
«6D070300 - Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Хабдолда Болат диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Хабдолда Болат «6D070300 – Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша «Инженерлік сейсмикалық есептерді шешудің көп деңгейлі процедурасын құру» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Рысбайұлы Болатбек – ф.-м.ғ.д., Astana IT University «Есептеулер және деректер туралы ғылым» департаментінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ақанова Ақерке Сапарқызы – философия докторы (PhD), Бағдарламалық инженерия мектебінің қауымдастырылған профессоры, Astana IT University (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Мамадалиев Хусниддин Абдижалилович – техника ғылымдары бойынша философия докторы (PhD); доцент, Мұхаммад әл-Хорезми атындағы Ташкент ақпараттық технологиялар университетінің «Алгоритмдеу және математикалық модельдеу» кафедрасының меңгерушісі (Ташкент қ., Өзбекстан Республикасы);
Сайманова Загира Бекетаевна – философия докторы (PhD), Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің «Ақпараттық-есептеу жүйелері» кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан Республикасы);
Кайбасова Динара Женисбековна – философия докторы (PhD), Astana IT University «Компьютерлік инженерия» департаментінің қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Жүзбаев Серік Сүлейменұлы – ф-м.ғ.к,. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Рахимов Кувватали Ортикович – философия докторы (PhD), доцент, Ферғана мемлекеттік университетінің Қолданбалы математика және информатика кафедрасының меңгерушісі (Ферғана қ., Өзбекстан Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 29 желтоқсан, сағат 10:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D070300 – Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша «8D061 – Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/450512736859810?p=qexC4LuBrOuhioM6Nh
Мекен-жайы: Астана қ., Пушкин көшесі, 11, №2 оқу ғимараты , 222-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Хабдолда Болаттың «6D070300 – Ақпараттық жүйелер» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Инженерлік сейсмикалық есептерді шешудің көп деңгейлі процедурасын құру» диссертациялық жұмысы Тақырыптың өзектілігі. Зерттеу тақырыбының өзектілігі Қазақстан аумағының едәуір бөлігінің жоғары сейсмикалық қауіп аймағында орналасуымен, құрылыс қорының күрделенуімен және инженерлік есептеу тәжірибесіне ақпараттық технологияларды енгізу қажеттілігінің күшеюімен айқындалады. Республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысы, соның ішінде Алматы қаласы, Жетісу және Түркістан өңірлері Солтүстік Тянь-Шаньның белсенді жарылымдарына жақын жатыр, ал ықтималдық тәсілмен жүргізілген бағалауда Алматы топырақтың ең үлкен үдеуі (PGA) жоғары аумақтардың қатарына жатқызылған. Соңғы жылдары ел аумағын Еурокод 8 талаптарына сәйкес қайта аудандастыру жұмыстары жүргізіліп, сейсмикалық тәуекелді бағалау әдістемесі жаңартылды. Бұл өзгерістер жобалаушы инженерге бір ғана коэффициентпен шектелмей, топырақ қабаттарының, іргетастың және ғимараттың бірлескен жауабын көрсететін есеп жүргізу талабын қояды. 