
«8D05306 - Химия» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кусаинова Бакытгуль Махамбетовна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кусаинова Бакытгуль Махамбетовна «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша «Табиғи бентонит негізінде алюминий және темір (ІІІ) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификацияланған сорбенттердің физика-химиялық және адсорбциялық қасиеттері» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Химия кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Калмаханова Маржан Сеитовна – PhD, қауымдастырылған профессор, «М.Х. Дулати атындағы Тараз университеті» КеАҚ (Тараз қ., Қазақстан Республикасы);
Лесбаев Айдос Бакытжанович – PhD, қауымдастырылған профессоры, «Ә. Бүркітбаев атындағы Энергетика және машина жасау институты» (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Рузметов Учкун Урунбоевич – химия ғылымдарының докторы, доцент, «Ұлықбек мырза атындағы Өзбекстан ұлттық университеті» (Ташкент қ., Өзбекстан;
Мусабаева Бинур Хабасовна – химия ғылымдарының кандидаты, профессор, «Астана Халықаралық Университеті» КеАҚ (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Досжанов Ерлан Оспанович – PhD, қауымдастырылған профессор, ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Жану проблемалары институты» РМК (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Тажкенова Гаухар Каргабаевна – «Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ, химия кафедрасының доценті, химия ғылымдарының кандидаты (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Казаринов Иван Алексеевич – физикалық химия кафедрасының меңгерушісі, Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов ұлттық зерттеу мемлекеттік университеті, химия ғылымдарының докторы, профессор (Саратов қ., Ресей Федерациясы).
Қорғау 2026 жылғы 23 желтоқсан, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша «8D053 – Физикалық және химиялық ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://clck.ru/3X4S5o
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көшесі, 13, №3 ғимарат, 333 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): «8D05306 – Химия» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған Кусаинова Бакытгуль Махамбетовнаның «Табиғи бентонит негізінде алюминий және темір (ІІІ) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификацияланған сорбенттердің физика-химиялық және адсорбциялық қасиеттері» тақырыбындағы диссертациясы Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Диссертациялық жұмыс Погодаев кен орнының (Батыс Қазақстан облысы) табиғи бентонитін алюминий және темір (ІІІ) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификациялауға, алынған ұнтақ және түйіршікті сорбенттердің құрылымдық, физика-химиялық және адсорбциялық қасиеттерін кешенді зерттеуге арналған. Негізгі назар су ортасынан Ni(II) катиондарын, Cr(VI) және As(V) оксианиондарын бөліп алу заңдылықтарына, процестің кинетикасы мен ықтимал адсорбция механизмдеріне аударылды. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Бентонит саздары ерекше қасиеттері мен ауыр металдарды жоюдағы жоғары тиімділігіне байланысты сорбенттер ретінде айтарлықтай назар аударады. Смектит саздар тобына жататын бентонит – жоғары меншікті бетімен және катион алмасу қабілетімен сипатталатын алюмосиликат, сондықтан ол иондардың адсорбциясы мен алмасуы үшін тиімді. Қабатты құрылымы оның адсорбциялық қабілетін арттырып, ауыр металдардың катиондарын тиімді жұтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бентонитті сорбциялық қасиеттері мен тұрақтылығын жақсарту үшін қолдану шарттарына сәйкес модификациялап, түйіршіктеуге болады. Саздардың адсорбциялық қабілетін арттырудың жақсы дәлелденген әдістерінің бірі – металл полигидроксокатиондарын енгізу арқылы олардың құрылымын өзгерту. Алюминий және темір негізіндегі кешендер қабаттар арасындағы байланыстарды нығайтады, соның