
«8D02310 - Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бейсенова Малика Канатовна диссертациясын қорғауы

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Бейсенова Малика Канатовна «8D02310 – Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша «Қазақстандық медиадискурстағы англицизмдердің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Шетел филология кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Ахатова Багила Абильможиновна – филология ғылымдарының докторы, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті халықаралық коммуникациялар кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан).
Ибраева Анар Бауыржанқызы – филология ғылымдарының кандидаты, Maqsut Narikbayev University (MNU) университетінің провосты (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Саурбаев Ришат Журкенович – филология ғылымдарының кандидаты, шетел филологиясы кафедрасының профессоры, «Торайғыров Университеті» КеАҚ (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы);
Нефедова Лилия Амиряновна – филология ғылымдарының докторы, профессор, лингвистика және аударма факультетінің деканы, «Челябі мемлекеттік университеті» ФМББМ ЖОО (Челябі қ., Ресей Федерациясы);
Нурзия Абдикарим – филология ғылымдарының кандидаты, «Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» КеАҚ-тың терминология бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Кенжетаева Гүлзира Кабаевна – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің шетел филологиясы кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан).
Кушева Гергана Василева – философия докторы (PhD), Әулие Кирилл мен Мефодий атындағы Велико-Тырново университетінің ағылшын тілі және американистика кафедрасының аға оқытушысы (Велико-Тырново қ., Болгария).
Қорғау 2026 жылғы 28 қараша, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02310 – Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 – Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/82318670755?pwd=rM4rjIhjDosUpVLvdOaNbCmLcElrSU.1
Конференция ID: 823 1867 0755
Кіру коды: 729905
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, Бас ғимарат, Мәжіліс залы, № 302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): 8D02310 – «Шетел филологиясы» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған Бейсенова Малика Қанатқызының «Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктері» тақырыбындағы диссертациясына Зерттеу тақырыбының өзектілігі ағылшын тілінен басқа тілдердің жүйесіне енген кірме сөздерді талдауға арналған ғылыми зерттеулердің көптігіне қарамастан, англицизмдердің тілге енуі, игерілуі мен қолданысқа түсуі, сондай-ақ олардың медиадискурс аясындағы коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін айқындау мәселелерінің Қазақстан медиалингвистикасы үшін ерекше ғылыми қызығушылық тудыруымен негізделеді. Қазақстан Республикасы Конституциясының 7-бабына сәйкес, қазақ тілі мемлекеттік тіл болып табылады, ал орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады. Мұндай тілдік ахуал Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің қызмет етуіне өзіндік жағдай қалыптастырады. Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің бейімделуі мен прагматикалық тұрғыдан жүзеге асуы институционалдық қостілділік жағдайында өтеді. Зерттеудің өзектілігі ресми қостілділік жағдайында қазақ және орыс тілдері қатар қолданылған кезде ағылшын тілінен енген кірме сөздердің ерекше коммуникативтік-прагматикалық мәнге ие болуымен де байланысты. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында ағылшын тілінің халықаралық интеграция, ғылыми және технологиялық даму құралы ретіндегі маңыздылығы атап көрсетілген. Осылайша, аталған құжат ағылшын тілінің қоғамдық кеңістіктегі маңызын айқындап, Қазақстан медиадискурсында англицизмдердің қолданылу аясын кеңейтуге алғышарттар жасайды. Бұл ретте басымдық, сөзсіз, мемлекеттік тілге беріледі, алайда жаһандану, цифрлық коммуникация мен медиакеңістіктің ықпалы ағылшын тілінің жаңа лексикалық бірліктер көзі ретіндегі рөлін күшейтеді. Тілдік кірме сөздер мәселесіне қызығушылық артқанына қарамастан, Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің қызмет етуінің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктері осы уақытқа дейін жеткілікті дәрежеде зерттелмеген. Ғылыми еңбектерде көбіне кірме сөздерге тән жалпы үрдістер қарастырылады, ал көптілділік пен мәдени әркелкілікке байланысты қазақстандық медиакеңістіктің өзіндік ерекшеліктері жеке кешенді талдауды қажет етеді. Демек, осы зерттеудің өзектілігі англицизмдерді Қазақстан медиадискурсының маңызды элементі ретінде жүйелі түрде зерделеу, олардың қызметтерін, тұлғалық бейімделуін және аудиторияға прагматикалық әсерін анықтау қажеттілігімен айқындалады. Мұның Қазақстан жағдайында медиалингвистика мен әлеуметтік лингвистиканы дамыту үшін маңызы зор. Англицизмдердің қолданылуын шектеуге және оларды ұлттық баламалармен алмастыруға бағытталған пуристік ұстанымдар медиадискурстың жеделдік, экспрессивтілік және жаһандық ақпараттық үрдістерге бағдарлану сияқты коммуникативтік-прагматикалық міндеттерімен қайшылыққа түседі. Соның нәтижесінде Қазақстан медиакеңістігінде тілдік таңдау вариативтілігі қалыптасады: англицизмдер мен олардың ұлттық баламалары медиамәтін жанрына, мақсатты аудиторияға және автордың прагматикалық мақсаттарына қарай қатар қолданылып, өзара бәсекеге түседі. Осыған байланысты англицизмдердің пуристік қысым жағдайында қалай қызмет ететінін, қандай прагматикалық қызметтер атқаратынын және оларды аудиторияның қалай қабылдайтынын талдау ерекше өзектілікке ие болады. Бұл мәселені зерттеу Қазақстандағы қазіргі тілдік үдерістерді тереңірек түсінуге және медиадискурстың жаһандық және ұлттық тілдік үрдістер өзара ықпалдасатын кеңістік ретіндегі ерекшелігін ашуға мүмкіндік береді. Зерттеу нысаны – Қазақстан медиадискурсында қолданылатын англицизмдер. Зерттеу пәні – Қазақстан медиадискурсы құрылымындағы англицизмдердің қызмет етуінің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктері. Зерттеудің мақсаты – орыс және қазақ тілдеріндегі медиамәтіндер негізінде Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің қызмет етуінің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін жан-жақты талдау, сондай-ақ олардың коммуникация үдерісіндегі рөлі мен қызметтерін анықтау. Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттерді орындау көзделеді: Қойылған мақсатқа жету үшін төмендегі міндеттерді орындау көзделеді: 1. Медиакоммуникациядағы англицизмдерді зерттеудің теориялық тәсілдерін жинақтап, жүйелеу және олардың медиамәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуының құрамдас бөлігі ретіндегі рөлін айқындау. 2. Медиамәтін жанрын, жарияланым тілін және қостілді қоғамдық кеңістіктің жағдайларын ескере отырып, Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің қызмет етуінің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктерін анықтау. 3. Англицизмдердің морфологиялық кірігуін олардың коммуникативтік-прагматикалық бейімделуі мен Қазақстан медиатілінде жүйелі түрде орнығуының көрсеткіші ретінде талдау. 