ЕҰУ-ОшМУ филиалы Ош облысы мектептерінің түлектерімен кездесулер өткізді
Мектеп түлектерін болашақ мамандық таңдау және ЖОО жүйесімен таныстыру мақсатында Ош облысының Ноқат ауданына қарасты Келдибек Каримов және Камбарали Бобулов атындағы орта мектептерінде кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізілді. Оған Ош мемлекеттік университеті Физика-техникалық факультеті эксперименталды және теориялық физика кафедрасының ұжымы мен филиал директоры А.Найманбай қатысты.
Іс-шараның кіріспе сөзін Ноқат аудандық Білім беру бөлімінің бас маманы М.Жусупов алып, бүгінгі білім әлеміндегі мамандық таңдаудың өзгешеліктері мен жаңаша бағыттары туралы айтып өтті. Одан кейінгі ақпараттандыру сөзін кафедра меңгерушісі, ф.-м.ғ.к., доцент М.Осконбаев алып, мамандық таңдау ісі мен физика мамандығының бүгінгі және болашағы, сұранысқа ие тұстары туралы жан-жақты баяндап берді. Сонымен бірге кафедра профессоры, ф.-м.ғ.д. Ы.Ташполотов «Білім беру тренді» тақырыбында баяндама жасап, ф.-м.ғ.к., аға оқытушы А. Орозбаева физика мамандығының өзектілігі мен ОшМУ-да білім алу ерекшеліктері туралы талдау жасады.
Арнайы басқосуда филиал директоры А.Найманбай Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-ға оқуға түсу үшін шетелдік азаматтарға арналған білім беру гранттары мен этникалық қазақтар үшін дайындық бөлімі, ақылы негізде оқитын студенттерге тағайындалатын «Гумилев», «Күлтегін» шәкіртақылары, сонымен бірге қос диплом бағдарламасының мақсат-міндеттерін түсіндіріп өтті. Мектеп түлектері үшін болашақ мамандық таңдау және шетелдік ЖОО-ларда білім алу мақсатында мұндай кәсіптік бағдар беру шараларының маңызы жоғары және бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады.