
«8D02314 - Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ахмер Біржан Ермекұлы диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ахмер Біржан Ермекұлы «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазіргі поэзиядағы мәтінтүзілім: таңба-символ-деталь-бейне» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Такиров Саржан Уахитович – филология ғылымдарының кандидаты, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
Нурланова Асем Нурланкызы – филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан-Американдық еркін университетінің профессоры (Өскемен қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев университеті қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Орхан Сөйлемез – философия докторы (PhD), Кастамону университеті, қазіргі түрік диалекттері және әдебиет кафедрасының профессоры (Кастамону қ., Түркия).
Худайбергенов Нурбол Джумагалиевич – философия докторы (PhD), М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Алимжан Инаят – философия докторы (PhD), Еге университеті Түркі дүниесін зерттеу институтының профессоры (Измир қ,, Түркия).
Қорғау 2026 жылғы 27 қараша, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.su/KcGVO
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Көркем мәтіндегі таңбалар жүйесін айқындау, таңбаның сакральды, мифтік, тілдік қабаттарына үңілу арқылы ұлттық көркем қабылдаудың маңызын тұжырымдау – зерттеудің өзектілігін танытады. Қазіргі әдеби зерттеулердің дені заманауи жаңалықтарымен тығыз байланысты. Ғылым салаларының ықпалдастығы, іргелес пәндердің кешенді зерттеулерде тоғысуы – осының айғағы. Мәтін құрылымын зерделеуге басымдық беретін структуралистер сөзді «таңба» ретінде қарастырып, тілдік таңба тұжырымын тың ізденіспен айшықтай білді. Таңбаның дыбыстық ерекшелігін іске асыратын таңбалаушы және идеялық мазмұнды қамтамасыз ететін таңбаланушы функциясы да жаңа зерттеулердің арқауына айналуда. Осы тұрғыдан келгенде поэзиялық мәтінді талдауда оның құрылымында ерекше мәнге ие «таңба – символ – деталь – бейне» ұғымдарының бір-бірінен өрбитін қызметін қарастырудың маңызды екенін байқаймыз. Таңба ретінде айқындалған сөз символдық мәнге ұласып, көркемдік-бейнелілік қызметте маңызды орынға ие болады, сөйтіп мәтіндік қабаттарға жол ашады. Заманауи әдебиеттануда түрлі жаңалық туындап, сол негізде тың терминдер қалыптасқаны белгілі. Әдебиеттану ғылымы да жаңа парадигмалармен толықты. Көркем мәтінді талдаудағы жаңашыл ұстанымдар дәстүрлі әдістерді негізге ала отырып, зерттеу аспектілерін даралады. Солардың қатарында поэтикалық мәтінді структуралық-семиотикалық тұрғыда талдау, шығарма мен мәтін арасындағы айырмашылықты зерделеуді айтуға болады. Бұл ұғым аясында бейнелеу нысанына жол ашатын таңба, символ, деталь, бейне ұғымдарының мән-мағынасы, мәтін ішіндегі қызметі айқындалады. Мәтіннің структуралық-семиотикалық құрылымын таныту барысында алдымен мәтінтүзілім терминінің ғылыми түсіндірмесі ұсынылады. Көркем мәтін үлгілері мен көркем әдебиеттегі таңба сипатын таныту тәсілдері сараланады. Мәтінтүзілім ұғымы аясында таңба, символ, деталь, бейне анықталып, қазіргі поэзиялық мәтін туралы тұжырымдар жасалады. Тақырыпқа сәйкес шығарма мен мәтіннің байланысы мен айырмашылығы талданады, сондай-ақ поэтикалық мәтін құрылымын танытуда олардың басты атрибуттарына назар аударып, таңбаның мәтінге қатысы, символдық қабат, детальдің мәтіндегі рөлі, бейненің өзіндік табиғатын зерделеу секілді аспектілер талданады, сөйтіп поэтикалық кеңістікті таныту – зерттеудің мазмұнын тереңдетіп, маңызын айқындайды. Зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Зерттеудің әдіснамалық және теориялық негізін көркем мәтінді талдау тұрғысынан шетелдік ғалымдар М.М. Бахтин, Х.Г. Гадамер, Р. Уэллек, О. Уоррен, Э. Лич, Ю. Кристева, И.Р. Гальперин, М.М. Гиршман, В.