
«6D050400 - Журналистика» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Пернебекова Айжан Пернебековна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Пернебекова Айжан Пернебековна «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша «Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелері: қазіргі жағдайы мен болашағы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Журналистика және медиаөнер кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Есенбек Жұмағали Бейсенбайұлы – С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің Басқарма мүшесі – ғылым жөніндегі проректоры, философия докторы (PhD) (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы).
Акынбекова Алтын Бакашовна – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Есенбекова Улбосын Меирбековна – филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Медиакоммуникация және қоғаммен байланыс кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Сләмғажы Айнұр – философия докторы (PhD), Астана IT университетінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Нусипова Арайлым Умарходжаевна – философия докторы (PhD), Халықаралық білім беру корпорациясы Жалпы құрылыс факультетінің әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар кафедрасының қауымдастырылған профессоры (ҚазБСҚА). (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Омашев Намазалы ‒ филология ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Айдемир Окай ‒ философия докторы (PhD), Ыстамбұл университетінің профессоры (Ыстамбұл қ., Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 22 тамыз, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D050400 – Журналистика» мамандығы бойынша «8D032 – Журналистика және ақпарат» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/41905226375299?p=GuA5pyPOPc41c62XDU
Мекен-жайы:
Астана қаласы, Сәтбаев көшесі, 2. Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ №1 оқу-әкімшілік ғимараты, 206-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін (жалған ақпарат, кибершабуылдар, пропаганда және сыртқы ақпараттық ықпал факторлары т.б.) зерттеуге арналған. Зерттеу барысында Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің теориялық, құқықтық және практикалық негіздері кешенді түрде қарастырылды. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздіктің даму бағыттары мен медиакеңістіктегі тәуекелдеріне талдау жасалды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік медианың ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі және халықаралық тәжірибелер зерттелді. Қазақстанның жетекші бұқаралық ақпарат құралдарына медиамониторинг жүргізіліп, ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің тақырыптық бағыттары мен қоғамдық дискурстағы орны анықталды. Кибершабуылдарға ұшыраған отандық медиаресурстарға кейс-стади әдісі арқылы талдау жасалды. Зерттеу нәтижесінде Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ғылыми негізделген ұсыныстар әзірленді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қазіргі жаһандану жағдайында цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы ақпараттық кеңістіктің құрылымын түбегейлі өзгертті. Бұл үдеріс қоғамда жалған ақпараттың таралуын, сыртқы ақпараттық ықпалды, әлеуметтік желілердегі манипуляциялық технологиялар мен киберқауіптерді күшейтті. Осы кезде медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің маңызы артып, оны тиімді қамтамасыз ету әлем елдері үшін өзекті мәселеге айналды. Себебі, ақпараттық қауіпсіздік елдегі ұлттық бірегейлік пен әлеуметтік-саяси тұрақтылыққа тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік қоғамның барлық саласында стратегиялық маңызға ие болып отыр. Қазақстан медиакеңістігі де осындай күрделі кезеңде ұлттық қауіпсіздік пен елдің егемендігіне төнетін ақпараттық қауіп-қатерлерді еңсеруі тиіс. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қ.