
«8D06102 - Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кусепова Лаззат Тұңғышбайқызы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кусепова Лаззат Тұңғышбайқызы «8D06102 – Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша «Контейнерлік қосымшаларды тиімді құру және орналастырудың модельдері мен алгоритмдері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Жасанды интеллект технологиялары кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Тасболатұлы Нұрболат – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Астана халықаралық университетінің ғылым департаментінің директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Оралбекова Жанар Орымбаевна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Жасанды интеллект және деректер ғылымы» мектебінің профессоры м.а., «Astana IT University» ЖШС (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Кожирбаев Жанибек Мамбеткаримович – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, «Назарбаев Университеті» жанындағы «National Laboratory Astana» орталығының Энергетика және озық материалдар ғылымы орталығына қарасты Есептеу материалтану зертханасының жетекші ғылыми қызметкері (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Адамова Айгуль Дюсенбиновна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, Программалық инженерия мектебінің деканы, Astana IT University (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Джумаёзов Умиджон Зафаржонович – техника ғылымдарының докторы (DSc), доцент, Шараф Рашидов атындағы Самарқанд мемлекеттік университетінің Программалық инженерия кафедрасының профессоры (Самарқанд, Өзбекстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Оспанова Адеми Бекжановна – физика-математика ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Ақпараттық қауіпсіздік» кафедрасының доценті (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Тебуева Фариза Биляловна – физика-математика ғылымдарының докторы, доцент, Солтүстік Кавказ федералды университетінің есептеу математикасы және кибернетика кафедрасының профессоры (Ставрополь қ., Ресей).
Қорғау 2026 жылғы 29 желтоқсан, сағат 12:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 8D061-Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» («8D06103-Ақпараттық жүйелер», «6D070300-Ақпараттық жүйелер» ) кадрларды даярлау бағыты бойынша Диссертациялық кеңесінде өтеді. Диссертациялық кеңес отырысы аралас (офлайн және онлайн) форматта өткізіледі.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/454382166261453?p=xDABUBs0czxymZAQez
Мекен-жайы: Астана қ., Пушкин көшесі, 11, №2 оқу ғимараты , 222-аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Кусепова Лаззат Тұңғышбайқызының «8D06102 - Информатика» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алуға ұсынылған «Контейнерлік қосымшаларды тиімді құру және орналастырудың модельдері мен алгоритмдері» диссертациялық жұмысы Зерттеу жұмысының өзектілігі. Контейнерлеу және оркестрлеу технологиялары қазіргі бұлтты және жергілікті қосымшаларды орналастырудың негізгі тәсіліне айналды. Алайда кластер ауқымы ұлғайған сайын орналастыру, масштабтау және жүктемені баланстау туралы шешім қабылдау күрделене түседі. Қолданыстағы оркестрлеу жүйелері бұл шешімдерді көбіне статикалық ережелер мен реактивті шектік мәндер арқылы қабылдайды. Бұл телеметрияның толық еместігі және шулы болуы, жүктеменің стационар еместігі, орындау платформаларының әртектілігі жағдайында тиімсіз болып қалады. Реактивті масштабтау жүктеме өскен сәт пен жаңа реплика дайын болған сәт аралығында қызмет сапасының төмендеуіне әкеледі; serverless ортада суық іске қосу кідірісі едәуір үлес қосады; масштабтау, орналастыру және баланстау контурлары бір-бірімен келісілмей жұмыс істегенде жеке алгоритмдердің жақсаруы жүйенің жалпы сапасына айналмайды. Сондықтан