды салыстырмалы бағалау үшін қолданылды [9]. Бұл еңбектерде әлеуметтік көрсеткіштер арасындағы айқын емес байланыстарды есепке алу бұлдыр модельдердің басты артықшылығы ретінде көрсетіледі. ТМД елдері ғалымдарының еңбектерінде бұлдыр шешім қабылдау теориясы мен оның әлеуметтік-экономикалық жүйелердегі қолданылуы кеңінен дамыған. С.А. Орловский, А.Н. Мелихов, В.Б. Борисов, В.Б. Кузьмин еңбектерінде бұлдыр баламаларды салыстыру, сараптамалық ақпаратты агрегаттау және айқын емес ортада басқарушылық шешім қабылдау мәселелері жүйелі түрде қарастырылған [10-12]. Аталған авторлар әлеуметтік процестерді дәстүрлі сандық әдістермен сипаттаудың шектеулілігін көрсетіп, сапалық бағалауларды формализациялауда бұлдыр логиканың әдіснамалық артықшылықтарын негіздеді. Ресейлік және ТМД кеңістігіндегі зерттеулерде әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бағалауда бұлдыр модельдерді қолдану аймақтық саясатты негіздеудің тиімді құралы ретінде қарастырылады. Мысалы, аймақтардың өмір сүру сапасын, әлеуметтік инфрақұрылым деңгейін және халықтың әл-ауқатын бағалау кезінде бұлдыр индикаторлар жүйесін қолдану ұсынылады [13]. Бұл еңбектерде сараптамалық пікірлерді есепке алу басқарушылық шешімдердің нақтылығын арттыратыны көрсетілген. Қазақстандық ғалымдардың зерттеулерінде әлеуметтік-экономикалық даму, аймақтық саясат және өмір сүру сапасын бағалау мәселелері мемлекеттік стратегиялық бағдарламалармен тығыз байланыста қарастырылады. Отандық еңбектерде әлеуметтік инфрақұрылымның дамуы, өңірлер арасындағы теңсіздік, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты және басқару тиімділігі мәселелері талданады [14, 15]. Соңғы жылдары бұл зерттеулерде цифрландыру, ақпараттық жүйелер және деректерге негізделген басқару тұжырымдамалары маңызды орын ала бастады. Қазақстанда бұлдыр логика мен интеллектуалды шешім қабылдау жүйелерін қолдануға арналған зерттеулер де қалыптасып келеді. Отандық авторлар бұлдыр модельдерді әлеуметтік көрсеткіштерді бағалау, тәуекелдерді талдау және басқару шешімдерін қолдау жүйелерін әзірлеуде қолданудың тиімділігін көрсетеді [16]. Бұл жұмыстар Қазақстан жағдайындағы әлеуметтік деректердің ерекшеліктерін ескеруге мүмкіндік береді. Жалпы алғанда, әдебиеттерді талдау әлеуметтік процестерді басқаруда дәстүрлі сандық әдістердің жеткіліксіз екенін және белгісіздік пен сапалық ақпаратты ескеретін бұлдыр тәсілдердің ғылыми және практикалық тұрғыдан негізді екенін көрсетеді. Сонымен қатар, отандық және шетелдік зерттеулерде аймақтық әлеуметтік процестерді, өмір сүру сапасы мен әлеуметтік инфрақұрылымды біртұтас цифрлық шешім қабылдау моделіне біріктіру мәселесі жеткілікті деңгейде жүйеленбеген. Осы олқылық диссертациялық жұмыстың ғылыми бағытын айқындап, оның өзектілігін арттыра түседі. Зерттеудің мақсаты – Аймақтық даму көрсеткіштері мен өмір сапасы факторларын ескере отырып, белгісіздік жағдайында әлеуметтік-экономикалық процестерді тиімді басқаруға арналған бұлдыр логика негізіндегі шешім қабылдау моделін әзірлеу. Қойылған мақсатқа сәйкес диссертацияда келесі міндеттер орындалуы керек: Аймақтық дамуды және халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын негізгі факторлар мен көрсеткіштерді жүйелеу; Белгісіздік жағдайында шешім қабылдауды қолдауға арналған бұлдыр логикаға негізделген модельді әзірлеу; Аймақтық дамуды бағалау үшін бұлдыр логиканы статистикалық және сараптамалық деректермен біріктіретін гибридті шешім қабылдауды қолдау моделін әзірлеу; Аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы шешім қабылдауға арналған ақпараттық жүйені әзірлеу. Зерттеу объектісі - аймақтық деңгейде қалыптасатын әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық процестер, сондай-ақ халықтың өмір сүру сапасы мен әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын сипаттайтын көрсеткіштер жүйесі. Зерттеу пәні - белгісіздік, толық емес және сапалық ақпарат жағдайында аймақтық әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық процестерді бағалау мен басқаруға арналған бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдауды қолдау модельдері мен әдістері. Зерттеу әдістері – салыстырмалы және құрылымдық талдау әдістері, математикалық статистика әдістері (корреляциялық талдау, рангілік бағалау), сараптамалық бағалау және сауалнама әдістері, бұлдыр жиындар теориясы мен бұлдыр логикаға негізделген модельдеу, көпкритерийлі шешім қабылдау әдістері, машиналық оқыту әдістері. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы Әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторлардың көпөлшемді, гетерогенді және белгісіз сипаттарын ескеретін әлеуметтік процестерді бағалаудың бұлдыр логикаға негізделген моделі ұсынылды; Аймақтық дамуды бағалау үшін бұлдыр логиканы статистикалық және сараптамалық деректермен біріктіретін гибридті шешім қабылдауды қолдау моделі әзірленді. Бұл зерттеудің әдіснамалық негізі әлеуметтік факторлардың көпөлшемділігі мен гетерогенділігін ескеруге мүмкіндік беретін жүйелік, құрылымдық-функционалдық және көпкритерийлі тәсілдерге сүйенеді; зерттеу барысында сапалық және сандық ақпаратты интеграциялау арқылы әлеуметтік процестерде шешім қабылдау модельдерін құрайды. Зерттеудің ғылыми негізін әлеуметтік процестер теориясы, әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық жүйелерді басқару теориясы, белгісіздік жағдайында шешім қабылдау теориясы, бұлдыр жиындар теориясы мен бұлдыр логика, сондай-ақ көпкритерийлі шешім қабылдау әдістері саласындағы отандық, ТМД және шетелдік ғалымдардың іргелі және қолданбалы еңбектері құрайды. Зерттеу әдістемесі әлеуметтік процестердегі шешім қабылдау міндеттерін кезең-кезеңімен жүзеге асыруға негізделеді. Сараптамалық бағалаулар мен статистикалық деректерді пайдалану арқылы лингвистикалық айнымалылар мен мүшелік функциялары қалыптастырылып, бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдау моделі құрылды. Ұсынылған модель нақты әлеуметтік деректер негізінде апробацияланып, алынған нәтижелер талданып, дәстүрлі бағалау тәсілдерімен салыстырылды. Зерттеу нәтижелері негізінде әлеуметтік процестерде басқарушылық шешімдерді қолдауға арналған әдістемелік ұсыныстар әзірленді. Қорғауға ұсынылған негізгі тұжырымдамалар: Әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторлардың көпөлшемді, гетерогенді және белгісіз сипаттарын ескеретін әлеуметтік процестерді бағалаудың бұлдыр логикаға негізделген моделі; Аймақтық дамуды бағалау үшін бұлдыр логиканы статистикалық және сараптамалық деректермен біріктіретін гибридті шешім қабылдауды қолдау моделі; Әлеуметтік процестерде шешім қабылдауға арналған ақпараттық жүйесі. Диссертациялық жұмыстың теориялық маңыздылығы әлеуметтік процестерді белгісіздік, толық емес және сапалық ақпарат жағдайында талдау мен басқару мәселелерін шешуде бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдау теориясын дамытуға қосқан үлесімен айқындалады. Зерттеу нәтижелері әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторлардың көпөлшемділігі мен гетерогенділігін ескере отырып, оларды формализациялау мен жүйелеудің теориялық негіздерін кеңейтеді. Ұсынылған тәсіл әлеуметтік процестерді модельдеу саласындағы жүйелік, құрылымдық-функционалдық және көпкритерийлі теорияларды бұлдыр логика аппаратымен ұштастырып, әлеуметтік саладағы шешім қабылдау модельдерінің әдіснамалық негізін тереңдетуге мүмкіндік береді. Алынған теориялық қорытындылар әлеуметтік процестерді зерттеу, бағалау және басқару бағыттарындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерді дамытуға негіз бола алады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы әлеуметтік процестерді белгісіздік, толық емес және сапалық ақпарат жағдайында талдау мен басқару мәселелерін шешуде бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдау теориясын дамытуға қосқан үлесімен айқындалады. Зерттеу нәтижелері әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторлардың көпөлшемділігі мен гетерогенділігін ескере отырып, оларды формализациялау мен жүйелеудің теориялық негіздерін кеңейтеді. Ұсынылған тәсіл әлеуметтік процестерді модельдеу саласындағы жүйелік, құрылымдық-функционалдық және көпкритерийлі теорияларды бұлдыр логика аппаратымен ұштастырып, әлеуметтік саладағы шешім қабылдау модельдерінің әдіснамалық негізін тереңдетуге мүмкіндік береді. Алынған теориялық қорытындылар әлеуметтік процестерді зерттеу, бағалау және басқару бағыттарындағы әрі қарайғы ғылыми зерттеулерді дамытуға негіз бола алады. Бағдарламалық қамтамасыз ету. Диссертациялық жұмысты әзірлеу барысында әлеуметтік процестерде басқару шешімдерін қабылдауды қолдауға арналған бұлдыр логикаға негізделген ақпараттық-талдамалық жүйенің бағдарламалық қамтамасыз етуі жасалды. Әзірленген бағдарламалық жүйе әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық деректерді, сараптамалық бағалауларды және көпкритерийлі талдау әдістерін біртұтас ортада біріктіру функционалдығын жүзеге асырады. Бағдарламалық қамтамасыз ету әлеуметтік процестерге әсер ететін факторларды формализациялау, лингвистикалық айнымалылар мен мүшелік функцияларын қалыптастыру, сондай-ақ бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдау модельдерін іске асыру мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Жүйе сапалық және сандық ақпаратты өңдеуге, факторлардың салыстырмалы маңыздылығын бағалауға және баламалы басқарушылық шешімдерді көпкритерийлі негізде талдауға арналған алгоритмдерді қамтиды. Бағдарламалық модуль әлеуметтік көрсеткіштерді енгізу және сақтау, сараптамалық бағалауларды өңдеу, бұлдыр ережелер базасын автоматты түрде қалыптастыру, баламалардың басымдықтарын есептеу және әлеуметтік процестерді басқару сценарийлерін бағалау мүмкіндігін жүзеге асырады. Жүйенің пайдаланушы интерфейсі мемлекеттік және аймақтық басқару органдарының мамандары үшін түсінікті және қолдануға ыңғайлы етіп жобаланған. Нәтижелерді жүзеге асыру. Жүргізілген диссертациялық зерттеу нәтижелері аймақтық деңгейде әлеуметтік процестерді талдау және басқару міндеттерін шешу шеңберінде сәтті жүзеге асырылды. Әзірленген бұлдыр логикаға негізделген шешім қабылдауды қолдау моделі әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторларды кешенді бағалауға, олардың өзара байланысын ескеруге және басқарушылық шешімдерді негіздеуге мүмкіндік беретін ақпараттық жүйе ретінде пайдаланылды. Ұсынылған модель әлеуметтік даму көрсеткіштерін, халықтың өмір сүру сапасын сипаттайтын факторларды және инфрақұрылымдық параметрлерді бірыңғай жүйе ретінде қарастырып, әлеуметтік процестерді басқарудың баламалы сценарийлерін бағалауға мүмкіндік береді. Іске асыру барысында өзара байланысты әлеуметтік факторлардың иерархиялық құрылымын қалыптастыруға негізделген жүйелі тәсіл қолданылды, бұл факторлардың салыстырмалы маңыздылығын сандық түрде бағалауға және басқарушылық шешімдердің ықтимал салдарын болжауға жағдай жасады. Сонымен қатар, сапалық сипаттамаларды формализациялау арқылы оларды сандық көрсеткіштермен біріктіру мүмкіндігі қамтамасыз етіліп, әлеуметтік процестерді басқаруда қабылданатын шешімдердің негізділігі арттырылды. Зерттеу нәтижелерін практикалық қолдану ұсынылған бұлдыр модельдің нақты әлеуметтік деректер жағдайында жоғары тиімділігін және аймақтық әлеуметтік дамудың ерекшеліктеріне бейімделу мүмкіндігін растады. Диссертациялық жұмыстың негізгі нәтижелері «Аймақтық экономиканың тұрақты дамуы» қоғамдық қорының базасында практикалық қызметке енгізіліп, әлеуметтік процестерді талдау және басқару саласында қолданылу мүмкіндігін дәлелдеді. Диссертация нәтижелерінің апробациясы. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі халықаралық конференцияларда ұсынылды: – Әлеуметтік-экономикалық факторлардың аймақтық дамуға әсерін зерттеу үшін гибридті модельді қолдану/Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығына арналған «Информатика және қолданбалы математика» IX халықаралық ғылыми конференциясы. Зерттеу нәтижелерін талқылау және енгізу: 2 мақала Scopus және Web of Science мәліметтер базасына енгізілген журналдарда жарияланды: Application of a hybrid model to study the influence of socio-economic factors on regional development //Bulletin of Electrical Engineering and Informatics. – 2026. – Т. 15 (59 процентиль). A Reproducible Hybrid Architecture of Fuzzy Logic and XGBoost for Explainable Tabular Classification of Territorial Vulnerability//Computers. -2026. (84 процентиль) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіндегі журналдарға 4 мақала: Исследование влияния социально-экономических факторов на развитие региона с использованием гибридной модели // Вестник КазАТК. – 2025. – Т. 137, №2. – С. 195-208. Аймақтық әлеуметтік процестерге әсер ететін факторларды бағалау үшін бұлдыр модельдерді практикалық қолдану бойынша ұсыныстар // Вестник КазАТК. – 2024. – Т. 135, №6. – С. 203-213. Аймақты дамытудың әлеуметтік процестерін бағалау үшін шешімдер қабылдаудың бұлдыр модельдері: аймақты дамытудың әлеуметтік процестерін бағалау үшін шешімдер қабылдаудың бұлдыр модельдері // Известия НАН РК. Серия физико-математическая. – 2024. – №2. – С. 69-84. Әлеуметтік процестерде шешімдер қабылдаудың бұлдыр модельдерін енгізу мәселелері // Physico-mathematical series. – 2025. – №1. – Р. 78-92. 9.01.2026 ж. бекітілген ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін енгізу туралы акт-і (Қосымша А)да көрсетілген. Авторлық құқық объектілеріне құқықтардың мемлекеттік тіркеліміне енгізілген мәліметтер туралы куәлік (Қосымша Ә)да көрсетілген: Гибридная система оценки влияния социально-экономических факторов на региональные процессы на основе корреляционного анализа, PCA и нечёткого вывода. Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтар бойынша мемлекеттік тізілімге енгізілген мәліметтер туралы куәлік, №66710, 2026 жылдың «27» қаңтар. Диссертацияның құрылымы мен көлемі. Диссертация қазақ тілінде жазылған және кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Бірінші бөлімде әлеуметтік процестерді сипаттайтын әлеуметтік және әлеуметтік-экономикалық факторлардың теориялық негіздері қарастырылып, олардың көпфакторлылығы, гетерогенділігі және белгісіздік жағдайындағы ерекшеліктері талданады. Әлеуметтік процестерді формализациялау мәселелері және оларды модельдеуде бұлдыр тәсілдерді қолданудың қажеттілігі негізделеді. Екінші бөлімде аймақтық әлеуметтік даму мен халықтың өмір сүру сапасын бағалау мәселелері қарастырылады. Өмір сүру сапасына әсер ететін негізгі факторлар жүйеленіп, әлеуметтік инфрақұрылым көрсеткіштерімен өзара байланысы талданады, сондай-ақ факторларды кешенді бағалау тәсілдері сипатталады. Үшінші бөлімде әлеуметтік процестерде шешім қабылдау міндеттерін белгісіздік жағдайында шешуге арналған бұлдыр логикаға негізделген модельді әзірлеу және оны практикалық қолдану мәселелері қарастырылады. Ұсынылған модельдің құрылымы, қолданылған әдістер және алынған нәтижелерді талдау мен бағалау келтіріледі. Алғыс. Автор өзінің ғылыми жетекшісі, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» БББ қауымдастырылған профессоры, кафедра меңгерушісі Муханова Аягоз Асанбековнаға зерттеу барысында қойылған қызықты тапсырмалар мен оларды шешуге қажетті пайдалы кеңестер үшін ерекше алғыс білдіреді. Сондай-ақ автор Марокко Корольдігі, Ифран қаласындағы Al Akhawayn University университетінің Ғылым және инженерия мектебінің PhD, деканы және профессоры Аль-Маджид Салахқа зерттеуге көрсеткен қызығушылығы, кәсіби кеңестері және ғылыми нәтижелерді тереңдетуге әрі жұмыстың сапасын арттыруға ықпал еткен мазмұнды ескертулері үшін шын жүректен алғыс білдіреді. Автор сонымен қатар Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми семинары мүшелеріне зерттеу нәтижелерін талқылауға қатысқаны және жұмыстың сапасын арттыруға ықпал еткен сындарлы ұсыныстары үшін ризашылығын білдіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
