
ЕҰУ қоғамдық қабылдау: генерал-майор студенттердің сұрақтарына жауап берді
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қоғамдық қабылдауында әскери кафедра бастығы, генерал-майор Еділ Оразов студенттерді қабылдап, сұрақтарына жауап берді.
Студенттер әскери кафедраға түсу және оқу шарттары туралы айтып берулерін сұрады. Әсіресе, оларды «Әскери кафедраны бітіргендер әскерге шақырыла ма?», «Кейін қандай құрылымдарда жұмыс істей алады?», «Әскери ұйымдарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар ма?» деген сұрақтар қызықтырды.
Сонымен, жаратылыстану ғылымдары факультетінің 2-курс студенттері Нұрбек Ізбасаров пен Бекзат Чапай өздерінің факультетіне құжаттарын тапсырып үлгермегендіктен, әскери кафедраға басқа факультеттермен бірге түсуге болатын-болмайтынын білу үшін генералдың қабылдауына келді. Әскери кафедра бастығы бұл мәселеге мән беріп, студенттердің әскери кафедраға оқуға түсуіне көмектесетінін жеткізді. Е. Оразовтың айтуынша, ЖОО-да әскери істі оқыту ЕҰУ түлектеріне мансаптық тұрғыдан көптеген мүмкіндіктер береді, офицерлер мен сержанттар бола отырып, олар одан әрі әскерилендірілген және басқа да күш құрылымдарына орналаса алады, ал әскери кәсіп дағдыларын меңгеру өмірде пайдаға асатыны түсінікті.
Студенттер 2-курсты бітіргеннен кейін сержанттық дайындыққа түсуге бола ма, жоқ па, сонымен қатар оларды әскери кафедрада оқу ақысын төлеуге қатысты сұрақтар да қызықтырды. Көптеген білім алушылар әскери борышын өтегендердің оқуға түсу шарттары туралы сұрады. Әскери кафедра бастығы, генерал-майор Еділ Оразов осы сауалдардың бәріне жан-жақты жауап берді.
«Біз әскери кафедрада запастағы офицерлер мен сержанттарды әскери-есепке алу мамандықтары бойынша дайындаймыз. Әскери кафедраға студенттерді қабылдау конкурстық негізде жүргізіледі. 2022–2023 оқу жылында оқу-ағарту және идеологиялық жұмыстың офицерлік құрамын даярлауды қайта жалғастырдық, сондай-ақ «Ақпараттық-сараптама қызметі», «Әскери журналистика» жаңа әскери-есепке алу мамандықтары бойынша, сондай-ақ әскери қаржыгерлерді оқытуды бастадық», - деген Еділ Оразов ол сөзіне әскери сарапшыларды, журналистерді, тәрбие және идеологиялық жұмыс мамандарын даярлау тек запастағы офицерлер бағдарламалары бойынша жүзеге асырылатынын қосты.
Әскери кафедра басшысы, сонымен қатар ЕҰУ-дың әскери кафедрасында қыздардың да білім алып, теориялық және практикалық тұрғыдан тамаша нәтиже көрсетіп жатқанын атап өтті.