нәтижесінде механикалық төзімділігі мен адсорбциялық қабілеті артады. Бұл тәсіл модификацияланған саз минералдарын суды тазартуды қоса алғанда, әртүрлі салаларда қолдануға мүмкіндік береді. Суды тазартудың көптеген әдістерінің ішінде сорбциялық әдістер ең тиімді және жиі қолданылады. Олардың артықшылығы – жоғары тиімділігі және құрамында бірнеше ластаушы заты бар суларды тазарту мүмкіндігі. Сорбцияның тиімділігі сорбенттің химиялық табиғатымен, меншікті бетімен, белсенді орталықтардың қолжетімділігімен, сондай-ақ ластаушы заттың сулы ортадағы формасымен анықталады. Сорбенттер ретінде әртүрлі материалдар қолданылуы мүмкін, алайда саз минералдары мен алюмосиликаттар экономикалық тұрғыдан тиімді. Сондықтан табиғи бентонит негізінде алюминий және темір (ІІІ) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификацияланған сорбенттердің физика-химиялық және адсорбциялық қасиеттерін зерттеу өзекті ғылыми міндет болып табылады. Диссертациялық жұмыстың мақсаты: ауыр металл катиондары мен оттегі бар аниондарға қатысты сорбциялық қабілетін арттыру үшін табиғи бентонит негізіндегі сорбенттерді химиялық модификациялау әдісін әзірлеу, сондай-ақ алынған сорбенттердің физика-химиялық және адсорбциялық қасиеттерін зерттеу. Зерттеу нысаны: Погодаев кен орнының (Батыс Қазақстан облысы, Орал қ.) бентонитті сазы негізінде темір мен алюминийдің (ІІІ) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификацияланған ұнтақ және түйіршікті сорбенттер. Зерттеу пәні: модификацияланған бентонит сорбенттерінің фазалық құрамы, беттік функционалдық топтары, кеуекті құрылымы мен меншікті беті, түйіршіктердің механикалық беріктігі, сондай-ақ олардың Ni(II), Cr(VI) және As(V) иондарына қатысты адсорбциялық сыйымдылығы, адсорбцияның рН-қа тәуелділігі, кинетикасы және механизмі. Зерттеудің міндеттері: 1. Қоса тұндыру әдісімен металдар полигидроксокатиондарымен модификацияланған табиғи бентонит негізінде тиімді сорбенттер алу. 2. Табиғи бентониттің және оның негізінде модификацияланған сорбенттердің құрылымы мен физика-химиялық қасиеттерін анықтау. 3. Алынған сорбенттердің металл катиондары мен оттегі бар аниондарға қатысты сорбциялық қабілетін зерттеу. 4. Зерттелетін сорбенттермен металл катиондары мен оттегі бар аниондардың сорбция процесін кинетикалық талдау және адсорбция процестерінің механизмін қарастыру. Зерттеудің тәжірибелік және теориялық әдістері. Сорбенттердің фазалық құрамы рентгенқұрылымдық талдау (РҚТ, DRON-8T дифрактометрі, Cu-Kα сәулеленуі) арқылы, морфологиясы мен элементтік құрамы сканерлеуші электрондық микроскопия және энергодисперсиялық рентгендік спектроскопия (СЭМ/ЭДС, TESCAN MIRA) арқылы, беттік функционалдық топтары ИҚ-спектроскопия (Shimadzu FTIR-8400S) арқылы анықталды. Меншікті бет ауданы мен кеуекті құрылым төмен температуралы азот адсорбциясы әдісімен (Quantachrome NOVA) зерттеліп, БЭТ және BJH әдістерімен есептелді. Бөлшектердің өлшем бойынша таралуы лазерлік дифракция әдісімен, ісіну дәрежесі Хаттон тесті бойынша анықталды. Ерітінділердегі Ni, Cr және As концентрациялары EDX-720 (Shimadzu) рентгенфлуоресценттік спектрометрінде калибрлеу қисығы бойынша өлшенді. Адсорбция изотермалары Ленгмюр моделімен, кинетикасы сыртқы диффузия, Вебер–Моррис ішкі диффузия, жалған-бірінші ретті, жалған-екінші ретті және Елович модельдерімен сипатталды. Түйіршіктердің механикалық және химиялық тұрақтылығы МЕМСТ Р 51641-2000 бойынша бағаланды. Зерттеу нәтижелерінің нақтылығы мен негізділігі. Нәтижелердің нақтылығы заманауи аспаптық физика-химиялық әдістерді кешенді қолданумен, адсорбциялық тәжірибелерді үш параллель өлшеуде жүргізумен және деректерді статистикалық өңдеумен (x̄ ± SD, RSD ≤ 15 %, Стьюдент критерийі бойынша 95 % сенімді аралық) қамтамасыз етілді. Әртүрлі әдістермен (РҚТ, СЭМ/ЭДС, ИҚ, БЭТ/BJH) алынған құрылымдық деректер бір-бірімен сәйкес келеді, ал адсорбциялық сипаттамалар модификацияланған саз минералдары бойынша әдебиет деректерімен салыстырылды. Негізгі нәтижелер рецензияланатын халықаралық журналдарда жарияланып, KZ 9294 пайдалы модельге патентпен қорғалды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы: 1. Погодаев кен орнының бентониті үшін алғаш рет Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру арқылы модификациялаудың арнайы жабдықты қажет етпейтін жағдайлары (рН=8, 25°С, [OH-]/[Me3+] = 2,23) анықталды. Бұл жағдайлар монтмориллониттің негізгі құрылымын сақтай отырып, меншікті бетті 3 есеге дейін арттырады. 