-Ж. Тоқаев 2025 жылғы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтқан еді. Президент қазіргі кезеңді халықаралық қатынастардағы тұрақсыздық, күрделі геосаяси ахуал, қарулы қақтығыстар мен технологиялық өзгерістер қатар өрбіген жаңа тарихи дәуір ретінде сипаттайды. Мемлекет басшысы жаһандық цифрландыру мен жасанды интеллекттің қарқынды дамуы қоғамдық қатынастарды жаңа деңгейге көтерумен қатар жастардың дүниетанымын, мінез-құлқын, ұлттық құндылықтарды қабылдауын да өзгерткенін айтады. Өйткені, ақпараттық қауіпсіздік техникалық және саяси-құқықтық аспектілермен ғана шектелмейді. Ең алдымен ұлттық сананың қалыптасуына, қоғамдық тұрақтылыққа әсер етеді. Бұл туралы ғалым Намазалы Омашұлы «Ақпарат әлемі» еңбегінде жаһандану жағдайында ақпараттың еркін айналымы мемлекеттер үшін жаңа мүмкіндіктермен қатар елеулі сын-қатерлер де әкелетінін көрсетеді. Ұлттық ақпараттық кеңістіктің сыртқы ықпалға тәуелді болуы елдің егемендігіне қауіп төндіруі әбден мүмкін. Сондықтан ғалым ұлттық ақпараттық кеңістіктің орнықтылығын қамтамасыз етуді елдікті сақтаудың маңызды шарттарының бірі ретінде қарастырады. Осы тұжырымдар елдегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне журналистика бағыты бойынша кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу керектігін көрсетеді. Яғни, тақырыптың өзектілігі де бірнеше факторлар арқылы көрінеді: ‒ біріншіден, медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің ғылыми негіздері мен тәжірибелік қолданысын жүйелі зерделеу қажет. Бұл Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті зерттеудің тұжырымдамалық және әдіснамалық негіздерін анықтауға мүмкіндік береді; ‒ екіншіден, тәуелсіздік алғалы елімізде ақпараттық қауіпсіздік жүйесін қалыптастырудың алғышарттары жасалып келеді. Осы уақытқа дейін біршама тәжірибе жинақталып, тиісті саяси-құқықтық құжаттар да қабылданды. Сондықтан осы бағыттағы заңнамаларға құжаттық талдау қажет; ‒ үшіншіден, әлеуметтік медиадағы манипуляциялық ақпараттың ұлттық санаға ықпалын зерттеу, масс-медиаға жасалатын кибершабуылдардың деструктивті салдарын талдай отырып, стратегиялық қорғаныс тетіктерін қарастыру керек; ‒ төртіншіден, медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің даму бағыттарын зерделеу арқылы тәуекелдерді анықтап, олардың деңгейін бағалау қажет. Өйткені, мұндай тәуекелдерді ескермей ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің тиімділігін арттыру мүмкін емес. ‒ бесіншіден, елімізде журналистика бағыты бойынша соңғы он жылдан астам уақыт бойы осы тақырыпта диссертациялық зерттеулер жүргізілмеген. Ғылыми жұмыстардың жаңартылу мерзімдерін ескеріп, медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің қазіргі жағдайын, болашағын ғылыми тұрғыда талдау өзекті болып тұр. Осы мәселелер диссертация тақырыбының өзектілігі мен ғылыми құндылығын көрсетеді. Сондықтан диссертациялық жұмыс бұрын жүргізілген ғылыми зерттеулердің жалғасы ретінде медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі жағдайы, даму үрдістері мен тәуекелдерін кешенді зерттеуге арналған. Зерттеу жұмысының нысаны. Қазақстан медиакеңістігіндегі (бұқаралық ақпарат құралдары, интернет-ресурстар және әлеуметтік медиа платформалары) ақпараттық қауіпсіздік мәселелері және оны қамтамасыз ету жүйесі. Зерттеу жұмысының пәні. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қауіптер мен тәуекелдер, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықтық реттеу тетіктері. Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысы 2020-2025 жылдар аралығын қамтиды. Зерттеу жұмысының мақсаты. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің қазіргі жағдайы мен болашағына журналистика бағыты бойынша ғылыми талдау жасау. Зерттеу жұмысының міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты негізінде мынадай міндеттер анықталды: 1. Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздікке қатысты әртүрлі ғылым салаларында қалыптасқан ғылыми теориялар мен тұжырымдамаларды талдау, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің шетелдік үлгілерін қарастыру арқылы артықшылықтарын негіздеу. 2. Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алған жылдарынан бастап ақпараттық қауіпсіздік саласын ұйымдастыру, реттеу бағытындағы мемлекеттік стратегиялар мен заңнамалық базасына құжаттық талдау жүргізу. 3. Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологияларын, масс-медиаға жасалатын киберқауіптердің деструктивті салдарын талдау және стратегиялық қорғаныс тетіктерін қарастыру. 4. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық шабуылдар мен әлеуметтік медиадағы манипуляциялық ақпараттың ұлттық санаға ықпалын зерттеу, қарсы тұру механизмдері мен шектеу мүмкіндіктерін нақты кейстер бойынша талдау. 5. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық шабуылдар мен манипуляциялар деңгейін зерттеу, қарсы тұру механизмдері мен шектеу мүмкіндіктерін нақты кейстер бойынша талдау. 