4. Қазақстан аудиториясының медиакеңістіктегі англицизмдердің қолданылуына қатынасын зерттеу және олардың коммуникативтік-прагматикалық бірліктер ретінде қабылдану ерекшеліктерін айқындау. Зерттеу дереккөздері ретінде Қазақстанның медиа саласындағы шынайы медиамәтіндерде кездесетін англицизмдер алынды. Олардың қатарында Қазақстанның жетекші жаңалықтар порталдары, белгілі қазақстандық блогерлердің әлеуметтік желілердегі блогтары және жарнамалық жарияланымдар бар. Зерттеудің эмпирикалық негізін 2023–2025 жылдардағы 12 000 медиамәтін құрады: үш тақырыптық санаттың әрқайсысы – жаңалық материалдары, жарнамалық мәтіндер және блогтар – бойынша орыс тілінде 2000 және қазақ тілінде 2000 мәтін қамтылды. 2023–2025 жылдар кезеңі зерттеу міндеттеріне сәйкес мақсатты түрде таңдалды. Біріншіден, бұл – материалдың жеткілікті дәрежеде репрезентативті көлемін жинақтауға және сонымен қатар корпус қамтитын уақыт аралығының шамадан тыс ұлғаюына жол бермеуге мүмкіндік беретін хронологиялық тұрғыдан үздіксіз үш жылдық кезең. Екіншіден, зерттеу Қазақстан медиакеңістігіндегі англицизмдердің қазіргі кезеңдегі қолданысын сипаттауға бағытталғандықтан, мүмкіндігінше өзекті тілдік материалды талдау қағидатты мәнге ие болды. Үшіншіден, дәл осы кезеңде англицизмдердің негізгі таралу арналары болып табылатын цифрлық коммуникация форматтары – әлеуметтік желілер, блогерлік дискурс, интернет-жарнама және онлайн бұқаралық ақпарат құралдары – ерекше қарқынмен дамыды. Төртіншіден, орыс және қазақ тілдеріндегі материалдар үшін бірдей уақыт шеңберінің белгіленуі алынған деректерді тілдер мен медиадискурс түрлері бойынша салыстыруға мүмкіндік береді. Зерттеудің мақсаты мен міндеттері төмендегі әдістерді таңдауға негіз болды: 1. Тұтас іріктеу әдісі – орыс және қазақ тілдеріндегі медиамәтіндердің таңдалған корпусынан англицизмдердің қолданылуының барлық жағдайларын іріктеу үшін пайдаланылды. Бұл әдіс материалдың толық қамтылуын қамтамасыз етіп, тілдік бірліктердің кездейсоқ назардан тыс қалуының алдын алуға мүмкіндік береді. 2. Прагматикалық талдау – сөйлеу әрекетін немесе мәтінді зерттеу әдісі; ол тілдік құралдардың нақты қарым-қатынас жағдаяттарында сөйлеушінің мақсатына жету үшін қалай қолданылатынына назар аударады. Бұл әдіс контексті, сөйлеу тактикаларын және жасырын интенцияларды (ниеттерді) ескере отырып, автор мен адресаттың өзара әрекеттесуін талдайды. 3. Дескриптивтік (сипаттамалық) әдіс – іріктелген англицизмдердің прагматикалық және морфологиялық сипаттарын, сондай-ақ олардың орыс және қазақ тілдерінің нормаларына бейімделу жолдарын сапалық тұрғыдан талдау үшін қолданылды. 4. Салыстырмалы әдіс – орыс және қазақ тілдеріндегі медиамәтіндерде англицизмдердің қызмет ету ерекшеліктерін салыстыру үшін қолданылды. Бұл олардың қолданысындағы ортақ және ұлттық-ерекше белгілерді анықтауға мүмкіндік береді. 5. Сауалнама әдісі (сандық әдіс) – тіл тұтынушыларының англицизмдерді қабылдауына қатысты эмпирикалық деректерді жинау үшін пайдаланылды. Алынған жауаптар мәтіндік талдау нәтижелерін респонденттердің нақты тілдік ұстанымдары және бағалауларымен салыстыруға мүмкіндік берді. 6. Сауалнама нәтижелерін талдауда Манн–Уитнидің U-критерийі, Спирменнің рангтік корреляциясы және индекстік талдау да қолданылды. Манн–Уитнидің U-критерийі респонденттердің тәуелсіз топтары арасындағы статистикалық мәні бар айырмашылықтарды анықтауға мүмкіндік берді. Спирмен корреляциясы англицизмдердің қолданылу жиілігі, олардың қабылдануы және оларға деген қатынас арасындағы байланысты айқындау үшін пайдаланылды. Индекстік талдау сауалнама деректерін жалпылау, сондай-ақ англицизмдердің қолданылуы, уәждемесі, қабылдануы және нормативтік бағалануы бойынша кешенді көрсеткіштерді есептеу үшін қолданылды. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін төмендегі ғалымдардың еңбектері құрады: Медиадискурс саласында: Б.А. Ахатова, Г. Добросклонская, Л.Р. Дускаева, И.В. Анненкова, Д.Н. Шмелев, В.Г. Костомаров, М.Н. Володина, С.И. Бернштейн, Б.В. Кривенко, Г.Я. Солганик, Э.В. Будаев, Т.В. Шмелева, М. Монтгомери, А. Белл, Н. Фейерклаф, Р. Фаулер, Т. ван Дейк, М.В. Гречихин, Э.Д. Сулейменова, Г.И. Исина, Л.С. Ахметова. Прагмалингвистика саласында: Дж. Р. Серль, Г.П. Грайс, Дж. Остин, О.С. Иссерс, М.Л. Макаров, Р. Шталнакер, С. Левинсон, Н.Д. Арутюнова, А.Ю. Маслова, О.Г. Почепцев, Г.Г. Матвеева, Г.В. Колшанский, Ю.С. Степанов, З.К. Темиргазина, М.Л. Анафинова, Г.Н. Кенжебалина, Г.К. Шаикова, Э.Д. Сулейменова, Қ.Ө. Есенова, Ф.Т. Саметова. Кірме сөздер саласында: М.А. Брейтер, Г.О. Винокур, Я.А. Витюховская, А.И. Дьяков, И.В. Заботкина, А.А. Брагина, Т.Г. Линник, В.М. Баристова, С.С. Изюмская, С.А. Беляева, М. Герлах, Э. Хауген, Б.Л. Хоффер, Б.М. Тлеубердиев, В.А. Исенгалиева, Г.Ш. Анайбаева. Зерттеудің ғылыми жаңалығы – жұмыста алғаш рет Қазақстанның қазіргі медиадискурсында қолданылатын англицизмдердің коммуникативтік-прагматикалық ерекшеліктері анықталып, жүйеленді. Талдау барысында Қазақстан медиамәтіндерінде ағылшын тілінен енген кірме сөздердің қолданылуы тек номинативтік қызметпен шектелмейтіні, олардың нақты прагматикалық мақсаттарға: сарапшылық бедел қалыптастыруға, аудиторияның белгілі бір топтарына бағытталуға және сөйлеу үнемділігі стратегияларын іске асыруға бағынатыны айқындалды. Англицизмдер кездесетін әртүрлі медиамәтіндерге жүргізілген прагматикалық талдау олардың қызмет етуінің негізгі тетіктерін, ақпарат жеткізу тәсілдерін және адресатқа коммуникативтік ықпалын ашып көрсетеді. Англицизмге авторлық анықтама ұсынылды. Сонымен қатар зерттеу аясында Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің қысқаша сөздігі әзірленіп, онда кірме бірліктер мағынасы, қолданылу аясы және коммуникативтік-прагматикалық қызметі ескеріле отырып жүйеленді. Зерттеудің теориялық маңыздылығы оның Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдердің коммуникативтік-прагматикалық тұрғыдан қызмет етуіне қатысты жеткіліксіз зерттелген мәселелерді толықтыруымен айқындалады. Кірме лексика мен медиатілге арналған еңбектер болғанымен, Қазақстандағы орыс және қазақ тілдеріндегі медиамәтіндерде англицизмдердің қолданылу ерекшеліктері осы уақытқа дейін кешенді түрде қарастырылмаған. Осыған орай зерттеу англицизмдердің прагматикалық әлеуеті, олардың медиамәтінді ұйымдастырудағы рөлі және қостілді медиакеңістікте қызмет ету ерекшеліктері туралы ғылыми түсініктерді нақтылауға үлес қосады. Алынған нәтижелер ағылшын тілінің ықпалынан туындайтын тілдік өзгерістер жөніндегі теориялық түсініктерді кеңейтеді және медиалингвистика, әлеуметтік лингвистика, лингвопрагматика мен тілдік байланыстарды зерттеу салаларын одан әрі дамытуда пайдаланылуы мүмкін. Зерттеудің практикалық маңыздылығы – жұмыстың материалдары мен тұжырымдарын медиалингвистика, әлеуметтік лингвистика, лингвопрагматика, лексикология және тілдік байланыстар теориясы бойынша оқу курстарын әзірлеу кезінде қолдануға болатындығында. Зерттеу нәтижелерін орыс және қазақ тілдеріндегі қазіргі медиамәтіндерді талдауда, сондай-ақ Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдерге арналған оқу және анықтамалық материалдарды дайындауда пайдалануға болады. Жиналып, жүйеленген тілдік материал