2023 жылғы 6 ақпанда Түркия мен Сирияда болған екі қатарлас жер сілкінісі мәселенің қаншалықты нақты екенін көрсетті: құлаған ғимараттардың едәуір бөлігі нормалар бойынша жобаланған еді. Демек, мәселе тек құрылыс сапасымен шектелмейді. Есептеу моделі топырақтағы толқын процесін, іргетас шөгуін және конструкцияның жауабын бір тізбекке біріктіре алмаса, жобалау кезеңінде қате шешім қабылдану қаупі сақталады. Жұмсақ топырақта 5 Гц жиіліктегі толқынның ұзындығы шамамен 40 м, яғни іргетас өлшемімен шамалас болады, сондықтан іргетас астындағы кернеу өрісін бір нүктемен сипаттау жеткіліксіз. Алматыда тау бөктеріндегі қиыршық тасты конустар мен жазықтағы шаңды саз балшықтардың бір қаланың ішінде қатар жатуы әр құрылыс алаңы үшін топырақ қабаттарын ескеретін жеке есептің қажеттігін күшейтеді. Қолданыстағы инженерлік бағдарламалардың көпшілігі сызықтық-спектрлік әдіске сүйенеді. Бұл әдіс ғимаратты бүтін жүйе ретінде бағалауға ыңғайлы, бірақ біртекті емес топырақтағы толқын интерференциясын, материалдардың түйісу шекарасындағы кернеу шоғырлануын және іргетас астындағы шөгу өзгерісін ескермейді. Керісінше, толқындық есептерді шешетін ғылыми кодтар (ақырлы айырмалар, спектрлік элементтер әдістері) локалдық өрісті дәл береді, алайда олардың нәтижесін инженерлік шешімге айналдыру үшін қосымша өңдеу қажет. Оған қоса, инженер-геолог, конструктор және сейсмолог деректерді әр түрлі форматта береді, ал оларды бір жерге жинау жобалаушының мойнында қалады. SimCenter сияқты халықаралық платформалар мен қалалық масштабтағы шығынды бағалау жүйелері жергілікті нормаларға, қазақстандық топырақ анықтамалығына және мониторинг деректері бойынша калибрлеуге бейімделмеген. Сонымен бір мезгілде есептеу механикасы мен ақпараттық технологиялар саласында бейімді торлар, физикамен ақпараттандырылған нейрожелілер, цифрлық егіздер, ғимаратты ақпараттық модельдеу (BIM) және веб-платформалар кеңінен қолданыла бастады. Бұл құралдар сандық модель мен инженерлік шешім арасындағы алшақтықты азайтуға мүмкіндік береді. Алайда машиналық оқыту модельдері деректер аз болғанда сенімсіз болады, ал олардың нәтижесі физикалық ядросыз инженерлік есептің негізі бола алмайды. Сондықтан машиналық оқытуды детерминдік есептің орнына емес, оны түзететін және мониторинг деректерімен байланыстыратын құрал ретінде қолдану қажет. Осылайша, топырақтағы локалдық кернеу өрісінен бастап ғимарат деңгейіндегі шешімге дейінгі инженерлік сейсмикалық есепті біртұтас тізбек ретінде қарастыру қажеттілігі мен толқындық модельді, нормативтік есепті, машиналық оқытуды және мониторинг деректері бойынша калибрлеуді бір ортада біріктіретін әдістемелік және бағдарламалық құралдардың жеткіліксіздігі арасында қарама-қайшылық қалыптасқан. Ал толқындық модельдің нәтижесін инженерге түсінікті көрсеткішке айналдыратын көп деңгейлі процедура мен ақпараттық-талдау жүйесін құру еліміздегі 2023–2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, АКТ саласын және киберқауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы мен жасанды интеллектті дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында ғылыми және қолданбалы тұрғыдан негізделген міндет болып табылады. Тақырыптың зерттелу дәрежесі. Біртекті емес ортадағы серпімді толқындарды сандық модельдеудің заманауи әдістері C. Lyu, Y. Masson, B. Romanowicz (үлестірімдік ақырлы айырмалар әдісі), M. Afanasiev, M. van Driel (спектрлік элементтер әдісі), K. Duru, A.-A. Gabriel (үзілісті Галеркин әдісі) және J. Tromp (әр масштабтағы толқындық өрісті бейнелеу) еңбектерінде әзірленген. Сандық нәтижелерді верификациялау мен валидациялау мәселелері ASME V&V 10-2019 және ASME VVUQ 1-2022 стандарттарында формалданған. Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпті ықтималдық бағалау мен Еурокод 8 бойынша аудандастыру N.V. Silacheva, D. Sarsenbaev, A. Abdullaev еңбектерінде қарастырылған, ал жаһандық сейсмикалық қауіп пен тәуекел модельдері M. Pagani, V. Silva жұмыстарында ұсынылған. Сейсмикалық есептерге арналған ақпараттық жүйелер мен платформалар елеулі эволюциядан өтті. A.J. Rodgers, D. McCallen (EQSIM – «жарылыстан ғимаратқа дейінгі» модельдеу), G.G. Deierlein, F. McKenna (SimCenter бұлттық платформасы), X. Lu (қалалық масштабтағы сейсмикалық шығынды бағалау), M. Zhu, M.H. Scott (OpenSeesPy) еңбектері көп масштабты модельдеудің мүмкіндіктерін көрсетті. Сейсмологиядағы және құрылыс конструкцияларындағы машиналық оқыту Q. Kong, S.M. Mousavi, G.C. Beroza, H. Sun, S. Mangalathu еңбектерінде, геотехникадағы қолданысы K.-K. Phoon, W. Zhang, P. Zhang, J. Ching еңбектерінде, ал физикамен ақпараттандырылған нейрожелілер мен нейрондық операторлар M. Raissi, G.E. Karniadakis, B. Moseley, L. Lu (DeepONet), Z. Li (FNO) еңбектерінде дамыды. Цифрлық егіз бен BIM технологиялары R. Sacks, C. Boje, M. Callcut еңбектерінде, ал ғылыми бағдарламалық қамтаманың FAIR қағидалары M. Barker, A.-L. Lamprecht жұмыстарында зерттелген. Отандық ғылыми мектепте ендірмесі бар біртекті емес ортадағы толқындық есептерді бихарактеристикалар мен ыдырату әдістері арқылы шешу С.С. Жүзбаевтың жетекшілігімен жүргізілген зерттеулерде дамытылды; осы бағыттағы автордың бірлескен жұмыстары импульстік жүктеме, серпімді жолақтың иілуі және композиттік материалдардағы динамикалық кернеу шоғырлануы есептеріне арналған. Алайда бұл нәтижелер инженерлік есептің келесі деңгейлерімен – іргетас шөгуімен және ғимараттың сейсмикалық жауабымен – жүйелі түрде байланыстырылмаған. Аймақтық платформалар әр ғимаратты жеңілдетілген модельмен сипаттап, іргетас шөгуін қарастырмайды, «жарылыстан ғимаратқа дейінгі» модельдер суперкомпьютерді қажет етеді, ал геотехникадағы ML жұмыстары топырақ қасиеттерін болжағанымен, оларды сейсмикалық есеппен байланыстырмайды. Тақырыпқа айтарлықтай ғылыми қызығушылыққа қарамастан, одан әрі әзірлеуді қажет ететін аспектілер сақталып отыр. Ерекше нүктелердегі кернеу шоғырлануын ескеретін сандық схеманы нормативтік шөгу есебімен, нейрожелілік түзетумен, ықтималдық бағалаумен және мониторинг деректері бойынша калибрлеумен бір объектінің деңгейінде біріктіретін кешенді әдістемелер әзірленбеген. Деңгейлер арасындағы деректер алмасуын формалдап, әр нәтижені бастапқы деректерімен бірге сақтайтын және ұлттық нормалар мен отандық топырақ анықтамалығына сүйенетін мамандандырылған ақпараттық-талдау жүйелері қалыптастырылмаған. Аталған олқылықтар осы зерттеудің тақырыбы мен бағыттылығын таңдауды айқындады. Зерттеу нысаны. Сейсмикалық қауіп жағдайында ғимараттар мен құрылыстарды жобалау және пайдалану кезінде туындайтын инженерлік есептер. Зерттеу пәні. Ақпараттық-талдау жүйесі шеңберінде инженерлік сейсмикалық есептерді шешуді қамтамасыз ететін көп деңгейлі процедуралар мен алгоритмдер. Зерттеу мақсаты. Серпімді толқындардың біртекті емес ортада таралуын сипаттайтын математикалық модельдер мен веб-технологияларды біріктіру негізінде инженерлік сейсмикалық есептерді шешудің көп деңгейлі процедурасын құру және оны іске асыратын ақпараттық-талдау жүйесін (АТЖ) әзірлеу. Зерттеу міндеттері. 1. Серпімді толқындық процестерді сандық модельдеудің қолданыстағы әдістерін, сейсмикалық есептерге арналған ақпараттық жүйелер мен машиналық оқыту тәсілдерін салыстырмалы талдау. 2. Ендірмесі бар біртекті емес ортадағы импульстік жүктеме есебінің математикалық моделін құру және бихарактеристикалар мен ыдырату әдістеріне негізделген айқын айырымдық алгоритмді ерекше нүктелерді ескере отырып әзірлеу. 