Көрісу күні - бірегей дәстүр
Еуразия ұлттық университеті Наурыз мейрамының бастауына айналған «Көрісу», «Амал» мерекесін атап өтті.
Амал күні Наурызға арналған тағылымды іс-шаралардың легін ашты. Олар ЕҰУ әрбір оқу корпусын қамтиды.
«Амал» мерекесі, «көрісу» салты бұрыннан бар және қайта жаңғырды. Президенттің тапсырмасымен, қолдауымен бүгінде әз-Наурыздың аясы кеңіп, құлашын кеңге жая түсті. Жыл басы мейрамын он күн атап өтеміз. Әр күннің өз атауы, әр күннің өз мақсаты бар», -деді ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов.
Қазақтың ұлттық киімдері университеттің ажарын аша түсті. Студенттер мен оқытушылар төс қағыстырып, бір-біріне құрметтерін білдірді. ЕҰУ оқытушысы, ҚР Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков те өзінің жастарға тілегін білдірді: «Бүгінде ЕҰУ ғылым, білім, тәрбие жағынан алдыңғы орында, үлгі тұтар университетке айналды. Мерекеміз құтты, деніміз сау, өрісіміз кең болсын. Әркім өзі ойлаған мақсатына жетсін!».
ЕҰУ профессоры Серік Негимов салтанатты шараның шырайын батамен кіргізді.
«Тулап аққан мөлдір сулар тартылмасын, шабар болсаң ақбоз аттарың арымасын. Қар жандырған шырақтарың сөндірмесін. Біздің түскен тастарымызды жұлдыздармен жалғастырсын, жақсылармен жанастырсын, жамандардан адастырсын. Мінгендерің пырақ болсын, ұстағандарың шырақ болсын. Ізет, байлық, бақ-дәулет, ырзық-несібе арта берсін!», - деп бата берді.
Мерекелік шара барысында Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның әншілері мен университеттің «Дала сазы» ансамблі және «Самұрық-қазына» би тобы өнер көрсетті.