
«8D03107 - Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Нурбек Куралай Хайруллакызы диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Нурбек Куралай Хайруллакызы «8D03107 – Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша «Шетелдегі диаспорамен өзара әрекет саясаты: Қазақстан және халықаралық тәжірибе» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Халықаралық қатынастар кафедрасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - орыс тілінде
Ресми рецензенттер:
Кожирова Светлана Басейовна – саяси ғылымдарының докторы, Астана халықаралық университеті Өнер және гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Құрмашев Айдар Кенжебекұлы –– философия докторы (PhD), Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институты Азия зерттулер бөлімінің басшысы (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Ким Николай Георгиевич – тарих ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық «Әл-Фараби» университетінің Азия зерттеулері институтының директоры (Алматы, Қазақстан Республикасы).
Акишев Арман Айтмухаметович – саяси ғылымдар докторы, Торайғыров университетінің Қазақстан тарихы кафедрасының профессоры (Павлодар қ., Қазақстан Республикасы).
Севги Өзкан – саяси ғылымдар бойынша философия докторы (PhD), Түркия Республикасының Эскишехир Османғази университетінің Экономика және әкімшілік ғылымдар факультетінің Қалалық зерттеулер кафедрасының оқытушысы (Эскишехир қ., Түркия Республикасы)
Ғылыми кеңесшілері:
Калашникова Наталья Павловна – саяси ғылымдарының докторы, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының профессоры, «Шаңырақ» ғылыми-білім беру орталығының директоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Угур Туран – шетелдік ғылыми кеңесші, философия ғылымдарының докторы (PhD), (Түркия Республикасы).
Қорғау 2026 жылғы 26 желтоқсан, сағат 11:00 Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D03107 – Этносаясаттағы дипломатия және менеджмент» білім беру бағдарламасы бойынша «8D031 – Әлеуметтік ғылымдар» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі офлайн және онлайн форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://surl.li/bvgkpf
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сатпаев көш., 2, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.): Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Халықтың жаһандық ұтқырлығы, адами капиталы үшін халықаралық бәсекелестіктің күшеюі және трансшекаралық байланыстардың кеңеюі жағдайында диаспораның зияткерлік, кәсіби, мәдени, экономикалық және ұйымдастырушылық әлеуетін тарихи отанының мүддесі үшін пайдалану мүмкіндіктерін зерделеу ерекше маңызға ие болуда. Бұл диссертациялық зерттеудің өзектілігі ұлттық экономикаға білікті адами ресурстарды тарту қажеттілігімен байланысты заманауи мәселеден туындайды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.-Ж. Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында отандық мамандарды елге қайтарудың тиімді тетіктерін әзірлеу, сондай-ақ елдің дамуына үлес қосатын жоғары білікті кадрларды шетелден тарту үшін жағдай жасау қажеттігі атап өтілді. Демек, мемлекеттің саяси бағыты шетелдегі қазақ диаспорасымен және отандастармен өзара іс-қимылті институционалдандыру қажеттілігін объективті түрде негіздейді. Сонымен қатар, зерттеліп отырған мәселенің өзектілігі 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты арта түседі. Конституцияның 3-бабында адами капиталды, білімді, ғылымды және инновацияларды дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде бекітілген. Аталған конституциялық қағидалар шетелдегі диаспорамен өзара іс-қимыл жасау мүмкіндіктерін, соның ішінде Қазақстанмен білім беру, ғылыми, кәсіби және мәдени байланыстарды дамыту мүмкіндіктерін зерделеу үшін маңызды конституциялық негіз қалыптастырады.. Қазақ диаспорасының қалыптасуының тарихи ерекшеліктері, қазіргі көші-қон үдерістері, халықаралық ынтымақтастықтың кеңеюі және тұрақты даму бағыты диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын іске асыру тәсілдерін қайта қарауды талап етеді. Соңғы жылдары шетелге қоныс аударатын қазақстандықтардың сапалық құрамы айтарлықтай өзгерді: Қазақстаннан негізінен еңбекке қабілетті жастағы, білім деңгейі мен кәсіби біліктілігі жоғары азаматтар кетуде. Білім алу және еңбек ету мақсатындағы көші-қон ауқымы да ұлғайып келеді. Бұл үрдіс мемлекеттік саясат аясында бұрын тұтас қамтылмаған жаңа сегменттің – заманауи қазақстандық диаспораның қалыптасуына негіз бола отырып, сонымен бірге уақытша көші-қонның тұрақты эмиграцияға ұласу қаупін арттырады. Осыған байланысты диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын зерттеу отандастардың тарихи отанымен мәдени және тарихи байланысын сақтау контекстінде де, ұлттық даму үдерістеріне білімді, құзыреттерді, кәсіби тәжірибе мен халықаралық байланыстарды тарту мүмкіндіктерін кеңейту тұрғысынан да маңызды болып табылады. Алайда мұндай әлеуеттің болуы оның іс жүзінде іске асырылуына өздігінен кепілдік бермейді, бұл мемлекеттің диаспоралық қауымдастықтармен өзара іс-қимылының институционалдық шарттарын, тетіктері мен нысандарын зерделеу қажеттілігін туындатады. Осы зерттеу аясында өзара іс-қимыл саясатын тек патерналистік көзқарас тұрғысынан ғана емес, сонымен қатар қазақ диаспорасының әртүрлі санаттарының мүдделерін, әлеуеті мен қажеттіліктерін елдің ұлттық мүдделерімен саралап есепке алуды және үйлестіруді көздейтін жүйелі, құралдық-бағдарланған модель ретінде қарастыру ұсынылады. Диссертациялық зерттеудің мақсаты мен міндеттері. Зерттеудің мақсаты дәстүрлі диаспораның этникалық қазақтарын ғана емес, сонымен бірге заманауи диаспора өкілдері болып табылатын отандастарды да қамтитын, шетелдегі барша қазақ диаспорасына қатысты Қазақстан Республикасының кешенді мемлекеттік саясатын қалыптастыру мен жетілдіру бойынша теориялық-әдіснамалық негіздеу және ғылыми-практикалық ұсыныстарды әзірлеу болып табылады. Қойылған мақсатқа сәйкес келесі міндеттер шешілді: 1. Диаспораны әлеуметтік-саяси феномен ретінде зерттеудің теориялық-әдіснамалық тәсілдерін зерделеу және оның саяси ғылым мен халықаралық қатынастар жүйесіндегі орнын айқындау; 2. Диаспоралық топтардың қалыптасуының негізі болып табылатын этникалық бірегейліктің негізгі тұжырымдамаларына талдау жасау; 3. Халықаралық қатынастар жүйесіндегі мемлекеттің диаспорамен өзара іс-қимыл саясатының заманауи теориялары мен модельдерін қарастыру; 4. Әлемдік тәжірибедегі диаспоралық саясаттың қалыптасу генезисін анықтап, оның дамуының негізгі кезеңдерін айқындау; 5. Шетелдік модельдер негізінде мемлекеттердің диаспорамен өзара іс-қимыл тетіктері мен тәжірибелеріне салыстырмалы талдау жүргізу; 6. Заманауи халықаралық ортадағы диаспорамен өзара іс-қимыл саясатының негізгі үрдістері мен даму перспективаларын айқындау; 7. Қазақстан Республикасының диаспоралық саясатын қалыптастырудың тарихи және институционалдық-құқықтық алғышарттарын зерттеу; 8. Эмпирикалық деректер мен сараптамалық бағалаулар негізінде шетелдегі қазақ диаспорасының қазіргі жай-күйіне талдау жасау; 9. Қазақстанның отандастар мен қазақ диаспорасына қатысты қолданыстағы саясатының өзекті мәселелері мен шектеулерін анықтау; 10. Халықаралық тәжірибе мен ұлттық басымдықтарды ескере отырып, шетелдегі диаспораға