
«6D060900 - География» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бекетова Айдана Тайшыбаевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бекетова Айдана Тайшыбаевна «6D060900 – География » мамандығы бойынша «Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігіндегі техногендік ландшафттардың табиғи-ресурстық әлеуеті және олардың тұрақтылығы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Физикалық және экономикалық география кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Асылбекова Айжан Асылбековна – философия докторы (PhD), доцент, «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі, мамандығы: 6D060900 – «География» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Каймулдинова Куляш Дүйсенбаевна – география ғылымдарының докторы, профессор-зерттеуші, «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті» КеАҚ, география және экология кафедрасы, мамандығы: 25.00.23 - «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттар геохимиясы» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Курепина Надежда Юрьевна – география ғылымдарының кандидаты, аға ғылыми қызметкер, Ресей Ғылым академиясының Сібір бөлімшесінің су және экологиялық мәселелер институты, мамандығы: 25.00.33 - «Картография» (Барнаул қ., Ресей Федерациясы);
Женсикбаева Назгуль Жаныбековна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Экология және география кафедрасының меңгерушісі, мамандығы: 6D060900 – «География» (Өскемен қ., Қазақстан Республикасы);
Курбаниязов Абилгазы Коптлеуович – география ғылымдарының кандидаты, «Халықаралық туризм және меймандостық университеті», «Туризм» кафедрасының профессоры, мамандығы: 25.00.23 - «Физикалық география және биогеография, топырақ географиясы және ландшафттар геохимиясы» (Түркістан қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Берденов Жарас Галимжанович - философия докторы (PhD), профессор, «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Жаратылыстану ғылымдары институтының директоры, мамандығы: 6D060900 – «География» (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Марин Рахнев Русев – география ғылымдарының докторы, Климент Охридский атындағы София университететі, аймақтық және саяси география кафедрасының профессоры, мамандығы: 11.00.02 – «Экономикалық және әлеуметтік география» (София қ., Болгария).
Қорғау 2026 жылғы 14 қазан, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D060900 – География » мамандығы бойынша «8D052 – Қоршаған орта» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, №3 оқу корпусы, Мәжіліс залы (№333 ауд.).
Аңдатпа (қаз.): Бұл диссертациялық зерттеудің өзектілігі табиғи-ресурстық әлеуеті жоғары аумақтарды қарқынды экономикалық дамыту жағдайында техногендік трансформацияланған ландшафттардың жағдайы мен динамикасын ғылыми негізделген бағалау қажеттілігімен анықталады. Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігі - елдің ең өнеркәсіптік дамыған аймақтарының бірі болып табылады, мұнда ұзақ уақыт бойы ірі тау-кен өнеркәсіп тораптары, урбандалған аумақтар және табиғи ортаға кешенді әсер ететін инфрақұрылымдық жүйелер қалыптасты. Тұрақты дамудың қазіргі заманғы жағдайында табиғи геожүйелерге техногендік әсерлердің салдарын зерттеу ерекше маңызға ие, себебі жер бедерінің, топырақ пен өсімдік жамылғысының, гидрогеологиялық режимнің және геохимиялық тепе-теңдіктің бұзылуы ландшафттардың экологиялық тұрақтылығының төмендеуіне және экологиялық қауіпті аймақтардың қалыптасуына әкеліп соғуда. Минералдық шикізатты өндіру мен өңдеуге айқын маманданған өңірлер үшін бұл үдерістер жүйелі және ұзақ мерзімді сипатқа ие, сондықтан оларды физикалық география, геоэкология және геоақпараттық модельдеу тұрғысынан кешенді пәнаралық талдауды талап етеді. Зерттеудің мақсаты: Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігіндегі ландшафттардың техногендік трансформациясына кешенді геоэкологиялық бағалау жүргізу, қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын басқаруды оңтайландырудың ғылыми негізін қамтамасыз ету. Мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды: 1) Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігіндегі табиғи және антропогендік ландшафттардың қалыптасуының физикалық-географиялық жағдайларын зерттеу. 2) Техногендік ландшафттарды зерттеудің әдіснамалық негізін әзірлеу және сынау. 