3. Микро, мезо, макро және мега деңгейлерді қамтитын көп деңгейлі процедураның тұжырымдамасын, деңгейаралық деректер алмасу ережелерін және кері байланыс логикасын жасау. 4. АТЖ-ның функционалдық моделін, бизнес-процесін (BPMN), реляциялық деректер базасын (ERD) және архитектурасын жобалау. 5. АТЖ-ны PHP 8 және MySQL негізінде құру және іске асыру, оны есептеу эксперименттері арқылы тексеру және нақты объектілер деректерінде апробациялау. Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер инженерлік сейсмикалық есеп микро, мезо, макро және мега деңгейлерге бөлініп, әр деңгейдің шығысы келесі деңгейдің кірісі ретінде берілсе, ал сейсмикалық қосымша жүктеме кері байланыс арқылы қайта есептелсе, онда локалдық кернеу өрісі мен ғимарат деңгейіндегі шешім арасындағы байланыс айқын болады, ал мониторинг деректері бойынша калибрлеу есептік модельді нақты объектіге жақындатады. Зерттеудің әдіснамасы. Зерттеудің әдіснамалық негізін инженерлік сейсмикалық есепті «көз – жол – алаң – ғимарат» тізбегі ретінде қарастыратын жүйелі және көп масштабты тәсілдер, тұтас орта механикасы мен серпімділік теориясының ережелері, сандық әдістерді верификациялау мен валидациялау қағидалары, ақпараттық жүйелерді құрылымдық жобалау әдіснамасы және деректерді басқару тұжырымдамалары құрайды. Зерттеу әдістері. Жұмыста келесі зерттеу әдістері қолданылды: тұтас орта механикасы мен серпімділік теориясының әдістері, кеңістіктік сипаттамалар (бихарактеристикалар) және ыдырату әдістері, ақырлы айырымдық әдістер, Курант–Фридрихс–Леви шарты бойынша орнықтылықты талдау, қабаттап жинақтау әдісі, спектрлік талдау, жүйелік талдау және құрылымдық модельдеу (BPMN, ERD), машиналық оқыту (көп қабатты перцептрон, MAE, RMSE, R² метрикалары), ақырғы айырымдар әдісіне негізделген ықтималдық талдау, көп өлшемді оптимизация (бихарактеристика әдісі), сценарийлік және сезімталдық талдау, модульдік және регрессиялық тестілеу. Ғылыми жаңалық: 1. Сейсмологиялық және геотехникалық деректерді бір есеп паспортымен байланыстыратын, микро деңгейдегі кернеу өрісінен мега деңгейдегі ғимарат жауабына дейін өтетін және сейсмикалық қосымша жүктемені кері байланыс арқылы қайта есептейтін төрт деңгейлі процедура алгортимі ұсынылды. 2. Біртекті емес ортаның бұрыштық нүктелері мен қатаң түйісу шекараларында сегіз бағыт бойынша бихарактеристикалық қатынастарды қолданатын айқын айырымдық схема модификацияланды; кеңістік бойынша екінші ретті дәлдікке ие схема толқын майданының сандық бұзылуын азайтады. 3. Іргетас табаны мен қабат шекараларына жақын аймақта қадамды автоматты кішірейтетін бейімді тор және аналитикалық шөгуді нейрожелілік түзету коэффициентімен біріктіретін есеп әзірленді. 4. Нақты мониторинг деректері бойынша топырақтың деформация модулін бихарактеристика әдісімен кері талдайтын калибрлеу алгоритмі мен ақырғы айырымдар әдісіне негізделген ықтималдық бағалау АТЖ құрамына енгізілді. Ғылыми нәтижелердің негізділігі мен дұрыстығы. Нәтижелердің негізділігі серпімді толқындарды сандық модельдеу, сейсмикалық есептерге арналған ақпараттық жүйелер және машиналық оқыту бойынша 100 дереккөзді жан-жақты талдаумен, тұтас орта механикасының іргелі теңдеулерін, сандық әдістердің жалпы қабылданған орнықтылық және жинақтылық шарттарын қолданумен, сондай-ақ ұлттық және халықаралық нормативтік құжаттардың талаптарын сақтаумен қамтамасыз етіледі. Нәтижелердің дұрыстығы айқын схеманың Курант–Фридрихс–Леви шартын қанағаттандыруымен (τ/h ), шартты мысалдағы шөгудің қолмен есептелген мәнмен сәйкестігімен, тоғыз тексеру сценарийін қамтитын регрессиялық тестілеумен, калибрленген шөгудің өлшенген шөгу нақты дәлдікпен сәйкес келуімен, ықтималдық бағаның статистикалық қатесінің бағалануымен, сондай-ақ негізгі ғылыми қағидалардың Scopus дерекқорында индекстелетін жарияланымдарда апробациядан өтуімен расталады. Теориялық маңыздылығы. Жұмыстың теориялық маңыздылығы динамикалық әсерге ұшыраған дене мен ортаның кернеулі-деформацияланған күйін әр масштабта зерттеуге және деңгейлер арасындағы байланысты формалды түрде сипаттауға мүмкіндік беретін көп деңгейлі процедураны әзірлеумен, біртекті емес ортадағы толқындық есептерді ерекше нүктелерді ескере отырып сандық шешу әдістерін дамытумен айқындалады. Диссертацияда көп деңгейлі ойлау тек есептеу әдісі ретінде емес, ақпараттық жүйені жобалау қағидасы ретінде қолданылды: процедураның деңгейлері бағдарламалық модульдерге, деңгейаралық алмасу ережелері деректер базасының құрылымына, ал тексеру шарттары бизнес-процестің шешім нүктелеріне айналды. Есептеу эксперименттері сейсмикалық қосымша шөгудің үлесі объектіге қатты тәуелді екенін көрсетті, бұл сейсмикалық әсер мен іргетас шөгуін бір тізбекте есептеу қажеттігін теориялық тұрғыдан негіздейді. Практикалық маңыздылығы. Зерттеудің практикалық маңыздылығы көп деңгейлі процедураны толық іске асыратын, жұмыс атауы «АТЖ – Топырақ кернеулері» болатын веб-қосымшаның әзірленуімен және оның нақты объектілер деректерінде сыналуымен анықталады. Жүйе нормаларға сәйкес есептейді және жобалаушы инженерге геологиялық деректерді енгізуден бастап қорытынды есепті басып шығаруға дейінгі жұмысты бір ортада атқаруға мүмкіндік береді. Серверлік бөлік PHP 8 тілінде MVC үлгісі бойынша жазылған (59 файл), деректер 12 кестеден тұратын MySQL 8 базасында сақталады, клиенттік бөлік Bootstrap 5 және Chart.js кітапханаларына негізделген. Тоғыз есептеу класы (кернеу мен шөгу, бейімді тор, есеп, калибрлеу, ықтималдық талдау, сейсмикалық есеп, жауап спектрі, көп деңгейлі архитектура) сыртқы ғылыми кітапханаларды қажет етпейді, сондықтан жүйе кез келген стандартты серверге көшіріледі. JSON форматындағы алты нүктелі REST API есептеу қозғалтқыштарын Python скрипттерінен немесе BIM ортасының плагиндерінен шақыруға жол ашады. Жүйенің модульдері процедураның реті бойынша топтастырылған: деректер (жобалар, геология, 16 топырақ түрін қамтитын қазақша-орысша анықтамалық, құрылыстар), есептеу (кернеу есебі, гибрид есеп, әдістерді салыстыру, есеп тарихы), ғылыми модульдер (көпдеңгейлі талдау, ML оқыту, ML валидация, калибрлеу, мониторинг), болжау (сценарийлер, сезімталдық, ақырғы айырымдар талдауы), сейсмика (балл бойынша уақыттық талдау, ғимарат моделі, A–E топырақ санаттарына арналған жауап спектрі) және нәтижелер (визуализация, A4 форматындағы есеп беру). Жүйенің он функционалдық талабы ұсынымдары бойынша құжатталып, нақты модульдерге байланды; нормативтік есептің бір секундтан аспайтын уақытта орындалуы, әкімші мен зерттеуші рөлдері, әрекеттер журналы, жеке API кілттері және OWASP ASVS бойынша аутентификация мен кіріс деректерді тексеру функционалдық емес талаптар ретінде іске асырылды. Groq Cloud API негізіндегі AI көмекші тек анықтама мен түсіндірме береді, ал барлық сандық нәтиже детерминдік есептеу модульдерінен алынады. Жүйе XAMPP ортасында төрт қадаммен орнатылады немесе ұйымның жергілікті желісіндегі серверге орналастырылып, бірнеше инженердің бір деректер базасымен қатар жұмыс істеуін қамтамасыз