
«8D02307 - Аударма ісі» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кожахметова Гульсара Амангельдиевна диссертациясын қорғауы
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде философия докторы (PhD) дәрежесін алу үшін Кожахметова Гульсара Амангельдиевна «8D02307 - Аударма ісі» білім беру бағдарламасы бойынша «Зергерлік бұйым терминдерін түрлі жүйелі тілдерде аудару және электронды тезаурус жасау» тақырыбында диссертациясы қорғалады.
Диссертация Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Аударма теориясы мен практикасы» кафедрасында орындалды.
Қорғау тілі - қазақ тілінде
Ресми рецензенттер:
Айбарша Ислам - филология ғылымдарының докторы, профессор, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Шетел тілдері педагогикалық факультетінің деканы (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Аккалиева Айжан Файзрахмановна - философия докторы (PhD), Шәкәрім атындағы университетінің шетел тілдері кафедрасының аға оқытушысы (Семей қ., Қазақстан Республикасы).
Диссертациялық кеңестің уақытша мүшелері:
Бахтикиреева Улданай Максутовна - филология ғылымдарының докторы, профессор, Патрис Лумумба атындағы Ресей халықтар достығы университеті (Мәскеу қ., Ресей Федерациясы);
Шойбеков Рүстембек Нұсқабекұлы - филология ғылымдарының докторы, доцент, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының Этнолингвистика бөлімінің бас ғылыми қызметкері (Алматы қ., Қазақстан Республикасы);
Шерубай Құрманбайұлы - филология ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының ғылым жөніндегі вице-президенті (Астана қ., Қазақстан Республикасы).
Ғылыми кеңесшілері:
Тажибаева Сауле Жаксылыкбаевна - филология ғылымдарының докторы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Аударма теориясы мен практикасы кафедрасының профессоры (Астана қ., Қазақстан Республикасы);
Невская Ирина Анатольевна - филология ғылымдарының докторы, профессор, И.В. Гёте атындағы Франкфурт Университеті (Франкфурт қ., Германия).
Қорғау 2024 жылғы 14 желтоқсан, сағат 11:00-де Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «8D02307 - Аударма ісі» білім беру бағдарламасы бойынша «8D023 - Тілдер және әдебиет» кадрларды даярлау бағыты бойынша диссертациялық кеңесте өтеді. Диссертациялық кеңес мәжілісі аралас (оффлайн және онлайн) форматта өткізіледі деп жоспарлануда.
Сілтемесі: https://us06web.zoom.us/j/81791285003?pwd=w1CaeD3zP3mALQMnJNbgy67VNsirPx.1
Конференция идентификаторы: 817 9128 5003
Кіру коды: 843919
Мекен-жайы: Астана қ., Қ. Сәтбаев көшесі, 2, оқу-әкімшілік (бас) ғимараты, №302 ауд.
Аңдатпа (қаз.): Гүлсара Амангельдиевна Кожахметованың «8D02307 - Аударма ісі» білім беру бағдарламасы бойынша философия докторы (PhD) ғылыми дәрежесін алу үшін «Зергерлік бұйым терминдерін түрлі жүйелі тілдерде аудару және электронды тезаурус жасау» тақырыбында жазған диссертациялық жұмысы. Зерттеу жұмысы аударма ісі, терминология, компьютерлік лингвистика және ақпараттық технологиялар тәрізді пәндердің тоғысында жүргізіліп, пәнаралық зерттеулерге қойылатын талаптарға сай келеді. Зерттеу тақырыбының өзектілігі. ХХ ғасырдың аяғында Қазақстанда ұмытыла бастаған ұлттық зергерлік қолөнер қайта жандана бастады. Осы кезеңде дәстүр сабақтастығын жалғауға, метал мен бағалы тастарды өңдеу технологиясын меңгеруге және ұлттық құндылықтың функционалдық қызметін жаңғыртуға бет бұрған жеке зергер-шеберлер мен компаниялар пайда болды. Зергерлік өндірістің жандануы қазіргі әлемнің жаһандануға бет бұрған кезеңінде қазақ халқының этникалық және мәдени бірегейлігін, рухани және материалдық құндылығын танытатын зергерлік іспен байланысты лексиканың өзге тілдермен қатар қолданысқа түсетін бәсекеге