
15 елдің студенттері ЕҰУ-ға «Welcome to ENU» бағдарламасы бойынша оқуға келді

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне 15 шет елдің 31 оқу орнынан 181 білім алушы көктемгі семестрге келді. Олардың ішінде Бельгия, Франция, Венгрия, Польша, Қытай, Оңтүстік Корея, Тайланд, Вьетнам, Үндістан, АҚШ, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Әзірбайжан және Өзбекстан елдері бар. Бұл туралы «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша ЕҰУ-ға келген шетелдік студенттермен кездесу барысында белгілі болды.
Айта кетейік, «Welcome to ENU» академиялық ұтқырлық бағдарламасы университеттің танылуын ілгерілету мақсатында 2020 жылы шетел университеттерінен келген шетелдік азаматтарға ЕҰУ-да 1-2 семестр бойы білім алу үшін іске қосылған.
«Welcome to ENU» бағдарламасы бойынша оқуға үміткерлер ЕҰУ-мен ынтымақтастық туралы келісімі бар серіктес университеттердің студенттері, магистранттары, аспиранттары, докторанттары бола алады, тіпті болмаса шетелдік студенттер еркін тыңдаушы ретінде қатыса алады (Free mover). Оқыту 13 факультетте қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тегін жүргізіледі.
ЕҰУ-да «Welcome to ENU» бағдарламасы жұмыс істеген 4 жыл ішінде Қытай, Оңтүстік Корея, Түркия, Германия, Франция, Бельгия, Үндістан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Польша, Словакия, Литва, Жапония және т.б. елдерден 800-ге жуық шетелдік студенттер онлайн және офлайн форматта білім алды.
Академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Бельгиядан келген магистрант Тесс Линел таңдауы неліктен ЕҰУ-ға түскені, біздің елімізде болуы және Еуразия ұлттық университетінде оқудан алған әсерлері туралы айтып берді.
«Қазір оқып жатқан орыс тілінің деңгейін көтеру мақсатында ЕҰУ-ға оқуға келдім. Франция мен Бельгияда оқып жүрген кезімде Орталық Азия елдеріне, оның ішінде Қазақстанға қызығып, осы елге көптен барғым келетін. ЕҰУ менің оқыған университетпен серіктестік орнатты, оны білген бойда осында тағылымдамадан өтуге бел будым. Сонымен қатар, маған бұл жерде үлкен сенім артылып, сабақ өткізуге мүмкіндік берілді. Қазір мен ЕҰУ-да ауызша аударма бойынша практикалық сабақтар өткіземін және жаңадан бастаушыларға француз тілін үйретемін», - деп түсіндірді Тесс Линел.
