
ЕҰУ-да қазақтың белгілі өнер қайраткері Әбікен Хасенов туралы кітаптың тұсаукесері өтті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында белгілі күйші, көрнекті қазақ композиторы Әбікен Хасеновтың туғанына 130 жыл толуына орай «Әбікен Хасенов және қазақ күй әлемі» атты дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері, ғалымдар қатысты.
Дөңгелек үстел аясында оның өмірбаяны, ол туралы естеліктер, музыкалық шығармалары мен фотосуреттері қамтылған «Әбікен» кітабының тұсаукесері өтті. Кітаптың құрастырушысы Несібелді Әбдірахманова.
Мемлекет және қоғам қайраткері Дүйсен Қасейінов Әбікен Хасеновтың композиторлық өнері мен домбыра тарту әдісіне тоқталды.
«Бір қуанарлығы, «Жаңару күні» Наурыз мейрамы қарсаңында біз Әбікен Хасеновті еске алып отырмыз. Ұлы қазақ даласының күйлері мен Тәттімбет мұрасын Әбікенсіз елестету мүмкін емес. Бұл ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі қайғылы оқиғалар мен 1938 жылдардағы қуғын-сүргіннен аман өткен тағдырлы тұлға. Әбікеннің мұрасын білудің арқасында мәдениетін терең зерттейміз, оның өмірбаянын білудің арқасында сол бір қиын-қыстау заманның шынайы келбетін танитын боламыз», - деді спикер.
Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Раушан Нұртазаның айтуынша, мәдениет екі түрлі тұлғамен дамиды.
«Бірінші – консервативті адамдар. Олар дәстүрлерді қатаң сақтайды. Екінші түрі – жаңалық әкелетін инноваторлар. Екі түрі де қажет. Бұл екеуінсіз кез келген мәдениеттің дамуы мүмкін емес. Әбікен мәдениеті анық сақталған түрге жатады. Ол өміріндегі қайғылы оқиғаларға қарамастан басына келгеннің бәрін жеткізуді парыз санады», - деп толықтырды өнертанушы.
Кітап құрастырушы Несібелді Әбдірахманова еңбек жазудағы мақсаттарының бірі туралы айтып берді:
«Егер мен Әбікен Хасеновті оның мұрасын насихаттау арқылы жандандырсам, онда мен оның немере ағасы Мақаш, күйші Ақмолда, Әбді, Сенбекке өмір сыйлаймын.
Бұл іс-шара Әбікен Хасеновтың мұрасын дәріптеуге, қазақ күй өнерінің табиғи ерекшелігін дәріптеуге арналған. Біздің ұрпақ бұл мәселені екінші қырынан зерттегенін және мәдени кодымызды, ұлттығымызды жоғалтпағанын қалаймын», - деді автор.
Іс-шара аясында Әбікен Хасеновтың белгілі музыкалық шығармалары орындалып, мәдени қайраткердің өмірі мен шығармашылығына арналған көрме ұйымдастырылды.
