
«8D02314 - Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ибрайханова Акмарал Коныровна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Ибрайханова Акмарал Коныровна «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «Сапарғали Бегалин шығармашылығының поэтикасы» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Қазақ әдебиеті кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Қамарова Нағбду Сұлтансихқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті қазақ филологиясы профессоры (Ақтау қ., Қазақстан)
Кажибаева Гульден Кенесовна – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры (Көкшетау қ., Қазақстан);
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Mетин Екижи – PhD доктор, профессор, PhD Түрік әлемдік зерттеулер институтының профессоры, Эгей университеті (Түркия);
Тулебаева Куралай Токтаровна – филология ғылымдарының кандидаты, Alikhan Bokeikhan University филология кафедрасының меңгерушісі, қауымдастырылған профессор (Семей қ., Қазақстан).
Адаева Ермек Сабырбаевна – филология ғылымдарының кандидаты, Назарбаев Университеті, қазақ тілі және түркітану департаментінің оқытушысы (Астана, Қазақстан)
Ғылыми кеңесшілері:
Әлтай Аманжол Дүйсенбайұлы – филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры м.а. (Астана қ., Қазақстан);
Мингазова Ляйля Ихсановна - филология ғылымдарының докторы, Қазан федералды университетінің профессоры (Қазан қ.,Татарстан Республикасы);
Қорғау 2026 жылғы 28 қараша, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02314 – Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/430079920103103?p=zXztIOqEW5OirxXHyG
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік ғимарат, №101 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Ибрайханова Акмарал Коныровнаның «Сапарғали Бегалин шығармашылығының поэтикасы» тақырыбындағы диссертациясы 8D02314 – «Әдебиеттану» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін дайындалған Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Бұл диссертациялық жұмыс қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын, прозашы, балалар жазушысы, драматург, аудармашы, фольклор жинаушы, мемуарист Сапарғали Ысқақұлы Бегалин шығармаларының поэтикасын кешенді түрде зерттеуге арналған. Зерттеуде қаламгер мұрасы тек балалар әдебиеті шеңберінде ғана емес, қазақ сөз өнерінің көпжанрлы, көпқабатты көркемдік жүйесі ретінде қарастырылады. С. Бегалин шығармашылығы қазақ әдебиетінде балалар прозасының қалыптасуымен, халықтық-фольклорлық мұраны көркем мәтінге енгізу тәжірибесімен, тарихи тұлғалар бейнесін танымдық-эстетикалық тұрғыдан танытумен, поэзия, проза, драматургия және публицистикалық-мемуарлық бағыттағы ізденістерімен ерекшеленеді. Қаламгердің «Қазақ қыз-бозбалаларына», «Ынтығып іздеп», «Бесік жыры», «Қуан, бөпем!», «Қанатты қазақ», «Қыран кегі», «Ұр, тоқпақ!» сияқты поэзиялық шығармалары; «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала Шоқан», «Шоқан асулары» тәрізді повестері; «Бала мерген», «Ермектің алмасы», «Жылқышы», «Есеннің кірпісі» сияқты әңгімелері; «Замана белестері» романы; Жамбыл, Шашубай, Естай, Иса, Тәттімбет, Ықылас, Майра, Әміре туралы очерктері оның шығармашылық диапазонының кеңдігін көрсетеді. Диссертацияда С. Бегалин шығармаларының жанрлық-типологиялық сипаты, тақырыптық-идеялық арналары, баяндау құрылымы, кейіпкерлер жүйесі, интермәтіндік байланыстары, фольклоризмдердің қолданылуы, поэзиясындағы көркемдік құралдар, прозасындағы