Телғожа Жанұзақ өзінің жеке кітапханасын ЕҰУ тарту етті
Еуразия ұлттық университетінің «Отырар» ғылыми кітапханасында «Телғожа Жанұзақ атындағы ономастикалық қордың» тұсаукесер рәсімі өтті. Белгілі ғалым, қазақ ономастикасының көрнекті өкілі өзінің жеке кітапханасындағы 1000 жуық әдебиетті оқу ордамызға тарту етті.
Шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, тарихшылар мен әдебиетші, лингвистер, студент-жастар және Нөкіс педагогикалық институтының бір топ ғалымдары қатысты.
Тұсаукесер барысында «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы 96 жастағы ғалым Телғожа Жанұзақтың соңғы жетпіс жылдан бері қазақ ономастикасының дамуына сүбелі үлес қосқанын атап өтті. Сонымен қатар профессордың қарымды еңбегі, ғылыми-ұйымдастырушылық және ономаст ғалымдарды даярлаудағы ұстаздық қызметі, мыңызды ғылыми еңбектерді жарыққа шығаруы кеңінен айтылды. «Қазір ЕҰУ зерттеу университеті мәртебесіне ие, ендеше тіл білімінің абызы Телғожа Жанұзақтың еңбегі мен бүгінгі ғылыми кітапханаға тапсырған мыңға жуық кітабы ЕҰУ ғылыми кітапханасы үшін үлкен олжа және ол кітаптарды оқитын шәкірттер ешқашан таусылмайтынына сенімдімін», - деді академик Дихан Қамзабекұлы.
Салтанатты рәсімге бейнебайланыс арқылы қатысқан Телғожа Жанұзақ өзінің ұстазы Ісмет Кеңесбаев туралы естеліктер айта келіп, ЕҰУ ұжымына ризашылығын білдірді. «Жетпіс жыл бойы өзім оқып, өзім еңбектенген кітаптарды бір ұлттық университетке берейін деп шештім, таңдау Еуразия ұлттық университетіне түсті. Шәкіртім Бекжан Әбдуәліге хабарласып едім, «басшылыққа сүйіншілейін» деді. Көп ұзамай ЕҰУ ғылыми кітапхана директоры Бақытжан Оразалиевтен беріп жібердім.Тапсырған кітаптарым пайдаға асып жатса, ол мен үшін үлкен қуаныш», - деді Телғожа Жанұзақ.
Қордың ашылуына қатысушылар бүгінгі ономастиканың деңгейі, оны дамыту жолында қолға алынған жатқан жұмыстарды кеңінен талқылады.