6. Цифрлық трансформация жағдайында отандық медиадағы ақпараттық қауіпсіздік деңгейін сарапшы мамандардың пікірлеріне сүйене отырып анықтау, эмпирикалық зерттеулер бойынша қорытынды жасау. 7. Отандық БАҚ-тағы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің даму бағыттарын анықтап, зерттеу нәтижелері негізінде ғылыми қорытындылар мен ұсыныстар әзірлеу. Зерттеу жұмысының әдістері мен этикалық қағидаттары. Зерттеудің теориялық бөлімінде ғылыми әдебиеттерге шолу, тарихи, салыстырмалы, саяси-құқықтық және құжаттық талдау әдістері негізге алынды. Ал, эмпирикалық бөлімде медиамониторинг, контент-талдау, кейс-стади, тереңдетілген сараптамалық сұхбат, фокус-топ және SWOT-талдау әдісі қолданылды. Мәселен, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін талдауда институционалдық және құрылымдық-функционалдық әдістер пайдаланылды. Қазақстан Республикасы медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі ахуалын зерделеу, мәселелері мен даму бағытын анықтау мақсатында тереңдетілген сараптамалық сұқбат, фокус-топ ұйымдастырылды. Сұхбаттар жартылай құрылымдалған форматта өткізілді. Сұрақтар алдын ала теориялық тұжырымдар мен эмпирикалық деректер негізінде дайындалды. Жауаптар жазбаша, аудио және бейнежазба форматында жинақталды. Сарапшылардың бұрын жарияланбаған пікірлері мен жинақталған жауаптары сапалық мазмұндық талдау әдісі арқылы жүйеленді. Сондай-ақ, олардың кәсіби тәжірибесі мен сараптамалық пікірлеріне сүйене отырып талдау жүргізілді. Жалпы, тереңдетілген сараптамалық сұхбатқа 15 сарапшы қатысты. Сұхбатқа қатысатын сарапшыларды іріктеуде «қар үйіндісі» (snowball sampling) әдісі қолданылды. Ал, аймақтық БАҚ-тағы ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін анықтау мақсатында екі рет фокус-топ өткізілді. Оған Солтүстік (Павлодар), Оңтүстік (Алматы, Қызылорда, Шымкент, Тараз), Батыс (Атырау), Шығыс (Семей), Орталық (Қарағанды) аймақтарынан тәжірибелі журналистер, медиасарапшылар қатысты. Zoom платформасы арқылы бейнежазба жүргізілді. Сұхбат жүргізу кезінде барлық қажетті этикалық талаптар сақталды. Сұхбат алдында респонденттерге зерттеудің мақсаты, алынған ақпаратты пайдалану тәртібі, аудио және бейнежазба жүргізу шарттары түсіндірілді. Сондай-ақ, Zoom платформасын пайдалану кезінде цифрлық қауіпсіздік пен қатысушылардың құпиялылығын қамтамасыз ету қағидаттары сақталды. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселесінің отандық медиадағы көрінісін бағалау мақсатында 35 БАҚ-қа мониторинг жүргізілді. Бірақ, зерттеу үшін Qazaqstan ұлттық арнасы, 24KZ («АнықTime» хабары), Atameken Business (AntiFake хабары) телеарналары, ҚазАқпарат ақпарат агенттігі, Egemen Qazaqstan республикалық газеті және Tengrinews онлайн жаңалықтар порталы іріктеп алынды. Іріктеу барысында медианың түрі, аудитория ауқымы және БАҚ-тың меншік нысаны ескерілді. Ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін тұрақты жариялау негізгі іріктеу талаптарының бірі болды. Зерттеу жұмысына осы бұқаралық ақпарат құралдарынан 105 ақпараттық өнім іріктеліп жинақталды. Ақпараттың тақырыптық ерекшеліктерін, жариялану жиілігін және медиадағы негізгі үрдістерді анықтау үшін сандық контент-талдау әдісі қолданылды. Қазақстан медиакеңістігіндегі кибершабуылдар мәселесін анықтау мақсатында UlysMedia ақпараттық порталы, Orda.kz ақпараттық-талдамалық порталы және «Азаттық» радиосының сайтына кейс-стади әдісі арқылы талдау жүргізілді. Әлеуметтік медиадағы манипулятивтік ақпараттың ұлттық санаға ықпалы, манипуляциялық технологиялардың (жалған ақпарат, пропаганда, дезинформация т.б.) жүзеге асырылуы және медиаиммунитет қалыптастыру мәселелерін анықтау үшін Facebook, Instagram, TikTok, Telegram арналарына контент-талдау жасалды. Сосын елдегі төтенше жағдайларда, дағдарыс кезінде медиакеңістікте пайда болатын ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін анықтау қажет болды. Ол үшін Қаңтар оқиғасы, АЭС мәселесіне қатысты республикалық референдум кезіндегі ақпараттық науқан және су тасқыны жағдайларына кейс-талдау жүргізілді. Ал, осы зерттеу нәтижелері арқылы медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік жүйесінің даму мүмкіндіктері мен тәуекелдерін кешенді бағалау үшін SWOT-талдау әдісі қолданылды. Зерттеу жұмысының деректер негізі. Зерттеудің дереккөздік кешені теориялық еңбектерді, нормативтік-құжаттарды, БАҚ материалдарын, эмпирикалық зерттеу нәтижелері, аналитикалық есептер мен статистикалық мәліметтерді қамтиды. Теориялық дереккөздер ретінде отандық және шетелдік ғылыми еңбектер, монографиялар, диссертациялар, Scopus және Web of Science базаларындағы ғылыми мақалалар қарастырылды. Ақпараттық қауіпсіздік, коммуникация, медиакоммуникация салалары бойынша шетелдік зерттеушілер Б. Бузан, О. Вэвер, Г.