
Сарапшылар цифрландыру дәуіріндегі құқықтық ғылымды дамыту жолдарын талқылады





ЕҰУ «Цифрландыру дәуіріндегі құқықтық ғылымды дамытудың қазіргі тенденциялары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді. Оған белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, Ресей, Түркия, Польша, Германия елдерінің ғалымдары, профессор-оқытушылар мен білім алушылар қатысты.
Конференцияның мақсаты – 70 жасқа толған ЕҰУ профессоры Мұрат Бейбітовтың қайраткерлігін, қоғамдық-саяси қызметі мен ғылыми еңбектерін кеңінен насихаттау, жастардың отаншылдық сезімі мен олардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру.
Жиынға ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының ректоры Әбіл Ерлан, ҚР Конституциялық соты төрағасының орынбасары Бақыт Нұрмұханов, ҚР Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нұрсерік Шәріпов, ҚР Соттар Одағының төрағасы Сәкен Абдолла және құқықтық саладағы білікті сарапшылар қатысты.
Конференцияда сөз алған университет ректоры Ерлан Сыдықов конференцияның маңыздылығына тоқталып, Мұрат Бейбітовке ЕҰУ ең жоғары марапаты «Күлтегін» медалін табыс етті.
ЕҰУ Конституциялық және азаматтық құқық кафедрасының меңгерушісі Әбдіманап Бектұрғанов конференцияда Мұрат Садықұлының еңбек жолына терең сараптамалық шолу жасады. Қызметін Абай атындағы КазҰПУ-да оқытушылықтан бастаған Мұрат Сыдықұлының мемлекеттік, қоғамдық орындарда жұмыс істеген кезеңдері мен ғылыми жетістіктері ортаға салынды. Ол заң саласында терең зерттеулер мен нақты дәлелдерді келтіріп, мәселені ашық жазатыны және ой салатыны баса айтылды.
«Мұрат Бейбітов зерттеу саласында көп жетістіктерге қол жеткізіп, Мемлекеттік басқаруды зерттеуде орасан зор еңбек етті. Деніне саулық, өміріне ғылыми шығармашылық тілеймін», - деді заң ғылымдарының докторы, профессор Мұсабек Әлімбеков.
ҚР Бас прокурорының Парламенттегі өкілі Мейрамбай Кемалов, Құқықтық зерттеулер Еуропа институтының директоры, професссор доктор Ханс Шульте-Нольке, Ягеллов университетінің профессоры (Польша) Фридерик Цоль, т.б. конференцияға қатысушылар өз пікірлерін ортаға салды.