қатысты Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатын жетілдіру бойынша практикалық ұсынымдар әзірлеу. Зерттеу нысаны мемлекеттің шетелде тұратын диаспорамен және отандастармен өзара іс-қимыл саясаты болып табылады. Зерттеу пәні диаспорамен өзара іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асырудың стратегиялары, тәсілдері, қағидаттары, институттары, тетіктері мен құралдары, сондай-ақ халықаралық тәжірибені Қазақстан Республикасының жағдайына бейімдеу мүмкіндіктері болып табылады. Диссертациялық зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізі. Зерттеудің теориялық-әдіснамалық негізін саяси ғылым, халықаралық қатынастар, көші-қон және диаспора мәселелерін зерттеудің классикалық теориялары мен заманауи тұжырымдамалары құрайды. Зерттеу мәселесін қарастыру барысында пәнаралық тәсіл мен ғылыми әдістер кешенін ұштастыра қолдану зерттеліп отырған проблеманы жан-жақты талдауға мүмкіндік берді. Зерттеудің теориялық негізін примордиалистік, конструктивистік және инструменталистік тәсілдер тұрғысынан қарастырылатын ұлт пен бірегейліктің классикалық тұжырымдамалары құрады. Зерттеу барысында диаспораның рөлі мен функцияларын, сондай-ақ мемлекеттің диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын іске асырудағы рөлін бағалауға бағытталған прагматикалық ұстаным басшылыққа алынды. Заманауи теориялық тұжырымдамалар қатарында диаспораны жаһандық үдерістердің белсенді қатысушысы ретінде қарастыратын трансұлттық тәсілге ерекше назар аударылды. Бұл тәсілдің ерекшелігі – диаспораның көші-қон ұтқырлығына байланысты бірнеше елде бір уақытта тұрақты экономикалық, әлеуметтік және саяси желілердің қалыптасуына ықпал ететін көпжақты сәйкестікке ие болуымен сипатталады. Трансұлттық тәсіл аясында трансұлттық өмір салтының материалдық және технологиялық негізін қалыптастырудағы неолибералдық экономикалық модельдің рөлі, сондай-ақ мемлекеттердің диаспораларды әлеуметтік-мәдени қауымдастықтардан коммерциялық активтерге айналдырғанын атап өткен жөн. Зерттеуде эмпирикалық деректерді жинау мақсатында қазақ диаспорасының («дәстүрлі» және «заманауи») өкілдерімен тереңдетілген жартылай құрылымдалған сұхбаттар жүргізу, сараптамалық сауалнама, case-study әдісі қолданылды. Сонымен бірге, шетелдегі диаспораның қалыптасуының тарихи контекстін сипаттау үшін ретроспективті талдау, нормативтік құжаттарды талдау, «диаспора» ұғымына терминологиялық талдау жүргізілді. Сонымен қатар, әртүрлі мемлекеттердің шетелдегі диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын қалыптастыру мен іске асыру тәсілдерін салыстыруға мүмкіндік беретін кросс-ұлттық талдау әдісі пайдаланылды; қосымша зерттеу әдістері ретінде саяси бақылау әдісі, диаспоралық саясат құралдарын қолдану тиімділігін бағалауға арналған SWOT-талдау, қазақ диаспорасының әртүрлі санаттарымен өзара іс-қимыл бағыттары бойынша мемлекеттік саясат басымдықтарының жылу картасы қолданылды. Апробацияланған жарияланымдық материалдарда мемлекеттің диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын іске асыруға қатысу белсенділігінің деңгейіне қарай ықтимал даму сценарийлерін болжауға мүмкіндік беретін форсайт әдісі де қолданылды. Алынған нәтижелердің жаңалығы мен маңыздылығы зерттеу барысында қазақ диаспорасын ғылыми және практикалық тұрғыдан талдау жүргізу мүмкіндіктерінің кеңейтілуімен айқындалады. Зерттеу нәтижелері қазақ диаспорасын тұтас феномен ретінде түсінуге, оның ұлттық дамудағы әлеуетті рөлін айқындауға, сондай-ақ шетелдегі отандастармен өзара іс-қимыл жасауға бағытталған мемлекеттік саясаттың сараланған тәсілдерін негіздеуге арналған кешенді талдамалық негіз ұсынуымен маңызды. 