пейзаж, портрет, деталь, символ, мекеншақ, диалог пен монологтың көркемдік қызметі жүйелі талданады. Жұмыс С. Бегалин поэтикасын көркем мәтін теориясы, тарихи поэтика, нарратология, интермәтінділік, фольклоризм, балалар әдебиеті поэтикасы және ұлттық әдеби дәстүр сабақтастығы тұрғысынан қарастыруға бағытталған. Зерттеу жұмысының өзектілігі. С. Бегалин – қазақ балалар әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына айрықша үлес қосқан қаламгер. Оның шығармалары бірнеше буын оқырманын тәрбиелеп, қазақ баласының табиғатпен, еңбекпен, ұлттық дәстүрмен, тарихи тұлғалармен байланысын көркем түрде танытты. Дегенмен қаламгер мұрасы көбіне балалар әдебиеті тарихы, тәрбиелік мәні, өмірбаяндық дерек, тақырыптық мазмұн тұрғысынан сөз болып келгенімен, оның шығармаларының поэтикалық жүйесі, яғни мәтіннің қалай құрылғаны, баяндау стратегиясы, көркемдік тәсілдері, жанрлық-типологиялық ерекшелігі, интермәтіндік және фольклорлық қабаттары арнайы кешенді зерттеуді қажет етеді. Зерттеу өзектілігі бірнеше ғылыми-теориялық және әдеби-тарихи факторлармен айқындалады. Біріншіден, С. Бегалин шығармашылығы көпжанрлы сипатта: ол өлең, баллада, поэма, әңгіме, повесть, роман, пьеса, очерк, естелік, зерттеу, аударма сияқты түрлі жанрларда еңбек етті. Мұндай көпжанрлы мұраны бір ғана балалар прозасы немесе тәрбиелік әдебиет аясында бағалау жеткіліксіз. Сондықтан қаламгер шығармаларын тұтас поэтикалық жүйе ретінде қарастыру – қазіргі әдебиеттанудың маңызды міндеттерінің бірі. Екіншіден, С. Бегалин шығармаларындағы фольклор үлгілері , халықтық баяндау, ертегілік-аңыздық сюжет, құсбегілік, аңшылық, төрт түлік, табиғат, туған жер, халық өнері, тарихи тұлғалар туралы мотивтер ұлттық мәдени жадының көркем мәтіндегі көрінісі ретінде маңызды. Қаламгердің «Ұр, тоқпақ!», «Қыран кегі», «Алтай аңызы» сияқты поэмалары халық ертегісі мен аңыздық дүниетанымды авторлық поэзияға айналдырса, «Сәтжан», «Көксегеннің көргендері», «Бала мерген» тәрізді прозалық шығармаларда табиғат пен бала мінезі, еңбек пен ұлттық тәжірибе сабақтаса беріледі. Бұл құбылыстарды интермәтінділік және фольклоризм теориясы негізінде талдау С. Бегалин поэтикасын тереңірек ашуға мүмкіндік береді. Үшіншіден, қаламгердің тарихи тұлғаларды танытудағы көркемдік әдісі де өзекті. «Бала Шоқан», «Шоқан асулары», «Ғалым Шоқан», «Жамбыл» сияқты шығармаларында автор тарихи деректі көркем образға айналдырады. Шоқан, Жамбыл, Тәттімбет, Ықылас, Әміре, Майра, Иса, Шашубай сияқты тұлғалар арқылы қазақ мәдениеті мен өнерінің рухани сабақтастығы танылады. Бұл шығармаларда деректілік пен көркем қиял, тарихи шындық пен балалар әдебиетіне тән танымдық баяндау өзара ұштасады. Төртіншіден, қазіргі қазақ әдебиеттануында көркем мәтінді поэтикалық тұрғыдан талдау тек тақырып пен идеяны анықтаумен шектелмейді. Қазіргі поэтика мәтіннің құрылымын, баяндаушы тұлғасын, фокализацияны, хронотопты, кейіпкерлер жүйесін, көркемдік құралдар мен стильдік өрнекті, мәтіннің басқа мәтіндермен байланысын қатар қарастыруды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда С. Бегалин шығармалары нарратологиялық, интермәтіндік, лингвопоэтикалық, тарихи-салыстырмалы талдауға лайық кең материал ұсынады. Бесіншіден, балалар әдебиеті поэтикасын зерттеу қазіргі ұлттық рухани тәрбие, мәдени жад, тілдік-танымдық мұра, этнопедагогикалық құндылықтар мәселелерімен тығыз байланысты. С. Бегалин балаларға арнап жазған шығармаларында құрғақ үгітке