
Ардақ Бейсенбай Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор болып тағайындалды
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің бұйрығымен Бейсенбай Ардақ Бақытұлы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор лауазымына тағайындалды. Тағайындау меритократия қағидаттары бойынша жүзеге асырылды.
Ардақ Бейсенбай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітірген.
Ардақ Бақытұлы Бейсенбай ЕҰУ - де еңбек жолын 2005 жылы қазақ тіл білімі кафедрасының ассистенті болып бастады. Еңбек жолы барлық баспалдақтардан өтті: оқытушы, аға оқытушы, доцент, деканның орынбасары, кафедра меңгерушісі лауазымдарында қызмет етті. Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалғанға дейін филология факультетінің деканы болды.
Ардақ Бейсенбай – филология ғылымдарының кандидаты. 100-ден астам ғылыми және ғылыми көпшілік еңбектердің авторы, сондай-ақ Web of Science және Scopus деректер базасында мақалалары жарияланған. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері.
Ардақ Бақытұлының ЕҰУ-дағы жалпы еңбек өтілі 18 жыл.
Ардақ Бақытұлын жаңа қызметке тағайындалуымен құттықтаймыз және еңбек жолында табыс тілейміз!