қабілетін арттыру мен өндіріс тіліне айналдыру міндетін алға қояды. Осы орайда зергерлік сала лексикасын өзге тілдегі лексикамен мәдени қарым-қатынасы негізінде салыстыру-салғастыру, терминжасам және аударматану тұрғысынан зерттеудің өзектілігі де артады. Сонымен қатар зергерлік сала терминдерінің сапалы аудармасын жасау оның ана тілімізде қолданылу аясын кеңейтуге ықпал етеді. Басқа халықтың ұлттық терминдерімен деңгейлес болып, экстралингвистикалық себептерге байланысты қолданыстан шығып қалған қазақ зергерлік сала терминдерін аударуда аударманың тиімді әдістерін анықтау өте маңызды, себебі термин аудармасы - мәтінді өзге тілде берудің негізгі жолы. Қазіргі цифрландыру заманында аударма қызметі мәдени және арнайы салалық лексика аудармасы тұрғысынан жаңа деңгейге көтерілуі қажеттігі артып келеді. «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қазіргі сандық жүйеге көшу кезеңінде жаңашыл зерттеулерге бағытталады. Осы тұрғыда сапалы аударма жасауға ықпал ететін және заманауи автоматты аудармаға негіз болатын жүйеленген салалық электрондық көптілді тезаурус-сөздіктер жасау қажеттілігі пайда болды. Зергерлік қолөнер лексикасы аударма теориясы мен практикасы, терминология, компьютерлік және корпустық лингвистика аясында пәнаралық тұрғыдан арнайы зерттелмеді. Зергерлік сала бойынша кәсіби мамандары даярланып, өндіріс материалының, өңдеудің жаңаша технологиялары мен жабдықтардың жаңа түрлерінің пайда болуы мен қолданыс аясының кеңеюі зергерлік лексика мен салалық терминологияны жүйелеп, сапалы аудармасын ұсынатын көптілді электронды тезаурусын құру қажеттілігіне әкеледі. Электрондық тезаурус зергерлік лексикамен қатар салалық терминдерді жүйелеуге ықпал етеді. Электрондық тезаурус семантикалық тұрғыдан дұрыс баламаларды табу мен сапалы аударма жасауға ықпал етеді. Ғылыми-зерттеу жұмысының теориялық-әдіснамалық негіздері. Пәнаралық сипаттағы зерттеу жұмысының теориялық және әдіснамалық негізі ретінде аударматану ғылымы бойынша П. Ньюмарк (1988), М. Снелл-Хорнби (1988), В.Н. Комиссаров (1999), И.В. Убоженко (2000), А. Алдашева (2006) еңбектерінде, зергерлік лексиканы тарихи және этнографиялық тұрғыдан зерттеушілер Х. Арғынбаев (1980, 1987), Ш.Ж. Тохтабаева (1984), А.И. Мамбетова (2005), тілдік тұрғыдан зерттеушілер Р. Шойбеков (1993, 2006), З. Ержанова (2010), салалық терминология бойынша Ө. Айтбайұлы (1988, 2013), Ш. Құрманбайұлы (2014, 2018), Ж. Бейсенова (2011), тезаурус бойынша Е. Әбдрәсілов (2009), М.А. Самбетбаева (2016) жасаған тұжырымдары негізге алынды. Зерттеу жұмысының мақсаты - қазақ тіліндегі зергерлік сала бойынша арнайы лексиканы орыс, ағылшын тілдеріне аудару ерекшеліктерін анықтау және көптілді, салалық электронды тезаурус құру. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін алға қойылатын міндеттер:
- Қазіргі аударматанудың ғылыми пән ретінде дамуында маңызды орын алатын, мәдени ерекшелік пен пәнаралық факторларды жан-жақты толық қамтитын аударманың интегративтік, эмпирикалық әдіс-тәсілдеріне талдау жасау.
- Қазақ, орыс, ағылшын халықтары мәдениетіндегі зергерлік сала бойынша арнайы лексиканы салыстыру-салғастыру арқылы негізгі ерекшеліктері мен ортақ белгілерін анықтау.
- Қазіргі зергерлік өнерге байланысты музей материалдары мен альбом-кітаптардағы, көркем шығармалар мен арнайы салалық әдебиеттердегі зергерлік лексиканың аудармасы мәселелеріне талдау жасау және аударманың тиімді жолдарын анықтау.
- Зергерлік сала лексикасының терминдік сипаты мен анықтамаларын және жасалу жолдарын айқындау.
- Зергерлік сала бойынша түсіндірме, аударма, терминологиялық сипаттағы салалық көптілді электронды сөздік-тезаурус құрастыру мәселесін талдау.