телеметрияның белгісіздігін айқын ескеретін, жүктеменің өзгеруіне бейімделетін және басқару контурларын өзара келісіп жұмыс істейтіндей біріктіретін модельдер мен алгоритмдер әзірлеу өзекті ғылыми міндет болып табылады. Бұл міндетті контейнерлік қосымшаның бүкіл өмірлік циклі — конфигурацияны құрудан орналастыруға және орындау кезіндегі басқаруға дейін аясында қарау қажет. Зерттеудің мақсаты ‒ Бұлттық сервистерде және жергілікті инфрақұрылымдарда контейнерлік қосымшаларды құру, орналастыру және адаптивті басқару модельдері мен алгоритмдерін әзірлеу және олардың қолданылу шарттарын эксперименттік негіздеу. Қойылған мақсаттарға сәйкес диссертациялық жұмыста келесі міндеттері орындалуы керек: 1. Контейнерлік қосымшаларды құру, орналастыру және адаптивті басқару әдістерін талдап, олардың шектеулері мен тиімділікті бағалау өлшемдерін анықтау; 2. Құру кезеңінде контейнерлік конфигурацияларды автоматты генерациялау, верификациялау және түзету әдісін әзірлеп, бейнелерді құрастыру стратегияларын салыстырмалы бағалау; 3. Орналастыру кезеңінде жүктеме сипаттамалары мен ресурстық талаптарды ескеретін орындау ортасын адаптивті таңдау алгоритмін әзірлеп, оның тиімділігін бағалау; 4. Орындау кезеңінде толық емес телеметрия мен өзгермелі жүктемені ескеретін адаптивті басқару модельдері мен алгоритмдерін әзірлеп, болжау, масштабтау, суық іске қосуды азайту және мультиагентті басқару тәсілдерінің тиімділігі мен қолданылу шарттарын эксперименттік негіздеу. Зерттеу объектісі – Бұлтты және жергілікті инфрақұрылымдағы контейнерлік қосымшаларды құру, орналастыру және орындау кезінде басқару процестері. Зерттеу пәні – Контейнерлік қосымшаларды адаптивті басқарудың модельдері, алгоритмдері мен программалық құралдары. Зерттеу әдістері. Жұмыста Марков шешім қабылдау процестерінің теориясы (оның ішінде ішінара бақыланатын процестер аппараты), күшейтпелі және мультиагентті оқыту әдістері, контексттік бандиттер теориясы, терең оқыту және уақыттық қатарларды болжау әдістері, формалды верификация мен SMT-шешушілер қолданылды. Нәтижелерді өңдеуге математикалық статистика әдістері пайдаланылды: дисперсиялық талдау, параметрлік және бейпараметрлік тесттер, көптік салыстыруға түзетулер, әсер мөлшерін бағалау. Эксперименттер имитациялық модельдеу арқылы және нақты өндірістік трейстер бойынша есептеу эксперименттері ретінде жүргізілді. Программалық құралдар. Алгоритмдерді және программалық құралдарды құрудың Python мен олардың кітапханаларын қолдану арқылы қамтамасыз етілді. Ғылыми жаңалығы. Жұмыстың ғылыми жаңалығы төмендегідей: контейнерлік ортада ресурстарды басқару есебі ішінара бақыланатын Марков шешім процесі түрінде формалданды; телеметрия шуы бақылау моделі арқылы айқын ескеріледі, ал басқару шешімі жүйенің нақты күйіне емес, сенім-күйге сүйенеді, сондықтан өлшемдер шулы болғанда басқару сапасының артуы; екі бағытты LSTM желісіне назар аудару механизмі қосылған жүктемені болжау архитектурасы салыстырылды, оның болжамы мен трендіне сүйенетін проактивті масштабтау алгоритмі қарастырылды; serverless ортада суық іске қосуды азайтатын алгоритм ұсынылды: ол кэш өлшемін жүктеме құрылымына қарай үйренеді және статикалық кэш саясаттарына қарағанда жадыны аз жұмсайды; кластерді басқару есебі функционалдық рөлдерге бөлінген мультиагентті жүйе ретінде қойылды; қызмет сапасы мен шығын арасындағы ымыра шектеулі Марков процесі аясында Лагранж релаксациясы арқылы басқарылады; платформаны метатаңдау есебі дрейфі бар контексттік бандит ретінде қойылып, ескі статистиканы экспоненциалды түрде ұмытатын алгоритм ұсынылды; жүктеме профилі өзгергенде бұл алгоритм тезірек бейімделеді; контейнерлік конфигурацияны верификациялау әдісі ұсынылды: ол статикалық, семантикалық және машиналық оқытуға негізделген талдау нәтижелерін бір сандық бағаға біріктіреді және тілдік модель негізіндегі генерациямен тұйық циклге қосылған. Қорғауға шығарылатын негізгі нәтижелер: 1. Ресурстарды басқару есебін ішінара бақыланатын Марков шешім қабылдау процесі ретінде формалдап, сенім-күй негізінде шешу телеметрия шулы болған жағдайда қызмет деңгейінің бұзылуын шектік саясатпен салыстырғанда едәуір азайтады. 