лексикографиялық тәжірибеде, атап айтқанда, англицизмдер сөздіктерін құрастыруда, сондай-ақ филология және журналистика бағытындағы пәндерді оқытуда қолданылуы мүмкін. Алынған деректер зерттеушілерге, оқытушыларға, студенттерге, магистранттар мен докторанттарға, сонымен қатар медиа және бұқаралық коммуникация саласының мамандарына пайдалы болуы мүмкін. Диссертациялық зерттеуде қорғауға ұсынылатын төмендегідей тұжырымдар жасалды: 1. Қазіргі медиакоммуникациядағы англицизмдерді тек тілдік байланыстардың нәтижесі және тілдің сөздік құрамының элементі ретінде ғана емес, сонымен қатар ақпарат жеткізуге, мазмұнды құрылымдауға және адресатқа ықпал етуге қатысатын медиамәтіннің коммуникативтік-прагматикалық ұйымдасуының маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажет. Олардың медиамәтіндегі қызметі автор интенциясының жүзеге асуымен байланысты, өйткені англицизмді таңдау көбіне хабарламаның ақпараттық тығыздығын арттыруға, оның өзектілігін күшейтуге және аудиторияның материалды белгілі бір қырынан қабылдауын қалыптастыруға ұмтылудан туындайды. 2. Қазақстан медиадискурсында англицизмдер жүйелі коммуникативтік-прагматикалық ресурс ретінде қызмет етеді. Олардың қолданылуы медиамәтін жанрына, оның мақсаттық бағдарына және жарияланым тіліне ғана емес, қостілді қоғамдық кеңістіктің ерекшеліктеріне де байланысты. Осындай жағдайда ағылшын тілінен енген кірме сөздер номинативтік, компрессиялық, аттрактивтік, сәйкестендіру және экспрессивтік қызметтер атқарады. Жаңалықтар лентасында англицизмдер негізінен номинативтік-терминологиялық, компрессиялық және мәртебелік-сарапшылық қызметтерді; жарнамада – аттрактивтік және имидждік-сендіру қызметтерін; блогерлік дискурста – сәйкестендіру, экспрессивтік және фатикалық қызметтерді жүзеге асырады. Бұл олардың прагматикалық әлеуетінің медиамәтін жанрына тәуелді екенін көрсетеді. 3. Қазақстан медиадискурсының орыс және қазақ тілдеріндегі сегменттерінде англицизмдердің морфологиялық бейімделуі әртүрлі стратегиялар бойынша жүзеге асады. Орыс тіліндегі сегментте англицизмдердің бастапқы графикалық және фонетикалық тұлғасы көбіне сақталады, бұл заманауилық, жаһандық сипат және жедел медиакоммуникация әсерін күшейтеді. Қазақ тіліндегі сегментте, керісінше, кірме сөздердің грамматикалық кірігуі тереңірек байқалады: англицизмдер аффикстер, гибридтік тұлғалар, күрделі сөздер мен калькалар арқылы қазақ тілінің сөзжасам жүйесіне белсенді түрде енеді. Бұл айырмашылықтар тілдердің морфологиялық типологиясымен байланысты: орыс тілінің флективтік құрылымы кірме бірліктерге өзге тілдік тұлғасын ұзақ сақтауға мүмкіндік берсе, қазақ тілінің жалғамалы сипаты олардың грамматикалық байланыстар жүйесіне тезірек енуіне ықпал етеді. Бұл қазақ тіліндегі медиадискурстың англицизмдер негізінде өзіндік терминология қалыптастыру әлеуеті айқынырақ екенін, ал орыс тіліндегі сегменттің жаһандық терминологияны көбіне салыстырмалы түрде өзгеріссіз жеткізетінін көрсетеді. 4. Қазақстан медиакеңістігінде англицизмдер, ең алдымен, ықшамдылық, атаудың дәлдігі, цифрлық коммуникация және заманауилық әсерімен байланысты прагматикалық тұрғыдан уәжделген тілдік ресурс ретінде қызмет етеді. Олардың қолданылуы бейресми қарым-қатынас пен әлеуметтік желілерге көбірек тән, ал ресми-іскерлік салада оларға қатысты ұстамды көзқарас байқалады. Аудиторияның англицизмдерге қатынасы негізінен бейтарап-прагматикалық сипатта: респонденттер олардың қолайлылығы мен өзектілігін мойындай отырып, медиамәтіннің түсініктілігін және тілдік бірегейлікті сақтау үшін оларды мөлшермен әрі контекске