етеді. Жүйенің практикалық тиімділігі толық жұмыс тізбегімен көрсетілді. Ені 2 м таспалы іргетас (N = 500 кН/м, Su = 80 мм) үшін жүйе қосымша қысымды p₀ = 213 кПа деп автоматты анықтап, біркелкі тормен S ≈ 32,6 мм, Hc ≈ 7,2 м нәтижесін берді; бейімді тормен подқабаттар саны 9-дан 19-ға өсіп, нәтижелер айырмасы 0,4 % болды. Сценарийлік талдау ең қолайсыз жағдайда шөгудің 79,5 мм-ге жетіп, шекті мәнге жақындайтынын, сезімталдық талдауы ең ықпалды факторлар жүктеме (19,7–46,4 мм) мен деформация модулі (25,1–46,6 мм) екенін, ал салыну тереңдігінің әсері небәрі 4,3 мм екенін көрсетті. Осы негізде іргетас ауданын ұлғайту топырақты нығыздаудан нәтижелірек болатыны анықталды. Ақырғы айырымдар талдауы (500 симуляция) P95 = 45,5 мм және шөгудің 40 мм-ден асу ықтималдығы 15 % екенін, ал 7 балдық әсер (C санаты) шөгуді 37,3 мм-ге дейін арттыратынын көрсетті. Дәстүрлі тәжірибеде бірнеше сағатқа созылатын бұл тізбек жүйеде бірнеше минутта орындалып, әр қадам деректер базасында сақталды. Есеп паспорты тұжырымдамасы инженер-геолог, конструктор және сейсмолог беретін деректерді бір базада сақтап, деректерді қайта енгізгенде кететін қателерді жояды, ал есеп тарихы кез келген нәтижені бастапқы деректерімен бірге қалпына келтіруге және сараптамаға ұсынуға мүмкіндік береді. Есептеу эксперименттері негізінде есеп көрсеткіштерін инженерлік түсіндіру бойынша ұсынымдар әзірленді. Сейсмикалық аймақтарда іргетас есебіне сейсмикалық қосымша шөгуді бағалауды нормаларды толықтыратын инженерлік тексеру ретінде қосу ұсынылды. Әзірленген АТЖ-ны жобалау ұйымдарында сейсмикалық аймақтардағы ғимараттардың іргетастарын алдын ала бағалау және жобалау нұсқаларын жылдам салыстыру құралы ретінде, инженер-геологтар мен құрылыс конструкторлары арасындағы деректер алмасуды біріздендіру үшін, сондай-ақ «Ақпараттық жүйелер», «Құрылыс» және «Механика» білім беру бағдарламаларында математикалық модельдеу мен ақпараттық жүйелерді жобалау пәндері бойынша зертханалық жұмыстарда пайдалануға болады. Ұсынылған процедураның құрылымы белгілі бір объект түріне байланбағандықтан, ол жерасты құрылыстары мен көпір тіректерінің есептеріне де бейімделе алады. Автордың жеке үлесі. Автордың жеке үлесі ғылыми мәселені қоюдан, зерттеу әдістерін таңдау мен негіздеуден, қолданыстағы әдістер мен жүйелерді салыстырмалы талдап, процедура мен АТЖ-ға қойылатын сегіз талапты тұжырымдаудан, ендірмесі бар біртекті емес ортадағы импульстік жүктеме есебінің математикалық моделін құрудан, ерекше нүктелерді сегіз бағыт бойынша өңдейтін айқын айырымдық алгоритмді әзірлеуден, көп деңгейлі процедураның тұжырымдамасын, деңгейаралық алмасу ережелері мен кері байланыс логикасын жасаудан, бейімді тор, гибрид есеп, калибрлеу және ықтималдық бағалау алгоритмдерін процедура құрамына енгізуден, АТЖ-ның BPMN, ERD модельдері мен архитектурасын жобалаудан, жүйені бағдарламалық іске асырудан және тестілеуден, есептеу эксперименттерін жүргізуден, алынған нәтижелерді талдаудан, инженерлік түсіндіру бойынша ұсынымдар мен қорытындыларды тұжырымдаудан тұрады. Қорғауға шығарылатын барлық негізгі ғылыми нәтижелер автормен жеке алынды. Қорғауға шығарылатын негізгі ғылыми қағидалар: 1. Инженерлік сейсмикалық есепті микро, мезо, макро және мега деңгейлерге бөліп, әр деңгейдің шығысын келесі деңгейдің кірісі ретінде беретін және сейсмикалық қосымша жүктемені кері байланыс арқылы қайтаратын процедура локалдық кернеу өрісін ғимарат деңгейіндегі шешіммен байланыстырады. 