И. Тюпа, Н.Д. Тамарченко, қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, Қ. Жұмалиев, З. Қабдолов, З. Ахметов, Р. Нұрғали, С. Қасқабасов, Ш. Ибраев, поэтикалық мәтіннің семиотикалық-структуралық құрылымы мен кодификациялық канондар бағыты бойынша Соссюр Ф. де. Ж. Леотар, Р. Барт, Ж. Деррида, Ю.М. Лотман, Р. Якобсон, В.Я. Пропп, М.М. Глушко, Б.О. Корман, Ч.У. Моррис, З.Фрейд, К.Г. Юнг, З.Я. Ю.Н. Тынянов, Ю.В. Казарин, Ц. Тодоров, мәтінтүзілім және көркем мәтіннің деңгейлері бойынша Р. Сыздықова, С.Г. Ильенко, Е.Ю. Стратийчук, А.Б. Есин, Ж. Жақып, Г.Т. Әбікенова, А.С. Әділованың және т.б. әдебиеттанушы ғалымдардың еңбектері құрайды. Тақырыпты зерттеуде жалпылай алғанда талдау, жинақтау, сондай-ақ салыстырмалы, структуралық, семиотикалық және мифопоэтикалық зерттеу әдістеріне басымдық беріледі. Әдебиеттану ғылымындағы бұл әдістер арқылы көркем мәтінді жан-жақты талдап, ұлттық сананың дамуы мен ұлттық мәдениеттің қалыптасу тарихындағы дәстүрлі ұғымдардың мәнін анықтау, мәтін құрылымындағы бейне мен детальдің орнын зерделеу, қазіргі ақындар шығармаларындағы поэтикалық таным мен қабылдауды басты компонент ретінде қарастыра отырып, көркемдік-бейнелілік жүйе, мәтінтүзілім туралы қорытынды жасау көзделеді. Зерттеу нысаны: Зерттеу жұмысының зерттеу нысаны ретінде қазіргі қазақ поэзиясының белгілі өкілдері Н.Айтұлы, С.Ақсұңқарұлы, Ұ.Есдәулет, Т.Әбдікәкімұлы, Е.Раушанов, С.Нұржан, М.Райымбекұлы және т.б. ақындардың туындылары алынды. Поэтикалық дәстүр сабақтастығын таныту үшін М.Жұмабайұлы, Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, М.Мақатаев, С.Жиенбаев сияқты қазақ поэзиясына жаңалық әкелген алдыңғы буын ақындар шығармашылығы салыстыра талдау мақсатында қамтылды. Ұлттық әдебиетпен қоса, Батыс және Шығыс, шетел әдебиеті де қамтылған. Поэтикалық мәтіндерді талдауда басты назар мына мәселелер алынады: – біріншіден, көркем мәтіндер құрылымындағы символдық бейнелеуді таныту – мәтіннің ішкі мазмұнын және сыртқы пішінін тануға негіз болады; – екіншіден, таңба мен бейне арасындағы байланысты жан-жақты талдау барысында поэтикалық мәтіннің тұтас кеңістігін таныту жүзеге асырылады; – үшіншіден, автордың интенциясы мен мәтіннің «еркіндігі» арасында байланыс жүйесі танылады; – төртіншіден, қазіргі әдебиеттанудағы структуралық-семиотикалық әдіс арқылы поэзияның бейнелі табиғаты, эстетикалық қызметі зерделенеді. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Мәтінтүзілімді зерттегендер қатарында С.Г. Ильенконың (Текстовая реализация и текстообразующая функция синтаксических единиц // Текстовые реализации и текстообразующие функции синтаксических единиц: Межвуз. сб. научн. трудов. – Л., 1988.), Е.Ю. Стратийчуктың (Персональность как текстообразующая категория художественного текста (на материале русского и англий- ского языков): автореф.дис .канд. филол. наук / Е.Ю. Стратийчук. – Ростовн/Д., 2006.), Ж. Аймұхамбеттің (Сөз өнеріндегі мәтін мен шығарма кеңістігі: Монография. / Жанат Аймұхамбет. – Алматы: ЖШС РПБК «Дәуір», 2023. – 394 б.), А.С. Әділованың (Қазіргі қазақ көркем шығармаларындағы интертекстуалдылықтың репрезентациясы, семантикасы, құрылымы. «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы. – Алматы, 2009. – 59 б. Қабылдау стилистикасы. Оқу құралы. – Алматы: Эверо, 2016. – 100 б.) секілді ғалымдардың еңбектерін атап өтуге болады. Көркем мәтіннің құрылымы, мәтіндегі семиотикалық аспектілер, мәтінтүзілім тақырыбы аясында тың ізденістер жасап, диссертациялық жұмыстар жазған ғалымдар да баршылық. Нақтылап айтсақ, Ю. Поспелованың «Текстообразующая функция литературных имен собственных: На материале эпических произведений XIX-XX вв.», В. Чернявскаяның «Интертекстуальность как текстообразующая категория в научной коммуникации», Е. Стратийчуктың «Персональность как текстообразующая категория