
Қазақстандық және жапондық ғалымдар ЕҰУ-зертханасында суперасфальт жасаудың инновациялық технологияларын сынақтан өткізуге келісті



Жапонияда ЕҰУ ғалымдарының суперасфальт жасау жөніндегі ғылыми әзірлемелері таныстырылды.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары Жапонияның ғылыми-зерттеу университеттерін аралау барысында битумды модификациялау бойынша ғылыми әзірлемелерін ұсынды. ЕҰУ Инновацияларды дамыту департаментінің директоры Әсел Джексембаева жапондық әріптестеріне базальт қалдықтарынан асфальтқа минералды қоспа ретінде жаңа наноұнтақ, топырақ тұрақтандырғыш және дыбыс оқшаулау үшін жасыл экоқұрылыс материалдары мен 100% сабан қалдықтарынан жасалған OSB панельдерін таныстырды.
Кездесу барысында тараптар асфальтқа арналған микро және нанодисперсиялық қоспаларды, асфальтополимерлі материалдарды пайдалану технологиясын бейімдеу бойынша бірлескен зерттеулер жүргізуге келісті.
ЕҰУ, Нихон университеті және «Nichireki» компаниясының зерттеушілері Қазақстандағы жол құрылысы тәжірибесінде төзімділігі мен беріктігі жоғары параметрлері бар өлшенген асфальтбетонды қолдануды сынау бойынша бірлескен жұмыс жүргізуді жоспарлады.
Профессор Иваки және «Nichireki» компаниясының директоры ENU-Lab аккредиттелген құрылыс және жол зертханасымен ынтымақтастықты арттырып, сынақ жүргізу үшін ЕҰУ-мен келісімге қол қоятындарын мәлімдеді. Оның үстіне қазір ЕҰУ битум құрамын анықтайтын, бұзылмайтын бақылауға арналған ең жаңа жабдық – сынақтардың толық циклі үшін Super Pave стандарттарына сәйкес сынау жабдықтарының жиынтығын сатып алды. ENU-lab базасында жапондық әріптестермен бірлесіп жұмыс істеу суперасфальт технологиясы бойынша сапаның үздік нәтижелерін алу үшін тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
Айта кету керек, бұл жабдық Мемлекет басшысының университет ғылымын қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес технопарктерді құруға Ғылым және жоғары білім министрлігінің мегагранттары аясында өткен жылы сатып алынған болатын.
