
Сүлейменова Жазира Азаматовнаның философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін «8D01717 – Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша диссертация қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Сүлейменова Жазира Азаматовнаның «8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті» білім беру бағдарламасы бойынша «Ясауи хикметтеріндегі көркемдік қатынастың құрылымдық негіздері және оларды оқыту үдерісінде қолдану технологиялары» тақырыбындағы диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Филология факульетінің Қазақ әдебиеті кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілі.
Ресми рецензенттер:
Хамраев Алимжан Тиликұлы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан);
Ақтанова Айман Советовна, филология ғылымдарының кандидаты, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» және «Қазақстан тарихы» пәндері зертханасының меңгерушісі (Астана қ., Қазақстан).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Құрманбай Күлтас Сайынқызы, педагогика ғылымдарының докторы, «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымының профессоры (Астана қ. Қазақстан);
Рахметова Райгүл Сәдуақасқызы, педагогика ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Филология институты Қазақ тілі теориясы және оқыту әдістемесі кафедрасының профессоры (Алматы қ., Қазақстан);
Жарылғапов Жансая Жанғазыұлы, филология ғылымдарының докторы, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры (Қарағанды қ., Қазақстан);
Найманбаев Алмас Абдыманапович, философия докторы (PhD), Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Филология институты Академик С.Қирабаев атындағы Қазақ әдебиеті және оқыту әдістемесі кафедрасының аға оқытушысы (Алматы қ., Қазақстан);
Алимбаев Аслан Есемканович, философия докторы (PhD), доцент, А.Қ. Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі (Астана қ. Қазақстан).
Ғылыми кеңесшілер:
Қорғанбеков Болат Сағынбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры (Астана қ., Қазақстан);
Наджие Ата Иылдыз, филология ғылымдарының докторы, Қажы Байрам Вели университетінің профессоры (Анкара қ., Түркие).
Қорғау 2024 жылғы 15 сәуір, сағат 14:00
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D017 - Тілдер және әдебиет бойынша педагогтарды даярлау» («6D011700 - Қазақ тілі мен әдебиеті», «8D01717 - Қазақ тілі мен әдебиеті») кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесінде онлайн/оффлайн (аралас) түрде өтеді.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/85637275952?pwd=edQitam3GICQmL4o5DIWNNYeJDzUHP.1
Conference ID: 856 3727 5952, Access code: 821825
Мекен-жайы: Астана қаласы, Сәтпаев көшесі, 2, №302 аудитория.
Аңдатпа (қаз.):
Зерттеу тақырыбының өзектілігі. Қ. А. Ясауи шығармаларына текстологиялық зерттеулер жүргізу қажеттігі туралы мәселе баяғыда көтеріліп, уақыт өтсе де маңызды әрі өзекті болып отыр. Бұл мәселені Т. Есембеков сонау 1996 жылы Қазақстанда көтергенімен, зерттеу аяқталмай қалды. Осы орайда Ясауи хикметтеріне мәтіндік талдау жасалды. Бұл шығармалар негізінен адресатқа қатысты біртекті емес мазмұнымен және формальды белгілерімен ерекшеленеді. Хикметтерді адресат бойынша топтастыру олардың поэтикалық және даралық ерекшеліктерін анықтауға мүмкіндік береді. Талдау нәтижелері хикметті оқыту мәселесімен тығыз байланысты. Ясауи шығармасының көркемдік қатынасын саралай отырып, ЖОО білім алушыларының хикметтерді қабылдау деңгейі нақты тәжірибелер арқылы анықталды.
Зерттеу нысаны. Қ.А. Ясауидің мәдени және әдеби дәстүрін, ілімін, сөз өнерін және сөйлеу мәдениетін қамтыған «Диуани Хикмет» жинағының Қазақстанда жарық көрген барлық нұсқалары және ағылшын тіліне алғаш рет аударылған «Divine wisdom» жинағы.
Зерттеу пәні. Ясауи хикметтерінің ерекшеліктері мен зерттелу жайы, ондағы жетістіктер мен олқылықтар, мәтіндік және поэтикалық талдау арқылы хикметтердің канондығын анықтау, хикметтердің оқытылу тарихы мен ондағы өзекті мәселелерді саралау, оқытуда қолданылатын әдістер мен тәсілдердің тиімділігін қарастырып, қолдану жолдарын зерделеу.
