
Оқу мен спортты ұштастыру керек – ЕҰУ студенттеріне Илья Ильин мен Айдар Махметов осындай тапсырма берді
«Наурызнама-2024» онкүндігі аясында Ұлттық спорт түрлері күні Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ спортының аңыздары – ММА бойынша джиу-джитсу және каратэден 5 дүркін әлем чемпионы Айдар Махметов пен қазақ зілтеміршісі, Олимпиада чемпионы Илья Ильинмен кездесу өтті. Экранның арғы бетінен Олимпиада батырларын көруге дағдыланған студенттер олармен бетпе-бет жүздесіп, өздерін қызықтырған сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Қазақстандық спорт жұлдыздары, спорттағы ең жоғары атақтардың иегерлері ЕҰУ студенттерімен коворкинг орталығында бейресми жағдайда әңгімелесіп, кәсіби спортқа барған жолдары, спорттық мансабы, жеткен жетістіктері туралы айтып, жеке табыс тарихымен бөлісіп және студенттердің сұрақтарына жауап берді. Әңгіме барысында Айдар Махметов пен Илья Ильин студенттермен әртүрлі тақырыптарда, соның ішінде олардың оқулары жайында әңгімелесті. Атақты спортшылар студенттерге жақсы оқып, спортты жандарына серік ете білу керектігін, ең бастысы, білім мен спорт екеуін ұштастыруды тапсырды.
Айта кетейік, каратэден Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, каратэ, панкратион, джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Айдар Махметов 1996 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Шет тілдері факультетін үздік тәмамдаған. Одан әрі магистратура мен докторантураны Германияның жоғары оқу орындарында «Болашақ» президенттік бағдарламасы бойынша бітірді. Бүгінде ол төрт тілді меңгерген, саясаттану ғылымдарының докторы және экономика магистрі.
Спортшының өзі айтқандай, университетте оқып жүргенде ол спорттан қол үзбеген, чемпионаттарда бақ сынап, жеңіске жеткен. Германияда жаттығу кезінде Айдар Махметов ММА бойынша әлем чемпионы атағын жеңіп алған алғашқы қазақ спортшыларының бірі болды. Бүгінде ол ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі ретінде студенттік спортты дамыту мәселелеріне жетекшілік етеді.
«ЕҰУ-да оқып жүргенде мен күн сайын спортпен шұғылданатынмын, оларды тамаша үйлестіруге болады, бәрі өзіңізге байланысты. Әр түрлі салада табысқа қол жеткізгісі келетін адам алдына мақсат, міндет қойып, соған жетуге ұмтылуы керек. Барлығына үлгеруге болады», – дейді Айдар Махметов.
Сондай-ақ Илья Ильин студенттермен әңгіме барысында білім мен білім алудың маңыздылығына тоқталды. Айтуынша, 16 жасынан бастап спортқа белсене араласып, бүкіл өмірі жаттығулар мен жарыстарда өткен. Қазір атақты зілтемірші, үш түрлі салмақ дәрежесінде төрт дүркін әлем чемпионы, екі салмақ дәрежесінде төрт әлемдік рекордтың иегері, Олимпиада ойындарында екі рет алтын алған спортшы жоғалтқан уақытының орнын толтыруда. 2016 жылдың қараша айында Илья Ильин Қазақ спорт және туризм академиясының «Дене шынықтыру және спорттың теориялық негіздері» кафедрасында докторантураны аяқтағаннан кейін «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша ғылым докторы (PhD) дәрежесін алды. Бір жыл бұрын ол «Жоғары білікті ауыр атлеттерді дайындаудың ғылыми-әдістемелік негіздемесі» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғады. 2022 жылдың күзінде ол өзінің авторлық жаттығу бағдарламасы бойынша кәсіпқойлар мен әуесқойларға арналған ауыр атлетикадан Илья Ильиннің онлайн академиясын іске қосты.
Сонымен қатар чемпион бұл өмірде спортсыз өмір сүру мүмкін еместігін атап өтті. Сіз үнемі жақсы күйде жүруіңіз керек. Жан, ақыл, дене әрдайым үйлесімді болуы тиіс, деп есептейді ол.
«Мен өмірімді спортсыз елестете алмаймын. Бұл менің басты ұстанымым. Маған оқу мен жарыстың арасында аса таңдау болмады, өйткені мен спортпен кішкентай кезімнен айналыстым және кәсіби спортшы болу үшін күнделікті жаттығатынмын. Бірақ оқу да маңызды. Мен сол кезде жеткілікті оқымаған белгілі бір кешенді сезінемін. 16 жасымда кәсіпқой спортпен айналысқанда жаттығу залы мен бөлмемнен басқа ештеңе көрмедім. Қазір 35 жастамын, мен осы күнге дейін бәрін қуып жетіп, үйреніп жатырмын және білім алуды жалғастырудамын, өзім оған өте қуаныштымын. Маусым айында MBA қорғауым керек. Содан кейін мен академияға оқуға барамын, маркетингті үйренемін және т.б. Бірақ сіздер бүгін осында, университетте оқып жатқандықтан, оқуларыңызға көп көңіл бөлулеріңіз керек. Мұнда да медаль жеңіп алып, чемпион атануға болады. Ал университетті бітіргеннен кейін сіз мамандық алып, таңдаған мамандығыңыз бойынша жұмыс жасайсыз, бұл өте тамаша», - деді Илья Ильин.
Жиынды қорытындылаған ЕҰУ Стратегиялық даму жөніндегі проректоры Думан Айтмағамбетов университетте алдағы уақытта осындай кездесулер өтетінін атап өтті.
«Бүгінгі кездесу өте қызықты да мазмұнды болды, біздің студенттердің сұрақтары жиналып қалыпты, бұл осындай іс-шараларды жиі өткізіп тұруға түрткі деп есептеймін. Екеуіңіз де, әрине, ерекше тұлғаларсыз, қоғам сіздерге әрқашан үлкен қызығушылық танытып келеді, сондықтан, менің ойымша, алдағы уақытта әрқайсыңызбен кездесулер жеке-жеке өткізілуі керек. Студенттерімізге айтатын, бөлісетін тәжірибелеріңіз жетеді. Біз сіздермен мақтанамыз. Қарбалас жұмыс кестелеріңізге қарамай, студенттерімізбен кездесуге уақыт тауып келгендеріңіз үшін үлкен рахмет», - деді проректор Д.Айтмағамбетов.
Кездесу соңында Олимпиада чемпиондарымен қолтаңба-сессия және селфи ұймдастырылды.