2. Модификацияның фазалық құрамға, беттік гидроксил топтарына және кеуекті құрылымға әсері РҚТ, ИҚ, СЭМ және БЭТ әдістерімен кешенді анықталды. Түйіршіктеп күйдіргеннен кейін де меншікті бет табиғи бентониттен жоғары қалатыны және түйіршіктер МЕМСТ Р 51641-2000 талаптарына сәйкес келетіні көрсетілді. 3. Табиғи, Al- және Fe-модификацияланған бентониттердің Ni(II) катионына және Cr(VI), As(V) оксианиондарына қатысты сорбциялық қабілеті бірыңғай әдістемемен салыстырылды. Al-модификация оксианиондар сорбциясын катион сорбциясына қарағанда едәуір күштірек арттыратыны анықталды (4,3–5 есе, Ni(II) үшін 2 есе). 4. Сорбция ұнтақ үлгілерде де, түйіршікті үлгілерде де жалған-екінші ретті модельге бағынатыны және алдымен сыртқы, кейін ішкі диффузиямен шектелетіні анықталды. Иондардың сорбциясындағы айырмашылық олардың ерітіндідегі химиялық формаларымен және сорбент бетінің рН-қа тәуелді зарядымен түсіндірілді. Жұмыстың теориялық маңыздылығы. Диссертация Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен модификациялаудың бентониттің фазалық құрамына, беттік гидроксил топтарына және кеуекті құрылымына әсері туралы ғылыми түсініктерді кеңейтеді. Бірыңғай әдістемемен алынған деректер модификацияның әсері сорбаттың табиғатына тәуелді екенін көрсетті: Al-модификация Cr(VI) және As(V) оксианиондарының сорбциясын Ni(II) катионына қарағанда едәуір күштірек арттырады, бұл иондардың ерітіндідегі химиялық формаларымен және сорбент бетінің рН-қа тәуелді зарядымен байланысты. Ұнтақ және түйіршікті сорбенттердегі кинетикалық деректер массатасымалдау кезеңдерінің (сыртқы және кеуекішілік диффузия) рөлін нақтылап, модификацияланған саз негізіндегі түйіршікті сорбенттерді жобалаудың теориялық негізін толықтырады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Жұмыс нәтижелері Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен модификацияланған табиғи бентонит негізіндегі композитті сорбенттерді алудың ғылыми негіздерін қалыптастырады. Модельдік ерітінділерде алынған материалдар Ni(II), Cr(VI) және As(V) иондарын жоюда табиғи бентонитке қарағанда жоғары сыйымдылық көрсетті. Нақты су сынамаларында, бәсекелес иондар қатысында және динамикалық (бағаналық) режимде сынақтар жүргізілмегендіктен, сорбенттерді ауыз су тазартуда қолдану келешектегі зерттеулердің міндеті болып табылады. Жұмыстың практикалық маңыздылығы нәтижелердің зияткерлік меншік объектісі ретінде рәсімделуімен расталады: Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК берген KZ 9294 пайдалы модельге патент алынды. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Погодаев кен орнының табиғи бентонитін Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен қоса тұндыру әдісімен (рН = 8, 25°С, [OH-]/[Me3+] = 2,23) модификациялау композитті сорбенттер алуға мүмкіндік береді. Модификациядан кейін монтмориллонит, α-кристобалит және плагиоклаздың негізгі кристалдық фазалары сақталады. Синтез бөлме температурасында жүреді, арнайы жабдықты қажет етпейді және KZ 9294 пайдалы модельге патентпен қорғалды. 2. Модификация бентониттің меншікті бет ауданын 37 ± 3 м2/г-ден Al(III)-үлгіде 120 ± 2 м2/г-ге, Fe(III)-үлгіде 91 ± 1 м2/г-ге дейін арттырады, кеуектердің радиусы 1,5-8,0 нм аралығында болды. ИҚ-спектрлердегі О-Н (3620-3629 см-1) және Si-O (1040-1046 см-1) жолақтарының өзгеруі беттік гидроксил топтарының химиялық ортасы өзгергенін көрсетеді. Аргон атмосферасында 550°С-та күйдірілген 2-3 мм түйіршіктерде меншікті бет 65 ± 4 және 54 ± 3 м2/г-ге дейін төмендейді, бірақ табиғи бентониттің мәнінен жоғары қалады. Түйіршіктердің ұсақталуы (1,5-1,8 %) мен тозуы (0,1-0,3 %) МЕМСТ Р 51641-2000 шектерінен (≤ 4,0 және ≤ 0,5 %) төмен. 