
ЕҰУ-да бірінші республикалық «RoboZerde-2024» робототехника фестивалі өтті
Еуразия ұлттық университетінде Әлихан Мақсұт атындағы «RoboZerde-2024» бірінші республикалық робототехника фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстанның 17 облысы мен 3 қаласы мектептерінен 200-ге жуық оқушы, сонымен қатар Қырғыз Республикасының азаматтары қатысты.
Іс-шара ғалымдар, мемлекет және қоғам қайраткерлері, өнер қайраткерлері, журналистер мен блогерлердің қатысуымен өтті. ЕҰУ Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай, «АМАНАТ» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының өкілі Сайран Бақтияр, «Астана дарыны» талантты жастар мен дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директоры Жанар Бейсенбаева, «Роботек» робототехника мектебінің директоры Санжар Шалқарбек және басқалар құттықтау сөз сөйледі.
«Фестивальдің мақсаты – мектеп оқушыларының робототехникаға деген қызығушылығын арттыру, ғылыми-техникалық дағдыларды және технологиямен жұмыс істеу қабілетін дамыту. Робототехника – қазіргі заманның құралы. Қазір робототехниканы ғалымдар ғана емес, мектеп оқушылары да игеруде. Робототехника – Қазақстанда енді ғана дамып келе жатқан сала, ал бүгінгі мектеп оқушылары болашақта сұранысқа ие мамандар болатыны сөзсіз», - деп атап өтті Ардақ Бейсенбай қатысушыларға арнаған сөзінде.
Айта кетейік, Еуразия ұлттық университеті, «Дарын» ғылыми-практикалық орталығы, Астана қаласы әкімдігінің №9 «Зерде» республикалық ғылыми - мамандандырылған лицейі, «Роботек» робототехника мектебі, «Марс роботикс» робототехника мектебі және Әлихан Мақсұт атындағы дарынды балаларды қолдау қоры ұйымдастырған фестиваль жыл сайын мамыр айында өтеді.
«Болашақ жасанды интеллектте, робототехникада және шығармашылықта. Біз Қазақстанда жаңа технологиялардың құрылуына басты назар аударуымыз керек. Бұл туралы Мемлекет басшысы үнемі айтып келеді. Елімізде цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Цифрландыру бойынша ұлттық тұжырымдама қабылданды. Фестивальдің негізгі мақсаты – жаңа таланттарды ашу, оларды республикалық деңгейде қолдау», - деп атап өтті «AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек.
ЕҰУ «Телерадио және қоғаммен байланыс» кафедрасының меңгерушісі Серікзат Дүйсенғазы фестивальдің мақсаты өмірден ерте өткен талантты оқушының, робототехника саласындағы халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы Әлихан Мақсұттың өмір салтын насихаттау, болашақ техникалық мамандарды және оқушылардың инновациялық жобаларын қолдау екенін атап өтті.
Фестиваль қатысушысы, С.Сейфуллин атындағы №80 мектеп-гимназиясының оқушысы Ақбота Мелис «Smart Socket» жобасының авторларының бірі.
«Smart Socket» немесе «Ақылды розетка» жобасы ақылды үйлерде пайдалануға арналған. Бұл инновация энергияны аз тұтынады және розетканы бот, wi-fi, Bluetooth арқылы басқаруға болады. Бұл жобаны жасауға 2 жыл қажет болды. Бұған дейін біз «RoboZerde» қалалық олимпиадаға қатысқанбыз», - деді Ақбота.
Фестиваль 2 бағытта өтті: «РобоСпорт» және «Шығармашылық жоба». «РобоСпорт» бағытында «Арқан тарту», «Асық ойыны», «Мерген» және «Ақсүйек» санаттары ұсынылды.
Фестиваль аясында режиссер Мұрат Есжанның Әлихан Мақсұтқа арналған «Әлихан арманы» деректі фильмі көрсетілді.