3) Жанғыш, кенді және бейметал минералдардың пайда болуын, таралуын және даму мәртебесін ескере отырып, аймақтың табиғи-ресурстық әлеуетін бағалау және олардың ландшафт деңгейінде таралуының кеңістіктік заңдылықтарын анықтау. 4) Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігіндегі ландшафттарына антропогендік әсердің геоэкологиялық талдауын жүргізу, ластанудың негізгі көздерін және табиғи компоненттердің бұзылу дәрежесін анықтау. 5)Ландшафт пен қоршаған ортаның тұрақтылығын арттыруға және антропогендік әсердің теріс салдарын азайтуға бағытталған қоршаған ортаны қорғау және жер қойнауын басқаруды оңтайландыру бойынша ғылыми негізделген ұсыныстар әзірлеу. Теориялық-әдіснамалық бөлімі Ф.Н. Мильковтың табиғи және антропогендік ландшафттардың құрылымдық-динамикалық ұйымдасуы мен морфологиясы, олардың жіктелуі және зерттеу қағидалары жөніндегі тұжырымдамаларына; В.И. Булатовтың ландшафттардың антропогендік трансформациясын зерттеудің теориялық негіздеріне; В.И. Федотовтың техногендік ландшафттарды зерттеу әдістеріне; М.А. Глазовскаяның геожүйелердің тұрақтылығын талдауына; И.П. Кадильниковтың физикалық-географиялық аудандастырудың әдіснамалық принциптеріне; А.А. Чибилевтің Орал ландшафттарын зерттеудің геоэкологиялық ерекшеліктеріне, К.М.Джаналееваның геожүйелік-алқаптық және Ж.Г.Берденовтың экожүйелердің техногендік өзгерістері мен тұрақты дамуының негіздері секілді белгілі ғалымдардың еңбектеріне сүйенеді. Диссертациялық зерттеу 2018-2021 жж. аралығында автордың далалық және камералдық жағдайларда алған нәтижелеріне негізделді. Ландшафттық сипаттамалар зерттеу аумағы бойынша біркелкі орналастырылған сынама алаңдарында жүргізілді. Ландшафттық картографиялау, салыстырмалы-географиялық талдау, табиғи кешендердің жағдайын болжау және модельдеу әдістері қолданылды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1) Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігінің физикалық-географиялық жағдайлары (жер бедері құрылымы, гидроклиматтық режим, топырақ-өсімдік жамылғысы және ландшафтық дифференциация) аумақты ұзақ мерзімді тау-кен өнеркәсіптік игерумен үйлесе отырып, ландшафтық-экологиялық тұрақтылығы төмен табиғи-техногендік геожүйелерді қалыптастырады, олардың дамуы техногендік ландшафттардың кеңістіктік-уақыттық трансформация заңдылықтарына бағынады. 2) Далалық физикалық-географиялық зерттеулерді, геохимиялық талдауды және геоақпараттық картографиялауды элементарлық ландшафттар деңгейінде кешенді қолдану техногендік жүктемені объективті бағалауға, экологиялық тәуекел аймақтарын анықтауға және Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігіндегі геожүйелерінің ландшафтық-экологиялық тұрақтылығына интегралды баға беруге мүмкіндік береді. 3) Оңтүстік Оралдың техногендік трансформацияланған геожүйелері шегінде табиғи ресурстарды басқаруды және жер қойнауын пайдалануды оңтайландыру шығынсыз қолдану режимдерін саралауды, рекультивациялық шаралардың басымдығын және табиғи-антропогендік жүйелердің тұрақтылығын арттырудың негізгі құралы ретінде геоэкологиялық мониторингті енгізуді көздейтін ландшафттық-экологиялық тәсілге негізделуі керек. Диссертацияда алынған нәтижелер 12 ғылыми басылымдарда көрсетілген, соның ішінде 4 – ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитеті ұсынған журналдарда, 4 – Scopus деректер базасына кіретін журналда, 4-халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциялардың жинақтарында жарияланды. Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Жұмыс кіріспе, 4 бөлімнен тұратын негізгі бөлім, қорытынды, пайдаланылған әдебиеттер тізімі, қосымша бөлімдерінен тұрады. Диссертациялық зерттеу ауқымы компьютермен терілген 37-кесте, 17-сурет, 178 - парақтық мәтіннен тұрады. Зерттеулеріміз бен алынған нәтижелерге сүйене отырып, төмендегідей қорытындыларды жасауға болады: 1) Оңтүстік Орал тауларының қатты тілімденген жер бедері, континенттік климаты, тұрақсыз гидрологиялық режим мен топырақ-өсімдік жамылғысының жоғары теңбілділігі өңірдің табиғи-антропогендік ландшафттарының қалыптасу жағдайлары мен кеңістіктік дифференциациясын айқындайтыны анықталды. Зерттеу аумағында қалыптасу жағдайлары, топырақ және өсімдік жамылғысының құрылымы мен антропогендік трансформация дәрежесі бойынша ерекшеленетін 20 қарапайым ландшафт бөлініп көрсетілді. Өңірдің тарихи қалыптасқан минералдық шикізатты өндіру және өңдеуге мамандануы негізінен тау-кен өнеркәсіп тораптары мен урбандалған аумақтарға шоғырланған техногендік трансформацияның тұрақты ошақтарының қалыптасуына себеп болғаны анықталды. Алынған нәтижелер табиғи-ресурстық әлеуетті, антропогендік жүктемені және ландшафттардың техногендік әсерге тұрақтылығын кейінгі бағалау үшін негіз болды. 