Д. Лассуэлл, Дж. Най, М. Маклюэн, М. Кастельс, У. Липпман, М. Маккомбс, Э. Гоффманның ғылыми еңбектері пайдаланылды. Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеуде шетелдік ғалымдар Е.П. Прохоров, А.А. Стрельцов, М.А. Сизьмин, Н.Н. Довнардың, отандық ғалымдар Н.О. Омашев, А.С. Сәрсенбаев, Р.А. Нұртазина, Б.Ж. Омаров, Қ.Ө. Сақ, О.І. Тұржан, Р.Ш. Бердібаев, А.У. Нусипова, Г.С. Сұлтанбаева, А.А. Бейсенқұлов, Ұ.М. Есенбекова, Г.Ш. Әшірбекова, Ғ.М. Ақсейіт, Қ.Н. Мысаева, Е. Кәпқызы, А. Сламғажы, А.Ж. Қалдыбекова, Қ.Д. Жанпейісова, М.Қ. Дюсембекова және А.А. Морозовтың ғылыми еңбектері негізге алынды. Құжаттық дереккөздер қатарына Қазақстан Республикасының нормативтік-құқықтық құжаттары, мемлекеттік стратегиялық бағдарламалар, тұжырымдамалар, халықаралық ұйымдардың құжаттары жатады. Ақпараттық қауіпсіздік саласындағы Қазақстан Республикасының Конституциясы, «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 24 қарашадағы №418-V Заңы, «Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы №527-IV Заңы , Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізуді, абоненттер туралы қызметтік ақпараттарды жинауды және сақтауды қамтамасыз ету бойынша телекоммуникациялық жабдықтарға қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламенті, Қазақстан Республикасының Масс-медиа туралы Заңы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексi, Қазақстан Республикасының Ақпараттық доктринасы, «Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігінің 2016 жылға дейінгі тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2011 жылғы 14 қарашадағы №174 Жарлығы, Сыртқы саясат тұжырымдамасы , НАТО-ның Уэльс саммитінің декларациясы, Шанхай қ. халықаралық ақпараттық қауіпсіздік бойынша ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының мәлімдемесі, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы мүше мемлекеттер басшыларының Ташкент пакті сияқты заңнамалық, нормативтік құжаттар, ақпараттық қауіпсіздік тұжырымдамалары, жарлықтар, мемлекеттер президенттерінің мақалалары мен сөйлеген сөздері пайдаланылды. Сонымен қатар Президент Қ.-Ж. Тоқаевтың 2022 жылы 11 қаңтардағы Парламент Мәжілісінің пленарлық отырысындағы сөзі, 2022 жылдың 1 қыркүйегінде жарияланған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауы сияқты реформалар мен нормативтік құжаттар қамтылды. Осы құжаттармен тығыз байланысты статистикалық жинақтар мен талдамалық материалдар, әлеуметтік зерттеу материалдары мемлекеттің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету деңгейіне талдау жүргізуде пайдаланылды. Сонымен қатар халықаралық медиаесептер, киберқауіпсіздік компаниялары мен «Шекарасыз репортерлер» ұйымының есептері, талдаулары, әлемдік деңгейдегі танымал журналистика орталықтарының зерттеулері қолданылды. Эмпирикалық дереккөздерге медиамониторинг материалдары (Qazaqstan ұлттық арнасы, 24KZ («АнықTime» хабары), Atameken Business (AntiFake хабары) телеарналары, ҚазАқпарат ақпарат агенттігі, Egemen Qazaqstan республикалық газеті және Tengrinews онлайн жаңалықтар порталы), контент-талдау, тереңдетілген сараптамалық сұхбат, фокус-топ нәтижелері алынды. Зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негіздері. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін ақпараттық қоғам, медиакоммуникация, ұлттық қауіпсіздік, ақпараттық қауіпсіздік, журналистика, бұқаралық коммуникация саласындағы отандық және шетелдік ғалымдардың ғылыми тұжырымдамалары, медиасауаттылық, ақпараттық ықпал, пропаганда және дезинформация теориялары құрайды. Зерттеу барысында коммуникация және медиа, киберқауіпсіздік теориялары негізге алынды. Қауіпсіздік теориясының негізі халықаралық қатынастар саласында мемлекеттің әскери қорғанысымен теңестіріліп, кеңестік билік ыдырағаннан кейін академиялық ортада оны жан-жақты зерттеу белсенді дамыды. Қауіпсіздендіру теориясын ұсынған Даниядағы Копенгаген мектебінің өкілдері Б. Бузан (B. Buzan), О. Вэвер (O. Waever), Яап де Вильд (Jaap de Wild) қауіпсіздіктің