
ЕҰУ Ақселеу Сейдімбекті еске алу бильярдынан турнир өткізді
Жыл өткен сайын деңгейі мен ауқымы артып келе жатқан дәстүрлі тастаяқ турнирі «Ардагерлер» (63-тен асқандар) және «Журналистер» (63-ке дейінгілер) болып екі топқа бөлініп өткізілді. Заманымыздың бітім-болмысы биік заңғар ұлдарының бірі болған Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған тастаяқ турниріне Алаш ардақтысының жолдастары мен шәкірттері, ардагер қаламгерлер, еліміздің жетекші журналистері және қоғам қайраткерлері қатысты.
Жарысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов ашып, Қойшығара Салғараұлы, Төлен Әбдік, Сайын Назарбек, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, ҚР ҰҒА академигі Кәрімбек Құрманәлиев құттықтау сөз сөйледі.
«Тастаяқ шарлары адам тағдыры сияқты. Қалай бағыттасаң, лузаға солай барып тулап жатады. Оны дұрыс бағыттаудың да сан түрлі әдіс-тәсілі бар. Кейде адамдардың өмірі де соған келеді. Бұралаң жолдар да, домалаған шарлардың іздері де тағдыр байлауындай көрінеді. Ойланып басқан әр қадамың биік жетістіктерге бастаса, бір шалт кеткен тұсың өміріңді өкінішке соқтырары анық. Ардақты азамат, көрнекті ғалым Ақселеу Сейдімбекті еске алуға арналған БАҚ қызметкерлері арасындағы турнирге қош келдіңіздер. Сіздердің әр домалатқан шарларыңыз өз бағыты мен тура жолын тапсын, іске сәт! - деді ректор.
Сонымен қатар академик Ақселеудің әдебиеттанушы және этнограф ғалым ретінде ұлттық төлтумалықты айғақтауға үлкен үлес қосқанын, қазақтың қара өлеңдері мен күй аңыздарын жүйелеп, ғылыми айналымға түсіргенін және оның есімі зерделі өнер зерттеушісі ретінде қазақ халқына ғана емес Орта Азия елдеріне жақсы таныс екенін жеткізді.
«Ақселеу Сейдімбек көзі тірі болғанда бүгін ортамызда жарқырап отырар еді, қайтесің, тағдырдың жазғаны солай болды, - деді Қойшығара Салғара. – Ол оқырманға алдымен журналист ретінде танылды. Оның публицистикалық еңбектері журналистиканы жаңа деңгейге көтерді. Дәстүрлі ән өнерінің жарық жұлдызы Жәнібек Кәрменов екеуінің қазақтың ән өнері туралы сыр-сұхбаттар сериясы Қазақ телевизиясының алтын қорына кірді. «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты ұлт рухын көтеретін тамаша әндер шоғырын дүниеге әкелді. Оның «Күй-шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі», «Қазақтың ауызша тарихы» сияқты іргелі еңбектері ұлт руханиятының бағалы қазынасына айналды, - деді марқұмның жан досы жазушы-қаламгер Қойшығара Салғараұлы.
Пайғамбар жасынан асқандардан құралған «Ардагерлер» және ол жасқа жетпеген «Журналистер» тобына бөлініп, тартысты өткен жарыста жеңімпаздар әр кезеңде жеребе тарту арқылы қарсыласын анықтап, мейлінше обьективті ұйымдастырылған додада бабы мықты екенін тапжылтпай танытты.
«Ардагерлер» тобынан І орынды ардагер журналист Мақсұт Иржанов, ІІ орынды ЕҰУ Ақпараттық орталығының жетекші журналисі Базарбек Түкібаев, ІІІ орынды Сәдібек Түгел, ІV орынды Тұрмағамбет Кенжебаев жеңіп алып, арнайы диплом және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Ал «Журналистер» тобынан І орынды «Хабар» агенттігінің режиссері Ахмет-Әлі Сахов алса, ІІ орын «Nur media» холдингінің директоры, ақын Талғат Ешенұлына, ІІІ орын «Qazaqstan» телеарнасының режиссері Асылхан Манаповқа, ІV орын Ерлан Омаровқа бұйырды.
Бұдан бөлек «Ең сыйлы», «Ең мәдениетті», «Ең зиялы», «Ең жомарт», «Ең шебер», «Ең мерген», «Ең шапшаң» және «Техникасы мықты тастаяқшы» жүлделерімен ақын-жазушылар Төлен Әбдік, Қойшығара Салғара, Сайын Назарбек, Сәулебек Жамкенов, Нұртөре Жүсіп, Еркін Қыдыр, Дархан Мыңбай, Шархан Қазығұл, Әлімжан Сабыржанұлы, Ербол Ерденбек, т.б. секілді журналистер арнайы сертификатпен бірге қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Жарыстан сыйлықсыз қайтқан бірде-бір тастаяқшы болған жоқ. Тіпті қолы жүрмеген ойыншының өзі «Ешкімнің көңілін жықпағаны үшін» жүлдесімен марапатталып, мәре-сәре болды.
Турнирге Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Кәсіподақ комитеті мен «Altun qyran», «Patriot», «QADAZ» және Ақселеу Сейдімбектің отбасы демеушілік жасап, елеулі үлес қосқанын айта кеткен жөн.
Жарысқа қатысушылар жоғары деңгейде ұйымдастырылған алаш ардақтысы Ақселеу Сейдімбек атындағы турнирге қолдау білдірген Еуразия ұлттық университетінің басшылығына, ректор, академик Сыдықов Ерлан Бәтташұлына, журналистика және саясаттану факультетінің деканы Қайрат Саққа, демеушілік жасаған ЕҰУ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Сейдеш Бәкіжан Болатбекұлына және Асылхан Сейдімбек пен Ақселеу Сейдімбек немерелеріне айрықша алғыс білдірді.
