
«8D02314 - Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Абилдаева Айгуль Джылкабаевна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Абилдаева Айгуль Джылкабаевна «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша ««Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозиция және актанттық құрылым»» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы – филология ғылымдарының докторы, доцент, Академик Е.А.Букетов атындағы Қарағанды университеті, қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университеті, қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Mетин Екижи – PhD доктор, профессор, PhD Түрік әлемдік зерттеулер институтының профессоры, Эгей университеті (Түркия);
Тулебаева Куралай Токтаровна – филология ғылымдарының кандидаты, Alikhan Bokeikhan University филология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор (доцент) (Семей қ., Қазақстан)
Калиева Альмира Кайыртаевна – филология ғылымдарының кандидаты, М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бас директорының ғылым жөніндегі орынбасары (Алматы қ., Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілері:
Аймұхамбет Жанат Әскербекқызы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Фикрет Түркмен – филология ғылымдарының докторы, Еге университетінің профессоры (Түркия қ., Измир);
Қорғау 2026 жылғы 28 қараша, сағат 15:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/472941649933578?p=wf6b1B0KtmoqAQZKoU
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Абилдаева Айгуль Джылкабаевнаның «Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозиция және актанттық құрылым» тақырыбындағы диссертациясы 8D02314 – «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған Диссертациялық жұмыстың өзектілігі. Мифтік танымның өзегінде жатқан тартыс бинарлық оппозициялық қарым-қатынаспен сипатталады. Әлем халықтары мифтеріндегі ортақ мотивтер, үндес оқиғалар көне дүние адамдарының күллі адамзатқа тән дүниетаным негіздерін танытса, жалпы даму процесінде қарама-қайшылық бірлесе әрі тартыса отырып жаңа кезеңге жетумен тәмамдалып отырады. Миф құрылымына тән осы сипаттың мән-мағынасын талдап, табиғатын түсіндіру, тартысты әрекеттің қозғаушы күші ретінде актанттық құрылымды зерттеу тақырыптың өзектілігін танытады. Әлемнің пайда болуындағы хаос пен космос, ізгілік пен зұлымдық, жарық пен қараңғылық, жақсылық мен жамандық, көркемдік пен ұсқынсыздық, ақ пен қара сияқты бинарлық оппозициядағы ұғымдар мен құбылыстар миф мәтіндерінің өзегіне айналған. Миф мәтіндеріндегі бұл бинарлық оппозициялар адамзаттың қоршаған ортаны, әлемді тану моделін айқындайды. Аталған қарама-қайшылықтар тек мазмұндық деңгейде ғана емес, мифтік баяндағы кейіпкерлер мен образдардың, актанттардың әрекеті арқылы көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда актанттық құрылымдар мифтің ішкі семантикалық жүйесін, кейіпкерлердің қызметін, рөлін, бастысы адамзаттың көркем санасындағы танымдық бастаудан хабар береді. Мифтік танымдағы қарама-қайшылық бинарлық оппозициялар, ал образдар жүйесі мен олардың әрекетін актанттық құрылымдар арқылы анықтау көркем мәтіндегі кейіпкерлерінің табиғаты мен түп санадағы рөлін терең ашуға көмектеседі. Сонымен қатар, мифтік танымдағы қарама-қайшылықтарды актаннтық құрылымдар байланыстыра талдау арқылы адам мен табиғат, адам мен космос арасындағы байланысын, көркем санаға орныққан әлем моделін құрастырамыз. Сондықтан мифтік баяндардағы бинарлық оппозициялардың актанттар арқылы талдануы заманауи әдебиеттану, мифология, фольклортану салаларының өзекті мәселелерінің бірі. Миф тек көне танымдық деңгейде қалып қоймай, өмірді