
ЕҰУ балаларға жаңажылдық көңіл-күй сыйлады
Өткен сенбі Еуразия ұлттық университеті үшін ерекше күн болды. Таңертеңнен бастап балалардың шат күлкісіне толды. 600-ден астам ұл-қыз ата-аналарымен бірге университетке келіп, «Гринч және оның шытырман оқиғасы» қойылымын тамашалады. Спектакльдің ерекшелігі сол – Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ «Өнер орталығы» студенттері дайындап, қазақ тілінде ұсынылуы.
«ЕҰУ балалардың шат күлкісіне бөленді. Әр түрлі ертегілердің кейіпкерлері Гринчті өзгертті – фиксикилер, Миниондар, Ақшақар, Пері, біздің Алдаркөсе және мейірімді қыз қазақ тілінде сөйлеп, ән айтты. Шоу форматы барынша еркін, интерактивті болды. «Жастар» бөліміне қарасты «Өнер» орталығы студенттерінің бастамасы мен барша жанашыр әріптестерінің қолдауы арқасында мереке сәтті өтті. Ерлан Бәтташұлы әрбір кішкентай қатысушыны арнайы құттықтады. Әр бала өз үйіне ЕҰУ-дағы қуанышы мен шаттығын жеткізуге асыққаны анық», - дейді Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры Ләзат Нұрқатова.
Сондай-ақ әр балаға Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықовтың атынан жеке сыйлық және Жаңа жылмен құттықтаулар берілді.
