
"Алтын түлек" олимпиадасы: мектеп оқушылары арасында таланттарды табу
Еуразия ұлттық университетінде Астана қаласы мен Ақмола облысы мектептерінің 10-11 сынып оқушылары арасында «Алтын түлек» республикалық математикалық олимпиадасы өтті. Олимпиадаға 100-ге жуық оқушы қатысты.
«Алтын түлек» олимпиадасының мақсаты оқушылар арасында математикаға ерекше қабілеті бар балаларды анықтау, жоғары сынып оқушыларын ғылымға баулу және педагогикалық, инженерлік-техникалық бағыттарға қызығушылықты ояту, сондай-ақ оқушыларға математикалық ұғымдарды талдау, сыни тұрғыдан ойлау, күрделі есептерді шешу дағдыларын үйрету болып табылады.
Сонымен қатар, олимпиаданы өткізу мақсаттарының бірі - кәсіби бағдар беру жұмысы. Олимпиадаға қатысушылар университеттің білім беру бағдарламаларымен және факультеттерімен танысты.
Атап өтілгендей, «Зердел» ақыл-ой даму мектебімен бірлесіп ұйымдастырылған олимпиаданы өткізу еліміздегі математикалық білімнің дамуына қосылған қомақты үлес. Олимпиаданы ұйымдастыру оқушылардың ғылыми әлеуетін дамытуға ықпал етеді.
Марапаттау рәсімінде Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Байжұман Қашхынбай құттықтау сөз сөйлеп, оқушыларға ғылыми қызметте одан әрі табыс тіледі. Сондай-ақ, жеңімпаздарды механика-математика факультетінің деканы Данияр Қозыбаев құттықтады.
Олимпиада жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