бармай, еңбек, табиғат, өнер, ғылым, адамгершілік, батылдық, жауапкершілік идеяларын көркем оқиға, диалог, пейзаж, деталь, бала психологиясы арқылы ашады. Бұл оның балалар әдебиетіндегі шеберлігін поэтикалық деңгейде зерттеудің өзектілігін арттырады. Зерттеу жұмысының нысаны – Сапарғали Бегалиннің шығармашылық мұрасы. Нақтырақ айтқанда, зерттеу нысанына қаламгердің өлеңдері, балладалары, поэмалары, балаларға арналған әңгімелері мен повестері, тарихи-биографиялық прозасы, «Замана белестері» романы, өнер адамдары мен халық ақындары туралы очерктері, драмалық шығармалары және өмірбаяндық, мемуарлық жазбалары кіреді. Зерттеу жұмысының пәні – С. Бегалин шығармаларының поэтикалық құрылымы, яғни оның жанрлық-типологиялық жүйесі, тақырыптық-идеялық арналары, баяндау тәсілдері, кейіпкерлер жүйесі, хронотоптық ұйымдасуы, интермәтіндік байланыстары, фольклоризмдері, көркемдік-стильдік құралдары және балалар әдебиетіне тән эстетикалық ерекшеліктері. Зерттеу жұмысының мақсаты мен міндеттері. Зерттеу жұмысының мақсаты – Сапарғали Бегалин шығармаларының поэтикасын кешенді түрде талдап, қаламгер мұрасының жанрлық, тақырыптық, нарративтік, интермәтіндік, фольклорлық және көркемдік-стильдік ерекшеліктерін ғылыми тұрғыдан айқындау.Осы мақсатқа жету үшін төмендегідей міндеттер қойылады: 1. С. Бегалин мұрасының зерттелу тарихын саралап, қаламгер шығармашылығы туралы ғылыми, сын, естелік еңбектерге шолу жасау. 2. С. Бегалин шығармаларының жанрлық-типологиялық сипатын анықтап, поэзия, проза, драматургия, публицистикалық-мемуарлық бағыттағы шығармаларын жіктеу. 3. Қаламгер шығармаларының тақырыптық-идеялық арналарын айқындау. 4. С. Бегалин поэзиясындағы баяндау құрылымын, лирикалық субъект типтерін анықтау. 5. Ақын өлеңдері мен поэмаларындағы көркемдік құралдарды талдау. 6. Қаламгер прозасындағы баяндау құрылымын, нарратор типін, фокализацияны, пейзаж, портрет, деталь, символ, диалог, монолог, мекеншақтың көркемдік қызметін талдау. 7. Қаламгер шығармаларындағы кейіпкерлер жүйесін, бала кейіпкер моделін, тарихи тұлға бейнесін, мемуарлық баяндау ерекшелігін анықтау. 8. Қаламгер шығармаларындағы фольклоризм түрлерін анықтау. 9. С. Бегалин поэтикасының қазақ балалар әдебиетіндегі және ұлттық әдебиет тарихындағы орнын ғылыми тұрғыдан тұжырымдау. Зерттеу әдістері. Диссертациялық жұмыста зерттеу нысанының көпқабатты табиғатына сәйкес бірнеше әдіс кешенді түрде қолданылды. Жанрлық-типологиялық талдау әдісі С. Бегалиннің өлең, баллада, поэма, әңгіме, повесть, роман, пьеса, очерк, естелік, зерттеу сияқты жанрлардағы шығармаларын жүйелеуге қолданылды. Құрылымдық талдау әдісі мәтіннің композициялық ұйымдасуын, сюжет желісін, эпизодтардың байланысын, көркемдік компоненттердің өзара қызметін ашуға бағытталды. Нарратологиялық талдау әдісі прозалық шығармалардағы баяндаушы тұлғасын, нарратор типін, фокализацияны, баяндау уақыты мен оқиға уақытының арақатынасын, диалог пен монологтың қызметін анықтау үшін қолданылды. Интермәтіндік талдау әдісі С. Бегалин мәтіндеріндегі Абай дәстүрінің жалғастығын, фольклорлық претексті, ертегілік-аңыздық сюжеттерді, халықтық формулаларды, аллюзия, реминисценция, стильдеу, еліктеу, фольклоризм құбылыстарын қарастыруға негіз болды. Статистикалық-библиографиялық жүйелеу әдісі қаламгер шығармаларын жанрлық тұрғыдан топтастыру, шығарма атауларын реестрлеу, поэзия, проза, драматургия, публицистика салаларындағы үлесін анықтау барысында пайдаланылды. Зерттеу жұмысының ғылыми-теориялық