бес саласын анықтап берді [17]. Олар әскери, саяси, экономикалық, қоғамдық және экологиялық қауіпсіздік деп бөлген. Бірақ, саяси қауіпсіздікке көп мән берген. Отандық саяси ғылымдар саласында да ақпараттық қауіпсіздік жан-жақты зерттеліп жүр. Осы зерттеуде Копенгаген мектебінің теориясы негізге алынып, саяси қауіпсіздік медиакеңістіктегі ақпараттың ықпалы тұрғысынан талданды. Ақпараттық қауіпсіздіктің теориялық негізін қалаған ғалымдардың бірегейі америкалық саясаттанушы, халықаралық қатынастар теориясының өкілі Дж. С. Най (J.S. Nye) «жұмсақ күш» концепциясы адамдардың санасын жаулауда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеген. Жаһандық ақпараттық дәуірде билік ақпаратта болып тұр. Заманауи ақпараттық технологиялар ақпаратты тарихта бұрын-соңды болмаған кең ауқымда таратып жатыр. Ғалым ақпараттық қауіпсіздік тұрғысынан сенімділік пен ықпал ету стратегиясына ерекше мән береді. Ақпараттың шамадан тыс көп болуы аудитория назары үшін бәсекелестікті күшейтті. Ақпаратты өндірушіде билік жоқ. Билік сол ақпараттың ішінен маңыздысын іріктеп, адамдардың назарын қайда аудару керектігін көрсете алатын «редакторлар» мен «бағыт берушілердің» қолына өтетінін жеткізеді. Сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік техникалық қорғаныс болса да, ең алдымен сенімділік пен ақпараттық ықпал ету стратегиясы ретінде қарастырылады. Ол мемлекеттерге тек «қатты күшке» сүйенбей, ақпараттық кеңістіктегі беделді көтеріп, ашықтықты дамытуды ұсынады [18]. Ғалым ақпарат, мәдениет және идеологияның геосаяси ықпал ету құралы ретіндегі рөлін зерттеген. «Ақпараттық күш» ұғымын ғылыми айналымға енгізіп, ақпараттық кеңістікті «геосаяси бәсекелестіктің жаңа алаңы» деп атап көрсетеді. ХХ ғасырдың бірінші жартысында америкалық саясаттанушы, коммуникация және бұқаралық ақпарат құралдары теориясының негізін қалаушылардың бірі Г.Д. Лассуэлл (H.D. Lasswell) енгізген «трансмиссиялық коммуникация моделі» жоғарыда аталған Джозеф Най (J.S. Nye) теориясының ықпалын айқындауға негіз болды [19]. Оның «Кім? Не дейді? Қандай арна арқылы? Кімге? Қандай нәтижемен?» деген классикалық формуласы ақпарат беруші мен қабылдаушы арасындағы коммуникацияны сипаттайды. Бұл формула бұқаралық ақпарат құралдарының аудиторияға тікелей және жанама әсерін зерттеуде теориялық негіз болды. Коммуникация теориясын математикалық тұрғыдан қарастырған америкалық ғалымдар Клод Шеннон (C.E. Shannon) мен Уоррен Уивер (W. Weaver) ақпаратты тарату жүйесінің бес негізгі элементін (ақпарат көзі, таратқыш, арна, қабылдағыш және мекенжай) анықтаған. Олар ақпараттың сапасын төмендететін кездейсоқ фактор ретінде шу, яғни, ақпаратты өзгерту немесе жоюды көздейтін қауіптер туралы сөз етеді [20]. Ғалымдар аталған зерттеуде хабарламаның бастапқы қалпында жетуін қамтамасыз ететін деректер тұтастығы, яғни, қауіпсіздігі мәселесін ғылыми деңгейде дәлелдеген. Медиа теориясын зерттеген медиакоммуникация, әлеуметтану, саясаттану салаларының әлемге әйгілі зерттеуші, ойшылдары Маршалл Маклюэн (M. McLuhan), Мануэль Кастельс (M. Castells) және Уолтер Липпманның (W.Lippmann) еңбектері қазіргі цифрлық медианың мүмкіндіктері мен ақпараттың қоғамдық санаға ықпалын талдау кезінде негізгі дереккөз болды. Америкалық ғалым коммуникация, медиазерттеулер саласының өкілі М. Маккомбстің (Maxwell McCombs) күн тәртібін құру, канадалық-америкалық әлеуметтанушы, әлеуметтік өзара әрекеттесу және коммуникация теориясы саласының өкілі Э. Гоффманның (Erving Goffman) фреймдеу теориясы, Е.П. Прохоровтың «БАҚ ‒ аудитория тұжырымы» талдау мен тұжырым жасау кезінде пайдаланылды. Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін зерттеуде Е.П. Прохоровтың «БАҚ қызметіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету» (2009), «Журналистика теориясына кіріспе» (2011), А.А. Стрельцовтің (2005), М.А. Сизьминнің (2016), Н.Н. Довнар (2019) еңбектеріндегі теориялық тұжырымдар мен зерттеу әдіснамасы негіз болды. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы көпсалалы (мультидисциплинарлық) сипатқа ие болғандықтан әртүрлі салаларда зерттеліп жүр. Зерттеу жұмысын жазу барысында ақпараттық қауіпсіздік мәселесін қарастырған саяси ғылым, әлеуметтану, психология, философия, коммуникация және медиа салаларындағы ғалымдардың еңбектері салыстырмалы түрде талданды. Коммуникация теориясын зерттеген Н. Винер мен К. Шеннонның (кибернетикалық теория), Л.М. Землянова, Ю.А. Нисневич, Г.Г. Почепцов, А.И. Соловьев, Л.Н. Тимофеев (саяси коммуникация теориясы), М.Г. Андреева, М.А. Василик, В.П. Конецкая, Н. Луман, А. Турен, Л.Н. Федотова және Ю. Хабермастың әлеуметтанулық бағыттағы еңбектері ғылыми ортада жоғары бағаланады. Ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін әлеуметтік-философиялық тұрғыда зерттеген авторлардың ішінде Л.В. Астахова, Г.А. Атаманов, М.Ю. Захаров, А.В. Поликарпов, В.Ю. Триняк еңбектері ерекше назар аудартады. Бұл зерттеулер ақпараттық қауіпсіздік үдерісінің жалпы әдіснамалық негіздерін, ақпараттық ортаның қоғам өміріндегі жүйе құрушы фактор ретіндегі рөлін көрсеткен. Сонымен қатар ақпараттық саланы әлеуметтік-саяси міндеттерді жүзеге асыру құралы ретінде қолдану жолдарын қарастырады. Ал, отандық медиакоммуникация бағытындағы зерттеушілерден Н.О. Омашев, А.С. Сәрсенбаев, Р.А. Нұртазина, Б.Ж. Омаров, Қ.Ө. Сақ, О.І. Тұржан, Р.Ш. Бердібаев, А.У. Нусипова, Ж.Қ. Симтиков, Г.С. Сұлтанбаева, А.А. Бейсенқұлов, Ұ.М. Есенбекова, Г.Ш. Әшірбекова, Ғ.М. Ақсейіт, Қ.Н. Мысаева, Е. Кәпқызы, А. Сламғажы А.Ж. Қалдыбекова, Қ.Д. Жанпейісова, М.Қ. Дюсембекова, А.А. Морозовтардың ғылыми еңбектері осы тақырыпты зерттеу барысында бағыт-бағдар алуға, тұжырымдарын пайдалануға мүмкіндік берді. Отандық ғылым дамуында медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі 2010 жылдан бастап өзекті бола бастады. Бірақ, тәуелсіздік алған жылдары елдің ұлттық бірегейлігіне сызат түсіретін жағдайлар баспасөз беттерінде жиі жазылып жүрді. Мысалы, 1990 жылдардағы қазақ баспасөзінде тәуелсіздік, Қазақстан территориясының тұтастығы, тіл саясаты, егемендік, казактар туралы, қоғамды жаңғырту жолдары, қазақтардың тарихи атамекеніне оралу мәселесі негізгі тақырыптар болды [21]. Жалпы, тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанның ақпараттық қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндірген оқиғалар мен үдерістер негізінен Кеңес Одағының ыдырауынан кейін орын алды. Сол кездегі ақпараттық қауіп идеологиялық вакуум, экономикалық дағдарыс және ақпараттық кеңістіктің ашықтығымен байланысты болды. Ал, қазір әлеуметтік желілердің кең таралуына байланысты ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлініп отыр. Яғни, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі мемлекет тарапынан өте жоғары интеллектуалды қабілетті талап етеді. 2000 жылдардан бастап отандық ғалымдар А.С. Сәрсенбаев, Р.А. Нұртазина, Р.Ш. Бердібаев ақпараттық қауіпсіздікті саяси тұрғыдан талдаған ғылыми зерттеулерін жариялады. Сонымен қатар ақпараттық қауіпсіздік мәселесін зерттеушілер 2019 жылдан бастап жалған ақпарат, ақпараттық шабуыл, манипуляция, кибершабуыл, ақпараттық соғыс мәселелерін қарастырды. Өйткені, 2019 жылы әлемде COVID-19 пандемиясы басталғанда ресми бұқаралық ақпарат құралдарында да жалған ақпарат тарату жағдайлары кездесті. Бұл мәселелер ақпараттық қауіпсіздік саласында тәжірибе жетіспейтінін көрсетті. Негізі елдегі ақпараттық қауіпсіздікті саяси және құқықтық бағытта зерттеушілер болды. Кейін ақпараттың қоғамдық санаға ықпалы туралы зерттеулер қолға алына бастады. Осы орайда ғалым Н.О. Омашевтің «Ақпарат әлемі» еңбегінде де ақпараттық қауіпсіздіктің идеологиялық мәселесіне қатысты құнды пікірлер айтылғанын атап өтуге болады. Ал, 2022-2025 жылдары медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселесі цифрлық және медиасауат, киберқауіптер, дезинформация, манипуляция мәселелеріне қатысты зерттеулермен толығып отыр. Осы зерттеуде жоғарыда аталған ғалымдардың рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдарда жарық көрген мақалалары да қарастырылды. Сонымен бірге дезинформацияны тарату алгоритмдерін қарастырған зерттеушілер Г.С. Сұлтанбаева мен А.Ш. Бүркітбаеваның 2025 жылы жарық көрген «Қазақстандағы жалған ақпарат пен дезинформация индикаторлары» атты монографиясы, мен ғалым А.А. Бейсенқұловтың «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген «Санаға серпін берер цифрлық өзгерістер» деген ғылыми-танымдық мақаласы зерттеу жұмысында тұжырым жасау үшін пайдаланылды. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы. Диссертациялық зерттеудің ғылыми жаңалығы Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті журналистика бағыты бойынша кешенді зерделеу, теориялық-әдіснамалық тұжырымдарды дамыту, эмпирикалық зерттеу нәтижелерін жүйелеу, ақпараттық қауіпсіздік тәуекелдерін талдау және оның даму ерекшеліктерін анықтау, жетілдіру тетіктерін ұсыну нәтижелерінен көрінеді. Зерттеу барысында мынадай жаңа ғылыми нәтижелер алынды: ‒ медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің қазіргі кезде қалыптасқан ғылыми тұжырымдарына кешенді зерттеу жүргізілді. Соның нәтижесінде авторлық анықтама берілді; ‒тәуелсіздік алған жылдардан бері Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздіктің ұйымдастырылуы мен реттелуінің заңнамалық-құқықтық базасы, мемлекеттік құжаттар жүйелі зерттелді. Нәтижесінде халықтың барлық жас ерекшеліктерін қамтитын медиасауаттылықты қалыптастырудың бірыңғай ұлттық стратегиясы немесе ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасы қажет екені анықталды; ‒халықаралық тәжірибеде қалыптасқан ақпараттық қауіпсіздік қызметінің әлемдік үлгілері мен жұмыс істеу тетіктері зерттеліп, Қазақстанда қолдану мүмкіндіктеріне авторлық талдау жасалды; ‒ соңғы уақытта елімізде орын алған саяси оқиғалар мен төтенше жағдайларға кейс-талдау жасалды. БАҚ материалдарына мониторинг жүргізілді. Әлеуметтік медиадағы ақпараттық манипуляциялар мен қауіп-қатерлерге алғаш рет кешенді зерттеу жасалды; – отандық медианың цифрлық трансформациялануы жағдайындағы ақпараттық қауіпсіздік деңгейі эмпирикалық талдауға сүйеніп анықталды. Яғни, тереңдетілген сараптамалық сұхбат пен фокус-топ қорытындылары негізінде жасалды; – Қазақстан Республикасы медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікі қамтамасыз етудегі қауіп-қатерлердің алдын алу мүмкіндіктері мен болашағы бойынша ұсынымдар әзірленді. Зерттеу жұмысының ғылыми гипотезасы. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету құқықтық реттеудің тиімділігіне, мемлекеттік ақпараттық саясатқа, журналистиканың кәсіби қызметіне және халықтың медиасауаттылық деңгейіне тікелей байланысты. Осы бағыттарды кешенді түрде дамыту ұлттық ақпараттық кеңістіктің тұрақтылығын арттырады. Сондай-ақ, жаһандану жағдайында туындайтын ақпараттық қауіптердің ықпалын азайтуға мүмкіндік береді. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1.Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік тек техникалық инфрақұрылымды қорғаумен ғана шектелмейді. Ол саяси, құқықтық, коммуникациялық, психологиялық және медиа аспектілерді қамтитын көпсалалы (мультидисциплинарлық) зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Сондықтан осы зерттеу барысында ақпараттық қауіпсіздік ұғымының медиа саласындағы мазмұнын, қызметі мен негізгі құрамдас элементтерін қамтитын авторлық анықтама ұсынылды. Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздіктің негізі журналистік этика мен кәсіби стандарттардың сақталуында, редакцияның дербестігінде, аудиторияның медиа және цифрлық сауатында жатыр. Осы бағыттағы ғылыми зерттеулерді арттыру қажет. 2. Қазақстан медиакеңістігіндегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты құқықтық-заңнамалық құжаттарды талдау барысында оны құқықтық, техникалық шектеулермен немесе медиаплатформаларды реттеумен қамтамасыз ету жеткіліксіз екені анықталды. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі ретінде қоғамның медиасауаттылық деңгейін көтеру ұсынылады. Осы тұжырым бойынща Қазақстан Республикасының ақпараттық қауіпсіздігін нығайту мақсатында халықтың медиа және ақпараттық сауаттылығын мектепке дейінгі білім беруден бастап өмір бойы үздіксіз дамытуға арналған бағдарламаны іске асыру ұсынылады. 3.Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету технологияларын талдауда Ddos шабуылдар, фишинг, әлеуметтік инженерия редакциялық саясат пен сөз бостандығын шектеуге бағытталған стратегиялық құралдар ретінде көрсетілді. Зерттеу барысында отандық медианың техникалық инфрақұрылымының қауқарсыздығы мен киберқорғаныс ресурстарының (қаржылық, маман) жеткіліксіздігі анықталды. Сондықтан да медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мемлекеттік деңгейде қолдау шараларын іске асыру қажет. Медианы киберқатерлерден қорғау үшін ұлттық «Медиа-CERT» (Media Computer Emergency Response Team) орталығын құру тиімді болар еді. Сондай-ақ, ҚР «Масс-медиа туралы» Заңына кибершабуылға ұшыраған БАҚ-ты техникалық және құқықтық тұрғыда қорғаудың нақты механизмдерін енгізу ұсынылады. 4.