1. Осы мақсатта ғылыми айналымға қазақ диаспорасының қалыптасу ерекшеліктерін сипаттайтын «дәстүрлі» (дәстүрлі қазақ диаспорасы деп қазіргі Қазақстанның шекаралас аумақтарында өмір сүрген және 1930–1950 жылдардағы тарихи-саяси себептерге байланысты қоныс аударған этникалық қазақтардан тұратын диаспора түсіндіріледі; зерттеу аясында кейс ретінде Қазақстан мен Қытай шекарасының шығыс бөлігіндегі Алтай өңірінен шыққан, кейін Түркияға қоныстанған және сол елде орныққан, ал қазіргі таңда ұрпақтары Еуропа елдерінде тұратын қазақ диаспорасы қарастырылды) және «заманауи» қазақ диаспорасы (заманауи диаспора деп Қазақстан тәуелсіздік алған 1991 жылдан бастап зерттеудің хронологиялық шегі болып белгіленген 2025 жылға дейінгі кезеңде шетелге қоныс аударған диаспора өкілдері мен мигранттар түсініледі) ұғымдары ғылыми айналымға енгізіліп, көші-қон толқындарының кезеңдеріне сәйкес шетелдегі қазақ диаспорасының типологиясын айқындау мәселесі алғаш рет ғылыми міндет ретінде қойылды. 2. Диаспораны «жұмсақ күш» құралы, адами капиталдың ресурсы, «ұлттың сыртқы жалғасы» және ұлттық бірегейліктің тасымалдаушысы ретінде қарастыратын қазақ диаспорасымен өзара іс-қимылдың саяси-экономикалық моделі тұжырымдалып, ғылыми тұрғыдан негізделді. Халықаралық тәжірибені талдау нәтижесінде жүйелі әрі кешенді диаспоралық саясат мемлекеттің өз аумағынан тыс жерлердегі мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететін мемлекеттік саясат құралдарының бірі бірі бола алатыны анықталды. 3. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алған кезеңдегі қазіргі халықаралық көші-қонның себептері мен шетелдегі заманауи қазақ диаспорасының қалыптасу үдерістері туралы мәліметтер жүйеленді. Тарихи-саяси жағдайларға байланысты негізінен мәжбүрлі қоныс аудару нәтижесінде қалыптасқан дәстүрлі диаспоралардан айырмашылығы, заманауи қазақ диаспорасының бұл қауымдастықтары ерікті халықаралық ұтқырлық үдерістері жағдайында қалыптасатыны анықталды. Білім алу мақсатындағы көші-қон ұзақ мерзімді көші-қон траекториясының бастапқы кезеңіне айналуы мүмкін. Мұндай жағдайда шетелде білім алу кейіннен қабылдаушы елде жұмысқа орналасумен және сол елде ұзақ мерзімді тұруға ұласуымен жалғасуы ықтимал. 4. Алғаш рет қазақ диаспорасының әртүрлі санаттарына қатысты мемлекеттік саясат басымдықтарының авторлық картасы әзірленіп, ұсынылды; оның негізіне төрт бағыт бойынша сараланған тәсіл алынды: институционалдық, экономикалық, зияткерлік, технологиялық. 5. Бірыңғай стратегияны институционалдық тұрғыдан бекітуді, ведомствоаралық үйлестіруді жетілдіруді, өзара іс-қимылдың цифрлық және коммуникациялық құралдарын дамытуды, заманауи диаспораның зияткерлік және кәсіби әлеуетін пайдалануды, сондай-ақ оның әртүрлі санаттарының ерекшеліктерін ескере отырып, мемлекеттік саясат құралдарын саралауды көздейтін халықаралық тәжірибенің жекелеген элементтерін бейімдеу негізінде шетелдегі қазақ диаспорасымен өзара іс-қимыл саясатын жетілдіру жөнінде ұсынымдар әзірленді. Қорғауға ұсынылатын негізгі қағидалар. 1. Репатриацияға бағдарланған диаспоралық саясаттың сандық моделінен шетелдегі отандастармен, соның ішінде шетелде ұзақ уақыт бойы (5–10 жылдан астам) тұрып жатқан Қазақстан азаматтарымен стратегиялық серіктестікке негізделген сапалық модельге көшу қажеттілігі негізделді. Бұл қажеттілік зияткерлік және еңбек көші-қоны үрдістерінің күшеюімен байланысты. Мұндай жағдайда отандастардың рөлін қайта пайымдау, олармен өзара іс-қимылды ұлттық дамудың жалпы стратегиясына институционалдық тұрғыдан енгізу ерекше маңызға ие. Қазақ диаспорасы адами капиталды, мәдени дипломатияны дамыту және ұлттық мүдделерді халықаралық деңгейде ілгерілету әлеуетінің маңызды көзі ретінде қарастырылады. Осыған байланысты диаспораны тек гуманитарлық қолдау объектісі ретінде ғана емес, сонымен қатар экономикалық, ғылыми, білім беру және технологиялық жобаларға қатысуға қабілетті трансұлттық ынтымақтастықтың белсенді субъектісі ретінде де қарастыру ұсынылады. 