және әдіснамалық негізі. Диссертациялық жұмыстың ғылыми-теориялық негізін поэтика, мәтін теориясы, нарратология, интермәтінділік, фольклоризм, балалар әдебиеті поэтикасы, тарихи поэтика және лингвопоэтика салаларындағы отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектері құрайды. Поэтика теориясын қарастыруда Аристотельдің мимесис, фабула, әрекет тұтастығы туралы тұжырымдары; А. Байтұрсынұлының сөз өнері, айшық, көріктеу, өлең құрылымы туралы ұлттық әдеби-теориялық жүйесі; З. Қабдоловтың поэтика мен әдебиет теориясы туралы пайымдары; З. Ахметовтің қазақ өлеңінің буын, бунақ, ырғақ, ұйқас жүйесі туралы зерттеулері басшылыққа алынды. З. Ахметов өлең тілінің бейнелілігі мен кестелілігі поэзиядағы ой мен сезімді әсерлі жеткізудің басты шарты екенін көрсетеді. Бұл тұжырым С. Бегалин поэзиясындағы көркемдік құралдарды талдауда әдістемелік негіз болды. Көркем мәтін теориясы мен құрылымдық поэтика мәселелерін талдауда Б. Томашевский, В. Жирмунский, Ю. Лотман, Р. Якобсон, Н. Валгина, И. Гальперин, Н. Болотнова, В. Хализев еңбектері пайдаланылды. Ю. Лотман мәтінді мәдени ақпаратты сақтайтын әрі жаңа мағына тудыратын күрделі семиотикалық жүйе деп қарастырады. Бұл пікір С. Бегалин шығармаларындағы ұлттық мәдени кодтарды, фольклорлық және тарихи жады қабаттарын талдауға негіз болады. Нарратологиялық талдауда М. Бахтиннің хронотоп, диалогизм, көпдауыстылық туралы тұжырымдары, Ж. Женетттің баяндау уақыты, дауыс, фокализация категориялары, Б. Успенскийдің көзқарас нүктесі туралы қағидалары ескерілді. М. Бахтин хронотопты көркем шығармадағы уақыт пен кеңістіктің мәнді байланысы ретінде түсіндіреді. Бұл ұғым С. Бегалин прозасындағы ауыл, дала, тау, орман, жол, мектеп, қала, тарихи сапар мекеншақтарын талдауда негізгі теориялық тірек ретінде алынды. Интермәтінділік пен фольклоризм мәселесінде М. Бахтиннің «бөгде сөз» және мәтіндер диалогы туралы ойлары, Ю. Кристева, Р. Барт, Н. Пьеге-Гро, Н. Фатеева, И. Арнольд, В. Чернявская еңбектері пайдаланылды. Фольклоризмді талдауда А. Костина, Д. Медриш, А. Зинедина, Б. Абдыханова, С. Қасқабасов, В. Пропп еңбектеріндегі фольклорлық формула, фольклорема, сюжет, мотив, ертегілік құрылым, прецедентті мәтін туралы тұжырымдар негізге алынды. Балалар әдебиеті поэтикасын қарастыруда М. Жұмабаев, М. Әлімбаев, Ш. Ахметов, С. Қирабаев, Б. Ыбырайымов, А. Әлтай, Б. Ақыш, Б. Қапасова, Ж. Рүстемова, Г. Қажыбаева, Қ. Жарықбаев еңбектері әдіснамалық тірек ретінде пайдаланылды. Балалар әдебиетін зерттеушілердің бала психологиясы, танымдық қабылдау, тілдік қарапайымдылық, көрнекі бейнелілік, тәрбиелік-эстетикалық бірлік туралы тұжырымдары С. Бегалин шығармаларын талдауда маңызды орын алады. С. Бегалин мұрасының зерттелуіне қатысты С. Мұқанов, С. Қирабаев, Р. Нұрғали, Р. Сыздық, Н. Ғабдуллин, Б. Ыбырайымов, Б. Ақыш және басқа зерттеушілердің еңбектері пайдаланылды. Р. Нұрғали С. Бегалинді поэзия, проза, драматургия, зерттеу, естелік салаларында еңбек еткен көпжанрлы суреткер ретінде бағалайды. Бұл пікір диссертацияның жанрлық-типологиялық талдауына негіз болды. Зерттеу жұмысының дереккөздері – С. Бегалиннің әр жылдары жарық көрген шығармалары, көптомдық жинақтары, жеке кітаптары, қолжазба және өмірбаяндық материалдары, естелік-очерктері, сондай-ақ қаламгер туралы ғылыми, сын, мемуарлық еңбектер. Зерттеудің ғылыми жаңалығы. Диссертациялық жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегідей тұжырымдармен сипатталады: 1. С. Бегалин шығармалары алғаш рет поэзия, проза, драматургия, публицистикалық-мемуарлық бағыттарды қамтитын тұтас поэтикалық жүйе ретінде кешенді қарастырылады. 