2. Бихарактеристикалар мен ыдырату әдістеріне негізделген айқын айырымдық схема ерекше нүктелерді сегіз бағыт бойынша өңдегенде ендірмесі бар ортадағы кернеу шоғырлануын сенімді анықтайды; есептеулер жүктеме түскен ерекше нүктелер маңында кернеудің берілген жүктемеден 2–3 есе артатынын көрсетті. 3. Бейімді тор, нейрожелілік түзету және мониторинг деректері бойынша калибрлеу біріктірілген АТЖ шөгу мен сейсмикалық қосымша шөгуді нормалар талабына сәйкес бағалауға және есептік модельді нақты деректерге жақындатуға мүмкіндік береді: тоғыз қабатты тұрғын үй үшін сейсмикалық әсер шөгуді 2,7 есе арттырды, бес қабатты кеңсе үшін 7 және 8 балл аралығында зақымдану деңгейінің сапалық ауысуы анықталды, ал он екі қабатты тұрғын үй бойынша калибрлеу деформация модулінің масштаб коэффициентін k = 1,9102 деп тауып, есептік шөгудің ауытқуын 8,21 мм-ден 0,0122 мм-ге дейін азайтты. Диссертация нәтижелерінің апробациясы. Жұмыстың негізгі нәтижелері Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдарда және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған басылымда талқыланып, апробациядан өтті. Әзірленген жүйенің жұмысқа қабілеттілігі нақты жобалардың жүргізілген есептеу эксперименттерімен тексерілді. Нәтижелерді енгізу. Зерттеу нәтижелері «KZ Design Nadzor» ЖШС (Қарағанды қ.) өндірістік қызметіне енгізілді: диссертациялық жұмыстың нәтижелері, оның ішінде АТЖ-ның есептеулері компанияның тәжірибесінде жауапкершілігі жоғары нысандардың топырақта бекітілген денелерге сейсмикалық толқындардың қалай әсер ететінін динамикалық есептеу кезінде қолданылып, бағдарламалық қамтамасыз ету есептеу уақытын қысқартуға мүмкіндік берді (2026 жылғы 25 мамырдағы акт). Нәтижелер сондай-ақ Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің Математика және ақпараттық технологиялар факультеті «Computer Science» кафедрасында 2025–2026 оқу жылында 6В06104 – «Математикалық және компьютерлік модельдеу» білім беру бағдарламасы бойынша «Математикалық модельдеу» және «Жаратылыстану-ғылыми процестерді математикалық және компьютерлік модельдеу» пәндерінің оқу процесіне енгізілді (акт және анықтама). Әзірленген жүйеге авторлық құқықпен қорғалатын объектіге құқықтарды мемлекеттік тізілімге енгізу туралы 2026 жылғы 8 мамырдағы №72046 куәлік алынды. Жарияланымдар. Диссертация тақырыбы бойынша 5 мақала жарияланды. Scopus дерекқорында индекстелетін халықаралық рецензияланатын ғылыми журналдарда 4 мақала жарияланды: 1. Construction of a Model and Development of an Algorithm for Solving the Wave Problem under Pulsed Loading // International Journal of Advanced Computer Science and Applications. – 2021. – Vol. 12, №9. – Р. 465–471. 2. Development of an Algorithm and Construction of a Model for Solving a Wave Problem when an Elastic Strip is Bent, Partially Soldered into a Half-Plane // Journal of Theoretical and Applied Information Technology. – 2022. – Vol. 100, №16. – Р. 5256–5264. 3. Model Construction and Development of an Algorithm for the Problem of Propagation of Flexible Waves in a Half-Plane with Partial about an Elastic Strip Placed // Journal of Theoretical and Applied Information Technology. – 2023. – Vol. 101, №3. – Р. 1351–1360. 4. An Information-Analytical System for Finite-Difference Modeling of Dynamic Stress Concentrations in Composite Materials under Impact, Tension, and Bending Loads // International Journal of Advanced Technology and Engineering Exploration. – 2026. – Vol. 13, №139. – Р. 898–920. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған жарияланымдар тізіміне енетін басылымда 1 мақала жарияланды: 1. Әртекті ортадағы динамикалық есептерді шешуге арналған айырымдық теңдеулер // С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Ғылыми журналы. – 2020. – №2. – Б. 6–14. Жұмыстың құрылымы мен көлемі. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және екі қосымшадан тұрады. Жұмыстың көлемі 120 бет, оның ішінде 23 сурет, 30 кесте және 39 формула бар; пайдаланылған әдебиеттер тізімі 2 дереккөзді қамтиды. Кіріспеде тақырыптың өзектілігі негізделіп, зерттеудің мақсаты, міндеттері, нысаны, пәні, ғылыми болжамы, әдістері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңыздылығы, сондай-ақ қорғауға шығарылатын тұжырымдар келтірілген. Бірінші бөлім «Инженерлік сейсмикалық есептерді модельдеудің теориялық негіздері және қолданыстағы тәсілдері» инженерлік сейсмикалық есептердің өзіндік сипатын және Қазақстан аумағындағы сейсмикалық қауіпті талдауға, серпімді толқындарды сандық модельдеу әдістерін салыстыруға, сейсмикалық есептерге арналған ақпараттық жүйелер мен платформаларды (OpenSees, SimCenter, EQSIM) және машиналық оқыту тәсілдерін шолуға, сондай-ақ көп деңгейлі процедура мен АТЖ-ға қойылатын сегіз талапты негіздеуге арналған. Екінші бөлім «Инженерлік сейсмикалық есептерді шешудің көп деңгейлі процедурасын құру» ендірмесі бар біртекті емес ортаға импульстік жүктеме түскендегі есептің қойылымын және математикалық моделін, бихарактеристикалар мен ыдырату әдісіне негізделген сандық алгоритмді, көп деңгейлі процедураның құрылымын, бейімді тор мен есептеу алгоритмдерін, сондай-ақ АТЖ-ның BPMN, ERD диаграммалары мен архитектурасын қамтиды. Үшінші бөлім «Көп деңгейлі процедураны іске асыратын ақпараттық-талдау жүйесін құру» практикалық бөлім болып табылады. Онда технологияларды таңдау негіздемесі (PHP + MySQL, Python + PostgreSQL және жұмыс үстеліне арналған қосымша нұсқаларын салыстыру), бастапқы кодтың құрылымы, деректер базасының 12 кестесі, функционалдық және функционалдық емес талаптар, REST API, жүйені орнату мен пайдалануға енгізу тәртібі, пайдаланушы интерфейстерін жобалау қағидалары және әр модульдің жұмысы сипатталған. Бөлімнің соңғы тармағында төрт есептеу экспериментінің (көп деңгейлі талдау, сейсмикалық балл бойынша талдау, калибрлеу, белгісіздікті бағалау) нәтижелері, тоғыз тексеру сценарийі, дәстүрлі тәсіл мен ұсынылған процедураның салыстыруы, есеп нәтижелерін инженерлік түсіндіру бойынша ұсынымдар және жүйенің шектеулері келтірілген. Қорытындыда диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері, қойылған бес міндеттің орындалуы, ғылыми жаңалықтың негіздемесі, нәтижелерді ғылыми, инженерлік және білім беру деңгейлерінде пайдалану жөніндегі ұсыныстар, жұмыстың шектеулері (екі өлшемді сызықтық серпімді модель, эмпирикалық тербеліс периоды, 200 жазбадан тұратын ML жинағы, физикалық валидацияның жоқтығы) және даму бағыттары – модельді үш өлшемді жағдайға кеңейту, мега деңгейде ашық ақырлы элементтік кітапханалармен байланыс орнату, физикамен бағытталған нейрожелілерді қолдану, жүйені BIM ортасымен IFC форматы арқылы біріктіру және мониторинг модулін цифрлық егізге дейін дамыту – келтірілген. Алғыс. Автор зерттеудің барлық кезеңдерінде құнды ғылыми ұсынымдары мен тұрақты қолдауы үшін ғылыми кеңесшісі, ф.-м.ғ.к., профессор м.а. С.С. Жүзбаевқа, әдіснамалық көмегі мен тәжірибе алмасуы үшін шетелдік ғылыми кеңесшісі, PhD К.О. Рахимовқа (Өзбекстан Республикасы), «Ақпараттық жүйелер» кафедрасының ұжымына шын жүректен алғыс білдіреді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
