ЕҰУ профессоры Қойшығара Салғараұлының кітабы жарыққа шықты
Еуразия ұлттық университеті «Дала өркениеті: тарих, мәдениет, тағылым» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясын өткізді. Келелі басқосу барысында белгілі түркітанушы, ЕҰУ профессоры Қойшығара Салғараұлының «Адамзат өткен ұзақ жол» атты екі кітабы таныстырылды.
Конференция белгілі түркітанушы, ЕҰУ профессоры Қойшығара Салғараұлының 85 жылдығына арналды. Оған белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері және түркітанушы ғалымдар қатысты. Жиын барысында жазушы-ғалымның өмірі мен еліміздің дамуына сіңірген еңбек жолы жастарға үлгі-өнеге екендігі ортаға салынды.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай мемлекет басшысының көрнекті ғалым Қойшығара Салғараұлына арналған құттықтау хатын оқып берді.
«Ұлан-ғайыр Ұлы Дала төсінде өмір сүрген бүкіл түркі жұртының, оның ішінде қазақ халқының тарихын терең зерделеп, байыпты да батыл тұжырымдар жасадыңыз. Шетелдік көне жазбалардан өз ұлтымызға қатысты тың деректерді тауып, жаңаша көзқарастың қалыптасуына ықпал еттіңіз.Алдағы уақытта кейінгі толқынға үлгі-өнеге көрсетіп, ел-жұрттың ортасында құрметке бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін», - делінген хатта.
Конференция барысында ғалымның «Адамзат өткен ұзақ жол» деген жаңа еңбегі таныстырылды. Сиясы кеппеген жаңа басылым – көрнекті қаламгердің қырық жыл бойғы табанды ізденісінің жемісі. Автор түркітілдес халықтардың арғы ата-бабаларының тарихына қатысты әлем халықтарының мифологиясындағы тарихи, тілдік деректерді және көне жазба мәліметтерді бүгінгі археология, лингвистика, генетика, тарих ғылымдарының жетістіктерімен сабақтастырып талдаған. Оның нәтижесінде кітапта тың пайымдаулар ұсынылады.
«Бастапқыда төл тарихымызды танып-білуді перзенттік парыз санап, тарих оқулықтар мен шығармаларды теріп оқып, «біз кімбіз, қайдан шықтық, қайдан келдік, қалай келдік» деген тәріздес көкейде туындаған көп сұраққа жауапты қиналмай-ақ бірден табамын ғой деген үмітте болғанмын, бірақ олай болмады. Арнайы ғылыми зерттеу институттары шығарған академиялық еңбектерден де, жекелеген тарихшы ғалымдардың зерттеулерінен де, оқулықтардан да іздегенім табылмады. Сондықтан өзім оған кірісуіме тура келді, бұл кітап соның жемісі», - деп қысқа қайырды сөзін жазушы-ғалым Қойшығара Салғараұлы.
Конференцияда белгілі ғалымның кітап көрмесі ұйымдастырылды. Оған қатысқан зиялы қауым өкілдері Қойшығара Салғараұлының тарихқа байланысты ізденістері 1986 жылғы алғашқы кітабы «Алтын тамыр» роман-эссесінен басталатынын атап өтті.
«Қазақтың қилы тарихында» «Алтын көмбені» қазып, «Алтын тамырға» қол жеткізген адам Қойшығара Салғараұлы», - деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса.
«Қойшығара Салғараұлы 40 жыл бойы түркі халықтарының тарихын зерттеді. Түркітану саласындағы көпшілікке кеңінен танымал ғылыми еңбектерін жариялады. Әсіресе тарихи тақырыпқа жазылған «Алтын тамыр», «Көмбе», «Қазақтың қилы тарихы», «Қазақтар» атты роман-эсселері жанр ерекшелігімен де, танымдық мазмұнымен де бірден көпшілік назарын өзіне аударды», - деп атап өтті «Қазақ газеттері» ЖШС бас директоры Дихан Қамзабекұлы.
Көрнекті ғалым Қойшығара Салғараұлына Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағы және жоғарғы марапат «Күлтегін» медалі табысталды.