Зерттеу нысаны - түрлі жүйе тілдеріндегі зергерлік сала бойынша арнайы лексика аудармасы. Зерттеу пәні - қазақ тіліндегі зергерлік сала бойынша лексиканы көптілдік электрондық тезаурус арқылы орыс, ағылшын тілдеріне аудару. Зерттеу жұмысында қолданылған әдістер: Диссертация жұмысында қолданылған жалпы ғылыми әдістер бойынша аударматану ғылымындағы теориялық еңбектерге талдау жасау, салыстыру, салғастыру, жүйелеу, классификациялау, статистикалық әдіс; аударматану бойынша эмпирикалық, интегративтік, лексикографиялық, модельдеу әдістері. Зерттеу дереккөздері этнографиялық материалдар, ғалым Р. Шойбековтың «Қазақ зергерлік өнерінің сөздігі», ұлттық зергерлік қолөнер туындыларына арналған 3 тілде берілген альбом-кітаптар, өзге тілге аударылған қазақ көркем шығармалары, арнайы салалық әдебиет және Ғылым, білім, техника мен экономика, қоғамдық-әлеуметтік термин сөздердің бірыңғай республикалық терминологиялық электронды базасынан жинақталған лексика бірліктері қарастырылды. Зерттеу материалы ретінде зергерлік сала бойынша қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде 3000-нан астам лексикалық бірлік іріктеліп, тезаурус-сөздікке енгізілді. Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
- Аударматану, терминология, корпустық және компьютерлік лингвистика және ақпараттық технологиялар ғылым салаларындағы пәнаралық зерттеулердің талаптарына сай келетін интегративті (M. Snell-Hornby) және эмпирикалық әдістер (P. Newmark) негізінде зергерлік сала терминдерінің аудармасын жасау ерекшеліктері анықталды. Аталған әдістер қазіргі аударматанудағы салалық терминологияны аударуда, зергерлік терминдердің көптілді электронды тезаурусын жасауда тиімді әдістерге жатады.
- Зерттеуде қазақ, орыс, ағылшын тілдеріндегі зергерлік бұйымдарға ортақ әмбебап және халықтың мәдени кодын көрсететін бірегей белгілері анықталды анықталды.
- Музей материалдарында, зергерлік өнер туралы альбом-кітаптарда, көркем шығармаларда және арнайы салалық әдебиеттерде ұсынылған зергерлік лексиканы аударудың тиімді әдістері мен стратегиялары анықталды.
- Қазақ тіліндегі зергерлік сала терминдері жүйеленіп, қалыптасу жолдары айқындалды.
- Аудармашылар мен зергерлік іс саласындағы мамандар үшін пайдалы зергерлік терминдердің көптілді тезаурусы Digital Library веб-платформасындағы халықаралық Thez деректер схемасы негізінде құрастырылды. Зергерлік саласының қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі терминдері фасеттік байланыс бойынша жүйеленді, рубрикаторлар жасалды және қазіргі қазақ зергерлік лексикасының өзге тілдерге аудармасы нақтыланды.
Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу нәтижелері мен тұжырымдары қазақ аударматануында ұлттық-мәдени және салалық лексикаға қатысты кейбір ғылыми-теориялық қағидаларды нақтылауға ықпал етеді. Зерттеу жұмысының нәтижелері көптілді электронды тезаурус құрастыруда белгілі бір сала бойынша терминдер аудармасына байланысты мәселелерді аударматану тұрғысынан қарастыруда өз үлесін қосады. Зерттеудің практикалық маңызы. Зерттеу нәтижелерін мектептегі және жоғары оқу орындарының қазақ және ағылшын тілдерін оқыту тәжірибесінде, лексикография мәселелерін қарастыруда, аударма теориясы мен практикасы бойынша элективті курстарды оқыту кезінде қолданылатын көмекші құрал ретінде ұсынылады. Көптілді тезаурусты аудармашылар мен зергерлік сала мамандары қолдана алады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар
- Қазіргі аударматануда эмпирикалық және интегративті әдістерді қолдану зергерлік саласы бойынша пәнаралық зерттеу жүргізуге қойылатын талаптарға сәйкес келеді. Салалық терминологияны пәнаралық зерттеу нәтижелері аударматануда компьютерлік технология жетістіктерін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.
- Қазіргі аударматануда зергерлік терминдердің көптілді электронды тезаурусын құруда интегративті әдістің тиімді жақтары көп. Бұл әдіс лексикалық бірліктерді аударуға, мәтін деңгейінде аударманың ерекшеліктерін анықтауға, зергерлік бұйым мағынасын белгілі бір контекстте нақтылау үшін семантикалық аудармаға баға беру, сонымен қатар зергерлік терминдердің жалпы мәдени әмбебаптық пен бірегейлік, этнографиялық ерекшеліктер тұрғысынан мағынасын анықтауға мүмкіндік береді.
