
«6D051700 - Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Каракожаева Алия Муратбеккызы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Каракожаева Алия Муратбеккызы «6D051700 – Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша «Қазақстан Республикасындағы адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру және дамыту» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Менеджмент кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Сабирова Рысты Куандиковна – э.ғ.к,профессор «Х.Досмұханмедов атындағы Атырау университеті» КеАҚ (Атырау қ., Қазақстан Республикасы);
Таменова Салтанат Сарсенбаевна – э.ғ.к, қауымдастырылған профессор, «Туран Университеті» , (Алматы қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Керимкулова Меримкуль Кадыровна – экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Менеджмент және бизнес институтының директоры (Бішкек қ., Қырғыз Республикасы);
Бакирбекова Айгүл Макулбекқызы – э.ғ.к., «Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті» , «Менеджмент және агробизнесті ұйымдастыру» кафедрасының қауымдастырылған профессор (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Рахимбекова Асель Ермековна – философия докторы (PhD), қауымдастырылған профессор, “Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы” АҚ, Стратегия және халықаралық байланыс департаментінің директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Исабеков Бауржан Нарзуллаевич – экономика ғылымдарының докторы, профессор (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Праневич Алла Александровна – экономика ғылымдарының докторы, «Беларусь мемлекеттік экономикалық университеті» БМ әлемдік экономика кафедрасының профессоры (Минск қ., Беларусь).
Қорғау 2026 жылғы 28 желтоқсан, сағат 14:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «6D051700 – Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша «8D041 – Бизнес және басқару» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://teams.microsoft.com/meet/433651850984941?p=sD6Wbed4e37hz7MjiX
Мекен-жайы: Астана қ., Қажымұқан көш, 11, Оқу-зерттеу корпусы, №518 аудиториясы.
Аңдатпа (қаз.): Каракожаева Алия Муратбеккызының «Қазақстан Республикасындағы адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру және дамыту» тақырыбындағы «6D051700 – Инновациялық менеджмент» мамандығы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін ұсынылған диссертациялық жұмысы Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталды дамыту және оның инновациялық құзыреттерін қалыптастыру экономиканың бәсекеге қабілеттілігі мен технологиялық өзгерістерге бейімделуінің маңызды факторларының бірі болып табылады. Цифрландыру, автоматтандыру және жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы еңбек ресурстарына жаңа талаптар қойып, креативтілік, сын тұрғысынан ойлау, эмоционалдық интеллект және цифрлық құзыреттерді дамытудың маңыздылығын арттыруда. Қазақстанда Индустрия 4.0 технологияларын енгізу үдерісінде білікті мамандардың жетіспеушілігі мен адами капиталдың инновациялық әлеуетін дамыту қажеттілігі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Ғылыми зерттеулерді талдау нәтижесінде Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытуға қатысты бірқатар теориялық және әдістемелік мәселелердің толық шешілмегені анықталды. Атап айтқанда, инновациялық құзыреттердің құрылымы мен құрамын жүйелеу, олардың адами капиталмен өзара байланысын анықтау, бағалау әдістерін жетілдіру және Қазақстан жағдайына бейімделген дамыту моделін әзірлеу қажеттілігі сақталуда. Осыған байланысты адами капиталдың инновациялық құзыреттерін кешенді зерттеу, оларды қалыптастыру мен дамытудың ғылыми негізделген моделін және практикалық ұсынымдарын ұсыну диссертациялық зерттеудің өзектілігін айқындайды. Диссертациялық зерттеудің объектісі – Индустрия 4.0 жағдайындағы Қазақстан Республикасының адами капиталы. Диссертациялық зерттеудің пәні – Индустрия 4.0 жағдайында Қазақстан Республикасындағы адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытуға ықпал ететін факторлар, үдерістер және басқару тетіктері Диссертациялық зерттеудің мақсаты – Қазақстан Республикасында Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың теориялық-әдіснамалық негіздерін жетілдіру, тұжырымдамалық моделін әзірлеу және практикалық ұсыныстар ұсыну Қойылған мақсатқа сәйкес келесі міндеттер айқындалып, шешілді: 1. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерінің теориялық-әдіснамалық негіздерін жүйелеу, олардың мазмұны мен құрылымын айқындау. 2. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың тұжырымдамалық моделін әзірлеу, оның құрылымдық компоненттері мен себеп-салдарлық байланыстарын негіздеу. 3. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың озық шетелдік тәжірибесін салыстырмалы талдау және оны Қазақстан жағдайында бейімдеу мүмкіндіктерін айқындау. 4. Қазақстан Республикасындағы адами капиталдың қазіргі жағдайын кешенді бағалау және оның даму үрдістерін анықтау. 5. Қазақстан Республикасындағы инновациялық құзыреттердің адами капиталға әсерін және адами капиталдың Индустрия 4.0 талаптарына бейімделуге ықпалын Partial Least Squares Structural Equation Modeling (PLS-SEM) әдісі негізінде эмпирикалық бағалау. 6. Қазақстан Республикасында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың басқарушылық тетіктерін жүзеге асыру деңгейін бағалау. 7. Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытуды басқарудың негізгі бағыттарын айқындау және практикалық ұсынымдар әзірлеу. Зерттеу тақырыбының ғылыми тұрғыдан зерделену деңгейі. Адами капитал теориясының қалыптасуы мен дамуына Т. Шульц, Г. Беккер, Дж. Минцер, Б. Чизвик, К. Голдин, Л. Кац және басқа да ғалымдар елеулі үлес қосты. Олардың еңбектерінде адами капиталдың экономикалық ресурс ретіндегі мәні, білім беру мен кәсіби дағдыларға инвестициялардың еңбек өнімділігіне, экономикалық өсу мен инновациялық дамуға ықпалы зерттелген. Қазақстандық ғалымдар Ю.К. Шокаманов, А.Г. Мұхамеджанова, А.Б. Майдырова, Б.Н. Исабеков еңбектерінде адами капиталды дамыту мәселелері қарастырылған. Инновация теориясының негіздері Й. Шумпетер, Следзик, Морейро зерттеулерінде, ал құзыреттілік тәсілінің теориялық-әдістемелік негіздері Д. МакКлелланд, Р. Бояцис, Л. және С. Спенсер, Ф. Деламар Ле Дейст, Дж. Уинтертон, Сангхи, Вельде еңбектерінде қалыптасты. Кәсіби, әлеуметтік, тұлғалық және метақұзыреттердің ерекшеліктері мен өзара байланысы Читэм, Чиверс, Д. Големан, Р. Бояцис, Вудкок, Фрэнсис және Балежентис зерттеулерінде талданған. Инновациялық құзыреттердің теориялық және қолданбалы аспектілері Юссила, Уоттс (INCODE), Херо, Перес-Пеньялвер, Овбиагбонхиа, Акимова, Чэнь, Миколайчук және Ли-ли Ма еңбектерінде зерттеліп, олардың жаңа идеяларды қалыптастыру, технологияларды енгізу және Индустрия 4.0 жағдайына бейімделудегі рөлі айқындалған. Инновациялық құзыреттердің негізгі құрамдас бөліктері бойынша жасанды интеллектпен жұмыс істеу қабілеті Бру-Луна, Думитриу, Мехта, С. Ли және Акимова; эмоционалдық интеллект Алаббаси, ван Лаар, Хьюс және Никкола; креативтілік Юссила, Уоттс, Херо және Чэнь; сын тұрғысынан ойлау Фачионе, Элдер, Пол, Халкс, Рейболд, Көкебаева және Картабаева еңбектерінде қарастырылған. Аталған зерттеулер инновациялық құзыреттердің адами капиталды дамытудағы маңызын негіздеп, оларды кешенді бағалау мен қалыптастырудың теориялық-әдістемелік негізін құрайды. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негізін 2007-2024 жылдар кезеңінде Scopus және Web of Science халықаралық дерекқорларында индекстелген ғылыми жарияланымдарды жүйелі талдау нәтижелері құрады. Бұл зерттеу адами капитал теориясы мен инновация теориясының ережелеріне негізделген. Теориялық іргетас ретінде Т. Шульц пен Г. Беккердің адам капиталын білім беруге, дағдылар мен қабілеттерге инвестициялардың нәтижесі ретінде қарастыратын идеялары, сондай-ақ Й.