3. Al(III)-модификацияланған бентониттің адсорбциялық сыйымдылығы ерітінді рН-ына тәуелді. Ең жоғары адсорбция Ni(II) үшін рН = 7-де, Cr(VI) үшін рН = 2-4-те, As(V) үшін рН = 6-да байқалады. Ленгмюр моделі бойынша Al(III)-үлгінің A∞ мәні табиғи бентонитпен салыстырғанда Ni(II) бойынша 2,0 есе (25,0 және 12,3 мг/г), Cr(VI) бойынша 5,0 есе (12,0 және 2,4 мг/г), As(V) бойынша 4,3 есе (14,7 және 3,4 мг/г) жоғары. Модификация оксианиондар сорбциясын катион сорбциясына қарағанда едәуір күштірек арттырады. 4. Ni(II), Cr(VI) және As(V) сорбциясының кинетикасы жалған-екінші ретті модельмен сипатталады. Тепе-теңдік ұнтақтарда шамамен 120 мин, түйіршіктерде 150-180 мин ішінде орнайды. Вебер-Моррис моделі бойынша процесті бастапқы кезеңде сыртқы массаберілу, кейін кеуекішілік диффузия шектейді. Иондардың сорбциясындағы айырмашылық сорбент бетінің рН-қа тәуелді зарядымен және иондардың ерітіндідегі химиялық формаларымен анықталды. Зерттеу жұмысының ғылыми жобалармен байланысы. Диссертациялық зерттеудің эксперименттік бөлігі Н.Г. Чернышевский атындағы Саратов ұлттық зерттеу мемлекеттік университетімен (Ресей Федерациясы) жасалған ғылыми ынтымақтастық туралы меморандум аясында орындалды. Зерттеу гранттық немесе өзге де сыртқы қаржыландырусыз жүргізілді. Автордың жеке үлесі. Автор зерттеу тақырыбы бойынша отандық және шетелдік ғылыми әдебиет пен патенттік материалдарды талдады; табиғи бентонит үлгілерін дайындауды, Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен модификацияланған сорбенттерді синтездеуді, оларды түйіршіктеу мен термиялық өңдеуді, сондай-ақ адсорбциялық эксперименттерді тікелей өзі жүргізді. РҚТ, ИҚ, СЭМ/ЭДС және БЭТ/BJH аспаптық өлшеулері зертхана мамандарымен автордың тікелей қатысуымен орындалды. Автор эксперименттік деректерді өңдеп, интерпретациялады, сорбция кинетикасы мен изотермаларын талдады, негізгі ғылыми қорытындыларды тұжырымдады және ғылыми мақалаларды дайындады. Ғылыми кеңесшілер зерттеу әдістемесін таңдауға, эксперименттерді ұйымдастыруға және нәтижелерді талқылауға консультациялық көмек көрсетті. Жұмысты сынамалау. Диссертацияның негізгі қағидалары мен нәтижелері халықаралық конференцияларда баяндалды және талқыланды: VII Бүкілресейлік ғылыми-практикалық конференция «Техногенная и природная безопасность. Медицина катастроф. SAFETY-2023» (online, Саратов, Ресей, 2023); «XX Global Science and Innovations 2023: Central Asia» халықаралық ғылыми журналы (online, Астана, Қазақстан, қыркүйек 2023). Жарияланымдар. Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері 6 жұмыста жарияланды, оның ішінде Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports деректері бойынша импакт-фактор бойынша бірінші және/немесе екінші квартильге кіретін ғылыми басылымдарда 3 мақала; Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті бекіткен тізбедегі басылымда 1 мақала; республикалық және халықаралық конференциялар материалдарында 2 жұмыс. Импакт-фактор бойынша бірінші және/немесе екінші квартильге кіретін басылымдардағы барлық мақалаларда ізденуші бірінші автор болып табылады. 1. Kussainova B., Tazhkenova G., Kazarinov I., Nurlybayeva A., Lamichova A., Kusepova L., Mashan T., Tantybayeva B., Saurbayeva B., Seitbekova G., et al. Comparative Study of the Physico-Chemical Properties of Sorbents Based on Natural Bentonites Modified with Iron (III) and Aluminium (III) Polyhydroxocations // Coatings. – 2023. – Vol. 13. – P. 1974. https://doi.org/10.3390/coatings13111974 2023 жылы жарияланған кезде «Coatings» журналының 2022 жылғы импакт-факторы 3,4-ке тең; Materials Science, Coatings & Films санаты бойынша – Q2, Materials Science, Multidisciplinary санаты бойынша – Q3 квартилі. CiteScore 4,7; процентиль: Surfaces and Interfaces – 64, Surfaces, Coatings and Films – 62, Materials Chemistry – 62. Докторант бентонитті Al(III) және Fe(III) полигидроксокатиондарымен модификациялауға, сорбенттерді синтездеуге, РҚТ, СЭМ/ЭДС, ИҚ және БЭТ/BJH нәтижелерін өңдеуге және түсіндіруге, мақаланың мәтіні мен графиктерін дайындауға қатысты. 