Зерттеудің мақсаты. Қ.А. Ясауидің «Диуани хикмет» жинағы нұсқаларының сақталу жайының уақыттық-кеңістіктік ерекшеліктерін саралап, түпнұсқа хикметтерді анықтау, мұраның басты құндылығын танытатын шешуші ұғымдарды іріктеп, көпшіліктің игілігіне айналдыру, оның бүгінгі түркі халықтарының мәдениетімен байланысын анықтауға жол ашу және оларды оқыту технологияларының тиімділігін қарастыру.
Зерттеу мақсатын жүзеге асыру үшін келесі міндеттер қойылды:
- Хикметтердің транскрипциялық үлгісін бір ізге келтіріп, ғылыми нұсқасын жасау.
- Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани хикмет» жинағының Қазақстанда жарияланған нұсқаларын мәтіндік тұрғыда салыстырып, олардың ортақ тұстары мен мәтіндік ерекшеліктерін айқындау.
- Мәтіндік салыстырулар негізінде дайындалған канондық мәтіннің сұлбасы беріліп, оның бұған дейінгі тәжірибелерден өзгешелігі анықталып, автор-мәтін-адресат арасындағы поэтикалық қарым-қатынастың жалпы және өзіндік ерекшеліктерін саралау.
- Хикметтердегі басты тақырып, идея және пафостың адресатқа тікелей қатыстылығы және түрлерін жіктеу.
- Нақты тәжірибелер негізінде Ясауи хикметтерін оқытудағы дәстүрлі және заманауи технологияларды қолдану тиімділігін көрсету.
Зерттеу әдістері. Хикмет мәтінін зерттеу барысында салыстырмалы тарихи талдау, әдеби талдау, лингвотекстологиялық талдау, жинақтау, герменевтикалық талдау әдістері, эмпирикалық зерттеу әдістері, эксперимент нәтижелерін қорытындылауда аналитикалық және статистикалық талдау әдістері қолданылды. Сонымен қатар хикметтердегі сөздердің жиілігін анықтау мақсатында сандық талдауды жүрізу үшін ақпаратты өңдеудің автоматтандырылған әдістері, хикметтердің эмоционалдық спектрін анықтау үшін сентименталды талдау әдістері қолданылды.
Зерттеу жұмысының ғылыми жаңалық дәрежесі. Зерттеу жұмысының негізгі ғылыми жаңалығы ретінде текстологиялық талдау нәтижесінде канондық мәтін деп танылған «Диуани хикметтің» дәстүрлі және заманауи технологиялар негізінде оқу үдерісіне енгізілуін атап өткен жөн. Осы орайда Ясауи шығармашылығы аясында жасалған ізденістер, тұжырымдар, салыстырулар мен дәйектер жұмыстың негізгі жаңалықтары қатарына енді.
Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеудің теориялық және әдіснамалық негіздері ғылыми зерттеулерді құрайтын іргелі принциптер мен әдістерді қамтиды және ғылыми жұмыстың үйлесімділігі мен сенімділігін қамтамасыз етеді. Сондықтан жұмыстың теориялық және әдіснамалық негізі Ясауи шығармашылығын зерттеген отандық (Д. Кенжетай, А. Әбдірәсілқызы, Р. Сыздықова, Б. Қорғанбеков, А.А. Жолдасова т.б) және шетелдік (Ф. Көпүрұлы, Б. Бабаджанов, Н. Тосун, О. Турер, К. Тосун, Д. Трапман) ғалымдардың зерттеулері бойынша негізделді.
Жұмыстың практикалық маңызы. Бұл ғылыми зерттеуді әдебиеттану, тіл білімі, фольклортану, өнертану, саясаттану және дінтану, педагогика салаларында, ЖОО-да, колледждер мен орта мектептердегі оқу үдерісінде, дәріс сабақтары мен практикалық сабақтарға көмекші құрал ретінде қолдануға болады.
Қорғауға ұсынылатын диссертацияның негізгі тұжырымдары:
- Ясауи хикметтерінің жарық көрген нұсқаларын салыстыру нәтижесінде канондық мәтінді анықтау көзделеді.
- Саралау принципі негізінде канондық мәтін айқындалады.
- Мәтіндегі автор мен адресат мәселесі қарастырылып, олардың түрлері жіктеледі.
- Адресатқа байланысты хикметтердің тақырыптық жүйесі айқындалып, пафостық-идеялық ерекшеліктері көрсетілді және тілдік құралдар жүйесі сараланды, сонымен қатар автордың көңіл-күйі анықталып, хикметтердің жанрлық көркемдік ерекшеліктері сипатталды.
- Ителлектуалды сандық бағдарламалар арқылы хикметтердің сөз жиілігі анықталып, эмоционалдық спектрін бағалау мақсатында сентименталды талдау жасалады.
