
Туризмнің белсенді түрлерінің тактикасын"Туризм" кафедрасының студенттері тәжірибеде оқыды

Міне, білім алушылардың асыға күтетін жыл сайынғы табиғат аясындағы белсенді практикасы да басталды. Экономика факультетінің «Туризм» кафедрасының 75 білім алушысы практика жетекшілері Р.Ағыбетова, В.Балғабаева, М.Абенов, А.Марат, А.Гиззатжановамен бірге 2024 жылдың 26 мамыры мен 1 маусымы аралығында Ақмола облысы Сандықтау аулындағы «Жас дәурен» жыл бойғы балалар лагеріне келіп, «Туризмология негіздері», «Туризмнің белсенді түрлерінің техникасы мен тактикасы» пәндерінен алған теориялық білімдерін практикада шыңдауға кірісті.
2023-2024 оқу жылы «Туризм» кафедрасының «Туризм» білім беру бағдарламасына орай, 1 курс білім алушыларына оқу -танымдық практикасы 3 аптаға жоспарланған. Соның ішінде, 2 апта Экономика факультетінің «Туризм» кафедрасының базасында Астана қаласында жоспарланса, ендігі 1 аптасы Астана қаласынан 352 км. жерде орналасқан Ақмола облысы Сандықтау ауылдық елді мекенінде жоспарланған болатын. Білім алушылар Сандықтау аулындағы «Жас дәурен» жыл бойғы балалар лагеріне орналасты, білім алушылардың туризмнің белсенді түрлеріне керекті орман, өзен, табиғи ескерткіштер, таза ауа мен түрлі туристік маршруттарға бай өлкедегі практика білім алушыларға теорияны практикамен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Білім алушылар жергілікті жерде бағдарлану, өлкенің туристік мүмкіндіктерін анықтау, туристік маршруттарды картада бейнелеу, маршруттарға керекті -құрал жабдықтар, маршруттарда азық-түлікті мөлшерлеу және сақтау, тасымалдау және пайдалану, қауіпсіздік техника ережелерін, алғашқы медициналық көмек көрсету, экологиялық туризм мақсатында табиғатты аялау сияқты теориялық мәліметтерді меңгерумен бірге түрлі практикалық машықтарды еңсерді.
Білім алушылар командаларға бөлініп, белсенді туризм түрлерінің техникасы бойынша өзара сынға түсті, таңғы жаттығудан басталған күндер туристік көпсайыстармен жалғасып отырды. Білім алушылар табиғи кедергілерден өту техникасы мен тактикасын практика түрінде меңгеріп, табиғи жағдайда тау және су туризм түрлеріндегі кездесетін, жарға өрмелеу, судың қиын бөліктерінен өту, аспалы өткелдерден өту, жарақаттанушыны жергілікті жерді бағдарлау арқылы табу, алғашқы көмек көрсету, улану және өрт болған кезде көмек көрсету, т.б. практикалық тапсырмаларды орындады. От жағудың түрлері, туристік шатыр құру мен жинау, рюкзак жинау мен тасымалдау ерекшеліктерін қарастырды.
Білім алушылар бірінші күннен бастап, өте белсенді болды, жетекшілер тарапынан берілген тапсырмаларды аса қызығушылықпен орындады, күні бойғы теориялық және практикалық сабақтар, кешкі анимациялық кештермен жалғасын тауып, практиканың әр күнін есте қаларлықтай өтуіне назар аударды. Практиканың мағыналы және сапалы өтуіне көмек көрсеткен Сандықтау аулындағы «Жас дәурен» жыл бойғы балалар лагерінің әкімшілігі мен қызметкерлеріне үлкен рахмет айтуға болады.
Табиғат аясында ұйымдастырылған белсенді туризм «Туризм» білім беру бағдарламасының 1 курс білім алушыларына өз мамандықтарын меңгеруге үлкен септігін тигізері сөзсіз дей отырып, білім алушылар маңызды білім мен керекті практиканың нәрін осындай оқу-жаттығу практикасында жақсы меңгереді деуге болады.