2. Қаламгер мұрасы жанрлық-типологиялық тұрғыдан жүйеленіп, өлең, баллада, поэма, әңгіме, повесть, роман, пьеса, очерк, естелік, аударма жанрлары бойынша сараланады. 3. С. Бегалин шығармаларындағы екі ірі тақырыптық арна – фольклорды таныту және тұлғаны таныту – поэтикалық жүйе ретінде негізделеді. 4. Ақын поэзиясындағы лирикалық субъект типтері, баяндау формалары, Абай дәстүрі мен фольклор үлгілерінің көрінісі арнайы талданады. 5. С. Бегалин поэзиясындағы көркемдік құралдар жүйеленген. 6. Ақын өлеңдерінің буын, бунақ, ұйқас, ырғақ жүйесі талданып, оның балаларға арналған поэзиясында қысқа ырғақ, қайталау, дыбыстық ойын, фольклорлық әуездің басымдығы; азаматтық және поэмалық шығармаларында эпикалық ырғақ пен толғаулық интонацияның кең қолданылатыны анықталады. 7. С. Бегалин прозасындағы нарратор типтері, тарихи-биографиялық баяндау, табиғаттық-психологиялық пейзаж, этнографиялық деталь, диалог пен монолог қызметі арнайы қарастырылады. 8. Қаламгер шығармаларындағы фольклоризмдер интермәтінділік теориясы бойынша формулалық, мотивтік, бейнелік, құрылымдық, хронотоптық деңгейлерге жіктеледі. 9. С. Бегалин шығармаларындағы балалар әдебиетіне тән танымдық, тәрбиелік, эстетикалық және ұлттық-мәдени қызметтер поэтикалық құрылым тұрғысынан айқындалады. Зерттеу жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Зерттеу жұмысының теориялық маңызы С. Бегалин шығармаларын поэтика теориясы негізінде кешенді қарастыруымен айқындалады. Диссертация нәтижелері қазақ балалар әдебиеті поэтикасын, жеке қаламгер поэтикасын, тарихи-биографиялық проза поэтикасын, фольклоризм және интермәтінділік мәселелерін зерттеуге үлес қосады. Жұмыста қолданылған поэтикалық талдау үлгісі – жанр, тақырып, баяндау, хронотоп, кейіпкерлер жүйесі, көркемдік құрал, интермәтін, фольклоризм сияқты бірнеше деңгейдің тұтастығын сақтай отырып талдау – қазақ әдебиеттануындағы жеке автор шығармашылығын зерттеудің әдіснамалық үлгісі ретінде маңызды. Зерттеу жұмысының практикалық маңызы алынған нәтижелерді жоғары оқу орындарында «Қазақ әдебиеті тарихы», «Балалар әдебиеті», «Әдебиет теориясы», «Көркем мәтінді талдау», «Қазақ прозасының поэтикасы», «Қазақ поэзиясының поэтикасы», «Нарратология», «Интермәтінділік теориясы», «Фольклор және жазба әдебиет байланысы» пәндері мен арнайы курстарда пайдалануға болатындығымен сипатталады. Сондай-ақ зерттеу материалдары мектеп пен колледждерде С. Бегалин шығармаларын оқытуда, балалар әдебиеті бойынша оқу құралдарын, әдістемелік нұсқаулықтарды, әдебиеттанулық анықтамалықтарды әзірлеуде, қаламгер шығармаларын қайта басуға арналған түсініктемелер мен ғылыми алғысөздер жазуда қолданылуы мүмкін. Қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар: 1. С. Бегалин шығармашылығы – поэзия, проза, драматургия, публицистика, мемуаристика, аударма, фольклорлық-зерттеушілік еңбектерді қамтитын көпжанрлы көркемдік жүйе. 2. Қаламгердің поэтикалық болмысын айқындайтын басты ерекшелік – балалар әдебиеті, ұлттық фольклор, тарихи тұлға, табиғат, еңбек, халық өнері және ағартушылық идеялардың біртұтас көркем жүйеге бірігуі. 3. С. Бегалин шығармаларында екі негізгі тақырыптық арна айқын көрінеді: біріншісі – фольклорды таныту, екіншісі – тұлғаны таныту. Бұл екі арна ұлттық мәдени жадты сақтау және жас ұрпаққа жеткізу мақсатында тоғысады. 