художественного текста: на материале русского и английского языков», сонымен қатар Г. Отарбаеваның «Көркем мәтінге интерпретация арқылы студенттер шығармашылығын дамыту әдістемесі», Г. Әбікенованың «Көркем мәтінтүзуші мағыналық-құрылымдық бірліктердің теориялық негіздері», З. Жуынтаеваның «Қазіргі қазақ тілі синтаксисі заңдылықтарының Қ. Жалайыридың «Жами`ат-Тауарих» мәтінтүзіліміндегі көрінісі» секілді докторлық диссертациялар қорғалды. Жоғарыдағы тақырыптар мен идеяларды жүйелеп, поэтикалық мәтін мен мәтінтүзілімнің кейбір мәселелеріне бойлау үшін біз зерттеп отырған тақырып заманауи әдебиеттану кеңістігінде маңызды рөл атқарары сөзсіз. Инновациялық мүмкіндіктер қарқынды дамыған кезеңде мәтіннің таңбалық, символдық қабаттары бізге әдеби аспектілерді одан әрі тереңірек түсінуге, жан-жақты үңілуге мүмкіндік береді. Диссертациялық жұмыстың мақсаты мен міндеттері: Зерттеудің мақсаты – структуралистік-семиотикалық талдау әдісінің негізгі ұстанымдарына сүйене отырып, мәтінтүзілімге қатысатын таңба, символ, деталь, бейне секілді көркемдік құрылым туралы талдау жүргізу, қазіргі поэзиядағы мәтінтүзілімді көркем бейне және символ, сондай-ақ деталь арқылы жан-жақты қарастырып, сол негізде тың қорытындылар жасау. Осы мақсатты орындауда ғалымдардың теориялық тұжырымдарына сүйене келе, мәтінтүзілім терминіне анықтама беру, мәтінтүзілім және таңба аспектісінде тақырыпты зерттеуді жүзеге асыру жұмыстары орындалады. Фольклор үлгілері мен қазіргі көркем әдебиеттегі поэтикалық мәтіндерге қатысты символдық бейнелерді анықтау, деконструкциялық әдісті қолдана отырып, мәтіннің соны бағытын ашып көрсету үшін зерттеу жүргізіледі. Зерттеудің міндеттері: – Қазіргі қазақ поэзиясындағы мәтінтүзудің теориялық-әдіснамалық негіздерін айқындау, оның негізгі заңдылықтары мен ерекшеліктерін жүйелеу; – поэтикалық мәтіннің құрылымын анықтауда таңба, символ, деталь және бейненің әдеби мәнін, функционалдық рөлін, көркемдік мәнін анықтау; – қазіргі поэзиядағы таңба мен символдың көркемдік және семиотикалық қызметін талдау арқылы олардың мәтін мазмұнындағы идеялық-эстетикалық қызметін айқындау; – таңбаның түрлі көркемдеу құралына айналуын, солардың бірі ретіндегі детальдың мәтін композициясындағы орны мен көркем бейне түзудегі маңызын таныту; – бейнелеу құралдарының қазақ поэзиясының ұлттық ерекшеліктерін, көркемдік бітімін қалыптастырудағы рөлін көрсету, бейненің поэтикалық мәтіннің мағыналық өрісіндегі қызметін анықтау; – қазіргі қазақ поэзиясындағы мәтінтүзілімнің жалпы әдеби үдерістегі орнын таңба-символ-деталь-бейне , мәтін құрылымындағы жаңа көркемдік үрдістерді сипаттау; – зерттеу нәтижелері негізінде қазіргі қазақ поэзиясының мәтінтүзілімін зерделеуге арналған ғылыми-теориялық тұжырымдар ұсыну. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: 1. Қазіргі қазақ поэзиясындағы мәтінтүзілімінің теориялық және әдіснамалық негіздері жүйелі түрде талданып, поэтикалық мәтіннің құрылымдық ерекшеліктері таңба, символ, деталь және бейне категорияларының өзара сабақтастығы арқылы айқындалды; 2. Қазақ поэзиясындағы таңба мен символдың көпқабатты семантикалық қызметі ашылып, олардың мәтін мазмұнындағы мағыналық-көркемдік қызметі сараланды; 3. Мәтіннің композициялық құрылымындағы детальдың орны мен оның поэтикалық бейне жасаудағы семиотикалық мәні негізделді; 4. Поэзияда ұлттық ерекшеліктерді танытудағы бейнелеудің маңызды қызметі және эстетикалық мәнін арттырудағы маңызы зерделенді; 5. Қазіргі қазақ поэзиясындағы мәтінтүзілімнің таңбадан басталып, символ мен детальға, көркем бейнелеуге ұласқан поэтикалық құрылымы танытылып, ұлттық көркем кеңістіктегі орны көрсетілді. Сондай-ақ зерттеу барысында поэзияның оқырманға көркемдік-эстетикалық әсерін талдау, семиотикадағы әдеби нарратив құрылымы, поэтиканы постсруктурализм бағыты бойынша қарастыру, көркем шығармаға деконструкциялық талдау жасау сынды маңызды аспектілер қамтылды. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1.Қазіргі қазақ поэзиясында мәтін түзілімін анықтаушы негізгі элементтер ретінде таңба, символ, деталь және бейне категориялары маңызды рөл атқарады; 2.Таңба мен символ – мәтіннің семантикалық құрылымындағы көпқабатты мағыналық өрісті қалыптастыратын негізгі құралдар. Ал көркем деталь – мәтіннің композициялық және эстетикалық тұтастығын қамтамасыз етіп, бейнелік мазмұнды тереңдетуге ықпал етеді; 3.Бейне болса, мәтіннің поэтикалық мазмұнын эстетикалық тұрғыдан байытып, ұлттық ерекшеліктерді жеткізудің көркемдік тетігі ретінде қызмет етеді; 4.Қазіргі қазақ поэзиясындағы мәтін түзудің жаңа көркемдік үлгілері ұлттық әдебиеттегі дәстүр мен жаңашылдықтың үндесуін көрсетеді. Зерттеу нәтижелері қазіргі әдебиеттану ғылымындағы мәтін талдау әдістерін толықтырып, заманауи қазақ поэзиясының әдеби-мәдени маңыздылығын ашып көрсетеді. Зерттеу әдістері. Тақырыпты зерттеуде талдау, жинақтау, сондай-ақ салыстырмалы, структуралық, семиотикалық және мифопоэтикалық зерттеу әдістеріне басымдық беріледі. Әдебиеттану ғылымындағы бұл әдістер арқылы көркем мәтінді жан-жақты талдап, ұлттық сананың дамуы мен ұлттық мәдениеттің қалыптасу тарихындағы дәстүрлі ұғымдардың мәнін анықтау, мәтін құрылымындағы бейне мен детальдің орнын зерделеу, қазіргі ақындар шығармаларындағы поэтикалық таным мен қабылдауды басты компонент ретінде қарастыра отырып, көркемдік-бейнелілік жүйе, мәтінтүзілім туралы қорытынды жасау көзделеді. Диссертация тақырыбы аясында дайындалған жұмыстардың жариялануы келесідей: Web of Science Core Collection, Scopus халықаралық рецензияланатын журналға келесі мақала қабылданды: 1. Onomastics and Terminology in Kazakh Religious Dastans // Theory and Practice in Language Studies. – 2026. – Vol. 16 Issue: 7. P. 2441-2450. 2. 2. Apology as Public Mediation: An Analysis of Three Crisis Cases in Kazakhstan Theory and Practice in Language Studies. – 2026. – Vol. 16, No. 8, pp. 2610-2621. ҚР ҒЖБМ ҒЖБС СҚК тізіміне кіретін журналдарда келесі мақалалар жарияланды: 1. Серікбол Қондыбайдың «Ілкі төр» концепциясының символдық-мифопоэтикалық мәні // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2023. – №3. – Б. 126-138. 2. Cимволдың мәтін түзілімдегі қызметі // Керуен. – 2023. – Т. 80, №4. – Б. 52-62. 3. Көркем мәтін құрылымындағы детальдің қызметі // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №2. Халықаралық конференциялар мен симпозиумдардың жинақтарына кірген мақалалар: 1 Қожа Ахмет Ясауи хикметіндегі детальдардың тілдік жəне көркемдік өрісі. Культурология, искусствоведение и филология: современные взгляды и научные исследования. сб. ст. по материалам 76-й междунар. науч.-практ. конф. (М., 2023. – 70 с.) 2. Структура поэзии символизма // Актуальные вопросы филологии: теория и практика: материалы 4-й междунар. науч.-практ. конф. (Волгоград: НИЦ «Абсолют», 2021. – 272 с.) 3. Ахмет Ясауи хикметтеріндегі эстетикалық құндылықтардың бейнеленуі // Еуразия гуманитарлық институты, 2022. «Бірінші Құсайынов оқулары «ХХІ ғасырдағы ғылым және білім: үрдістер мен перспективалар»: халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 4. Поэтикалық мәтіндегі көркем бейне. Студенттер мен жас ғалымдардың «Ǵylym jáne bilim – 2024» халықаралық ғылыми конференциясының жинақтары. Филологияның өзекті мәселелері. 5. «Figurative Elements and Imagery in Magzhan Zhumabayev's Lyric Poetry: An Interdisciplinary Analysis through Formalist, Semiotic, and Cognitive Poetic Approach» Forum for Linguistic Studies. 2025-10-11. 6. Symbolic meaning of mythical motives in the poem «Masgut» by Abay Kunanbaiuly // Scientific Culture. – 2026. – Vol. 12, №2.1. – Р. 6636-6644.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
