
«Шаңырақ» студенттік театры «Танакөз» спектаклін ұсынды
Еуразия ұлттық университетінің «Шаңырақ» театры Мұхтар Шахановтың поэмасы бойынша қойылған «Танакөз» спектаклін көпшілік назарына ұсынды. Туындының қоюшы-режиссері ЕҰУ түлегі Бағдат Әшім, ал актерлер студенттер. Студенттер мен оқытушылар, университет қызметкерлері және театрдың тұрақты көрермендері махаббат пен достықтың классикалық хикаясының куәгері болу бақытына ие болды.
Режиссердің айтуынша, спектакльдің актерлік құрамы 70 пайызға жаңартылған және негізінен төменгі курс студенттері.
«Мен қойылымның ерекшелігі деп мынаны айтар едім: басты кейіпкерлердің сезімдерін біз жаппай сахна актерлері арқылы жеткізуге тырыстық. Қойылымның негізгі мақсаты – жас көрерменге басты адами құндылықтар – махаббат пен достық деген ұғымды жеткізу», – дейді Бағдат Әшім.
Айта кетерлігі, басты кейіпкер Мұрат рөлін журналистика және саясаттану факультетінің 4 курс студенті Қадыр Әлиев, Танакөз рөлін филология факультетінің 3 курс студенті Аида Қабдолданова, Мұхтар рөлін филология факультетінің 3 курс студенті Нұрбал Құралов сомдады. Спектакльге барлығы 1-4 курс аралығындағы 23 студент қатысты.
Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов жастардың шығармашылығына жоғары баға берді:
«Эстетикалық тәрбие – тәрбиенің ерекше түрі. Оны кітап оқу арқылы алу мүмкін емес. Оны тек сахна береді. Сондықтан біздің «Шаңырақ» театры кәсіби театр деген атқа әбден лайық деп нық сеніммен айта аламын», - деді ғалым.
Сонымен қатар, ректор бұдан былай екінші оқу ғимаратының акт залы «Шаңырақ» театрының атауына ие болатынын жеткізді, бұл залдың қошеметімен қолдау тапты.