2. Қазақстан Республикасының диаспоралық саясатын өзіндік пәні, мақсаттары, субъектілері, іске асыру тетіктері мен құралдары бар мемлекеттік саясаттың дербес бағыты ретінде қарастыру қажеттілігі негізделді. Оның мазмұнын тек көші-қон немесе этномәдени салалармен шектеуге болмайды, себебі диаспорамен өзара іс-қимыл қоныс аудару мен құқықтық мәртебе мәселелерін ғана емес, сонымен қатар ұлтты топтастыру, елдің сыртқы саяси кеңістіктегі ұлттық мүдделерін нығайту, адами капиталды тарту, «жұмсақ күш» әлеуетін іске асыру, ұлттық қауіпсіздік пен бірегейлікті нығайту міндеттерін де қамтиды. 3. Шетелдегі қазақ қауымдастықтарын теориялық және практикалық тұрғыдан зерделеу мақсатында дәстүрлі және заманауи қазақ диаспорасының жиынтығын, оның ішінде Қазақстаннан тыс жерлерде ұзақ уақыт бойы тұрып жатқан отандастарды қамтитын біріктіруші «Qazaqiya»/«Қазақия» ұғымын бекіту ұсынылды. Бұл ұғымды пайдалану шетелдегі қазақтарды қабылдаудағы фрагменттілікті еңсеруге және оларды мемлекеттің ұлттық мүдделері аясында біріктіретін тұтас стратегия қалыптастыруға мүмкіндік береді. «Qazaqiya»/«Қазақия» термині профессор М.-А. Сыдықназаровпен бірлесіп ұсынылып, ҚСЗИ «Казахстан-Спектр» журналының 2025 жылғы 1 қазанда №3 санында бірлескен мақалада жарияланды. 4. Сараптамалық сауалнама мен диаспора өкілдерімен жүргізілген тереңдетілген сұхбаттардың нәтижелерін әдіснамалық триангуляциялау негізінде көші-қон себептері, бірегейлік сипаты және тарихи отанға деген қарым-қатынасы бойынша «дәстүрлі» және «заманауи» диаспораны ажырататын шетелдегі қазақтар мен қазақстандықтардың авторлық типологиясы эмпирикалық тұрғыдан негізделді. Қазақ диаспорасын бес санатқа дейін жіктеу ұсынылды. Олардың әрқайсысы мемлекеттік саясаттың сараланған құралдар жиынтығын қолдануды талап етеді. Мұндай прагматикалық тәсіл тарихи және заманауи диаспора арасындағы айырмашылықтарды, сондай-ақ отандастардың этникалық, әлеуметтік-экономикалық, білім беру және кәсіби санаттарымен өзара іс-қимыл жасау ерекшеліктерін ескеруді көздейді. 5. Қолданыстағы қазақстандық модельдің негізінен «көршілес» диаспораны репатриациялауға бағдарланғаны, ал Еуропа, Түркия және АҚШ-тағы (зерттеу аясында қарастырылған елдер) «заманауи» диаспорамен (жоғары білікті мамандармен) жұмыс әлі де жеткілікті деңгейде қалыптаспағаны және мемлекеттік институттар тарапынан елеулі серпін беру қажеттігі байқалды. Бұдан бөлек, зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазіргі кезеңде Қазақстан үшін диаспора өкілдерін міндетті түрде елге қайтаруға бағдарланған модельден гөрі репатриация мен трансұлттық өзара іс-қимыл элементтерін байланыстыратын гибридті тәсілдің өзекті екенін көрсетті. Қазіргі ғылыми пікірталастарда диаспоралық саясат мамандарды тарихи отанына физикалық тұрғыдан қайтарумен ғана шектелмей, олардың шыққан елінің дамуына шетелде жүріп-ақ үлес қосуына мүмкіндік беретін тетіктерді қалыптастыру тұрғысынан да қарастырылады. Ғылымды дамыту бағыттарына немесе мемлекеттік бағдарламаларға сәйкестігі. Зерттеу көші-қон саясатындағы жалпыұлттық басымдықтармен тікелей сабақтасады. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының 2030 жылға дейінгі көші-қон саясатының тұжырымдамасында шетелдегі диаспоралардың әлеуетін жеткіліксіз пайдалану негізгі мәселелердің бірі ретінде айқындалған, диаспоралардың ұйымдастырушылық әлеуетін нығайту, олардың өзін-өзі ұйымдастыруының тұрақты нысандарын дамыту, сондай-ақ шетелдегі мамандарды білім, технологиялар және инвестициялар алмасу үдерістеріне тарту тетіктерін қалыптастыруды көздейді. Осылайша, зерттеліп отырған мәселе мемлекеттік саясаттың өзекті міндеттерімен және шетелдегі отандастармен өзара іс-қимыл тетіктерін ғылыми тұрғыдан негіздеу қажеттілігімен тікелей байланысты. Жұмыстың ғылыми маңыздылығы диаспорамен өзара іс-қимыл саясатын саясаттану, халықаралық қатынастар, көші-қон зерттеулері және мемлекеттік басқару салаларын зерттеу тоғысында кешенді түрде қарастыру қажеттілігімен айқындалады. Шетелдік тәжірибеге жүгіну мемлекеттердің диаспоралық қауымдастықтармен өзара іс-қимыл жасаудың түрлі тәсілдерін салыстыруға және оларды Қазақстанның ұлттық контекстіне бейімдеу мүмкіндіктерін айқындауға жол ашады. Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Зерттеудің негізгі тұжырымдары, теориялық қорытындылары мен практикалық нәтижелері Web of Science және Scopus дерекқорларына енгізілген «Frontiers in Political Science» халықаралық ғылыми журналында (7 том, 2025) жарияланды. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті ұсынған рецензияланатын басылымдарда 3 (үш) мақала жарық көрді: Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет №3(90), 2024, «Халықаралық қатынастар» бағыты; «Қазақстан-Спектр» («Казахстан-Спектр»), 113-том, №3 (2025), «Саяси ғылымдар» бағыты; Мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет, 1–том (Public Administration and Civil Service Vol. 1) №96 (2026), «Халықаралық қатынастар» бағыты. Зерттеу нәтижелері сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Халықаралық қатынастар факультетінің «Этносаясаттану» магистрлік курсы аясында практикалық сабақтар өткізу барысында оқу үдерісіне енгізіліп, апробациядан өтті. Зерттеу нәтижелері әртүрлі деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларда баяндалып, оң бағасын алды. Оның ішінде: М. Ұлықбек атындағы Өзбекстан Ұлттық университеті базасындағы «Өзбекстандағы халықаралық қатынастар: заманауи тәсілдер мен даму перспективалары» (Ташкент), «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ» КЕАҚ филиалы базасындағы «Орталық Азия және Шығыс: саясат, экономика және мәдениет салаларындағы тоғысу нүктелері» (Бішкек) халықаралық конференциялары, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ базасындағы студенттік конференциялар, сондай-ақ «Болашақ дипломаттарды даярлаудың өзекті мәселелері: дәстүрлі және инновациялық тәсілдердің синергиясы» атты халықаралық қатынастар мамандарының II форумы. Трансұлттық білім беру және зерттеу желілерінің әлеуеті туралы зерттеу нәтижелері Францияда тіркелген және халықаралық ISSN стандартына ие «Орталық Азиядағы білім беру мен ғылымды дамыту» жинағында жарияланды. Диссертациялық зерттеу тақырыбы бойынша барлығы 13 (он үш) мақала жарияланды. Диссертациялық зерттеудің жекелеген тұжырымдары автордың Халықаралық көші-қон ұйымы – БҰҰ-ның көші-қон жөніндегі агенттігі ұйымдастырған тренингтерде, семинарлар мен дөңгелек үстелдерде (2023–2026 жылдар), сондай-ақ Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған іс-шараларда (2026 жылғы 22 мамыр және 25 қыркүйек) жасаған баяндамаларында көрініс тапты. Докторанттың барлық жарияланымдардағы үлесі 70 % - 100% - ға дейін. Диссертацияның құрылымы. Диссертация кіріспеден, үш бөлімнен, қорытындыдан, пайдаланылған дереккөздер тізімінен және бес қосымшадан тұрады. Диссертацияның жалпы көлемі - 185 бет.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
