
Қорғалжын қорығындағы биология студенттерінің оқу-далалық практикасы
Жалпы биология және геномика кафедрасының 6В05107 - «Биология» білім беру бағдарламасының 2-курс студенттері 2023 жылдың 29 мамыр мен 4 маусым аралығында Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы территориясында жазғы оқу-далалық практикасын өтті.

Қорғалжын ауданында студенттер қорықтың орталығы мен табиғат мұражайында болып, оның тарихымен, фаунасымен танысты. Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы Бүкіләлемдік ЮНЕСКО мұрасы тізіміне кіреді, онда орналасқан Тенгиз-Қорғалжын көл жүйелері Қазақстанда және бүкіл Азияда жыл құстары үшін ең маңызды сулы-батпақ алқаптардың бірі болып саналады. Қорық Астана қ. оңтүстік-батысқа қарай 130 км қашықтықта орналасқан, сонымен қатар өзінің көлді-жазықтық алқаптары мен алуан фаунасымен әйгілі. Бұнын барлығы зоологиядан далалық практиканың қорықта өтуіне бірден бір себеп болады.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы арасында бірнеше жылдар бойы ынтымақтастық туралы келісімшарт жасалып отыр. Қорық басшылығы осы жолы да биология мамандығының 2-курс студенттерін қонақжай қарсы алып, практикаға қажет барлық жағдайлар жасады. Студенттер Сұлтанкелді көл жағасында орналасқан Қаражар кордонындағы жайлы ағаш үйлерде орналасты.
Студенттер күн сайын таң атысымен тұрып, қорық бойына эскурсияға шықты, жануарлардың алуан турлерін кездестірді.

Құстар фаунасы айрықша бай. Дала және су құстарын тірідей бақылап, олардың реңі мен мінез-құлқын көре алдық. Көлде, дала алқабында және ауада қызғылт фламинго, аққулар, қаздар, бірқазандар, үйректердің бірнеше түрлері, үлкен аққұтан, су құзғыны және т. б құстардың түрлері кездесті.


Сонымен қатар, студенттер жабайы сүтқоректілерді - жабайы қабандарды, ақкісті және жарқанаттарды көру мүмкіндігіне ие болды!
Түстен кейін студенттер түрлі омыртқасыздарды жинап, соның ішінде насекомдар, ал түстен кейін ұлғайтқыш құралмен олардың түрлерің анықтады.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары Федулин Александр Евгеньевич студенттермен кездесіп, Қорғалжын қорығының тарихы мен фаунасы туралы өте қызықты әңгіме жүргізді.

Оқу-далалық практика – бұл тек экскурсия және сабақ емес, соңымен қатар студенттердің бірге тамақ дайындау және әртүрлі ойындар барысында бір-бірімен араласып, көңіл көтеруге керемет мүмкіндік!

Қарбалас күннен кейін студенттер көлде таңғажайып күннің батуын күтті!

Біз қорықтың басшылығына және қызметкерлеріне практика өтуге мүмкіндік беріп отырғандары үшін алғысымызды білдіреміз. Қорытындылай келе, студенттер зоология пәнінен алған білімдерін оқу-далалық практикамен іс жүзінде бекітті, Қорғалжын қорығының ерекше табиғаты мен фаунасымен таныс болды, омыртқасыздар коллекциясын жинады, сонымен қатар құнды тәжірбие жинап, практика студенттерде жарқын әсер қалдырды.

Практика жетекшілері: Тагаев Д.А., Салкымбаева М.Б.
Фото: Тагаев Д.А.
