
ЕҰУ мен Ataturk University бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми жобалар құруға ниетті
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне Ataturk University делегациясы келді.
Делегация құрамында Ataturk University ректоры Омер Чомаклы, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің үйлестірушілері Чалар Гуллюдже мен Ташкин Озташ, Халықаралық қатынастар кеңсесінің Эразмус бағдарламасына жауапты қызметкері Пынар Учак бар.
Кездесуге ЕҰУ делегациясы тарапынан ректор міндетін атқарушы Ардақ Бейсенбай, халықаралық қатынастар факультетінің деканы міндетін атқарушы Райса Құсайынова, халықаралық ынтымақтастық департаментінің директоры Анастасия Кармелюк қатысты.
Басқосу барысында Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Ataturk University қарым-қатынастарын дамыту жайы талқыланды.
Кездесуде Ардақ Бейсенбай екі елдің арасындағы қарым-қатынастарға тоқтала келіп, Еуразия ұлттық университеті ғылым және білім саласындағы түрік әріптестерімен белсенді ынтымақтасатынын атап өтті. Сонымен қатар қарым-қатынасты жеке байланыстар арқылы кеңейтудің және елшіліктердің жұмысы арқылы арттырудың маңыздылығына тоқталды.
«Бүгінгі таңда ЕҰУ-дың Түркия университеттерімен халықаралық ынтымақтастығы академиялық ұтқырлық, профессорларды тарту, докторанттардың ғылыми-зерттеу тағылымдамасы бағыттары бойынша, сондай-ақ түркияның университеттерімен жасалған 44 шарттар мен келісімдер негізінде жүзеге асырылады. 400-ге жуық білім алушылар Түркияға барып келді, ол жағтағы профессорлар ЕҰУ-ға келді. Тарихымыз тұтас, тілдеріміз ұқсас. ЕҰУ-дың студенттері түрік тілін жақсы біледі. Халықаралық қатынастар факультеті мен филология факультетінде түрік тілі оқытылады, «Түркітану» кафедрасы жұмыс істейді. Болашақта Ататүрік университетімен ортақ білім беру бағдарламасы және бірлесіп ғылыми жобалар жасауға ниеттіміз», - деді проректор Ардақ Бейсенбай.
Өз кезегінде сөз алған Ataturk University ректоры Омер Чомаклы Ататүрік университетінің студенттері баклавриат бойынша сәулет және дизайн, экономика, жаратылыстану, педагогика, ауыл шаруашылығы, коммуникация, медицина, стоматология, электротехника секілді түрлі бағыттар бойынша білім алатынын айта келіп, оқу орнында бүгінгі таңда Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Үндістан т.б. көптеген елден келген шетелдік студенттер оқып жатқанын сөз етті.
«Ataturk University 1957 жылы құрылған, Түркияның Эрзурум қаласында орналасқан. Бұл 23 факультеті, колледжі, консерваториясы, 8 институт пен 50 ғылыми орталығы және т.б. бар классикалық университет. Қазіргі таңда 80 000 мыңға жуық студент оқиды, ашық курстарды қоса алағанда 500 000-ға жуықтайды, 3 000-нан астам профессорлық-оқытушылық құрам және 10 000 қызметкер бар. Бір сөзбен айтқанда, университет ғылыми бағыттарды белсенді түрде дамытуда», - деді ректор Омер Чомаклы.
Кездесу барысында Ataturk University ректоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюға бастама көтерді және тәжірибе алмасу мен бірлескен жобаларды әзірлеу мақсатында ЕҰУ делегациясын, ғалымдар мен оқытушыларды Ataturk University келіп қайтуға шақырды.
