ЕҰУ-нің «Туризм» кафедрасы Қабанбай Батыр кесенесіне тур-маршрут ұйымдастырды
Қаракерей Қабанбай батырдың 333 жылдығына орай Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің «Туризм» кафедрасы Қабанбай Батыр кесенесіне тур-маршрут ұйымдастырды. Бұл тур-маршрут Отан Қорғаушылар алаңында Батырларға тағзым етіп, киелі орынға барып құран бағыштау, кесене бойынша экскурсия жасауды қамтиды.
Аталған тур-маршрутқа Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қызметкерлері мен оқытушылары, сондай-ақ Күміс университетінің тындармандары қатысты.
Қабанбай батыр кесенесі Астана қаласынан оңтүстікке қарай 30 км қашықтықта және Ақмола облысы Қызылжар ауылының солтүстік-шығысына қарай 4 км қашықтықта орналасқан. Кесене 2000 жылы салынған болатын. Бүгінде Қазақстан халқының және жан-жақтан келетін туристтердің киелі жерінің біріне айналған. Кесене батырдың дулығасын еске түсіреді. Қызыл кірпіштерден қаланған кесененің жоғары қабырғасының түзу формалары биікке самғауды меңзейді. Ескерткіштің төбесінде – темір жарты ай.
Жалпы, тарихта есімі әйгілі Қаракерей Қабанбай – қазақ батырларының қолбасшысы, әйгілі батырлардың бірі, XVIII ғасырда жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық көтерілістерді ұйымдастырған тарихи тұлға. Оның есімі Абылай хан және Бөгенбай батырлармен қатар қазақ халқының тарихында белгілі. Батырдың азан шақырылып қойылған есімі Ерасыл, шамамен 1691 жылы дүниеге келіп, 1769 жылы 78 жасында өмірден өткен. Қолбасшы Қабанбай батыр Абылай ханның бас батырларының бірі болған, хан оны ерекше құрметтеп – Дарабоз деп атағаны тарихтан мәлім.
Қабанбай батыр кесенесі қауіп-қатердің алдында қазақ халқының бірлікпен топтасқан символы іспеттес Астана қаласының маңында тарихи әділдіктің салтанаты ретінде тұр.