сай қолдану қажеттігін де атап көрсетеді. Зерттеудің болжамы – Қазақстан медиадискурсындағы англицизмдер кездейсоқ лексикалық кірме сөздер емес, жаңа шынайы құбылыстарды атау, мағынаны ықшамдау, назар аударту, заманауи имидж қалыптастыру және мақсатты аудиторияға ықпал ету үшін қолданылатын функционалдық тұрғыдан маңызды коммуникативтік-прагматикалық бірліктер. Олардың қызметтері медиамәтіннің жанрына, жарияланым тіліне және автордың коммуникативтік мақсатына қарай өзгеріп отырады. Зерттеу нәтижелерінің жариялануы және апробациясы: Scopus (Q2) деректер базасына кіретін журналда 1 мақала жарияланды. 1. Beisenova M., Kenzhetaeva G., Beysembaeva G., Altynbekova G., Yerekhanova F., Akhmetbekova A., Trushev A. Communicative and pragmatic functioning of anglicisms in Kazakhstani news feeds // Eurasian Journal of Applied Linguistics. – 2025. – Vol. 11, No. 1. – P. 33–47. – DOI: https://doi.org/10.32601/ejal.11103 ҚР БҒМ Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің тізбесіне кіретін журналдарда 2 мақала жарияланды (2-тізім). 1. Beisenova M., Kenzhetaeva G. K., Kusheva G. V. Functions of anglicisms in the media discourse of Kazakhstan // Вестник Торайгыров университета. Филологическая серия. – 2024. – № 1. – С. 130–141. – DOI: https://doi.org/10.48081/FEIK8813 2. Бейсенова М., Кенжетаева Г. К., Аитова Ж. Ж. Морфологические характеристики англицизмов в казахстанском медиадискурсе (на примере социальных сетей) // Вестник Кокшетауского университета имени Ш. Уалиханова. Филологическая серия. – 2024. – № 3. – С. 64–78. – DOI: https://doi.org/10.59102/kufil/2024/iss3pp64-78 Халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар материалдарында 5 мақала жарияланды. 1. Бейсенова М., Кенжетаева Г. К., Кушева Г. В. Прагматические особенности использования англицизмов в условиях глобализации (на материале казахстанского медиадискурса) // Тіларалық интеграция, лингвистикалық және лингводидактикалық зерттеулердің мәселелері: материалы междунар. науч. конф. – Астана: Изд-во ЕНУ им. Л. Н. Гумилева, 2022. – С. 40–45. 2. Beisenova M., Kenzhetaeva G. K. English borrowings in the social network // Технологии перевода, сравнительное литературоведение и языкознание в зеркале научного наследия Ахмета Байтурсынова: материалы междунар. науч.-практ. конф. – Астана: ИП «Булатов А.Ж.», 2022. – С. 123–125. 3. Бейсенова М., Кенжетаева Г. К., Кушева Г. В. Речевое воздействие англицизмов как коммуникативно-прагматическая задача в медиатексте // ǴYLYM JÁNE BILIM – 2023: материалы XVIII междунар. науч. конф. студентов и молодых ученых. – Астана, 2023. – С. 2718–2721. 4. Бейсенова М. Прагматические особенности в казахстанской рекламе // ǴYLYM JÁNE BILIM – 2024: материалы XIX междунар. науч. конф. студентов и молодых ученых. – Астана, 2024. – С. 3363–3367. 5. Бейсенова М. Англицизмы в казахстанском интернет-дискурсе // Лучшая научная работа – 2024: I междунар. коллекция научных работ ученых стран СНГ. – Астана, 2024. – С. 38–42. РИНЦ (ЖАК) деректер базасына кіретін журналда 1 мақала жарияланды. 1. Бейсенова М., Кенжетаева Г. К., Яхин М. Англицизмы как средство привлечения аудитории в казахстанском медийном дискурсе // Казанский лингвистический журнал. – 2024. – Т. 7, № 4. – С. 469–480. – DOI: https://doi.org/10.26907/2658-3321.2024.7.4.469-480 1. «Авторлық куәлік»: Краткий словарь англицизмов казахстанского медиадискурса, выданное 11.03.2026, №68477 Диссертациялық жұмыстың құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшадан тұрады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
