
Студенттерге – имандылық туралы
Белгілі дінтанушы, теолог, психолог Нұрлан қажы Байжігітұлы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті. Бұл дінтанушының университет жастарымен үшінші кездесуі.
Нұрлан имам студент жастармен байланыс орната отырып, ең алдымен, тәрбие, содан соң барып білімді игеру, сол игерілген білім, ғылым арқылы дінді ұстану қажет екенін атап өтті. Ол сондай-ақ жастарды теріс ағымдарға түсіп кетпей, дұрыс жолмен жүруге шақырды және Рамазан айының пайдалы тұстарына тоқталды. Оның айтуынша, Ораза әрқашан Алланы еске түсіреді және жауапкершілік жүгін арттырады, жүректі жаман ойлардан тазартып, жақсы істерге шақырады.
Нұрлан қажы Байжігітұлы жақында АҚШ-қа барған сапарының мақсатын да түсіндіріп өтті.
«Бұл көптеген адамдар жазғандай Америка Президентінің тікелей шақыруы емес. Бұл АҚШ-тағы жыл сайынғы берілетін қайырымдылық кешкі ас, оған дін қайраткерлері, мемлекет басшылары, әйгілі адамдар әлемдегі жағдайды талқылауға шақырылады. Мен осы асқа қайырымдылық шараны ұйымдастырушылардың шақыруымен бардым, оның негізгі мақсаты – бүкіл әлемде бейбітшілікті сақтау, ынтымақ, бірлік», - деді дінтанушы.
Нұрлан имам студенттердің сұрақтарына да жауап берді.