2. Attention механизмі қосылған екі бағытты рекуррентті желі бұлтты жүктемені болжау және ірі көлемді болжам қателерін азайту жағынан базалық архитектуралардан статистикалық маңызды болуы. 3. Кэш өлшемін күшейтпелі оқыту арқылы реттегенде serverless ортада суық іске қосу үлесі мен жады шығыны арасында статикалық саясаттар жете алмайтын ымыра нүктесін табуға болады. 4. Кластерді рөлдерге бөлінген мультиагентті жүйемен басқарғанда қызмет деңгейінің бұзылуы азаяды, ал онымен қатар өсетін шығын шектеулі Марков процесі аясында бюджеттік шектеу арқылы бақыланады. 5. Ескі статистиканы экспоненциалды түрде азайтатын контексттік бандит алгоритмі (EF LinUCB) жүктеме профилі өзгеретін жағдайда платформаны дәстүрлі бандит стратегиялары мен статикалық ережелерге қарағанда сапалырақ таңдайды. 6. Конфигурацияны үш деңгейде верификациялауды тілдік модель негізіндегі генерациямен тұйық циклге біріктіргенде орналастыруға дейін анықталатын семантикалық қателердің үлесі артады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы: Әзірленген модельдер мен алгоритмдерді контейнерлік кластерлерді басқару жүйелерінде, CI/CD конвейерлерінде және бұлтты платформаларды пайдалану кезінде қолдануға болады (Қосымша А). Верификация жүйесі мен генерация агентін орналастыру алдындағы кезеңге енгізсе, конфигурациядағы қателер өндірістік ортаға жетпей тұрып анықталады. Масштабтау мен кэштеу алгоритмдері ресурс шығынын азайтуға арналған. Жұмыс нәтижелерін бұлтты технологиялар, үлестірілген жүйелер және машиналық оқыту пәндерін оқытуда да пайдалануға болады. Нәтижелерді ендіру. Жұмыстың нәтижелері Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті нәтижелерінің тәжірибеде қолданылғанын растайтын ақпараттық жүйені 2026 жылғы 13 қазандағы енгізу актісі алынды. Диссертация нәтижелерінің апробациядан өтуі. Диссертациялық зерттеулердің негізгі нәтижелерін төмендегі халықаралық конференцияларда баяндалды: 1. Облачные технологии в свете долгосрочной перспективы для бизнес-организаций // Фундаментальные проблемы информационной безопасности в условиях цифровой трансформации (FISP-2020): сб. докл. II Всерос. науч. конф. (с приглаш. зарубеж. ученых). – Ставрополь: СКФУ, 2020. – С. 201-206. (30 қараша 2020 ж.). 2. Қазіргі заманғы бұлттық есептеулер стандарттары мен сервистері // Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық конференциясы (Астана, 2021 – 12 сәуір). 3. Cloud Services Projects to Support Small and Medium-Sized Businesses and Approaches for their Commercialization // 2022 13th National Conference with International Participation (ELECTRONICA) (2022): 4 pp. (онлайн). Зерттеу нәтижелерінің талқылануы және жүзеге асырылуы: Scopus және Web of Science базаларындағы журналдарда 2 мақала: 1. Ospanova A., Zharkimbekova A., Kussepova L., Tokkuliyeva A., Kokkoz M. Cloud Service for Protecting Computer Networks of Enterprises Using Intelligent Hardware and Software Devices, Based on Raspberry Pi Microcomputers // Acta Polytechnica Hungarica 19(4) (2022): 85-103 pp. (Квартиль - Q3, процентиль - 80). 2. Omarbekova A., Kussepova L., Zulkhazhav A., Altaibek M., Bekmanova G., Nazyrova A., Lamasheva Zh. Monitoring and comparative analysis of containerized environments // Frontiers in Computer Science 8 (2026): 1886850, 1-22 pp. https://doi.org/10.3389/fcomp.2026.1886850 (Квартиль - Q1, процентиль - 71) Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы cапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынатын ғылыми басылымдар тізбесіндегі журналдарға 3 мақала: 1. Кусепова Л.