
ЕҰУ-ға Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы келді
Бүгін Еуразия ұлттық университетіне Кеңестің Бас хатшысы Мұхаммед Әбделсәләм бастаған Мұсылман ақсақалдар кеңесінің мүшелері келді.
Қонақтарды Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Ерлан Сыдықов, ЖОО проректорлары, оқытушылары мен студенттері қарсы алды.
«Біздің университет қазақстандық жоғары білім беру көшбасшыларының бірі болып табылады. 2022 жылдың қорытындысы бойынша университет QS рейтингінде әлемде 277-ші орында және Азияның үздік 100 жоғары оқу орындарының қатарына кіреді. Біз халықаралық ынтымақтастықты белсенді дамытып жатырмыз және білім беру процесіне үздік шетелдік профессорларды тартамыз. Біз әл-Азхар университетінің гранд имамы Ахмед Әл-Тайиб мырза мен Кавказ мұсылмандары Басқармасының Төрағасы Шейх-Уль-ислам Аллахшукюр Паша-Заде ЕҰУ-дың құрметті профессорлары болып табылатынын мақтан тұтамыз және олар өз сапарлары барысында студенттер алдында дәріс оқыды.
Бүгінгі кездесу біздің университетпен ғылым, білім және мәдениет саласындағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жаңа серпін береді деген үміттеміз», - деп атап өтті ЕҰУ ректоры өзінің құттықтау сөзінде.
Өз кезегінде сөз алған Мұхаммед Әбделсәләм университеттердің қазіргі адамзат тарихындағы маңызды рөліне тоқталды.
«Бүгінгі таңда мұғалімнің міндеті тек оқыту ғана емес. Оқытушының жауапкершілігі - ғылыммен айналысу және қоғамға қызмет ету. Білім мен оны алушылар арасындағы процесс диалогқа негізделуі тиіс», - деп атап өтті Мұсылман ақсақалдар кеңесінің Бас хатшысы.
Мәртебелі мейман ЕҰУ студенттеріне дәріс оқып, олардың көкейде жүрген сауалдарына жауап берді.
Кездесу соңында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры Мұхаммед Әбделсәләм мырзаға «ЕҰУ-дың Құрметті профессоры» атағын беру жөніндегі ЖОО Ғылыми кеңесінің шешімін жариялады.
