
ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова ЕҰУ-да қонақта болды
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Майра Ілиясова студенттердің шақыруымен Еуразия ұлттық университетінде болды.
Танымал әнші студент және профессор-оқытушылармен кездесіп, сұрақтарына жауап берді.
Халықтың сүйікті әншісін қарсы алған ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов шара студенттердің бастамасымен ұйымдастырылғанын атап өтті.
«Майра Ілиясованың репертуары қазақтың ұлттық нақышына толы. Әр әнінде өнер иесі мәдени құндылықтарды, адамгершілік қасиеттерді, этикалық мұраттарды, туған жерге, халқына деген сүйіспеншілікті дәріптейді. Оның қоғамымыздың дамуына, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесі ұшан-теңіз», - деп атап өтті ғалым.
ЕҰУ ректоры әншіні университеттің Ғылыми кеңес шешімімен
«Күлтегін» медалімен марапаттады.
Айта кетейік, бұл шараны ЕҰУ Старосталар кеңесі ұйымдастырды. Кездесу барысында Майра Ілиясова өзінің кәсіби дамуы туралы айтып,
студенттік өмірдегі жарқын сәттерімен бөлісті.
«Мен студент кезімде қатал староста болдым. Менің тобымның жігіттері таңертең ұйықтап қалса, өзім оятып, сабаққа жетектеп әкелетінмін. Сөйтіп бес жылдық оқу барысында староста болу бақытына ие болдым. Қазір біз курстастармен тығыз араласып тұрамыз. Олардың әрқайсысы шығармашылық қызметінде табысқа жетті», - деп, шырын шақтан сыр шертті әнші.
Майра Ілиясова сонымен қатар өзінің «Еркем-ай» және «Дархан-ай» халық шығармаларының арқасында танымал болғанын да айтты.
Жылы жүздесу соңында кеш қонағы көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндерін орындап, өзінің қойған сұрақтарына дұрыс жауап берген студенттерге жеке концертіне билет сыйлады.