Т., Оспанова А.Б, Назырова А.Е., Кусепова Г.Т. Развертывание контейнерных приложений с помощью машинного обучения: обзор и анализ // Вестник КазУТБ Учредители: Казахский университет технологии и бизнеса. – 2024. – Т. 2. – №. 23. 2. Кусепова Л. Т., Кусепова Г. Т. АНАЛИЗ И СРАВНЕНИЕ ИНСТРУМЕНТОВ ОРКЕСТРАЦИИ КОНТЕЙНЕРОВ В ЛОКАЛЬНОЙ И ОБЛАЧНОЙ ИНФРАСТРУКТУРЕ //Вестник Казахстанско-Британского технического университета. – 2026. – Т. 23. – №. 1. – С. 22-36. 3. Kussepova L.T., Ospanova A.B., Tebueva F.B., Amandykkyzy A., Nazyrova A.E., Tuleshov Y.A. An overview of modern cloud container technologies and a comparative analysis of their orchestration tools // Bulletin of the National Engineering Academy of the Republic of Kazakhstan. – 2026. – №1 (99). – P. 112-125. Диссертацияның құрылымы және көлемі. Диссертациялық жұмыс қазақ тілінде жазылған, кіріспеден, екі бөлімнен, қорытындыдан, 247 дереккөзді қамтитын пайдаланылған әдебиеттер тізімінен және қосымшалардан тұрады. Кіріспеде зерттеу тақырыбының өзектілігі негізделіп, жұмыстың мақсаты мен міндеттері, зерттеу объектісі мен пәні, қолданылған әдістері айқындалды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы, практикалық маңыздылығы және қорғауға шығарылатын негізгі нәтижелері тұжырымдалды. Нәтижелерді апробациялау, жариялау және тәжірибеге енгізу туралы мәліметтер берілді. Бірінші бөлімде бұлттық және жергілікті инфрақұрылымдарда контейнерлік қосымшаларды құру мен орналастырудың ғылыми-теориялық негіздері қарастырылды. Бұлтты инфрақұрылымның архитектуралық модельдері, контейнерлік технологиялар және оркестрлеу платформалары жүйеленді. Контейнерлерді орналастыру, масштабтау, жүктемені баланстау және ресурстарды пайдалануды оңтайландыру алгоритмдеріне салыстырмалы талдау жүргізілді. Қолданыстағы тәсілдердің толық емес телеметрия мен өзгермелі жүктеме жағдайындағы шектеулері анықталып, адаптивті басқару модельдерін әзірлеу қажеттілігі негізделді. Ұсынылатын шешімдердің тиімділігін бағалау өлшемдері мен эксперименттік зерттеу әдістемесі белгіленді. Екінші бөлімде контейнерлік қосымшаларды құру, орналастыру және орындау кезінде адаптивті басқарудың модельдері мен алгоритмдері әзірленіп, эксперименттік бағаланды. Ресурстарды басқару есебі ішінара бақыланатын Марков шешім процесі түрінде формалданып, сенім-күй негізінде шешім қабылдау тәсілі қарастырылды. Жүктемені болжауға арналған назар аудару механизмімен толықтырылған екі бағытты LSTM архитектурасы және SLOPE+ проактивті масштабтау алгоритмі зерттелді. Серверсіз ортада суық іске қосылуларды азайтуға арналған CASR-PPO алгоритмі мен контейнерлік инфрақұрылымды мультиагентті басқару тәсілдері бағаланды. Орындау платформасын адаптивті таңдау үшін ескі бақылаулардың салмағын экспоненциалды азайтатын EF-LinUCB алгоритмі қарастырылды. Контейнерлік конфигурацияларды үш деңгейде тексеретін Con2ValInt әдісі үлкен тілдік модельдер және іздеумен толықтырылған генерация негізіндегі тексеру-түзету цикліне біріктірілді. Контейнер бейнелерін құрастыру стратегиялары салыстырылып, әзірленген компоненттердің есептеу шығындары мен қолданылу шарттары анықталды. Компоненттерді «құру – орналастыру – адаптивті басқару» цикліне біріктіретін, телеметрия мен кері байланысқа негізделген архитектура ұсынылды. Қорытындыда зерттеу міндеттері бойынша алынған негізгі нәтижелер жинақталып, ұсынылған модельдер мен алгоритмдердің ғылыми және практикалық маңыздылығы тұжырымдалды. Эксперименттік нәтижелер негізінде олардың қолданылу шарттары мен шектеулері нақтыланып, қызмет сапасы, ресурстарды пайдалану және есептеу шығындары арасындағы арақатынас бағаланды. Қосымшаларда контейнерлерді жоспарлау алгоритмдерінің салыстырмалы сипаттамалары және әзірленген программалық құралдарға қатысты авторлық куәліктер берілді.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
