![Loading...](/_nuxt/light-blue.e889c4fb.gif)
ЕҰУ Қабылдау комиссиясы – 2024: мемлекеттік грантқа құжат тапсыру басталды
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/be712a39-a97f-481e-a7c6-47e2cc7776a4.jpg)
2024-2025 оқу жылындағы бөлінген мемлекеттік білім гранттары биыл бакалавр мен магистратураны қоса алғанда 92 мыңнан асады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға көп. Олардың ішінде 79 мыңнан астамы баклавриат мамандықтарына арналған, яғни инженерлер мен ақпараттық технологиялар, өңдеу және құрылыс, педагогика секілді салаларға берілген. Атап айтқанда, педагогика ғылымдарының бакалаврларын даярлауға 13735 грант, жаратылыстану ғылымдары 8288 грант, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар 10903, инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары 19344 грант және т.б. бөлінді.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ардақ Бейсенбай мемлекеттік грантқа құжат тапсыруға келген ата-аналарды құттықтап, талапкерлерге ақ жол тіледі.
«Балаларыңыз мектеп бітіріп, жаңа өмірге қадам басты. Сол қадамдары Еуразия ұлттық университетінен басталғалы тұр, қадамдары оң болсын, әр күндері қуанышқа толы және грант сертификаты нәсіп етсін.Біз әрқайсыңызды ЕҰУ-да күтеміз. Еуразия ұлттық университеті сіздердің балаларыңыз үшін барлық жағдай жасайды деген сенімдемін», - деп атап өтті проректор.
Қабылдау комиссиясынан талапкерлер мен техникалық хатшыларды ғана емес, факультет декандары мен кафедра меңгерушілері, профессор-оқытушыларды да кездестіруге болады. Олар өздерінің факультетін таңдаған талапкерлерге толық ақпарат беріп, мамандық таңдауда қателеспеуге кеңестерін беруде.
«Бүгін, 13 шілдеден бастап, мемлекеттік білім грантын алуға құжаттар қабылдау басталды. Оған талапкерлерден 13-20 шілде аралығында мемлекеттік білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттар қабылданып жатыр. Су тасқыны болған аймақтың (Ақмола, Ақтөбе, Атырау, БҚО, Қостанай, СҚО) талапкерлері үшін 13-24 шілде аралығында қабылданады. Кез келген талапкер Қазақстанның барлық жоғары оқу орнына құжаттарын тапсыра алады және ол онлайн түрінде де жүзеге асырылуда. Мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрған комиссиясының шешімімен белгілі болады. Нәтижелер республикалық мерзімді басылымдардың беттерінде және сайттарда 1 тамызға дейін жарияланады. Білім беру гранттары ҰБТ нәтижелері бойынша конкурстық негізде беріледі. Гранттың нәтижесі білім беру бағдарламаларының топтарын таңдау кезінде өтінімде көрсетілген талапкердің таңдауы бойынша реттелетін болады", - деп атап өтті ЕҰУ Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ләззат Егеубаева.
Биылғы тағы бір жақсы жаңалық: енді талапкерлер грант конкурсына құжаттар тапсыру үшін кезекті онлайн брондай алады. Брондау үшін QR кодты сканерлеп, өзі туралы ақпаратты толтырып, өзіне қолайлы күн мен уақытты белгілеуі тиіс. Қазір ЕҰУ-да грант конкурсына құжат қабылдау үшін 80-ге жуық техникалық хатшылар мен қызметкерлер жұмыс істеуде.
Қымбат Тынышбаева, көлік және энергетика факультетінің доценті м.а.:
«Мен жыл сайын Қабылдау комиссиясындамын, сонда аңғарғаным – көбіне мамандықтарына адалдық танытқан талапкерлер оқуға түседі. Кейін студент атанғанда арнайы келіп, дер кезінде берілген кеңесімізге ризалықтарын білдіріп жатады. Бұл біз үшін үлкен абырой әрі зор мақтаныш. Талапкерлерге сәттілік тілеймін».
«Құралай Базарбекқызы, техникалық хатшы»:
«Мен экономика факультетінің талапкерлері үшін құжат қабылдаймын. Айтайын дегенім, талапкер бірінші мамандығына түсе алмаса, келесі таңдаған мамандығы ескеріледі. Мемлекеттік білім беру гранты бойынша конкурстан өтпеген талапкерлер келісімшарт, яғни, ақылы негізде білім ала алады. Ол үшін шекті балл қатаң ескеріліп, білім беру қызметін көрсету туралы екіжақты келісімшарт жасалады. Онда көрсетілгендей, студент оқу ақысын уақытында төлеп тұруы тиіс және келесімшартта көрсетілген барлық талаптармен мұқият танысып, оларды орындауға міндетті».
Бибінұр Асанбаева, ата-ана:
«Мен Жамбыл облысынан немеремді алып келдім. Автобустан таңертең түсіп, қазір құжаттарын «Ғарыштық техника және технологиялар» мамандығына тапсырды. Енді ауылға қайтып, нәтижесін газеттер мен сайттан күтеміз. Жинаған балы 118, үмітіміз бар. Қабылдау комиссиясының Кеңес беру орталығына, техникалық хатшыларға көп рахмет айтамын, жанашырлықпен жүгіріп жүр».
Абзал Талғатбекұлы, талапкер:
«Мен Астана қаласындағы гимназияны тәмәмдадым. Болашағымды ақпараттық технологиялар саласымен байланыстырғым келеді. ҰБТ-дан 121 балл жинадым. Талапкерлер үшін барлық жағдай жасалыпты. Мақсатым - ЕҰУ студенті атану».
Фотогалерея
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/2ba34491-dac9-4367-a5c3-ec2333029396.jpg)
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/437f493c-a7f5-4062-b66a-2b9c9589bf3b.jpg)
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/3755072d-270a-4aab-81ce-b028a35b118e.jpg)
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/33fe3f7a-316e-41ef-8a6e-f18ac0ee1177.jpg)
![](https://smart.enu.kz/api/serve?path=/general/files/4a1dca56-1da1-4b6a-b7d4-cadb4c5c7c26.jpg)