Шумпетердің инновациялық даму тұжырымдамасы пайдаланылады, оның шеңберінде инновациялар экономикалық өсу мен құрылымдық өзгерістердің негізгі көзі ретінде түсіндіріледі. Зерттеудің эмпирикалық бөлігінде айнымалылар арасындағы себеп-салдарлық байланыстарды бағалау және ұсынылған теориялық модельді тексеру мақсатында SmartPLS бағдарламасы негізінде ішінара ең кіші квадраттар әдісі (PLS-SEM) қолданылды. Зерттеудің ақпараттық базасын бастапқы және қайталама деректер құрады. Бастапқы деректер 2025 жылғы қыркүйек–қазан айларында Қазақстанның 18–63 жас аралығындағы 1 447 тұрғыны арасында жүргізілген сауалнама нәтижелеріне негізделді. Қайталама деректер ретінде ҚР Ұлттық статистика бюросының материалдары, мемлекеттік органдардың құжаттары, Дүниежүзілік банк, OECD, БҰҰ және басқа да ұлттық және халықаралық ұйымдардың есептері мен дерекқорлары пайдаланылды. Зерттеудің ғылыми жаңалығы төмендегідей болып табылады: 1. Адами капиталдың «Инновациялық құзыреттер» ұғымының авторлық ғылыми анықтамасы ұсынылды. 2. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерін (жасанды интеллект, эмоционалдық интеллект, креативтілік, сыни ойлау) біріктіретін авторлық тұжырымдамалық модель әзірленді және олардың өзара ықпалдасу механизмі айқындалды 3. PLS-SEM (Partial Least Squares Structural Equation Modeling) құрылымдық модельдеу әдісі негізінде Қазақстан Республикасындағы адами капиталдың инновациялық құзыреттерінің қалыптасуына әсер ететін факторлардың ықпалы алғаш рет эмпирикалық тұрғыдан бағаланды; 4. Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін дамытуға арналған ғылыми негізделген практикалық ұсынымдар әзірленіп, оларды білім беру жүйесін жетілдіру, еңбек нарығын дамыту бағытында қолдануға негізделді. 5. Мультидисциплинарлық зерттеу жұмысы - адами капитал экономикасы, инновациялар теориясы, білімді басқару және білім беру ғылымдары тәсілдерін біріктіруге негізделген. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар: 1. Адами капиталдың инновациялық құзыреттер ұғымына авторлық анықтама. 2. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың тұжырымдамалық зерттеу моделі. 3. Қазақстан Республикасында Индустрия 4.0 жағдайында инновациялық құзыреттердің адами капиталға және адами капиталдың Индустрия 4.0 талаптарына бейімделуге әсерін сипаттайтын құрылымдық модель. 4. Қазақстан Республикасында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытуға бағытталған басқарушылық және мемлекеттік тетіктердің жүзеге асырылу деңгейін бағалау нәтижелері. 5. Индустрия 4.0 жағдайында адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытуды басқарудың негізгі бағыттары және Қазақстан Республикасы экономикасының бейімделуін, инновациялық әлеуетін арттыруға бағытталған тәжірибеге бағдарланған практикалық ұсынымдар. Зерттеудің теориялық маңыздылығы. Бұл зерттеу Т. Шульц пен Г. Беккердің еңбектерінде ұсынылған адами капиталдың классикалық теориясын кеңейтеді, бұл Индустрия 4.0 жағдайында материалдық емес және мінез-құлық құзыреттеріне инвестициялар адами капиталдың дамуына және қазіргі экономикаға бейімделуіне айтарлықтай әсер ететіндігін растайды. Осылайша, зерттеу адами капиталдың классикалық теориялары мен инновациялық құзыреттердің қазіргі заманғы модельдерін экономиканың цифрлық түрлендіру жағдайында адами капиталды дамытуға кешенді және пәнаралық тәсілдердің қажеттілігін негіздей отырып толықтырады. Зерттеудің практикалық маңыздылығы. Зерттеу нәтижелері креативтілік, эмоциялық интеллект, сыни ойлау және жасанды интеллектпен жұмыс істеу сияқты инновациялық құзыреттерді дамыту адами капиталды айтарлықтай нығайтатынын және өзгерістерге дайындық деңгейін арттыратынын көрсетеді. Бұл тұжырымдар білім беру саласы мен экономиканың жеке секторында практикалық ұсыныстар әзірлеуге негіз болды. Атап айтқанда, білім беру саласында инновациялық құзыреттерді педагогтардың сыни ойлау тұрғысын коучингтік әдіс арқылы дамыту, оқушыларға арналған инновациялық құзыреттердің түсінігін қалыптастырып мамандық таңдауға бағытталатын авторлық ойын және инновациялық құзыреттеріді дамыту бойынша авторлық өнім (әдістемелік құрал). Мұндай тәсілдер білім алушылардың тек техникалық дағдыларын ғана емес, сонымен қатар креативті ойлауын, эмоционалдық саналығын және сыни пайымдау қабілетін кешенді түрде дамытуға мүмкіндік береді. Ал экономиканың жеке секторында инновациялық құзыреттерді дамытуға бағытталған HRM мамандарына арналған әдістемелік ұсыным цифрлық трансформацияға бағдарланған ұйымдарда жұмыскерлерді іріктеу, бағалау және дамыту