
«Air Astana» әуе компаниясының ұшқыштары ЕҰУ студенттеріне өз мамандығы жайлы айтып берді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Air Astana» әуекомпаниясының рекрутері Інжу Әуесхан мен екінші ұшқыш Сырым Серік студенттермен кездесті.

Спикерлер Қазақстанда қалай ұшқыш болу керектігі, Ab-initio бағдарламасы және түсу шарттары, сондай-ақ Қазақстанның жетекші авиакомпаниясының қызметі, оларға жұмысқа орналасу мүмкіндіктері мен келешегі туралы айтып берді.
«Air Astana» – бұл ең алдымен дарынды және өршіл мамандар командасы. Осы команданың бір бөлігі бола отырып, сіз жеке даму мен кәсіби өсу үшін біздің ресурстарды және жан-жақты қолдауды пайдалану мүмкіндігіне ие боласыз. Біздің компания қарқынды дамып, болашаққа сенімді қадамдар жасауда. Мұның бәрі, ең алдымен, қызметкерлермен өзара байланыстың арқасында мүмкін болып отыр. Нәтижеге жетуге бағытталған жігерлі, білікті жас мамандарды асыға күтеміз», - деді компания рекрутері Інжу Әуесхан.
«Air Astana» әуе компаниясының екінші ұшқышы Сырым Серік студенттермен әңгіме барысында іріктеудің барлық кезеңінен сүрінбей өткен үміткерлер ұшқыштар дайындайтын әлемнің үздік оқу орындарында білім алу мүмкіндігіне ие болатынын айтты.
Сонымен қатар ол студенттерге жұмысқа қабылдау шарттары туралы да мағлұмат берді. Әуе компаниясының ұшқышы лауазымына үміткерлер 18 бен 34 жас аралығында болуы тиіс және ағылшын тіліне жетік әрі физика мен математиканы жақсы білулері керек. Қатысушыларды іріктеу жүйелі түрде жүргізіледі және бірнеше кезеңнен тұрады.
«Air Astana» әуекомпаниясы бойында қажетті қасиеттері мен ынтасы бар жастарды Ab-Initio бағдарламасы бойынша бастапқы кәсіби дайындықтан өтуге шақырады.
Болашақ ұшқыштар жетекші сарапшылардың, соның ішінде әлемге әйгілі авиакомпаниялардың мамандарының жетекшілігімен ұшу теориясын зерттеп, жоғары кәсіби стандарттарға сай дайындықтан өтеді. Практикалық дағдылар жоғары технологиялық тренажерларда жаттығады, содан кейін рульге бекітіледі.
Кездесу соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қанағаттанарлық жауаптарын алды.
Шараны карьера және бизнес әріптестік бөлімі мен ЕҰУ старосталар кеңесі ұйымдастырды.