Әлеуметтік медиадағы манипуляциялық ақпараттың ұлттық санаға ықпалын зерттеу барысында «біртұтас ақпараттық орта» (әлеуметтік желі, БАҚ, мессенджерлер, онлайн платформалар) ұғымының деструктивті сипаты талданды. Жаһандық платформалардың алгоритмдік жүйесі мен геосаяси ахуалдың ақпараттық ортаға әсеріне қатысты ғылыми тұжырымдар жинақталды. Манипуляциялық технология үдерісі фреймдеуден бастап нарративтік бекітуге дейін адамның сыни ойлау мен талдау қабілетін шектейді. Сондықтан да когнитивті иммунитетті қалыптастыру үшін жоғары оқу орындарында «Медиасын» және «Кибергигиена» пәндерін міндетті компонент ретінде енгізу қажет. Отандық KazLLM (ЖИ жүйелерін құруға арналған бірінші ұлттық үлкен ауқымды тілдік модель) жобасын дамытып, ұлттық құндылықтар мен тарихи шындыққа негізделген деректермен қамтамасыз ету маңызды. 5.Қазіргі кезде Қазақстан медиакеңістігін ішкі және сыртқы арандатушылық пиғылдағы ақпарат пен фейк жаңалықтардан, кибершабуылдардан қорғау өзекті мәселе болып отыр. Ол үшін мемлекеттік ақпараттық саясат, ақпараттық тапсырыс арқылы ұлттық бірегейлік, тұрақтылық және қауіпсіздік идеологиясын жетілдіру маңызды. Шекаралас өңірлерде мемлекеттік теле-радио хабарларын толық қолжетімді ету қажет. Отандық БАҚ арқылы сенімді ақпарат тарату, медиасауат пен ақпараттық мәдениетті көтеру де қоғамның өзін-өзі қорғау деңгейін күшейтеді. Яғни, медиакеңістіктегі ақпараттық мазмұнмен (контент) кешенді және стратегиялық жұмыс жүргізу ұсынылады. Сондай-ақ, БАҚ редакцияларында ақпараттық қауіпсіздік мәселелерін тұрақты зерттейтін, төтенше жағдайларда ақпарат тарату тәртібін меңгерген мамандар болуы маңызды. 6. Отандық медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты ұсыныстар халықаралық тәжірибеге негізделуі тиіс. Осы саланы зерттеумен айналысатын еліміздегі сарапшылардың пікірлерін де ескеру қажет. Зерттеудің теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелері медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік мәселелерінің теориялық негіздерін жүйелеп, журналистика және медиакоммуникация бағытындағы ғылыми-әдіснамалық мазмұнын арттырады. Зерттеу материалдарын медиадағы ақпараттық қауіпсіздік тақырыбы бойынша жазылатын ғылыми жұмыстарда, журналистика бағыты бойынша оқу курстарында (жоғары оқу орындарында) қолдануға болады. Зерттеу нәтижелерін оқу үдерісінде қолдану мақсатында 2020 жылы «6В03204-Журналистика» білім беру бағдарламасына «БАҚ-тағы ақпараттық қауіпсіздік» таңдау пәні енгізілді. 2026 жылы «6В03205-Цифрлық медианы басқару» білім беру бағдарламасына «Медиакеңістіктегі ақпараттық қауіпсіздік» пәні енгізіліп отыр. Сонымен қатар зерттеу нәтижелерін ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік бағдарламаларды дайындауда, журналистика, саясаттану, әлеуметтану т.б. мамандықтар бойынша білім алушылар мен магистранттар үшін арнайы курстар ұйымдастыруда пайдалануға болады. Зерттеу нәтижелерінің талқылануы мен жүзеге асырылуы. Диссертациялық жұмыс Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі Журналистика және медиаөнер кафедрасының кеңейтілген отырысында талқыланып, қорғауға ұсынылды. Диссертация тақырыбы бойынша Scopus және Web of Science базасында 1 мақала, шетелдік импакт-фактор журналдарда 2 мақала, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған журналдарда 4 мақала, халықаралық, республикалық ғылыми конференциялар жинағында 5 мақала жарияланды. Бір ғылыми мақала Лондондағы «Brig (Brig Academics)» баспасынан жарық көрген Encyclopaedia of Information Technology and Machine Learning энциклопедиясының негізгі авторы болуға мүмкіндік берді [22]. Диссертациялық жұмыс құрылымы. Қорғауға ұсынылған жұмыс нормативтік сілтемелер, белгілеулер мен қысқартулар тізімі, анықтамалар, кіріспе, негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшаларды қамтиды. Бірінші бөлімде ақпараттық қауіпсіздіктің ғылыми-теориялық және тұжырымдамалық негіздері, оның медиакеңістікпен өзара байланысы, коммуникациялық процестердегі рөлі, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты құқықтық құжаттарға талдау жасалады. Екінші бөлімде медиакеңістіктегі кибершабуылдардың деструктивті салдары және әлеуметтік медиадағы манипулятивтік ақпараттың ұлттық санаға ықпалы, манипуляциялық технологиялар (жалған ақпарат, пропаганда, дезинформация т.б.), медиаиммунитет қалыптастыру жолдары қарастырылады. Зерттеудің эмпирикалық бөлімінде ақпараттық қауіпсіздікке қатысты негізгі мәселелер анықталып, оларды шешу жолдары мен мүмкіндіктері ұсынылады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