2) Техногендік ландшафттарды кешенді зерттеудің далалық, зертханалық, картографиялық және геоақпараттық әдістерін үйлестіретін әдістемелік базасы әзірленіп, апробациядан өткізілді. Зерттеудің ақпараттық негізін қашықтан зондтау деректері, тақырыптық карталар, қор және мұрағат материалдары, далалық бақылаулар мен зертханалық талдаулардың нәтижелері құрады. Әзірленген алгоритм табиғи-ресурстық әлеуетті, антропогендік жүктемені, табиғи компоненттердің трансформациялану дәрежесін және ландшафттардың техногендік әсерге тұрақтылығын дәйекті бағалауды қамтиды. Әдістемелік тәсілді Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігі аумағында апробациялау зерттелетін көрсеткіштердің кеңістіктік айырмашылықтарын анықтауға және оларды қарапайым ландшафттар деңгейінде кешенді бағалауға мүмкіндік берді. Зерттеу нәтижелері бойынша өзара байланысты ГАЖ-карталар сериясы жасалды. 3) Табиғи-ресурстық әлеуетті бағалау Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігі минералдық-шикізат ресурстарымен жоғары деңгейде қамтамасыз етілгенін және олардың таралуының елеулі кеңістіктік әркелкілігімен сипатталатынын көрсетті. Жанғыш, кенді және кенсіз пайдалы қазбалар кен орындары мен олардың баланстық қорларын талдау негізінде қарапайым ландшафттар ресурстық әлеует деңгейі бойынша сараланды. Ең жоғары минералдық-шикізат әлеуеті хромит, никель-кобальт, мыс және темір кендері шоғырланған аудандарға тән ландшафттарда қалыптасқаны, ал басқа ландшафттарда негізінен жанғыш, кенсіз, құрылыс және химиялық шикізат түрлері таралғаны анықталды. Жүргізілген табиғи-ресурстық аудандастыру және жасалған минералдық-шикізат әлеуетінің картасы қарапайым ландшафттар деңгейінде минералдық ресурстардың кеңістіктік таралу заңдылықтарын анықтауға және олардың өңірдегі қазіргі табиғатты пайдалану құрылымының қалыптасуындағы рөлін айқындауға мүмкіндік берді. 4) Техногендік әсердің геоэкологиялық талдауы табиғи кешендердің деградациясының жетекші факторлары тау-кен өндіру және металлургия өнеркәсібі, сондай-ақ ілеспе инфрақұрылым екенін көрсетті. Топырақтардың ауыр металдармен, жер үсті және жер асты суларының уытты қосылыстармен ластануы, сондай-ақ техногендік ландшафттардан екінші реттік шаң бөлінуі тұрақты экологиялық қолайсыздық ошақтарын қалыптастырады. Бірқатар өнеркәсіптік тораптарда «топырақ – су – өсімдік – адам» жүйесінде ластаушы заттардың жинақталуымен сипатталатын техногендік биогеохимиялық провинциялардың қалыптасуы анықталды. Ландшафтық-экологиялық тұрақтылықтың интегралдық бағасы зерттелген геожүйелердің көпшілігі төмендеген немесе дағдарыстық тұрақтылық күйінде екенін көрсетті. Ең осал аумақтар - өнеркәсіптік нысандардың жоғары шоғырлануымен және гидрогеологиялық режимі бұзылған аумақтар, мұнда өзін-өзі қалпына келтіру үдерістері өте баяу жүреді немесе толықтай тежелген. Сонымен қатар табиғи құрылымы салыстырмалы түрде сақталған, техногендік жүктеме азайған жағдайда экологиялық оңалту әлеуетіне ие аумақтар да анықталды. 5) Оңтүстік Оралдың қазақстандық бөлігінде табиғатты пайдалану мен жер қойнауын пайдалануды оңтайландыру бойынша техногендік жүктеме деңгейін, табиғи компоненттердің трансформациялану дәрежесін және геожүйелердің тұрақтылығын ескеретін сараланған ландшафттық-бағдарланған тәсілге негізделген ғылыми негізделген ұсынымдар әзірленді. Ландшафттық-экологиялық тұрақтылықты арттыру мақсатында бұзылған жерлерді рекультивациялау, үйінділер мен карьерлердің шаңдық әсерін азайту, санитарлық-қорғаныш орман белдеулерін құру, топырақ пен жер үсті суларының жай-күйіне жүйелі мониторинг жүргізу, неғұрлым осал ландшафттарды одан әрі техногендік игеруді шектеу және ГАЖ-мониторинг жүйесін енгізу ұсынылды. Тау-кен өндіру нысандарын жоспарлау және пайдалану кезінде ландшафттардың табиғи тұрақтылығы мен олардың қалпына келу қабілетін ескеру ұсынылды. Ұсынылған іс-шараларды іске асыру техногендік әсердің теріс салдарын төмендетуге, бұзылған геожүйелерді қалпына келтіруге және өңірдің табиғи-ресурстық әлеуетін неғұрлым ұтымды пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