- Зергерлік бұйым атаулары әрбір этникалық мәдениет үшін әмбебап және бірегей ерекшеліктермен сипатталады. Қазақ тіліндегі зергерлік бұйым атауларының бірегейлігі этникалық мотивтермен, ұлттық салт-дәстүрмен, табиғат құбылыстарымен, өсімдік, жануарлар әлемімен, анималдық өрнектермен, сондай-ақ зергерлік бұйымдардың өзіндік функциясымен байланысты. Орыс халқында зергерлік бұйым атауларының ерекшелігі мифтік мотивтермен, өндіріс аймағымен, өнімнің ақпараттық сипаты және зергерлердің есімдерімен байланысты. Ағылшын зергерлік бұйымдары атауларында, яғни батыс еуропалық зергерлік бұйымдарда бұйымды жасаған зергер немесе дизайнердің есімін, геометриялық пішін атаулары және эмоционалды күйді қолдану ерекшеліктері байқалды. Зергерлік бұйым атауларын аудару кезінде динамикалық/функционалдық баламалар қолдану тиімді.
- Музей материалдарында, зергерлік қолөнер туралы альбом-кітаптарда, көркем шығармалар мен арнайы әдебиеттердегі қазақ тілінің зергерлік лексикасы аудармасы бойынша кейбір мәселелер анықталды. Этнографиялық материалдарда қазақ зергерлік бұйым атаулары орыс және ағылшын тілдеріндегі аудармалардағы атаулардың ұлттық ерекшелігі ескерілмей, кейде сөзбе-сөз аудару кездеседі. Аудармадағы кемшіліктер зергерлік бұйымның мәні мен құндылығын беруде басқа мәдениет өкілдеріне түсініксіздік тудырады. Зергерлік бұйым атаулары аудармасында халықтың рухани дүниесін, ұлттық зергерлік бұйымдардың мәні мен қолдану мақсатын көрсетуде функционалдық аналог, контекстуалды аударма, модуляцияны, интерпретация және тағы басқа аударма тәсілдерінің қолайлы жақтары анықталды.
- Тәуелсіз Қазақстанда ұлттық зергерлік қолөнері қайта жанданды. Қазіргі кезеңде қазақ зергерлері халықаралық көрмелерге қатысып, қазақстандық зергерлік брендтер пайда болды. Сонымен қатар қазақ тілінде зергерлік салаға қатысты терминдерді дамыту үрдісі жүріп жатыр. Зергерлік сала бойынша «халықтық терминдер» өнеркәсіптік терминдер санатына ауысады. Зергерлік сала лексикасының терминдену үрдісі зергерлік терминдердің көптілді тезаурусында көрініс табады. Көптілді тезаурус сөздік зергерлік бұйым туралы ақпарат алуға болатын іздеу жүйесі қызметін атқарады. Тезаурус Digital Library веб-платформасындағы халықаралық Thez деректер схемасы негізінде құрастырылды. Зергерлік сала бойынша қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі терминдері фасеттік байланыс негізінде жүйеленді, рубрикаторлар жасалды және қазіргі қазақ тіліндегі зергерлік бұйым атауларының басқа тілдерге аудармасы нақтыланды.
Зерттеу нәтижелерін апробациялау. Диссертациялық зерттеудің нәтижелері отандық және шетелдік ғылыми мекемелерде: Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ, Аударма теориясы мен тәжірибесі кафедрасында (2019-2022), И.В. Гете атындағы Франкфурт университетінің эмпирикалық зерттеулер институтында (2021) талқыланды. Ғылыми жұмыстың негізгі нәтижелері мен қорытындылары бойынша 7 ғылыми мақалада жарияланды және 2 халықаралық ғылыми конференцияға баяндама жасалды. Соның ішінде 2 мақала Scopus деректер базасында рецензияланған ғылыми басылымда, 3 мақала ҚР ҒЖБССҚК ұсынған отандық басылымдарда жарияланды. Диссертация кіріспеден, негізгі үш бөлімнен, қорытынды, пайдаланған әдебиет тізімі және қосымшалардан тұрады. Диссертациялық жұмыстың көлемі 130 бет. Диссертацияда 5 кесте және 20 сурет қолданылады.
Зерттеулерді этикалық бағалау жөніндегі комиссияның қорытындысы