тәсілдерінде креативтілік пен эмоциялық интеллектіні негізгі көрсеткіштер қатарына енгізуге бағыт береді. Диссертациялық жұмыс 2025 жылғы 27 ақпандағы №52ЖҒ-25–27 шарт негізінде «Жас ғалым» жобасы бойынша гранттық қаржыландыру аясында «Елдің зияткерлік әлеуеті» басым бағыты бойынша постдокторанттардың AP25795021 «Қазақстанда педагогтардың метақұзыреттерін коучинг әдісі арқылы дамыту: бағалау және перспективалық бағыттар» тақырыбындағы ғылыми жобасы шеңберінде орындалды. «КәсібиGO: ойна да таңда» атты кәсіби бағдар беретін үстел ойыны «Тәуелсіздік ұрпақтары-2024» гранттық жобасы аясында әзірленді. Жобаны «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы арқылы жүзеге асыру жоспарланды. Зерттеу барысында қол жеткізілген негізгі нәтижелер: 1. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерінің теориялық-әдіснамалық негіздері жүйеленіп, «инновациялық құзыреттер» ұғымына авторлық анықтама берілді, оның мазмұны мен құрылымы айқындалды. 2. Адами капиталдың инновациялық құзыреттерін қалыптастыру мен дамытудың көпдеңгейлі тұжырымдамалық моделі әзірленіп, оның негізгі компоненттері мен өзара байланыстары негізделді. 3. Сингапур, Финляндия және АҚШ тәжірибелері салыстырмалы талданып, инновациялық құзыреттерді дамытудың озық тәсілдерін Қазақстан жағдайына бейімдеу мүмкіндіктері анықталды. 4. Қазақстандағы адами капиталдың қазіргі жағдайына кешенді бағалау жүргізіліп, өңірлік теңсіздік, көші-қон, ҒЗТКЖ қаржыландыруының жеткіліксіздігі және білім беру инфрақұрылымына қатысты негізгі мәселелер анықталды. 5. PLS-SEM әдісі арқылы инновациялық құзыреттердің адами капиталға әсері эмпирикалық дәлелденді: креативтілік (β=0,333), эмоционалдық интеллект (β=0,241), ЖИ құзыреті (β=0,135), сыни ойлау (β=0,129). Адами капиталдың Индустрия 4.0-ге бейімделуге әсері β=0,650 құрап, бес гипотеза расталды (p<0,001). 6. Қазақстанда инновациялық құзыреттерді дамытудың қолданыстағы басқарушылық тетіктері бағаланып, оларды білім беру, ұйымдық және мемлекеттік басқару деңгейлерінде жетілдіру бағыттары айқындалды. 7. Инновациялық құзыреттерді дамытуға арналған практикалық ұсынымдар әзірленді: «КәсібиGO: ойна да таңда» үстел ойыны, «Skills. Дағды білімнен де маңызды...» кітабы, HRM әдістемесі, Research Skills бағыты және педагогтардың метақұзыреттерін дамыту шешімдері ұсынылды. Олардың ықтимал модельдік әсері адами капиталға 0,419, Индустрия 4.0-ге дайындыққа 0,272 стандартты бірлікке дейін бағаланды. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Зерттеу нәтижелері ҚР БҒМ ұсынған 5 отандық басылымда және 3 халықаралық конференцияда жарияланды. Сондай-ақ халықаралық ғылыми журналда 1 ғылыми мақала жарияланды және 2 авторлық құқық куәлігі алынды. Скопус базасына енген журналда: Problems and Perspectives in Management «Developing human capital through innovative competencies in the context of Industry 4.0: Insights from Kazakhstan» атты мақала, Vol. 24, No. 1, pp. 697–709, 27.03.2026, (Санаты – «Social Sciences (miscellaneous)» - процентиль 76, «Business, Management and Accounting» - процентиль 53) – 1 мақала ҚР ҒжЖБМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің ғылыми қызметтің нәтижелерін жариялау үшін ұсынылатын басылымдарында жарияланған еңбектер саны (Республикасының Ұлттық инженерлік академиясының хабаршысы, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетінің хабаршысы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының хабаршысы, Education. Quality Assurance – Білім сапасын қамтамасыз ету журналы) – 5 мақала Халықаралық тәжірибелік конференцияларда (Украина – 1, Белоруссия -1, Қырғызстан – 1) – 3 мақала Зерттеу аясында әзірленген 2 практикалық ұсыныс Қазақстан Республикасының Ұлттық зияткерлік меншік институты (Қазпатент)-те тіркеліп, 2 авторлық куәліктермен расталған: 1 - №48053, 2024 жылы «1» шілде; 2 - №57143, 2025 жыл «24» сәуір. Диссертация құрылымы. Ғылыми-зерттеу жұмысы кіріспе, үш бөлім, қорытынды, пайдаланған әдебиеттер тізімі және қосымшалардан тұрады. Диссертациялық жұмыс 151 бет, 32 кесте және 22 суреттен тұрады. Библиографияның 232 атауы бар.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
