
ЕҰУ-да KazAI Mental Lab психодиагностика және дағдарыс психологиясы зертханасы ашылады

2026 жылғы 25 қарашада Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің психология кафедрасы жанынан құрылған KazAI Mental Lab психодиагностика және дағдарыс психологиясы зертханасының салтанатты ашылуы өтеді.
Зертхананың ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 35 жылдығына орайластырылған.
Жаңа зертхана психодиагностика мен дағдарыс психологиясында жасанды интеллект технологияларын қолдану мүмкіндіктерін зерттеумен айналысады. Негізгі жұмыс бағыттары – психологиялық диагностика әдістерін жетілдіру, психикалық денсаулық саласында цифрлық технологияларды пайдалану және осы бағытта білікті мамандар даярлау.
Зертхана психология кафедрасының меңгерушісі Әлия Сақтағанқызы Мәмбеталинаның жетекшілігімен құрылып отыр. Ашылу рәсімінде «Қазақстан жастарының күйзелісі мен депрессиясын азайтуда MBSR (Mindfulness-Based Stress Reduction) әдістерін қолдану» ғылыми жобасының нәтижелері таныстырылады. Жоба жастардың психологиялық және депрессиялық белгілерін азайтуға негізделген әдістерді қолдану мүмкіндіктерін зерттеуге арналған.
Іс-шараға «Әділет» партиясы Әйелдер қанатының өкілдері шақырылды. Кездесуде халыққа психологиялық көмек көрсету ісінқызметін жетілдіру, оның қолжетімділігін арттыру және психикалық денсаулықты нығайту бағытындағы бірлескен жұмыстарды дамыту мәселелері талқыланады.
KazAI Mental Lab зертханасы психология мен жасанды интеллект салаларын ұштастыратын ғылыми зерттеулер жүргізуге, сондай-ақ Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебінің ғылыми және білім беру әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді..
Өтетін күні: 2026 жылғы 25 қараша
Басталу уақыты: сағат 11.00
Өтетін орны: Астана қаласы, Янушкевич көшесі, 6, №4 оқу корпусы, 106А аудиториясы.
Ұйымдастырушы: Журналистика және әлеуметтік ғылымдар жоғары мектебі