2. Kussainova B., Tazhkenova G., Kazarinov I., Burashnikova M., Nurlybayeva A., Seitbekova G., Kantarbayeva S., Murzakasymova N., Baibazarova E., Altynbekova D., et al. Adsorption of Bichromate and Arsenate Anions by a Sorbent Based on Bentonite Clay Modified with Polyhydroxocations of Iron and Aluminum by the “Co-Precipitation” Method // Molecules. – 2024. – Vol. 29. – P. 3709. https://doi.org/10.3390/molecules29153709 2024 жылы жарияланған кезде «Molecules» журналының 2022 жылғы импакт-факторы 4,6-ға тең; Chemistry, Organic; Chemistry, Multidisciplinary; Biochemistry & Molecular Biology санаттары бойынша – Q2 квартилі. 2022 жылғы CiteScore 6,7; процентиль: Chemistry (miscellaneous) – 78, Organic Chemistry – 78, Physical and Theoretical Chemistry – 78, Analytical Chemistry – 76, Pharmaceutical Science – 74, Drug Discovery – 68, Molecular Medicine – 58. Докторант Cr(VI) және As(V) адсорбциясы бойынша тәжірибелерді жүргізуге, кинетика мен изотерма деректерін өңдеуге және модельдеуге, нәтижелерді талқылауға және мақаланы дайындауға қатысты. 3. Kussainova B., Tazhkenova G., Kazarinov I., Burashnikova M., Ramazanova R., Ivashchenko Y., Saurbayeva B., Tantybayeva B., Seitkan A., Matniyazova G., et al. Physico-Chemical Properties of Granular Sorbents Based on Natural Bentonite Modified by Polyhydroxocations of Aluminum and Iron (III) by Co-Precipitation // Molecules. – 2025. – Vol. 30. – P. 195. https://doi.org/10.3390/molecules30010195 2025 жылы жарияланған кезде «Molecules» журналының 2023 жылғы импакт-факторы 4,2-ге тең; Chemistry, Organic; Chemistry, Multidisciplinary; Biochemistry & Molecular Biology санаттары бойынша – Q2 квартилі. 2023 жылғы CiteScore 7,4; процентиль: Chemistry (miscellaneous) – 83, Organic Chemistry – 81, Pharmaceutical Science – 81, Physical and Theoretical Chemistry – 80, Analytical Chemistry – 78, Drug Discovery – 73, Molecular Medicine – 68. Докторант түйіршікті сорбенттерді алуға және термиялық өңдеуге, олардың құрылымдық және физика-механикалық сипаттамаларын анықтауға, деректерді өңдеуге және мақаланы дайындауға қатысты. 4. Kussainova B.M., Tazhkenova G.K., Kazarinov I.A. Physical and chemical properties of natural clay deposits // Bulletin of L.N. Gumilyov Eurasian National University. Chemistry. Geography. Ecology Series. – 2020. – №1(130). – P. 42–48. 5. Кусаинова Б.М., Тажкенова Г.К., Казаринов И.А., Нурлыбаева А.Н. Физико-химические свойства сорбентов на основе природных бентонитов, модифицированных полигидроксокатионами железа (III) и алюминия (III) // International scientific journal «Global Science and Innovations 2023: Central Asia» (online), серия «Химические науки». – Астана, Казахстан, сентябрь 2023. – С. 28–31. 6. Кусаинова Б.М., Тажкенова Г.К., Казаринов И.А., Ламихова А.П. Физико-химические свойства композитных сорбентов на основе природного бентонита и углерода, полученного пиролизом древесины в условиях каталитической карбонизации // VII Всероссийская научно-практическая конференция «Техногенная и природная безопасность. Медицина катастроф. SAFETY-2023» (online). – Саратов, Россия, 2023. – С. 370–377. Диссертацияның көлемі мен құрылымы. Диссертациялық жұмыс кіріспеден, анықтамалар мен қысқартулардан, әдеби шолудан, тәжірибелік бөлімнен, нәтижелерді талқылау бөлімінен, қорытындыдан және пайдаланылған әдебиеттер тізімінен тұрады. Жұмыс 100 бет көлемінде баяндалған, 28 сурет, 26 кесте, 24 формула және 91 дереккөзден тұратын әдебиеттер тізімін қамтиды.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
