Ректор «University sports centre» аралады
«Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті» КеАҚ Басқарма төрағасы – ректор Ерлан Сыдықов «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешенін аралады. Заманауи кешен ЕҰУ-дың 25 жылдығы аясында салынды.
Бұл нысанның жалпы ауданы 7074 шаршы метрді құрайды, әр ауысымда 216 студент қабылдай алады. Спорт кешені волейбол, баскетбол, мини-футбол, гандбол, күрес, бильярд, шахмат, тоғызқұмалақ, би сияқты спорттық ойындар бойынша сабақтар, сондай-ақ арнайы спорт секцияларының жарыстары мен жаттығу сабақтарын өткізуге арналған.
Заманауи кешен ғимараты төрт қабаттан тұрады: бірінші қабатта екі футбол, бір баскетбол және төрт волейбол алаңы; екінші қабатта – ерлер мен әйелдердің киім шешетін бөлмелері; үшінші қабатта – ерлер мен әйелдердің жаттығу залы, бокс залы, шахмат ойнауға арналған спорт кабинеттері, сондай-ақ тоғызқұмалақ, асық ату және бес тас сияқты ұлттық спорт түрлері; төртінші қабатта – теннис ойнауға арналған зал, шейпинг пен биге арналған спортзал орналасқан.
Айта кетейік, 2023 жылдың қаңтар айынан бастап университет қызметкерлері үшін фитнес-клуб ашылды. Абонементтердің 4 түрі бойынша мынадай қызметтер ұсынылады: бассейн, жаттығу залдары, йога және күштік аэробика+стретчинг.
Спорттың 13 түрі бойынша спорт секцияларының жұмысы жүргізілуде, онда университеттің құрама командалары құрылады.
«Бүгінгі таңда ЕҰУ-да еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелдерден 20 мыңнан аса студент білім алуда. Біз, университет басшылығы, ЖОО қабырғасында білім алушылар үшін барлық жағдай жасау мәселесін тұрақты бақылауда ұстаймыз. Осы мақсатта бүгін өзім бастап, проректорлар және құрылымдық сала басшылары спорттық-сауықтыру кешеннің секция жұмыстарымен танысуға келдік. Мақсат – спорттық секция жұмыстарын жандандырып, универсиадалар мен халықаралық жарыстарда ұлттық оқу орнының атына сай нәтиже көрсету.Еліміздің көк байрағын көкке көтеретін спортшылар шығаруға біздің мүмкіншілігіміз жетеді. Тағы айтарым, ұлттық спорт түрлерін дамытуға ерекше көңіл бөлуіміз қажет», - деді Ерлан Сыдықов.
Кездесу барысында студенттерден кешеннің спорттық секция жұмысы және спортқа дайындықтары туралы сұрап-біліп, бетпе-бет пікірлестік. Әртүрлі секцияларға қатысып жүрген студенттер «University sports centre» спорттық-сауықтыру кешенінде барлық қолайлы жағдай жасалғанын жасырмады.
Мәселен, ЕҰУ-дың Әлеуметтік ғылымдар факультетінің екінші курс студенті Арай Жұмабекке кешенге келу ұнайды. Ол өзінің «Денешынықтыру пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша оқитынын, баскетболға бес жасынан қатысатынын, қазіргі таңда ЕҰУ баскетбол құрама командасының мүшесі және универсиадаға қатысқанын айта келіп, «мұнда барлық қолайлы жағдайлар жасалған», - деді.
«Мен өзім осы мамандықты жан-жүрегіммен қалап түстім Курстасым Аяулым Мұратқызы екеуміз осында келіп, аптасына екі рет жаттығамыз, ол Орал қаласының, мен Астана қаласының баскетбол құрама командасында ойнаймыз. Біздің ЕҰУ-да дарында білім алушылар өте көп, алар сасуымыз алда», - деді Арай Жұмабек.
Сондай-ақ университет басшылығы Әлеуметтік ғылымдар факультетінің деканы және «Спорт клуб» мамандарының қатысуымен мәжіліс өткізді. Ең бастысы, отырыс барысында сұрақ та қойылды, жауап та берілді. Нәтижесінде жаңа кафедралар ашылып, спорт секциялары жаңа құрал-жабдықтармен толыға түсетін болды. Штат құрамы жаңа жаттықтырушы-бапкерлермен толығып, спорт шеберлерін даярлау мәселесі де пысықталды.
«Алтай» волейбол клубының директоры Досжан Уалханов осы кездесуге арнайы келіпті. Ол өзі басшылық ететін «Алтай» волейбол клубы аз уақытта біраз жетістіктерге жеткенін, Ұлттық лиганы ұтып, Қазақстан Кубогын еншілегенін айтты.
«Клубтың мақсаты – Астанаға келіп, жергілікті волейбол мектебін қалыптастыру, дамыту. Көздеген мақсатымыз орындалып жатыр. Біз қыздар командасындағы жастарды жаттықтыруға Жапониядан білікті маман шақырдық, сол бас жаттықтырушының көмекшісі, аға жаттықтырушысы болған екі жігіт бар. Жақсы жұмыс істеп жатыр, университеттеріңізге жаттықтырушылық қызметке шақырсаңыздар. Сосын Жастар құрамында қазақтың қарагөз қыздары көп. Олар әлі мектепте оқиды, болашақта ЕҰУ-ға түскісі келеді. Егер жолдары болып, ұлттық университеттің студенті атанып жатса, келешекте «Алтай-ЕҰУ» деген мықты команда құрылып, жеңістен жеңіске жететін күндер алда екеніне сенімдімін», - деді Досжан Уалханов.