
ЕҰУ-да келіссөздер үдерісінің технологиялары оқытылады
Еуразия ұлттық университетінде «Этносаралық саладағы келіссөздер үдерісінің заманауи технологиялары: практикалық қолдану әлеуеті» атты халықаралық жазғы мектеп ашылды. Қазақстанның 11 облысынан келген 40 студентке белгілі ғалымдар мен профессорлар тренинг өткізеді.
72 сағаттық академиялық оқыту барысында тыңдаушылар келіссөздерді дайындау, жүргізу және оларды нәтижелі ұйымдастырудағы медиацияның рөлі бойынша дағдылар мен құзыреттерді меңгереді, сонымен қатар сертификаттар алады.
Тыңдаушылар қатарында мемлекеттік және квазимемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері, ҚХА кафедраларының басшылары мен оқытушылары, ЕҰУ және басқа да жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, кәсіби медиаторлар, ҚХА мемлекеттік мекемелерінің өкілдері, докторанттар мен магистранттар бар.
Мектептің сараптамалық ресурсы белгілі шетелдік ғалымдар мен ЕҰУ профессорларынан, медиация және этномедиация саласындағы ҚХА сарапшылары мен практиктерінен, конфликтологтардан, медиатор-жаттықтырушылардан, этнопсихологтардан, келіссөз жүргізушілерден тұратын болады.
«Жазғы мектептің форматы тек академиялық білім алуды ғана емес, сонымен қатар практикалық жағдайларды да қамтиды. Этносаралық саладағы келіссөздер үдерістерінің технологиясы және осы форматты қолдану сияқты маңызды мәселе – біршама инновациялық тәсіл», - деп атап өтті ЕҰУ ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.
ҚХА Төрағасының орынбасары, ҚР Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Марат Әзілханов Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Этносаралық қатынастарды дамыту комитетіне ғылым мен тәжірибені біріктіру қажеттігін баса айтты.
«Халықаралық жазғы мектеп – тамаша жоба. Оқытушылар құрамы өте байсалды екенін айта кету керек. Бағдарлама өте қызықты. Мен осы семинарға қатысушылардың біздің басты келіссөз жүргізушілер клубына айналғанын қалаймын», - деді спикер.
ҚР Парламенті Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев этносаралық қақтығыстардың алдын алуда ғылыми құрамдас бөлік қажет екенін атап өтті.
Л.Н. Гумилева атындағы ЕҰУ ҚХА кафедрасының меңгерушісі Наталья Калашникова жазғы мектеп жобасы ҚХА ғылыми, білім беру ұйымдары мен қоғамдық құрылымдары арасындағы серіктестік, коммерцияландыру және ғылыми ынтымақтастық шарттарында жүзеге асырылып жатқанын айтты.
«Халықаралық жазғы мектепке Қазақстанның 11 облысынан 40 оқушы қатысады деп жоспарлануда. Тоғыз жаттықтырушы мен коуч алты күн бойы ЕҰУ алаңында офлайн режимде жұмыс істейтін болады», - деді ғалым.
Мектеп қабырғасында мәдени бағдарлама да жоспарланған.