- Хикметтерді оқытуда жүргізілген тәжірибелер нәтижесінде білім алушылардың таңдауына лайықты болған бірқатар хикметтер анықталады.
- Хикметтерді оқытудың дәстүрлі және заманауи технологиялары қарастырылып, оны оқу үдерісінде қолданудың тиімділігі статистикалық талдау, сауалнама және бақылау сияқты аналитикалық талдау әдістері арқылы айқындалады.
Жұмыстың жариялануы мен талқылануы (апробация) жалпы зерттеу нәтижелері 7 жарияланымда көрініс тапты. Скопус (Scopus) мәліметтер баспасына 1 мақала, ҚР ҒЖБМ Ғылым және жоғары білім саласындағы бақылау комитеті (ҒЖБСБК) ұсынған тізімге енетін журналдарда 3 мақала, шетелдік халықаралық конференцияларда 3 мақала жарияланды.
Диссертациялық жұмыс кіріспеден, үш тараудан, әр тараудың тұжырымдарынан, қорытындыдан, пайдаланылған әдебиеттер тізімі мен қосымшалардан тұрады. Тараулар мазмұнында кестелер, сызбалар, суреттер бейнеленген.
Диссертациялық жұмыстың қысқаша мазмұндамасы.
Диссертациялық жұмыстың кіріспесінде зерттеу жұмысының өзектілігі, мақсаты мен міндеттері, зерттеу нысаны, зерттеу пәні, зерттеудің ғылыми болжамы, жетекші идеясы, әдіснамалық негіздері, зерттеу әдістері, диссертациялық зерттеудің дереккөздері, зерттеу жұмысының негізгі кезеңдері, ғылыми жаңалығы, теориялық және практикалық маңызы, қорғауға ұсынылатын негізгі тұжырымдар, зерттеу жұмысының сарапталуы мен жариялануы секілді зерттеу талаптары қамтылды.
Жұмыстың «Диуани хикмет» нұсқалары бойынша жасалған канондық мәтін» атты бірінші бөлімі іштей үш тараушадан тұрады. Зерттеудің бірінші тарауында, канондық мәтін және текстология жөніндегі түсініктер қарастырыла отырып, олардың мәні және қызметтері айқындалды. «Диуани хикмет» жинақтарының Қазақстанда жарық көрген жиырмадан астам нұсқаларына толық сипаттама беріліп, олардың текстологиясы жасалды. Нәтижесінде үш баспаға негізделген он екі нұсқа таңдалып, олардың әрқайсысы ішінара жеке-жеке зерделенді. Соңында әр баспадан бір-бір нұсқа алынды.
Зерттеудің екінші кезеңі үш басылым хикметтерінен поэтикасы бөлек хикметтерді бөлектеуге негізделді. Бөлектеу қағидаты өлең құрылысындағы ырғақтың, буын сандарының, ұйқастың және стильдің бұзылуымен анықталды. Келесі үшінші кезең хикметтердегі тахаллус мәселесіне қатысты болды. Хикметтердегі тахаллустың болмауын анықтау да бірнеше қағидат арқылы іске асырылды.
Екінші «Поэтикалық контекстегі автор, мәтін және адресаттың өзара байланысы» атты бөлімде канондық деп танылған хикметтер мәтініне поэтикалық талдау жасалып, поэтикалық контексте автордың, мәтіннің және адресаттың өзара байланысы анықталды. Жалпы поэтикалық байланыстың теориялық жақтары қарастырылып, хикметтердегі автор мен адресаттың көркемдік байланысы зерделенді. Ясауи хикметтерінің ұстанымдары мен жанрлары сараланып, сюжеті мен мазмұны жағынан топтастырылды. Мәтіндегі сөздердің жиілігіне назар аударылып, хикметтердің кімге арналғаны анықталды. Ең жиі қолданылған сөздердің басқа сөздермен байланысы сараланып, олардың мағынасы түсіндірілді.
Диссертациялық жұмыстың «Ясауи хикметтерін оқу үдерісінде қолдану технологиялары» атты үшінші бөлімінде Ясауи хикметтерін оқыту мәселесі қарастырылды. Ақын даналықтарының оқу-тәрбие үдерісінде пайдаланылуына тарихи шолу жасалып, олардың қазіргі кезде де шәкірттерді оқытуға қажетті құнды материал екендігіне көз жеткізілді. Мазмұндау немесе перифразалау сияқты дәстүрлі және заманауи технологияларды қолданып, Ясауи хикметтері арқылы шет тілін оқытудың тиімділігі сонымен қатар он және жеті апталық тәжірибеге статистикалық талдау жүргізіліп, білім алушылардың білім деңгейінің және қызығушылықтарының артқандығы анықталды. ANCOVA, MedCalc, PRAAT сияқты сандық бағдарламалардың көмегімен талдау қорытындысы жасалды. Тәжірибеге қатысушылардың орындаған стандартты тестерінің нәтижелері білім алушылардың сөйлеу деңгейлерінің біршама ілгері жылжығанын көрсетті.
