
Максим Здоровец ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі болып сайланды



Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инженерлік бейіндегі зертханасының меңгерушісі, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының Астана филиалының директоры Максим Здоровец ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланды.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы ҚР ҰҒА академиктерін сайлау туралы конкурстың қорытындысын жариялады.
Ұлттық ғылым академиясының академиктерін сайлау Қағидаларына сәйкес Академияның жалпы жиналысының шешімімен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР Ұлттық Ғылым академиясының «Жер, ғарыш және коммуникациялар туралы» ғылымдар бөлімі бойынша («Жаратылыстану ғылымдары», «Инжиниринг және технологиялар» бағыттары бойынша) физика-математика ғылымдарының кандидаты, Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының доценті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің инженерлік бейіндегі зертхана меңгерушісі, ҚР Энергетика министрлігі Ядролық физика институтының Астана филиалының директоры Максим Здоровец ҚР ҰҒА академигі балып сайланды.
Максим Здоровец 300-ден астам ғылыми мақалалардың авторы, хирш индексі 35-ке тең, 20-дан астам патенттердің авторы. Өзінің пәндік саласында әлемдегі ең көп сілтеме жасалған мақала авторларының 1% қатарына кіреді. Ол Қазақстан Республикасы, АЭХА (МАГАТЭ) және ХҒТО (МНТЦ) есебінен қаржыландырылатын бірнеше ғылыми және қолданбалы жобалар мен бағдарламалардың жетекшісі болды және болып табылады.
Анықтама үшін: Здоровец Максим Владимирович 2005 жылы М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, 2008 жылы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті күндізгі аспирантурасын бітірген. 2017 жылы «Ядролық энергетика және жылу физикасы» бағыты бойынша «МИФИ» Ұлттық ядролық зерттеу университетінде «Ядролық материалдармен қауіпсіз жұмыс істеу» мамандығы бойынша магистратураны үздік бітірді.
2010 жылы 01.04.07 – конденсирленген күй физикасы мамандығы бойынша физика-математика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін ДЦ-60 үдеткішінде орындалған алғашқы кандидаттық диссертацияны сәтті қорғады.
Еңбек жолын 2007 жылы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының ғарыштық мониторинг орталығында жетекші маман болып бастады.
2009-2013 жылдары ҚР ҰЯО «Ядролық физика институты» ЕМК Астаналық филиалының кіші ғылыми қызметкері, бастығы болып жұмыс істеді.
2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚР ЭМ «Ядролық физика институты» РМК Астана филиалының директоры.
2011 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ Инженерлік бағыттағы (бейіндегі) зертханасының басшысы болып тағайындалды.