4. Ақын поэзиясындағы Абайдың ақындық дәстүрі формалық еліктеу деңгейінде ғана емес, ағартушылық, талап, оқу, мінез түзеу, әлеуметтік сын, риторикалық түйін деңгейінде көрінеді. 5. С. Бегалин поэзиясындағы фольклор үлгілері бесік жыры, балалар ойыны, жануармен тілдесу, ертегі, аңыз, батырлық жыр, толғаулық интонация арқылы жүзеге асады. 6. Қаламгер прозасындағы бала кейіпкерлер табиғатпен, еңбекпен, үлкендер тәжірибесімен байланыста қалыптасады. Сәтжан, Көксеген, Уаш, Мысық, бала Шоқан сияқты кейіпкерлер арқылы жазушы ізденімпаз, еңбекқор, әділетшіл, табиғатты танитын, ұлттық дәстүрді бойына сіңірген бала моделін жасайды. 7. «Бала Шоқан», «Шоқан асулары», «Ғалым Шоқан» шығармаларында тарихи тұлға бейнесі деректілік пен көркем жинақтау арқылы жасалып, Шоқан бейнесі білім, өнер, халықтық талант, гуманизм және ұлттық сана символына айналады. 8. С. Бегалин поэзиясы мен прозасында фольклоризмдер цитата түрінде ғана емес, көбіне аллюзия, реминисценция, стильдеу, мотивтік және хронотоптық ұқсастық түрінде көрінеді. 9. Қаламгердің көркемдік тілі этнографиялық лексикаға, табиғат атауларына, аңшылық-құсбегілік терминдерге, балалар сөйлеуіне жақын қарапайым интонацияға, фольклорлық формула мен бейнелі детальға бай. Зерттеудің жарияланымы мен мақұлдануы. Scopus деректер базасына енетін журналда 1мақала жарияланды: 1. Genre features of hunting in literature: Comparative analysis // CuadernosDeInvestigaciónFilológica. – 2026. – №59. – P. 301-326. Халықаралық журналда 1 мақала жарияланды: 1. Typology of Children’s Images in Modern Kazakh and English Children’s Literature // Forum for Linguistic Studies. – 2025. – Vol. 7, №10. – P. 152-164. Зерттеу идеясы мен тұжырымдары бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған ғылыми басылымдарда 2 мақала жарияланды: 1. С. Бегалин поэмаларындағы ертегі, аңыздар ізі // Еуразия гуманитарлық институтының Хабаршысы. Филология сериясы. – 2024. – №1. – Б. 143-157. 2. С. Бегалин поэмаларындағы тарих тағылымы // Абылайхан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. – 2024. – №1. – Б. 476-492. Диссертация бойынша негізгі ғылыми-теориялық нәтижелер (5 мақала) отандық халықаралық конференция жинақтарында жарияланып, секциялық отырыстарда баяндалды: 1. С. Бегалиннің «Замана белестері» романындағы кейіпкерлер бейнесінің сомдалуы // «Заманауи ғылымның өзекті мәселелері мен жетістіктері» атты халықаралық конференция материалдары (Нұр-Cұлтан, 2022. – Б. 345-351). 2. С. Бегалиннің «Шоқан асулары» повесіндегі кейіпкер бейнесінің сомдалуы // «Филология ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар» VI халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары (Астана, 2023. – Б.29-136). 3. С. Бегалиннің поэзия жанрындағы ізденістері // З.Ахметовтің 95 жылдығына арналған «Гуманитарлық ғылымдар тоғысындағы әдебиеттанудың жаңа парадигмалары» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференцияматериалдары (Астана, 2023. – Б. 146-151). 4. С. Бегалиннің балаларға арналған әңгімелерінің тәрбиелік мәні // Р. Минулиннің 75 жылдығына арналған конференция материалдары жинағы. – (Қазан, 2023. – Б. 437-445). 5. С. Бегалиннің «Замана белестері» романындағы дәуір шындығы // «Жаһандану кезеңінде студенттердің мәдениетаралық коммуникациясын қалыптастырудағы психологиялық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияматериалдары (Астана, 2024. – Б. 235-242).
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