Орындалған жұмыстың қорытындысы:
Диссертациялық зерттеудің негізгі нәтижелері келесі мазмұнда тұжырымдалды:
- Ясауи хикметтерінің жарық көрген нұсқаларына текстологиялық талдау жасалды.
- Саралау принципі негізінде канондық мәтін айқындалды.
- Мәтіндегі автор мен адресат мәселесі қарастырылып, олардың түрлері жіктелді.
- Адресатқа байланысты хикметтердің тақырыптық жүйесі айқындалып, пафостық-идеялық ерекшеліктері көрсетілді және тілдік құралдар жүйесі сараланды, сонымен қатар автордың көңіл-күйі анықталып, хикметтердің жанрлық көркемдік ерекшеліктері сипатталды.
- Ителлектуалды сандық бағдарламалар арқылы хикметтердің сөз жиілігі анықталып, эмоционалдық спектрін бағалау мақсатында сентименталды талдау жасалды.
- Ясауи хикметтерінің оқу-тәрбие үдерісінде қолданылуына шолу жасалып, эмоционалдық көңіл-күйге байланысты олардың қандай түрін оқытудың маңыздылығы айқындалды.
- Хикметтерді оқытудың дәстүрлі және заманауи технологиялары қарастырылып, оны оқу үдерісінде қолданудың тиімділігі статистикалық талдау, сауалнама және бақылау сияқты аналитикалық талдау әдістері арқылы айқындалды.
Диссертация тақырыбы бойынша жарияланған жұмыстар тізімі
Зерттеу нәтижелері мен қорытындылары отандық және шетелдік ғылыми басылымдарда 7 ғылыми мақала түрінде жарық көрді.
Оның ішінде 1 мақала Скопус (Scopus) мәліметтер базасында, 3 мақала - ҚР ҒЖБМ Ғылым саласындағы сапаны қадағалау комитеті бекіткен тізімге енетін журналдарда және 3 мақала - халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтарында жарияланды.
Скопус (Scopus) мәліметтер базасында жарияланған мақала:
- 1. Exploring Topics and Sentiment in the English Version of Yassawi’s Divan-i Hikmet: A Text Mining // Theory and Practice in Language Studies. - 2022. №. 12 (12). - P. 2678-2686. (квартиль - Q-2, процентиль - 55). Индекс: Scopus Arts & Humanities.
ҚР ҒЖБМ Ғылым саласындағы сапаны қадағалау комитеті бекіткен тізімге енетін журналдарда жарияланған мақалалар:
- Қазақ әдебиеті бөлімінің білім алушыларына кәсіби бағытталған шет тілін оқытуда «Диуани хикметтің» маңыздылығы» // Абылай хан атындағы ҚазХҚ және ӘТУ Хабаршысы. Филология сериясы. - 2022. - Т. 67, №4. - Б. 256-268.
- The female ideal in medieval sufi literature (on the basis of Yasawi hikmets) // Торайғыров университетінің хабаршысы. Филология сериясы. - 2023. - №1. - P. 332-345.
- «Диуани хикмет» жинағы және оның қазақ халқының ауыз әдебиетімен байланысы // Ясауи университетінің хабаршысы. Филология сериясы. - 2023. - №2(128). - Б. 114-124.
Диссертацияның негізгі қорытындылары мен нәтижелері жарияланған халықаралық және республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинақтары:
- Қазақ өлеңінің құрылысындағы Ясауи дәстүрі // «Ескерткіштерді қорғайтын халық» атты Құнды мұра, қасиетті орындар мен тұрақты туризм бойынша халықаралық конференцияның материалдары (26-28 қазан 2022 ж. - Б. 117-135).
- Yasawi teachings are the basis of the Kazakh people national ideology // Роль и значение Захириддина Мухаммада Бабура в развитии мировой науки и культуры: международная научно-практическая конференция (Фергана, 2023. - Р. 287-301).
- Әзірет Сұлтан кесенесінің қазақ руханиятындағы орны // «Филолгия ғылымындағы ізденістер мен жаңалықтар. Докторанттар мен магистранттарға арналған VІ халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары». - Астана, 2023. - Б. 217-224.