игерудің эстетикалық құралына айналып, бейнелеу жүйесін туындатты. Сөйтіп мифологиялық ойлау поэтикалық танымның өзегіне айналды. Миф мәтіндерін құрылымдық аспектіде зерттеп, бинарлық оппозиция мен актанттық әрекетті айқындау арқылы миф пен сөз өнері арасындағы терең сабақтастықты танытудың қазіргі әдебиеттану үшін маңызы зор. Тақырыптың зерттелу деңгейі. Бинарлық оппозиция ұғымы ХХ ғасырдың ортасында тіл білімі, әдебиеттану, тарих, философия және мәдениеттану салаларында кеңінен қолданыла бастады. Бұл ұғымды алғаш орыс ғалымы, лингвист, философ, этнограф әрі тарихшы Н.С. Трубецкой 1939 жылы жарық көрген «Основы филологии» еңбегінде атап көрсетті. Бұл еңбекте аталмыш ұғымды тек қарама-қарсы қою немесе формалды контраст ғана емес, кез келген жүйенің ішкі құрылымын сипаттауға мүмкіндік беретін әмбебап логикалық құрал ретінде ұсынылды. Сонымен қатар бұл ұғымды Ю. Лотман 1984 жылы жарық көрген «Семиосфера» еңбегінде: көркем мәтін мағынасы жағынан «өзіндік – бөтен», «орталық – шет», «сакралды – профанды» сынды құрылымдар арқылы талдады. Ал, К. Леви-Строс 1984 жылы жарық көрген «Мифологики» еңбегінде әлемді бинарлық жіктеу арқылы тануды ұсынып, 1994 жылы басылып шыққан «Первобытное мышление» еңбегінде бинарлық оппозицияларды «адамзат ойлауының әмбебап механизмі» деп атады. 1972 жылы Отандық зерттеушілер Ә. Нысанбаев пен Ғ. Құрманғалиева ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Таңдамалы трактаттарындағы» бинарлық оппозицияларға анықтама беріп, бір-біріне қарсы жататын нәрселердің төрт түрін көрсетеді. Бұл ұғымды аталған зерттеушілермен қатар гуманитария бағытының әр саласында басқа да ғалымдар қарастырды. Мәселен, А. Гуревичтің «Категории средневековой культуры», К. Лоренц «Оборотная сторона зеркала», В.И. Максимов «Русский язык и культура речи» сынды еңбектерде қарастырылды. «Актант» ұғымы алғаш француз лингвист ғалымы Люсьен Теньердің «Основы структурного синтаксиса» еңбегінде «мәтінге қатысатын тірі мүшелер» деп аталып, тілдік тұрғыда қарастырылды. Ал 1966 жылы фольклортанушы, әдебиеттанушы ғалым Альгирдас Жюльен Греймас «Структурная семантика» еңбегінде актанттарды көркем мәтін арқылы талдап, әртүрлі теориялық парадигмалар аясында түсіндірді. 2006 жылы И.В. Силантьева «Поэтика мотива» еңбегінде «актант» терминін «кейіпкер» немесе «басты кейіпкермен» байланыстыра талдады. Ал, 2026 жылы Ж.Ә. Аймұхамбет «Көркем мәтіндегі актанттық модель» монографиясында бұл ұғымға А.Ж. Греймас, В. Пропп, Э. Сурио ұсынған тұжырымдарын салыстырды. Қазақ ауыз әдебиетіндегі Ер Төстіктің актанттық қызметін поэзия, прозадағы бейнесімен сабақтастыра талдады. Зерттеудің мақсаты: Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозицияның мәнін талдап, актанттық құрылымды әдебиеттану аспектісінде зерделеу арқылы мифтік және көркемдік шындық арақатынасын айқындау, сол негізде мифологиялық және поэтикалық ойлау заңдылықтарын жүйелеу. Міндеттері: – мифтік танымдағы қарама - қайшы күштер мен ұғымдардың табиғатын талдау; – миф мәтіндерінің бинарлық оппозицияларға негізделген құрылымын қарастырып, оның сөз өнеріндегі тартыс табиғатымен байланысын айқындау; – миф мәтіндеріндегі актанттық құрылымдарды анықтап, жүйелеу, олардың бинарлық оппозициялық жұп ретіндегі сипаттарын ашу; – актанттық құрылымның әрекет ету деңгейі мен кеңістігін талдау барысында протагонист-антагонист, хаос-космос, ізгі - зұлым, жақсы - жаман сипаттағы кейіпкерлердің болмысын ашу; – актанттық құрылымның бинарлық оппозиция жүйесіндегі маңызды орнын айқындап, тұжырымдар жасау. Зерттеу нысаны: әлем халықтарының мифтерін арқау еткен мәтіндер, мифтік мотивке негізделген көне жазбалар, ұлттық фольклор үлгілері. Зерттеу пәні: әлем халықтарының мифтік баяндарындағы және ұлттық мифтік танымдағы бинарлық оппозициялардың құрылымдық - семантикалық сипаты, олардың актанттық модельдер арқылы бейнелену ерекшеліктері, мифтік дүниетаным мен көркем санадағы қызметі. Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалығы: Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозициялар мен актанттық құрылымдар өзара сабақтастықта қарастырылып, мифтік сюжеттердің құрылымдық - семантикалық қызметі мен ұлттық көркем санадағы рөлі айқындалды. Бинарлық оппозиция арқылы миф мәтіндеріндегі мотив пен сюжеттердің дамуына негіз болатын актанттардың қызметі негізгі құрылымдық тетік ретінде дәлелденді. Осы бағыттағы кешенді талдау аясында мынадай жаңа ғылыми нәтижелер алынды: – хаос – космос, аспан – жер, жарық – қараңғы, өмір – өлім, ізгілік – зұлымдық тәрізді бинарлық - оппозициялық жұптардың мифтік мотивтер мен сюжеттерді қалыптастырудағы қызметі жүйеленді; – миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозиция мен актанттық құрылымның өзара байланысы ұлттық дүниетаныммен сабақтастықта айқындалды. – мифтік баяндағы актант қызметін атқаратын антропоморфты кейіпкерлер, табиғи құбылыстар, ғарыш нысандары, аспан денелері, жануарлар мен басқа да мифологиялық бейнелердің көркем мәтіндегі тартысты тудырудағы рөлі анықталды; – бинарлық оппозиция мен актанттық құрылымды бірлікте талдау арқылы мифологиялық ойлау мен поэтикалық ойлаудың өзара сабақтастығы айқындалып, мифтік танымның сөз өнеріндегі көркем трансформациясы сараланды. Бинарлық оппозицияның миф мәтініндегі тартыстың негізгі тетігі ретіндегі мәнін танытуда ұлттық дүниетаным басты назарға алынды. Сөйтіп қазақ мифологиясының әлем мифологиясымен сабақтастығы осы бинарлықоппозициялық және содан туындаған актанттық құрылым арқылы айқындалды. Мотивтердің қозғаушы күші ретіндегі актанттық құрылымның бинарлықоппозициялық қарым - қатынасы арқылы даму, қозғалыс, өзгеріс үдерісіндегі маңызды қызметі анықталды. Зерттеу жұмысының әдіснамалық және теориялық негізі. Зерттеу жұмысының әдіснамалық негізін мифологиялық ойлау жүйесін құрылымдық, семиотикалық, мифопоэтикалық бағытта ұсынылған ғылыми тұжырымдар құрайды. Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозициялар мен актанттық құрылымдарды талдау барысында структурализм, семиотика, мифология, фольклортану ғылымдарының негізгі қағидалары басшылыққа алынды. Зерттеудің теориялық негізі ретінде мифтің құрылымдық табиғатын зерттеген К.Леви-Стросс еңбектері алынды. Зерттеушінің бинарлық оппозицияларды мифтік танымның негізі ретінде көрсеткен тұжырымдары зерттеу жұмысының теориялық талдауына негіз болды. Сонымен қатар мифтік баяндардағы кейіпкерлердің қызметін талдауда А.Ж. Греймас қалыптастырған актанттық модель теориясы негізге алынды. Ұлттық мифтік танымды талдауда Ш. Уәлиханов, Ә. Марғұлан, С. Қасқабасов, С. Қондыбай, Е. Тұрсынов сынды ғалымдардың еңбектеріндегі тұжырымдар мен пікірлер зерттеу жұмысындағы теориялық талдауларға арқау болды. Зерттеу әдісі. Зерттеу жұмысында қазақ және әлем әдебиеті мәтіндерін салыстырмалы-тарихи тұрғыда талдау; мифтік баяндардағы бинарлық оппозиция, актанттық құрылымдарды айқындауда мәдени-тарихи, мифопоэтикалық талдау және құрылымын структуралистік әдіс ұстанымдары талдау жүргізуге негіз болды. Зерттеудің теориялық және практикалық мәні. Зерттеу жұмысының нәтижесін мифтік таным мен сөз өнеріндегі бинарлық оппозиция, актанттық құрылым сынды әдебиеттану ғылымының ішкі аспектілерін таныту мақсатындағы зерттеулерде, арнайы пәндерде пайдалануға болады. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. Мифтік мотивтердің құрылымдық негізін бинарлық - оппозициялық жүйе құрайды. Хаос – космос, аспан – жер, жарық – қараңғы, өлім – өмір, ер – әйел сынды бірлік пен қарсылық сипаттары – архаикалық дүниетанымның негізгі танымдық моделі. Бұл ұғымдар мен нысандар бинарлық оппозицияның негізгі тетіктері ретінде жаратылыс заңдылығының сипаттары болып танылады. 2. Миф мәтіндеріндегі бинарлық оппозициялық құрылым тек ұғымдық мәнде ғана қолданылмайды. Олар актанттық жүйе арқылы миф кейіпкерлерінің қызметін, бір - бірінен ажырамайтын қарама - қарсы күштердің символдық сипатын танытады. 3. Мифтегі актанттық құрылым тек адам бейнесіндегі кейіпкерлер арқылы ғана емес, табиғи құбылыстар, ғарыштық нысандар, аспан денелері, жыртқыш аң-құс, жануарлар да актанттық құрылымдар арқылы танылады. Бұл сипат қазақ мифологиясына да тән болып келеді. 4. Дүниенің жаратылуы туралы миф мотивтерінде хаос пен космостың күресінен бастау алып, бейберекетсіздіктен жүйеленген әлемнің қалыптасуы сипатталады. Осы тұрғыдан алғанда аспан мен жер туралы мифтік баяндардағы бинарлық оппозициялық құрылым әрі бір-біріне қарсы сипатта, әрі үйлесімнің бастауы ретінде көрінеді. Яғни бірлік пен қайшылық арқылы әлем, өркениет дамиды. 5. Миф мотивтеріндегі нысандар мен құбылыстардың антропоморфты сипатта бейнеленуі табиғат пен адам арасындағы өзгеше байланысты, тұтастықты көрсетеді. Анимистік сенімнен туындаған табиғи құбылыстар мен нысандардың адамға тән әрекеті мифтік танымның көркем санадағы ерекшелігін танытады. 6. Мифтік баяндардағы актанттық құрылым арқылы өмірдің даму заңдылықтары, адамзаттық дүниетаным бастауы, рухани құндылықтардың қалыптасуы сипатталады. Зерттеу жұмысының құрылымы. Зерттеу жұмысы кіріспеден, негізгі үш бөлімнен (әр бөлім үш тараушадан), қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Негізгі бөлімдер іштей тараушаларға жіктелген. Зерттеу жұмысының сыннан өтуі мен жариялануы. Зеpттеу жұмысының нәтижелері бойынша 7 (жеті) ғылыми мақала жарық көрді. Соның ішінде: Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa – 1, ҚP ҒЖБМ Білім беpу және ғылым сaлaсын бaқылaу және aттестaция Комитеті бекіткен тізіміне енетін ғылыми бaсылымдapдa – 4, хaлықapaлық ғылыми-теоpиялық конфеpенция мaтеpиaлдapындa – 2 мақала жарияланды. Scopus aқпapaттap бaзaсынa енетін импaкт фaктоpлы бaсылымдa: 1. Unity and conflict of opposition in the structure of a literary text // Komunikacija i kultura online, Godina XV, broj 15, – 2024. P.1-19. ҚР ҒЖБМ ҒЖБСБК ұсынған ғылыми басылымдардағы жарияланымдар: 1. Бинарлық оппозицияның актанттық көрінісі // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. – 2024. – №2. – Б. 80-89. 2. Актанттық құрылымның мәтіндегі қызметі мен жүйесі // Торайғыров университетінің хабаршысы. – 2025. – №2. – Б. 6-19. 3. Бинарные оппозиции как маркер художественного сознания // Ш. Уәлиханов атындағы КУ хабаршысы. – 2025. – №1. – Б. 209-221. 4. Actantial structure of binary opposition in folklore analysis // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ хабаршысы. – 2025. – №2. – Б. 503-515. Халықаралық конференция баяндамалары және конференция жинақтарындағы: 1. Миф құрылымындағы бинарлық оппозицияның мәні // Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар: докторанттар мен магистранттарға арналған VI халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б. 12-17). 2. Нысандар мен құбылыстардың антропоморофтық бейнеде әрекет етуі // Филологиялық зерттеу бағыттары халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының материалдары (Астана, 2025. – Б. 165 -171).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
