ЕҰУ ғалымдары голландиялық жоғары оқу орындарының тұрақты даму мәселелері бойынша тәжірибесін зерттеді
Профессор, педагогика ғылымдарының докторы Гайни Длимбетова және психология кафедрасының PhD докторы Сәулет Абенова «The Hague University of Applied Sciences» университетінің іс-шарасына қатысты (Гаага қолданбалы ғылымдар университеті, Гаага қаласы, Нидерланды).
Сапардың мақсаты-тұрақты даму қағидаттарын іске асырудағы білім берудің жаһандық рөлін зерделеу, оқу орындарының Жасыл даму тәжірибесімен алмасу және білім берудің қолданбалы аспектілері саласындағы ынтымақтастық.
ЕҰУ ғалымдары Jerke Verschoor - стратегиялық мәселелер жөніндегі халықаралық кеңесшісімен, Veronika Вrantova - тұрақты даму саласындағы стратегиялық бағыттың жетекшісімен, Rolien Blanken – «Mission Zero» сараптама орталығының үйлестірушісімен, Diederic Visser және Bernard Janssen - Инфрақұрылым менеджменті үйлестірушілерімен, Arno Van Dijk - Green Office үйлестірушісімен және т. б. кездесті.
Кездесуде тұрақты дамудың 17 мақсатына қол жеткізуді шешуде ЖОО - ның тәжірибесі зерделенді: солардың ішінде, сапалы білім беру, ЖОО инфрақұрылымын ұйымдастыру, энергия және ресурс үнемдеуді басқару, су ресурстарын сақтау, қалдықтарды басқару, көлік мәселелері талқыланды. Тұрақты даму бағытында голландиялық әріптестер тарапынан Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ әлеуметтік ғылымдар факультетінің экологиялық білім беруді дамыту тәжірибесі, экологиялық волонтерлік клубы үлкен қызығушылық тудырды. Студенттік қоғамдастықтың тұрақты дамуға қосқан үлесі бойынша жетістіктермен алмасу мақсатында екі университет эковолонтерлерінің халықаралық онлайн кездесулері жоспарланды.
Ғалымдардың Нидерландыға сапары аясында Амстердам университетінің (Amsterdam University) тұрақты дамуға қосып жатқан үлесі қызықтырды. Университеттің миссиясы-тұрақты даму мен студенттік қоғамның барлық салаларының үйлесімі. Университет кампустарының бірінде ЖОО жастарының өкілдерімен кездесу өтті.
Ғалымдардың шетелдік іссапары «Жасыл мектеп-жасыл колледж-жасыл университет» білім беруді экологияландыруды дамыту жүйесі ретінде» ғылыми жобасының күнтізбелік жоспарына сәйкес атқарылды (жетекшісі ЕҰУ профессоры Длимбетова Г.К.).